Жұма, 26 сәуiр, 02:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Реформалардың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту

22.04.2023

578 0

Осы аптада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңейтілген кеңес өтті.

Елордада өткен жиынға Премьер-Министр, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің төрағалары, Президентке есеп беретін мемлекеттік органдардың басшылары, Үкімет мүшелері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының, облыстар мен аудандардың әкімдері, парламенттік фракциялардың жетекшілері, сондай-ақ Парламент палаталары, облыстық және аудандық мәслихаттар комитеттерінің төрағалары қатысты.

Мемлекет басшысы өз сөзінде саяси реформалар дамудың жаңа кезеңіне жол ашқанын және экономиканы түбегейлі жаңғыртудың берік негізін қалағанын атап өтті.

– Осында отырған әрбір мемлекеттік қызметші өзіне орасан зор міндет жүктеліп отырғанын сезінуге тиіс. Бұл – ең алдымен, барша Қазақстан халқының алдындағы жауапкершілік. Сіздердің шешімдеріңіз бен іс-әрекеттеріңіз елдің бүгіні мен болашағына тікелей әсер етеді. Сондықтан күнделікті мәселелерді шұғыл шешумен ғана шектелмеу керек. Сіздер мемлекетшіл-реформатор болуларыңыз қажет. Реформаларымыздың түпкі мақсаты – халықтың өмірін жақсарту. Ол үшін тұрғындардың табысын көбейту керек. Жайлы өмір сүруіне жағдай жасап, қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтардың өзін-өзі дамытуына барлық мүмкіндік жасалуға тиіс, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент азаматтардың қажеттілік­терін қамтамасыз етуге бағытталған шынайы нарықтық экономикаға көшу қажеттігін атап өтті. Алдымызда күрделі кезең тұрғанын, қиын-қыстау заманда өмір сүріп жатқанымызды да жасырмады.

– Дәстүрлі экономикалық және логис­тикалық байланыстар үзіліп жатыр. Оған қоса инфляция шарықтап тұр. Әлем экономикасының даму қарқыны төмендеп кетті. Мемлекеттер қарызға белшеден батты. Сауда-саттыққа кедергі көбейді. Сондай-ақ елдердің өзара се­німі азайып барады. Мұның бәрі әлем экономикасындағы қалыпты жағдайға айналды. Бұдан былай табиғи байлық еліміздің орнықты дамуына негіз бола алмайды, – деді Мемлекет басшысы.

Республика Президентінің пікірінше, Қазақстан мұнай және газ өндіруші ел ретінде жаңа геоэкономикалық жағдайға бейімделуі керек. Экономиканы жүйелі әртараптандыру – стратегиялық міндет.

Мемлекет басшысы көпшілікке бел­гілі «әлеуметтік лифт»  ұғымына ұқсас кәсіпкерлерге арналған «экономикалық лифт» құрудың тиімділігін атап айтты.

– Негізі, әр аймақта сондай кәсіпкерлер бар. Міне, осы азаматтар нағыз қолдауға лайық. Олардың ісін елге танытып, кәсібін мемлекеттік деңгейге шығарған абзал. Сонымен қатар оларды бюрократтар мен күштік құрылымдардың заңсыз әре­кеттерінен қорғау қажет. Мен өзім де осындай кәсіпкерлерді ара-тұра қабылдап, қолдау көрсетіп жүрмін. Ірі және орта бизнес саласында жүйелі жұмыс жүргізу керек. Осы екі бағыт экономикалық саясаттың аса маңызды жаңа бағдарына айналуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Алдағы жұмыстың нақты 8 бағытын атап өткен Президент, ең алдымен, азық-түлік бағасының өсімі, инфляцияның ша­рықтау шегіне жеткенін айтты.

– Жұрттың ай сайын жұмсайтын қар­жы­сының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Тыйым салу және шектеу шаралары уақытша ғана әсер етеді. Мұндай қадамдар қиындықтың бетін қайтарса да, одан біржола құтылуға мүмкіндік бермейді, тіпті мәселені ушықтырады деуге болады.

Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз, – деді Президент өз сөзінде.

Үкіметтің алдында агроөнеркәсіп ке­шенінің тұрақты өсімін қалыптастыру міндеті тұрғанын айтқан Мемлекет бас­шысы бағаны ауыздықтаудың жолдарына тоқталды.

– Агроөнеркәсіп кешенін дамытуға бө­лінетін бюджет қаражаты тиімді жұмсалуға тиіс. Мұны мұқият қадағалау қажет. 2019-2021 жылдары өнім өңдеуге берілген субсидияны алайық. Бұл қаражаттың тең жартысы субсидия алам деушілердің 10 пайызының ғана қолына тиген. Субсидия алған кейбір пысықайлар өндірісті өркен­детудің орнына бюджет қаржысын қалтасына басып, шалқып өмір сүрген. Ал қарапайым шаруалар үшін субсидия алу – қияметтің қиыны. Оның үстіне, субсидия беру жүйесі өте күрделі және қажетті мәлімет көпшілікке қолжетімді емес. Субсидия бөлуді реттейтін жаңа цифрлық жүйе бұл түйткілді шеше алмай тұр. Әрине, біршама жұмыс атқарылды. Мұны жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұл бағыттағы жұмысты аяғына дейін жеткізу керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсыз­данып жатқанын айтты.

– Жұрттың табысын әлеуметтік сала­ның шығысы есебінен арттырудың да шегі бар. Біз осы шекке жеткен сияқтымыз. Бұған қоса тұтыну несиелерінің көлемі артып барады. Бұл әрекет – инфляция кезінде жан бағудың амалы. Бірақ мұндай ахуалдың әлеуметтік және саяси салдары өте ауыр болуы мүмкін. Тіпті банктердің өзіне қауіп төндіруі ықтимал.

Несиені ең алдымен, пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру керек. Сонда жалақысы жоғары жұмыс орындары пайда болады. Жұрттың кәсіпкерлікпен айналысуға ынтасы артады. Бір сөзбен айтсақ, азаматтардың табысын көбейтуге мүмкіндік туады, – деді Президент.

Президенттің пайымдауынша, салық­тық жеңілдіктерді негізінен жоғары қосылған құны бар өнім өндірісіне инвес­тиция тартуға және технологиялық экспорт­ты ынталандыруға қайта бағыттау қажет. Бұл –  мінсіз тәртіп міндеті.

– Бүкіл экономикалық саясатты біз экономиканы әртараптандыру міндет­теріне, оны индустрияландыруға және түптеп келгенде инвестиция тартуға бағындыруымыз қажет. Барлық деңгейдегі әкімдер инвестиция тартуды және жұмыс орындарын құруды күнделікті ойлауы тиіс, ал Үкімет оларға бұл жағынан көмектесуі тиіс, –  деді Президент.

Мемлекет басшысы екінші жағынан салық саясаты ынталандырушы әрі икемді болуы тиістігін баса айтты.

– Мәселен, бүгінде Қазақстанда қат­ты пайдалы қазбалардың көптеген кен орны бар. Оларды қазіргі салық салумен игеру экономикалық тұрғыда мақсатқа сай келмейді әрі тиімсіз. Шикізат жерде, моноқалалар жанында бостан-бос жатыр. Бірақ оны азаматтардың игілігіне пайда­лануға болар еді. Күрделі мұнай-газ кен орындары сияқты мұндай рентабельдігі төмен жаңа жобалар үшін салық жүктеме­сін жұмыс орындарын құру, қайта өңдеу қуаттарын салу, міндеттемелерді орындау шарттарын алмастырып, жеңілдетпеске?! Үкімет бұл жұмыспен айналысып, жаңа салық саясатын әзірлеу барысында оны ескеруі тиіс. Қазір жаңа Бюджет кодексі дайындалып жатыр. Осы ретте бюджет ережелеріне және оны мүлтіксіз сақтау қажеттігіне назар аударғым келеді. Мұндағы ең басты қағида – көрпеге қарай көсілу. Ұлттық қорға жармаса беруді доғару қажет. Мен бұл туралы осыған дейін де талай рет айттым, –  деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Үкімет пен атқарушы ор­гандарға азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне жол бермеу, агроөнеркәсіп кешенін дамыту, отандық өндірісті ұлғайту, аза­маттардың нақты табысын арттыру, байыпты макроэкономикалық саясат жүргізу, экономиканы монополиядан арылту, инфрақұрылымды одан әрі дамыту жөніндегі жұмысты жаңғырту, азаматтардың сапалы медицина мен білімге қол жеткізуін қамтамасыз ету, табысты жұмыс орындарын ашу, сондай-ақ мемлекеттік басқару ісін жетілдіру жөнінде бірқатар міндет жүктеді.

Кеңес барысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов, Премьер-Министрдің орынбасары Алтай Көлгінов, Астана қала­сының әкімі Жеңіс Қасымбек, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Павлодар облы­сының әкімі Асайын Байханов, Қарағанды облыстық мәслихатының төрағасы Нүркен Қобжанов, Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева сөз сөйледі.

Ә.ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: