Сенбі, 27 сәуiр, 17:11

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Батырлар тағдыры арқау болған жиын

26.02.2024

6200 0

Жанқожа Нұрмұхамедұлының 250 жылдығына орай «Қазақ батырларының тағдыры. Жанқожа туралы тарихи ақиқат» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Ә.Тәжібаев атындағы әмбебап ғылыми кітапханасында өткен тағылымды шараны облыстық мәдениет басқармасы мен «Әлімсақ» журналының шығармашылық ұжымы ұйымдастырды. Дөңгелек үстелге облысқа белгілі ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері, тарихшы және әдебиетші ғалымдар, Жанқожа батырдың ұрпақтары, тарих және қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімдері мен БАҚ өкілдері қатысты. Басқосуды «Әлімсақ» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының кандидаты, жанқожатанушы Нұрлан Нұрмаханов жүргізді.

Жанқожа – тарихи тұлға. Ол жүріп өткен жол – қазақ тарихының ХІХ ғасырдағы оқиғаларын ой сүзгісінен өткізетін үлкен белес, тарихи кезең. Ел басына күн туған кездерде, батырлық пен батылдықты, ерлiк пен өрлiктi, қайсарлық пен қаталдықты қатар ұстап, туған жерiнiң азаттығын аңсаған, Хиуа мен Қоқан хандықтарына, патшалық Ресейдiң отаршылдық саясатына қас қақпай қаруын сiлтеген, жетпiс жыл бойы аттан түспей, ел бостандығы үшiн күрескен батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлының есiмi халық жадында сақталып, оның тәуелсiздiк жолындағы ұлт-азаттық күресi қазақ тарихында айрықша орын алады.

Дөңгелек үстел басында халықтың бостандығы үшін күрескен қазақ батырлары туралы, алдағы уақытта Жанқожаның қазақ тарихындағы тұлғасының терең зерттелуі жайында, батырдың мерейтойын өткізудегі ұсыныстар мен ой-пікірлер ортаға тасталды. Мектеп оқулығындағы Жанқожа батыр туралы деректердің нақтылығы және университет қабырғасында студенттерге тереңнен оқыту жайы да сөз болды.

Басқосуға Ақтөбеден арнайы келген Демеу Жолымбетов С.Қожағұлдың «Жанқожа батыр» дастанынан, жыршы Марат Сүгірбаев О.Сұлтановтың «Жанқожа батыр» тарихи поэмасынан үзінді жырлады. Н.Көбегенұлы жастардың батыр туралы, оның ерлігі жайында жазылған материалдарды оқып, санасына сіңіру және кейінгі толқын ақындардың көзімен қазақ әдебиетінде көркем түрде бейнеленген тұлғасын қалдыру мақсатында жыр мүшәйрасын өткізу керектігін қозғады. Сөз алған батыр ұрпақтары бұл ұсынысты қолдап, мерейтойға өз үлестерін қосатындарын айтты.  

Батыр мерейтойына арналған іс-шарада «Баба ерлігі – ұрпаққа өнеге» атты кітап көрмесі жасалып, оған Жанқожа батыр туралы тарихи еңбектер, әдеби шығармалар, Н.Көбегенұлының жеке архивіндегі батыр туралы тарихи жырлардың латын, төте жазулармен жазылған нұсқаларының көшірмелері қойылды.

А.Сайлау

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: