Бейсенбі, 28 наурыз, 22:51

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Жүн сабап, текемет басатындар қайда кетті?

22.03.2022

1960 0

Бұрын ауылда киіз басу кішігірім той болатын. Бұл іске қыз-келіншектер белсене кірісетін. Самаурын, самаурын шай қайнап, келіндер үлкен қазанға ас әзірлеп, әжелер киіздің ою-өрнегін салатын. Аталған көріністерге қарап, текемет басу – ауыл тұрғындарының ауызбірлігін нығайтып, ынтымақ пен бірлікке шақырғанын ұғасың. Бұл – біздің бала күнімізден қалған әдемі естелік.

Ал қазір ше. Өкінішке орай қазір текемет басу жоғалып барады. Бүгінде қала халқы тұрмақ, оған ауыл тұрғындары да үрке қарайды. Үлкендердің айтуынша, шамамен 1996 жылдан кейін ұлттық өнердің бұл түрі ұмыт бола бастады. Расында, ауылда жүн сабап, текемет басудың соңғы жағын біздің буын ғана көріп үлгердік-ау шамасы. Тіпті қазір текемет төселген үйді көрмейсің. Осыған қарап киіз басу мүлдем жойылып кете ме деген күдік те жоқ емес. Себебі жылына малдың жүнін қырқатын ауыл тұрғындары жүнді қайда жіберерін білмей, өртейді. Бұрғынғыдай жүнді тазалап, түтіп, ұршықпен жіп иіріп, киім тоқып, киіз басатындар жоқтың қасы. Қазір қарап отырсақ, киіз бен текметтегі әрбір ою-өрнектің мән-мағынасы мен сыры барын ұғамыз. Алайда ең маңыздысы олардың адам денсаулығына пайдасы көп екені ескерілмей отыр.

Ұлт өнерін заманауи үлгіде қайта жаңғыртып жүргендер бар. Осыдан екі-үш жыл бұрын Жалағаш ауданы Жаңаталап ауылына іс-сапармен барғанда «Айзере» деп аталатын жүн түтетін цехтың жұмысымен таныстық. Жеке кәсіпкер Мейрамкүл Романқұлова «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы арқылы 1 млн теңге жеңілдетілген несие алып, осы кәсіпті бастаған. Сөйтіп, текемет басып, киіз үй жабдықтарын дайындауда. Сондай-ақ Арал ауданының халқы да жүн сабап, тазалап, одан жүншұлық тоқиды. Ал Назарбаев зияткерлік мектебінің бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі Қуаныш Үркінбаев ұлтық өнерді заманауи үлгіде қайта жаңғыртып жүр.

Бала кезден сурет салумен әуестеніп, есейе келе осы өнерді серік еткен кейіпкеріміз киіз басуды беріде қолға алды. Шығармашылық адамы болған соң мәдени шараларға жиі қатысады емес пе?! Сондай халықаралық деңгейдегі көрменің бірінде қой жүнінен салынған суретке көзі түседі. Көп дүниенің ішінен ерекше көз тартқан картинаға қызыққан ол осылайша, жаңа өнерді игермекке бел буады. Текемет басудың алғашқы қадамы жүннен сурет салудан басталыпты.

– Әуелде қызығушылық жүннен сурет салудан басталды. Сәтті шыққан туындылар сұранысқа ие болды. Кейін тұтынушылар «Текемет баса аласыз ба?», «Киіз бассаңыз қайтеді?» деген ұсыныс айтты. Осыдан соң пайдалы дүниені неге жасап көрмеске деген ой келді. Әрі ұлттық өнерді жаңғыртып, қолданысқа енгізсек игі іс емес пе?! Киіз басу технологиясын зерттеп жүзеге асырдым. Сұранысқа сай текемет басып, ол көпшілік көңілінен шықты. Негізгі шикізатты өзге өңірден алдырамын. Көбіне меринос, қазақы қызыл қойдың жүнін тұтынамын. Қажетті бояуларын да табиғаттан аламын. Мәселен, «Меринос» қойының жүні биязы, жіңішке талшықты, жұмсақ келеді. Сондықтан одан жасалған бұйымдар әсемдікке қолданылады. Бұл өнімнен жасалатын текеметті көпшілік тұсаукесерге қолданады. Сондай-ақ кеудешелер, қол сөмке, тақия, моншаға керекті бұйым жасаймыз. Ал қызыл қойдың жүні тығыз, қалың болғандықтан төсенішке таптырмас дүние. Одан жасалған киіз тығыз, қалың болады. Тұтынушының талғамына сай етіп дайындап береміз. Қазір жасанды дүниелер көп қолданыста ғой. Тұрмысқа қажетті барлық заттың құрамы синтетикалық талшықтан тұрады. Оның адам ағзасына тигізер пайдасы жоқ. Ал жүннен жасалған бұйымдар ертеден қолданыста бар нағыз табиғи, таза өнім. Тіпті бояуының өзін жантақ, қарағай, жусан сынды өсімдіктерден аламыз, – деді Қуаныш Үркінбаев.

Кейіпкерміз қой жүнін пайдалана отырып, текеметтен бөлек түрлі заттар жасайды. Қолөнер шеберін қынжылтатын дүниелер де бар. Әңгіме барысында өз базынасын да айтып қалды. Расында, ұлттық құндылықтарды тек Наурыз мерекесінде ғана еске түсіріп, ұлықтаймыз. Жасыратын несі бар?! Оның өзінде жылда жаттанды «алтыбақан», «арқан тарту», «асық ату» сияқты дәстүрлер қайталана береді. Ал жыл өткен сайын киіз басып, алаша тоқу еленбей бара жатыр. Осы тұста Қуаныш аталған ұлттық өнерді облыстық мәдениет басқармасы қолға алып, үйірме ашып, жас буынға дәріптеуге қолдау білдірсе, үйретуге қашанда дайын екенін айтып қалды. Қарап отырсақ, қазіргі ұрпақ киіз бен текеметтің қалай басылуын білмейді. Тіпті арамызда заты түгіл, атын да естімегендер бар. Мәселен, Түркіменстан, Өзбекстан сияқты елдер өздерінің осындай ұлттық құндылықтарын басты орынға қойған. Сондықтан олардың өнімі шекара асып, сұранысқа ие болуда. Ал бізде ше? Жылына бір рет те болса текемет басудан көрме өтпейді. Әйтпесе, Қазақстанның барлық өңірінде мықты шеберлер бары анық.

P.S. Өзгенің өніміне қызыққанша, өзіміздің өнімді дәріптейік. Келешек ұрпақтың жадында қалуы үшін барынша күнделікті өмерде қолданайық. Сондай-ақ текеметтің денсаулыққа пайдасы көп. Осы орайда қой жүнінің суық өткізбейтін, қан айналымын жақсартатын қасиеті барын ерекше атап өткен жөн. Соны ескерген ата-бабамыз тәйтәй басқан сәбидің астына да текемет қойған. Қазіргі кезде кәдесый ретінде беруге киіз сөмкелерге тапсырыс жоғары. Киізден бұйым жасау әзірге осылай ғана жаңғырып жүр. Алдағы уақытта үлкен деңгейде киізбен текеметті дәріптеп, ұмыт қалдырмай, ұлықтайтын кез де келер деп үміттенеміз.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: