Сенбі, 24 ақпан, 10:54

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№16 (2026)
24.02.2024
PDF мұрағаты

Жаңа маусымның жаңалығы

11.10.2022

2192 0

Күз келсе, театр ұжымы да мәуелі ағаш секілді бар жақсыны көрерменге ұсынуға асығады. Биылғы күзде Н.Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театры 68-маусымның шымылдығын түрді.

Театр – адам өзін-өзі сахнадан көріп, сырттай бақы­лайтын, өмірлік сұрақтарға шешім табатын орын. Театрда сахна өмірінің ыстық-суығын бірге бөлісіп, абырой-атағын асқақтатуға үлес қосып келе жатқан мәдениет майталмандары еңбек етеді.

Осы кезеңде қаншама шығар­маларды сахна төріне шығарып, талай тарихи тұлғалардың сахналық бейнесі жарық көрді. Соңғы жылдары сахналан­ған қойылымдардан театр шығар­машылығындағы жаңашылдық пен өзгерістерді анық байқауға болады. Мәселен, Данияр Базарқұловтың режиссерлігімен қойылған жаңа маусымның ал­ғашқы премьерасы Уильям Шекспир­дің «Ромео мен Джульетта» спектаклімен ашылды.

Қазақ әдебиетіндегі «Ләйлі-Мәжнүн», «Жүсіп-Зылиқа», «Еңлік-Кебек» сынды туын­дыларда жырланған мөлдір махаббат, асыл сезім, жастық жалын «Ромео мен Джульеттаға» да тән. Сондықтан Шекспир шығармасы қаншама ғасыр өтсе де, өзектілігін жоймай ұрпақтан-ұрпаққа жетіп келеді. Әлемдік театрларды былай қойғанда қазақ сахна өнерінде бірнеше нұсқасы жарыққа шыққан туындының көркемдік деңгейі сан алуан спектакльдерге арқау болып, бірнеше режиссерлік қолтаңбамен және жанрлық ерекшеліктерімен қойылып жүр.

Сонымен қатар өткен маусымда көрерменнің ыстық ықыласына, үлкен сұранысқа ие бол­ған А.Володиннің «Кездесу мен қоштасу» психологиялық драмасы Сыр сахнасының сыршыл көрермендерін театрға ынтызар ете түсті. Жаңа маусымның алғашқы қойылымы да өзінің көркемдік деңгейі мен режиссерлік тың ізденісі және ұтымды актерлық ансамбльді құра білуі арқылы халықты өзіне еліте алды.

Сондай-ақ әрбір қойылымға жауапты білікті мамандардың да еңбегін ерекше айта кету керек. Мәселен, спектакльдің атмосферасын айшықтап, темпо-ритмін бір қалыпта ұстап тұруға тұла бойыңды шымырлататын музыканы дөп басып, қоя білетін композитор Нұрсұлтан Төреәлінің, оқиға желісін дөп баса білген сахналық қоз­ғалысты, яғни спектакльдің пластикалық шешімін қою үшін арнайы шақырылған Әділет Таменов шығармашылығының ерекшелігін айта кету керек. Осы тұрғыда қойылым режиссері Д.Базарқұлов жалпы қойылым жасаушылармен берлесе тыңғылықты жұмыс атқара білді.

Театр 68-ші маусымында шетелге бірнеше мәрте үлкен гастрольдік сапармен барып, қазақ өнерінің мәртебесін көтеріп, мерейін асқақтатты. Оның ішінде Татарстан, Түркия, Әзербайжан және Ұлыбритания елдерінде ұйымдастырылған өнер додаларынан олжалы оралды. Әсіресе, Шотландияда өткен «Фриндж» фестивалінде жеткен жетістіктері тек театр ұжымының ғана емес, бүкіл Сыр мәдениетінің беделін арттырды. Өнер фестиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу» пьесасының желісі бойынша сахналанған «Ақбаян» драмасымен қатысып, спектакль режиссері Х.Әмір-Темір, артистер З.Төлепова, Қ.Архабаевтар Еуропаның «Алтын кітабына» енді және театр ұжымы әлемнің ең үлкен өнер фестиваліне «Еркін қатысу» құжатына ие болды. Сонымен қатар 2018 жылы Талдықорған қаласында Астана қаласының 20 жылдығы мен мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің 120 жылдығына арналған Қазақстан және Орталық Азия елдерінің VII халықаралық театр фестиваліне Рахымжан Отарбаевтың «Нарком Жүргенов» драмасы үш бірдей номинацияға қол жеткізді. Театр ұжымы «Ұлттық авторлардың үздік драмасы» номинациясымен Жүргеновтің әкесі Қара ролін сомдаған Бақытбек Алпысбаев «Ең үздік екінші пландағы ер адам бейнесі» номинациясымен және Темірбек Жүргенов бейнесін үздік сомдағаны үшін Сырым Әбідразақов марапатталды.

Қазіргі таңда театр басшылығына айтыскер ақын Мұхтар Ниязов келді. Ал режиссердің кеңесшісі Қазақстанның еңбек сіңірген қай­раткері, режиссер Хұсейін Әмір-Темір өзінің мол тәжірибесімен шығармашылық ұжымға жүктелген күрделі міндетті жүзеге асыру жолында тынымсыз еңбек етуде. Театрдың бас суретшісі Нұркен Қалымбетов театрдың өркендеуі жолында аянбай тер төгіп келеді.

Ал шығармашылық ұжымда Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Б.Алпысбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері К.Әбжанова, З.Төлепова, Б.Темірбеков, Мәдениет қайрат­керлері Б.Ботбаев, А.Артықбаева, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері А.Байдалиева, Қ.Айтжанова, З.Көздібаева, Ұ.Баймаханов, С.Әбдіразақов, К.Жанмұратова, Н.Шналиев, артистер М.Пұшпақова, А.Көшім­баев, Е.Асанов, А.Тулеуова, А.Оразалиев, Б.Ошақбаев және жалындаған жастар қатары да қазақ өнерінің дамуына үлес қосып, тынымсыз еңбек етіп келеді. Бүгінде бұл өнерпаздар қазақ театр өнерін әлем сахнасында дәріптеп жүр.

– Жаңа маусымға үлкен қойылымдар жос­парлануда. Соның бірі Иран-Ғайыптың 75 жыл­дық мерейтойына арналған «Мәңгілік елдің алтын адамы» тарихи дастаны сахналанады. Режиссері – ҚР Еңбек сіңірген қайраткері  Асхат Маемиров. Ол еліміздегі бірнеше театрда өзінің қолтаңбасы бар, мықты қойылымдарымен қазақ еліне танылған атақты режиссер. Сонымен қатар тек қана қазаққа емес, түркі жұртына ортақ «Көроғлы» эпостық жырын көрерменге ұсыну үшін дайындық жүріп жатыр. Мұның сах­налық нұсқасын Оңталап Нұрмаханов ағамыз дайындады. Бұл эпостық жыр жыл соңына дейін өз көрермендеріне жол тартады. Сондай-ақ М.Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» ко­ме­­­­дия­сының дайындығы басталды. Режиссері – Қа­зақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Хұсейн Әмір-Темір. Биыл­ғы маусымның ерекшелігі сырттан шақы­рыл­ған режиссерлармен жұмыс істемекпіз. Бұл – шы­ғармашылық ұжымның тәжірибе алмасуы­на да таптырмайтын мүмкіндік. Театрда алғаш рет заманауи қойылымдарды сүзгіден өткізетін театр лабораториясы ашылды. Бұл жастардың талан­тын ұштап, талабына дем берді. Мәселен, «Ұбт кілті», «Кім?», «Шыны керек…» спек­такльдері шағын ауди­торияны қамтыса да, өз көрерменін үлкен ойлар мен толғанысқа жете­лейді. Бүгінде атал­мыш қойылымдарға күннен-күнге сұраныс артуда. Соны­мен қатар осы айдың аяғында Астана қала­сында Халық қаһарманы, КСРО және Қазақстанның Халық артисі, КСРО және Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті театр және кино режис­сері Әзірбайжан Мәдиұлы Мәмбетовтің 90 жыл­дық мерей­­тойына арналған II Ха­лықаралық театр фести­валінде біздің театр ұжымы да бақ сынап, өнер көрсетеді. Қазіргі кезде осыған үлкен дайындық жүріп жа­тыр, – деді көркемдік жетекші­нің міндетін атқару­шы Ақтөре Оразалы. 

Жалпы театрда 2004 жыл­дан бастап «Нартайдың бүл­діршіндері» атты қуыршақ тобы жұмыс атқарып келеді. Репертуарында М.Байғұттың «Достық қымбат бәрінен», Ж.Қожаберген, К.Жанмұратованың «Ит пен мысық, тышқан дос», Ж.Қожаберген, К.Жан­мұратова­ның «Тапқыр бұзау», Ж.Қожаберген, К.Жан­мұратованың «Алдаркөсе, Қарадәу + супер тас­бақа», С.Мақұлбековтің «Балапан», С.Мақұлбеков «Қаңбақ шал», М.Дәуренбекова­ның «Тосын сый», К.Жанмұратова­ның «Тоқта! Сақтан, жол ашық!», К.Жанмұратованың «Адасқан тышқан», Г.Ландау «Балапан қораз» «Ауыл иті Ақбай» спектакльдері бар. Режиссері – К.Жанмұратова. Ал балалар жылына орай Қ.Бегмановтың «Ер Төстік», «Ұр, тоқпақ!» қойылымдары кішкентай көрермендерге ұсынылуда. Режиссер Еркебұлан Қабдыл көркемдік сапасы жоғары туындыларды сахнаға ерекше үлгіде дайындап шығаруда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: