Бейсенбі, 02 мамыр, 17:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ

01.04.2023

589 0

Осы аптаның сәрсенбісінде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев VIII сай­ланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуына қатысты. Сессияны ашық деп жариялаған Президент депутат мандатына ие болған азаматтардың қызметіне табыс тіледі.

Жиында Мемлекет басшысы еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде болып жатқан өзге­­рістер мен реформаларға тоқталды. Қазақстан басшысы  бір жыл бұрын, халыққа Жолдау жариялағанын, аса маңызды сәтте саяси жаңғыру бағдарламасын ұсынғанын жеткізді.

– Бастамаларымыз жұрттың шынайы қол­дауына ие болды. Оған былтырғы ре­ферендумда айқын көз жеткіздік. Біз тәуекелге бел буып, бірден іске кірістік. Бір жылдың ішінде ауқымды жұмыс атқарылды. Конституциялық реформа арқылы бүкіл жүйені өзгертетін қадамдар жасалды. Президент жеті жылға бір рет қана сайланатын болды. Сондай-ақ Парламенттің құзыреті мен қызметі қайта қаралды. Депутаттардың рөлі едәуір күшейді. Конституциялық Сот құрылды. Бүкіл сот жүйесіне түбегейлі ре­форма жасау басталды. Адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғауға қатысты жұмыс жаңаша сипат алды. Азаматтардың саяси өмірге емін-еркін араласуына жол ашылды, – деген  Қасым-Жомарт Кемелұлы реформалардың «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидасына негізделгенін атап өтті.

Президент референдумнан кейін Конс­ти­туцияның жаңа талаптарына сай билік тармақтарын түгел жаңғыртуға қадам жасалғанын жеткізді. Сондай-ақ конс­ти­туциялық өзгерістерге сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауы өткенін, референдумды қосқанда бір жылға жуық уақыттың ішінде өте маңызды 5 саяси науқан өткенін тілге тиек етті. Жуыр­дағы сайлау елімізде жаңа азаматтық, саяси мәдениет қалыптасып келетінін айғақтап отыр. Осы ретте Президент сайлауға белсене қатысқан барша азаматқа алғыс айтып, бұл науқан бұрынғыдан ерекше болғанын жеткізді. Президент ешбір партияның мүшесі еместігін, облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетек­шілік етпейтінін атап өтті.

– Бәсеке жоғары болғандықтан, сайлау нәтижесін алдын ала болжау мүмкін емес болды. Оның қорытындысы еліміздің нағыз көппартиялы мемлекетке айналу жолында маңызды қадам жасағанын көрсетті. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, Мәжіліске көз­қарасы әртүрлі саяси ұстанымдағы күштер келді деп есептеймін. Алғаш рет ұзақ жыл бойы оппозицияда болған партия Парламентке өтті. Біз осының бәріне ауқымды саяси реформаның арқасында қол жеткіздік. Партияларды тіркеу мәселесін реттейтін заң­наманың өзгеруі де бұған септігін тигізді. Енді партиялар еліміздің болашағына зор ықпал ететін саяси үдерістің басы-қасында жүретін болады, – деді Қазақстан Президенті.

Тағы бір айта кетерлігі, Мәжіліске бір мандатты округтен де депутаттар сайланды. Бұл дегенің Парламентке түрлі әлеуметтік топтан шыққан өкілдердің келуіне жол ашылды деген сөз. Сондай-ақ ұзақ жылдан бері алғаш рет өзін-өзі ұсынған үміткерлердің депутат болғанын көрдік. Бұл да болса саяси жаңғыруға негізделген қадамның жемісті басталғанын көрсетеді.

Мемлекет басшысы жастардың айрықша назарда екенін, билікке ойы озық, білімді жастар келуі керек екенін тағы бір еске салды.

– Ақпараттық технология дамыған қазіргі заманда халық бәрін жіті бақылап отыр. Осы ретте депутаттардың ел алдындағы жауапкершілігі артқанын атап өткен жөн. Сондықтан осы ғимаратта отырған депутаттар 5 жыл бойы саналы, парасатты түрде белсенді жұмыс істейді деп сенемін. Себебі ел мүддесі үшін қызмет ету қажет. Бұл – «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген қағиданың тағы бір көрінісі, – деді Президент.

Биыл алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау өтеді. Одан кейін еліміздегі барлық аудан әкімдері сайланады. Осылайша, биліктің барлық институттары жаңарып, тың қарқынмен жұмыс істей бастайды.

– Біз саяси үдерісті демократияландырып, азаматтардың мемлекетті басқару ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейте береміз. Бәріміз мына бір өте маңызды нәрсені түсінуіміз керек. Қазақстан – осы геосаяси аймақта түбегейлі реформа жүргізіп жатқан бірден-бір ел. Кейбір адамдар, солардың ішінде саясаткерлер де бар, осындай реформалар Қазақстанға қауіп төндіруі мүмкін деп айтады. Бірақ мен осы өзгерістердің барлығы, ең алдымен, ел болашағы үшін ауадай қажет деп ойлаймын, – деді Президент.

Мемлекет басшысы алдымызда айрықша маңызды міндеттер тұрғанын нақтылай түсті. Жан-жақты жаңғырту жұмысына, әлеуметтік-экономикалық даму барысына тың серпін берілу керектігін сөз етті. Сонымен қатар  еліміз ұзақ уақыт бойы қолайлы сыртқы ахуалға арқа сүйеп келгенін әрі неше түрлі тұжырымдамаларға, бағ­дарламаларға сенгенін, атқарылған жұмыс туралы жалған есепке сенуге мәжбүр болғанын да жасырмады. Қасым-Жомарт Кемелұлының айтуынша, аса маңызды, өзекті мәселелер на­зардан тыс қалған. Халықтың тұрмыс сапасы әлі күнге дейін жақсы емес. Құқықтық әділетсіздік белең алды. Бай мен кедейдің арасы алшақтай түсті. Алдағы бес жылда Үкімет және Парламент осы негізгі мәселелердің шешімін табуы қажет. Біз еліміздің белдеуін бекемдеп тартуымыз керек. Экономикада және әлеуметтік салада жылдар бойы жиналып қалған түйткілдер бар. Оның барлығын ретке келтіруіміз қажет. Осындай ойларын ортаға салған Президент сол үшін жұрттың бәріне бірдей жаға бермейтін, бірақ тиімді әрі қажетті шешімдер қабылдау керек болатынын да қаперге салды.

Шағын және орта кәсіпкерлік экономика мен еңбек нарығының қозғаушы күшіне айналуға тиіс. Бұл жөнінде көп айтылып келеді. Бірақ Президент атап өткендей, аталған бағытта айтарлықтай ілгерілеу болған жоқ. Демек эко­номикалық саясатқа өзгеріс енгізу қажет.

– Шағын және орта бизнесті толыққанды қолдау үшін кешенді шаралар қабылдау керек. Олар елімізді дамытуда маңызды рөл атқаратынын толық сезінуге тиіс. Бізге Қазақстан экономикасын дамыту жолында өзіне жауапкершілік ала алатын кәсіпкерлердің «жаңа толқыны» қажет. Оның бел ортасында әкімшілік ресурстарға иек артпай, кәсіпкерлік таланты мен еңбекқорлығының арқасында кәсібін табысты жүргізе алған бизнесмендер болуға тиіс. Ондай адамдар әр аймақта бар. Оларға елімізде өз бизнесін дамытуға мүмкіндік беру және нақты көмек көрсету маңызды. Қазақстанның қазіргі экономикалық моделі, ең алдымен, шикізат секторына инвестиция тартуға негізделеді. Сон­дықтан ұлттық буржуазияның негізін құ­райтын орта бизнес жүйесіз дамып жатыр. Тек жекелеген аймақтарда ғана оң қарқын байқалады, – деді Мемлекет басшысы.

Жалпы алдағы бесжылдықта шағын және орта бизнесті қолдауға үлкен мән берілгелі тұр. Мұнда Ұлттық жобалардың уақытылы және сапалы жүзеге асырылуы қатаң ескеріледі. Бюджеттің әрбір тиыны тиімді жұмсалуы керек. Президент айтқандай, осының бәріне парламенттік бақылау жасау айрықша маңызды. Өйткені депутаттарға дауыс берген азаматтар үлкен сенім артып отыр.

– Депутаттар билік пен қоғамның әріптестігін нығайтуға үлес қосуы қажет. Бұл жұмыс «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орнықтыруға септігін тигізеді. Әсіресе сайлауда жеңіске жеткен «Amanat»  партиясы осы жұ­мыс­қа белсене атсалысады деп сенемін. Партия­ның тәжірибесі мол, қоғам тарапынан жан-жақ­ты қолдау бар. Сондықтан «Amanat» партия­сы алдағы өзгерістердің бел ортасында болады деп үміт­тенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Кемелұлы осы ретте тұр­ғындардың әл-ауқатын арттыру және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру, сол арқылы тамыры тереңде жатқан мемлекеттілік дәстүрімізді ны­ғайта түсу айрықша маңызды екеніне тоқ­талды. Бұл ретте Парламенттің алдағы жұмысы туралы ойын ортаға салды. Сондай-ақ Президент қайта сайланғаннан кейін ең бірінші заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы Жарлыққа қол қой­ғанын еске салды. Үкімет пен Бас прокуратура жеке заң жобасын әзірлеген.  Парламент тиісті заңды жуық арада қабылдауы керек.

– Бұл қаржы тек елімізді дамытуға жұмсалуы қажет. Аталған мәселе бюджет шығындарына да қатысты. Алайда бюджеттің жоспарлануы мен жұмсалуы көңіл көншітпейді. Мемлекеттік қарызды өтеу шығыны артып барады. Ұлттық қордан бөлінетін трансферт азаймай тұр. Барлық деңгейдегі бюджетті тиімді игеру проблемасы әлі де бар. Сондықтан бізге жан-жақты ой­ластырылған әрі теңгерімді бюджет саясаты керек. Биыл Парламент қарауына енгізілетін «Жаңа Бюджет» кодексінің жобасы аталған мәселелерді шешуге бағытталуға тиіс. Тағы бір маңызды мәселе. Үкімет және Парламент туризмді дамыту мәселесіне баса назар аударуға тиіс. Еліміздегі туризмнің әлеуеті зор, көрікті жерлеріміз өте көп. Бірақ сол жерлерге барып, демалуға әлі де жұрттың қолы жете бермейді. Бұл салаға тың серпін беру үшін, ең алдымен, инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Кәсіп­керлер туризмнің болашағы зор екенін көруі керек. Сол үшін қажетті жағдайды жасаған жөн. Осы салаға салынған жеке инвестицияның көлемі, іштен және сырттан келген туристердің саны неғұрлым көп болса, жұмыстың нәтижесі де соғұрлым тиімді болмақ, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент сессиядағы сөзінде «Ақ жол» партиясы шағын және орта бизнесті дамыту, экономиканы монополиядан арылту туралы үнемі айтып жүргенін, сондай-ақ кәсіпкерлердің бастамасымен құрылған «Respublica» партиясы да Парламентке өтіп, бұл ұйымдардың бизнестің дамуына қолайлы жағдай қалыптастыруы қажет­тігі туралы ойын айтты.

Мемлекет басшысы тағы бір басымдық ре­тінде елдің өндірістік әлеуетін барынша арт­тыру маңызды екенін алға тартты.

– Қазақстан экономикасы әлі күнге дейін пайдалы қазбаларға тәуелді болып отыр. Яғни ел экономикасының құрылымы – қарапайым. Шын мәнінде, бізге қарқынды даму үшін күрделі, әр­­тарапты экономикалық құрылым қажет. Әрине, шикізат нарығындағы әлемдік бәсекеде біздің өз артықшылығымыз бар. Қазіргі және стратегиялық міндеттерді орындау үшін оны тиімді пайдалану қажет. Сондықтан осы саланы одан әрі дамыта беру керек. Бірақ жер қойнауын пайдалану саласында ондаған жыл бойы қор­даланған проблемалар аз емес. Геологиялық бар­лау жұмыстарының ойдағыдай жүргізілмеуі тау-кен өнеркәсібін өркендетуге кедергі келтіріп отыр. Минералды шикізат базасын толықтыру қарқыны бәсеңдеп барады. Оның үстіне қазір игеріліп жатқан кен орындарының қоры сарқыла бастады. Қазба байлықты тиімді және үнемді пайдалану қажет. Ол үшін заңнаманы жақсартып, рәсімдерді жеңілдету керек. Геологиялық барлау және кеніштерді игеру ісіне инвестиция тарту айрықша маңызды. Үкімет пен Парламент осы салаға қатысты нақты шаралар әзірлеуге тиіс, – деп нақтылады Президент.

Мемлекет басшысы сыртқы сауданы еркін дамыту үшін шикізат та, мамандар да, кейбір тех­­нология да өз елімізде бар екенін, Қазақстан – Дү­ниежүзілік сауда ұйымының мүшесі, эконо­микасы сыртқы саудаға және инвестицияға әр­дайым ашық екенін айтты. Ең алдымен, ішкі нарыққа бағытталған өңдеу өнеркәсібін да­мы­тудың маңызы зор. Ал өңдеу өнеркәсібін ин­новация мен жоғары технология ғана жедел дамытатыны айдан анық.

Қасым-Жомарт Тоқаев үшіншіден, инфра­құрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарау қажет деп есептейді. Қыстың көзі қырауда жылусыз қалған қалалар мен елді мекендерді мысал етіп, әбден тозған энергетика инфрақұрылымының бүгінгі ахуалын бүкпесіз айтты.

– Менің тапсырмаммен электр энергетикасы нарығын дамытудың жаңа үлгісі дайындалып жатыр. Сол арқылы осы салаға қосымша инвес­тиция тарту көзделіп отыр. Сондай-ақ бұл құжат осы саланың барынша ашық болуын қамтамасыз етпек, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Мәжілістегі электр энергетикасына қатысты үш заң жобасын депутаттық корпус шұғыл түрде қарап, қабылдаса, еліміздің инфра­құрылымдық қуатын қалыптастыруға негіз болатынына тоқталды. Сондай-ақ Ұлттық инфра­құрылым жоспарын қабылдауды ұсынып, бұл құжатта осы саладағы басты мәселелер ашық көрсетілуге тиіс екенін айтты. Мемлекет бас­шысының айтуынша, халықтың басым көп­шілігінің ең  өзекті мәселесі – тұрғын үй саласындағы саясатты қайта қарап, оның мей­лінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз ету керек. Үкімет шекаралық аудандарға орнығуға ниетті азаматтарға арзан баспана берудің тиімді жолдарын табуы тиіс. Еліміздегі 65 шекаралық ауданның әлеуметтік-экономикалық ахуалы төмен. Бұл аумақтардың стратегиялық маңызын ескере отырып, нақты жұмыстар атқарылуы керек.

Төртіншіден, азық-түлік қауіпсіздігін қам­тамасыз етуге баса мән беру қажет. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын қарқынды дамытуға қажетті жағдай жасау – мемлекеттің міндеті деп есептейді. Елімізде бірнеше жылдан бері жүзеге асырылып жатқан «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 1 мыңнан астам ауылдағы үш мың жеті жүз әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысаны жаңғыртылды. Бұл жұмыс болашақта да жалғасады. Биыл тағы 1,5 мыңнан астам жобаға бюджеттен 143 миллиард теңге бөлінеді.

– Мен сайлау алдында ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту қажеттігі туралы анық айттым. Бұл – маңызды міндеттің бірі. Оны ауыл шаруашылығы кооперациясы арқылы жүзеге асыру керек. Сол үшін «Ауыл аманаты» жобасы қолға алынады. Ауыл тұрғындарына 5-7 жылға жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Ауыл шаруашылығы кооперативтері халыққа қызмет көрсету және өнім өткізу үшін құрылады. Оларға құрал-жабдық және техника сатып алу үшін субсидия беріледі. Осы мақсатқа 1 триллионға жуық теңге бөлінеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласындағы реформаларға қажетті сапалы заңдардың қабылдануына Мәжілістен орын алған «Ауыл» партиясы өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Сонымен қатар су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты стратегиялық маңызы бар міндетке тоқталды. Су мәселесі ушы­ғып кетпеуі үшін оның алдын алуды, Үкімет әзірлеп жатқан Су кодексінің жаңа жобасында ресурстарды тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керектігін айтты.

Президент адам капиталының сапасын ба­рынша арттыруды айрықша назарда ұстап келеді. Сондықтан алтыншы басымдық ретінде білім беру жүйесін жан-жақты дамыту қажеттігін атады. Кейінгі жылдары мемлекет бұл салаға инвестицияны едәуір көбейткенмен, балабақша тапшылығы біртіндеп азайғанмен, мектеп салу, жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп, оқу орындарын материалдық-техникалық жабдықтау ісі жанданғанмен, мұның өзі жеткіліксіз болып отыр. Білім сапасын, әсіресе орта білімнің деңгейін арттыру үшін батыл шешім қабылдау қажет.

Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі медицина инфрақұрылымын жақсарту үшін «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында ауыл-аймақта 600-ден астам нысан салу жоспарланғанын айтып,  жұмыстың бәрі уақытылы әрі сапалы жасалуы керектігін ес­кертті. Өте маңызды жауапкершілікті әкімдерге жүктеді. Сондай-ақ медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау, әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырмау жайына тоқталды.

Президент саламатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамыту, әсіресе балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау қажеттігін баса айтты. Еліміздегі 43 мыңнан астам спорт ғимаратының жартысынан көбі ауылдық жерде орналасқан. Бірақ қарапайым және қолжетімді нысандар әлі де аз. Спорт саласын өркендетуге жергілікті өзін-өзі басқару органдарының, меценаттардың және жарнама берушілердің әлеуетін пайдалану, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тәсілін кеңінен қолдану керек. Бұл ретте Үкімет пен әкімдіктер тиісті бағдарлама әзірлеп, шешім қабылдаған кезде осының бәрін ескеруге тиіс.

Президент мәдениет саласын өркендету үшін жасалып жатқан жаңа тұжырымдаманың еліміздің мәдени мұрасын сақтау, насихаттау және ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде шешуші рөл атқаратынына сенім білдірді. Ұзақ жылдар бойы берілмей келген «Қазақстанның халық әртісі» атағын қайта қалпына келтіру туралы шешім қабылдағанын, Республика күнінде оған лайықты мәдениет қайраткерлерінің алғашқы тобы марапатталатынын жеткізді.

Мемлекет басшысының айтуынша, мем­лекеттің әділдігі мен қоғамның жанашырлығы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарды қолдаудан көрінеді.

– Әсіресе, ана мен баланы қорғауға айрықша көңіл бөлінуі тиіс. Менің тапсырмаммен биыл бала күтіміне жәрдемақы беру мерзімі 1 жыл­дан 1,5 жылға ұзартылды. Тұрмысы төмен отбасындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға берілетін әлеуметтік көмек қайта қаралды. Енді 100 мыңнан астам бала бұл көмекті ақшалай алатын болады. Көпбалалы отбасыларға да айтарлықтай қолдау көрсетіліп жатыр. Жарты миллионнан астам отбасына арнайы жәрдемақы төленеді.

Мен былтыр «Ұлттық қор – балаларға» бастамасын көтердім. Қазір осы бастаманы жүзеге асыруға дайындық жүргізіліп жатыр. Мемлекет мұқтаж жандарға атаулы әлеуметтік көмек көрсетуді жалғастыра береді. Осы орайда ерекше қажеттілігі бар азаматтарға арнайы тоқталғым келеді. Елімізде осы санатқа кіретін 700 мыңнан астам адам бар. Азық-түлік пен дәрі-дәрмек бағасының қымбаттауы оларға оңай тиіп отырған жоқ. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдарды және олардың күтушілерін қолдау шараларын күшейтуіміз қажет.

Сондай-ақ асыраушысынан айырылған аза­­маттар назардан тыс қалмауы керек. Осы орайда Үкіметке аталған санаттағы адамдардың жәрдемақысын орта есеппен 14,5 пайызға кө­бейтуді тапсырамын. Мұны биылғы 1 қыр­күйектен бастап қолға алу қажет. Қазақстан біздің аймақтағы осындай әлеуметтік жәрдем беретін жалғыз мемлекет деуге толық негіз бар. Жалпы әлеуметтік қолдау алдын ала және шын мәнінде мұқтаж жандарға көрсетілуге тиіс, – деді Президент.

Бірақ бұл еңбекке жарамды жас азаматтарды жәрдемақыға қол жайғызатындай масылдыққа себеп болмауы керек.

Мемлекет басшысы зиянды еңбек жағ­дайында жұмыс істейтін адамдарға арнайы төлем төлеу мәселесін ойластыру керектігін айтты. Бұл ретте «Қазақстан халық партиясы» мен «Жалпыұлттық социал-демократиялық» партиясы депутаттары­ның әлеуметтік мәселелерді ше­шуге белсене атсалысатынына сенім білдірді. Президенттің пайымдауынша, адам құқығын қорғау жүйесін нығайтуды жалғастыруда барлық саладағы құқық үстемдігі қағидасы сақталуы тиіс. Әр азамат өз құқығының қорғалатынына, сот әділдігіне сенімді болғаны маңызды. Сондай-ақ адвокаттардың рөлін арттырып, оларға сотқа дейінгі тергеудің басынан бастап қылмыстық істің материалдарын еш кедергісіз беру керек.

Мемлекет басшысы адам саудасына тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажет екенін, бұл үшін әлемдік тәжірибенің озық үлгілеріне зер салуды да маңызды мәселелердің бірі ретінде атап өтті.

Президент мемлекеттік басқарудың тиім­ділігін және стратегиялық жоспарлаудың са­пасын көтеруге де айрықша тоқталды.  Сайлау алдындағы бағдарламалар мен уәделер ретімен орындалғанда ғана азаматтардың билікке және шынайы өзгеріске деген сенімі артады. Реформаларды әзірлеуді және жүзеге асыруды жұмысқа ынтасы бар және жоғары білікті мамандар атқаруы керек. Ол үшін жеке секторда жүрген кәсіби және дарынды басқарушылар үшін жол ашылғаны маңызды.

– Бізге мемлекеттік қызметтің барынша үйлесімді үлгісіне көшу қажет. Орталыққа жал­тақтамай, жергілікті жерде мәселені шешуге дағдылану керек. Мемлекеттік органдардағы жұмысты ұйымдастыру мәдениетін де толық жаңғыртқан жөн,– деді Президент.

Мемлекет басшысы министрлердің шешім қабылдауға батылы жетпейтінін, бар жауап­кершілікті әріптестері немесе қарамағын­да­ғыларға жүктеу қолайсыз екенін айтты. Мемлекет­тік басқару жүйесінің маңызды фак­торы – цифрландыру. Электронды Үкімет инфра­құрылымын дамытумен қатар биліктің өкілді тармағын цифрландыруға да назар аудару керек.

Осы сынды келелі ойларын ортаға салған Қазақстан Президенті: «Мына мәселені баса айтқым келеді: ел мүддесінен жоғары ештеңе жоқ. Сондықтан популизмге, жеке бастың мүддесін көздеуге жол бермеу керек. Парламент пен мәслихаттар әрдайым бірлесе жұмыс істеуі қажет. Сонда мемлекет саясаты барынша үй­лесімді болады. Жергілікті биліктің шамасы келмейтін ауқымды мәселелерге орталық дер кезінде көңіл бөледі, – деді.

Шынында, реформалардан кейін де­путаттардың өкілеттігі біршама кеңейгені белгілі. Қос палатаның жұмысындағы бірқатар өзгеріске тоқталсақ, бұрын заң жобасын Мәжіліс мақұлдап, Сенат қабылдайтын болса, енді заң қабылдау құзыреті Мәжіліске берілді. Президент Премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия Мемлекет басшысына ұсынуға құқылы екенін айтты.

– Осы ретте саяси жауапкершілік те сол партияға жүктеледі. Бұл тәсіл «күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» тұжырымдамасына сай келеді. Үкімет әлеуметтік-экономикалық реформаларды іске асыруға тиіс. Болашақта Үкіметтегі және аймақ­тардағы басшылық қызметтерге түрлі пар­тия өкілдерін тартқан жөн. Ол үшін саяси пар­тиялардың кадрлық резервін жасақтауды ұсы­намын. Сондай-ақ өкілді және атқарушы би­ліктің қарым-қатынасы жаңаша сипатқа ие бо­лады. Енді Үкімет, шын мәнінде, есеп беретін Үкі­метке айналады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы министрлердің өз жұмысын жетік білуі  жеткіліксіз, олар өз ұстанымын Парламент алдында қорғауға қабі­летті болуы, бастамаларын қоғамға анық тү­сіндіруі қажет деп есептейді. Қазір Үкіметтің қателігі мен кемшілігін ашық айтып, жөнге салып отыруға толық мүмкіндік бар. Осы мүмкіндікті халық мүддесі үшін дұрыс пайдалану керек.

– Парламенттің өз жұмысы да барынша ашық болуға тиіс. Бүгінде оның жиындары интернет арқылы көрсетіледі. Бұл жақсы үрдіске айналды. Оған журналистер де, қалың көпшілік те қызығушылық танытады. Парламентте аса маңызды мәселе талқыланса, жалпы отырысты мемлекеттік телеарна арқылы тікелей эфирде көрсету қажет деп санаймын. Азаматтар өздері сайлаған депутаттың қалай жұмыс істейтінін нақты көріп, баға бере алады. Парламенттегі пікірталастар, шын мәнінде, жалпыұлттық ауқымға ие болады. Сонымен бірге бұл тәсіл ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға, қоғамдық диалог мәдениетін дамытуға септігін тигізеді. Депутат болу – биік мансап емес, бұл – зор жауапкершілік және маңызды міндет. Сіздерді халық сайлады. Жұрт өздеріңізге сенім артып отыр. Ел сенімі – ел аманаты, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан басшысы Еліміздің мақсаты– Әділетті Қазақстанды құру екенін тағы бір атап өтті. Әрі мұның бәрі бір күнде жасалатын шаруа еместігін айтты.

– Ең алдымен, отаншыл болуымыз қажет. Ұлттың және мемлекеттің мүддесі бәрінен биік тұруға тиіс. Әрине, қоғамның дамуы үшін пікір алуандығы қажет. Бірақ елдік мәселелерге келгенде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара білген жөн. Елімізді өркендету үшін еңбек ету – баршамыздың азаматтық борышымыз. Ендеше Отан алдындағы осы перзенттік парызымызға әрдайым адал болайық, – деді Мемлекет басшысы.

Р/с: Тақырыпқа Республика Президентінің VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзі арқау болды. Қасым-Жомарт Тоқаев тілге тиек еткен бұл сөзді бұған дейін де ел басқарған, мемлекет тұтқасын ұстаған, халық алдына шығып хан болған, би болған абыз аталарымыз бен баһадүр бабаларымыз талай мәрте айтқан. Шынында, ел мүддесінен ештеңе биік тұрмауы қажет. Мағынасына үңіліп, мәнісіне жете алғандар жанын құрбан етсе де елдің мүддесін қорғауы керектігін ұғынары хақ.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: