Сенбі, 20 сәуiр, 01:02

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№31 (2041)
20.04.2024
PDF мұрағаты

Бір шелек Yupi

07.08.2021

981 0

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары дегенде еске түсер қызықты сәттер өте көп. 1996 жылы мектеп бітірдік. Ол кезде қазіргідей таңдағаныңды киетін уақыт емес. Мектеп бітіру кешіне әпкемнің көйлегін етек-жеңін қысқартып, қайырып тігіп кидім.  «Көйлекті жараса ма, жараспай ма, өзімізге шақ болып тұр ма?» дегенді ойлаған жоқпыз. Ең бастысы, бақыттымыз, қуанышымызда шек жоқ. Мен секілді сыныптас қыздар да тапқанын киіп келген шығар. Оған мән беріп жатқан жақпыз. Алғашқы ұстазымыздың үйіне жиналып, бас қостық. Бір-бірімізге тілек айтқан, балалық шақты еске алған әдемі басқосу. Сол жылдардың сусыны қалтадағы «YUPI» еді. Кішкентай қалтадағы  қызыл-жасыл «YUPI»-ді бір шелек суға салып жіберсең, сусын дайын. Біз үшін одан тәтті сусын жоқ.

Сол жылдары ауылдарда жарық жиі сөнетін. Тіпті жарық жанбайтын күндер көп десек артық емес. Түрлі сериалдардың беріле бастаған кезі. Қандай қиындықтың да шешімі табылады ғой. Қытайдың шағын телевизорын аккумуляторға қосып көретін болдық. Алайда мұндай жағдай барлық үйде жоқ. Ауылда санаулы үйде ғана. Сериал басталатын уақытта бірнеше отбасы бала-шағасымен, тіпті бесігімен телевизоры қосулы үйге қарай ағылады. Телевизоры бар үйдің иесі құдды кинотеатрдың иесіндей. Есігін айқара ашып қойып қарсы алады. Келушілер көбейген сайын қуанбаса, ренжімейді. Өзінің бүкіл ауылға жақсылық жасағанына риза. Қонақ үйдің төрінде шағын телевизор. Кино көрушілер жағалай келіп отыра қалады. Сериал кейіпкерлерінің мұңын өз мәселесіндей көретін,  солармен бірге қуанып, бірге қайғыратын ауылдың аңғал адамдарының бар тіршілігі қызық қой. Шағын телевизордың ішіне кіріп кетердей болып біресе қуанып, біресе ашуланып отырып, сериалды аяқтайды да, күнделікті  күйбең тіршілігіне араласып кете береді. Бұл – күн сайын қайталанатын көрініс. Сериал басталар уақытта көрші үйге қарай ағылған адамдар, кең құшақ үй иелері. Сондай кеңпейіл адамдар, езуіңе күлкі үйіретін жылы естеліктер. Қазір ойлап қарасаңыз, өзгенің төріне озбақ түгілі, қақпасына бас сұғуға именесің ғой. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы қиындықтың барлығы адамдардың кеңпейілдігімен, адалдығымен, мейірімділігімен білінбеді.

Ақтоты Көшекбай,

Жалағаш ауданы, Аққұм ауылы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: