Сенбі, 07 желтоқсан, 20:13

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Жаза алмасам маған серт немесе халық үнін естіп жүрсіз бе?

29.01.2022

970 0

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Бұл сөз қарапайым халықтың көкейіне қона кетті. «Осы мәселені басшылар білсе ғой, ойымды жеткізе алсам ғой» дейтін әрбір адамда бір арман болса, осы бір ауыз сөз талайдың арманын орындауға жол ашқандай. Ел ішінде шешімін табуы тиіс ұсыныс-пікірін дәл қазір Үкімет басындағылар еститіндей қуанғаны сонша бұл тұжырымдама ел ішінде «Еститін Үкімет», «Тыңдайтын мемлекет», «Халықты еститін» деген теңеулермен желмен жарыса жөнелді. Қалай құбылта айтса да бұл қарапайым елдің көкейіндегісін еститін Үкімет бар деген тұжырымдамаға қуанғанын байқатады.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты 2019 жылғы Жолдауында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды айтты. Жолдаудан: «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет.

Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады.

Сондықтан азаматтық қоғамға қолдау көрсетіп, оның әлеуетін нығайта түсу керек. Сондай-ақ аса маңызды жалпы мемлекеттік міндеттерді шешу үшін талқылау жұмыстарына азаматтық қоғамның мүмкіндіктерін кеңінен қолдану қажет.

Осы мақсатпен біз белгілі қоғам өкілдерін қамтитын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Бұл кеңес ротациялық тәртіппен жұмыс істейді».

Мемлекет басшысы бұл тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін нақты шаралар жүзеге асатынын да осы Жолдауда атап көрсетті. «Қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдықтары саналады. Президент Әкімшілігінде азаматтардан келіп түскен өтініштерді мемлекеттік органдардың сапалы қарауын қадағалап, жедел шаралар қабылдайтын бөлім құрылды.

Көп жағдайда азаматтарымыз орталық және жергілікті органдар басшыларының құлықсыздығы мен «бейқамдығына» байланысты Президентке жүгінуге мәжбүр болады. Белгілі бір саладағы шешімдердің әділетсіздігіне қатысты жолданатын көптеген шағым нақты мемлекеттік органда немесе аймақта күрделі түйткілдер бар екенін көрсетеді. Енді бұл мәселеге дәл осы тұрғыдан қарап, тиісті шешімдер қабылдаған жөн», – деп атап айтты. Бұл халықтың арыз-шағымын тартпада қалдыратын шенеуніктерді селт еткізгендей әсер етті десек, артық айтқандық емес. Бұл тұжырымдама қоғамды түбегейлі өзгертіп жібермесе де, елдің айтқанын тыңдау керек, билік пен халық арасында байланыс орнату жұмысы жүйелі жүре бастады. Ең бастысы, халықтың үні «Жартасқа бардым, күнде айқай салдым» дегеннің кері емес, жетер жеріне жете бастады. Ел бұл тұжырымдаманың игілігін сезінді.

Айта кету керек, халықтың айтқанын жерде қалдырмас үшін қабылданған тұжырымдаманың жүзеге асуында ел Президенті өзі үлгі болып келеді. Мәселен, Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Берік Уәли 2020 жылдың желтоқсанында «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында Президенттің елдегі мәселеге үн қатып отыратынын айтты. «Естеріңізде болса, Қасым-Жомарт Кемелұлы сайлауалды бағдарламасында да, 2019 жылғы Жолдауында да «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы туралы айтты. Жалпы Мемлекет басшысының бұл тұжырымдамасын қалың жұртшылық жақсы қабылдады. Осы ретте Президент әлеуметтік желі арқылы еліміздің бүкіл өңірінде болып жатқан түрлі оқиғаларға, түйткілдерге дер кезінде үн қатып, тиісті тапсырма береді. Әсіресе әлеуметтік желілер арқылы елдің тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады. Яғни бұл – Президенттің қоғамдағы болып жатқан әр проблеманы естіп, біліп, көріп отырғанының белгісі. Мұндай жұмыс стилі уақыт үнемдеу тұрғысынан өте тиімді екенін көрсетті. Себебі берілген тапсырмалар дер кезінде назарға алынып, тиісті шешімін табады. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желі арқылы тапсырма беруді қолайлы санайды. Осы жылы Президенттің «Тwitter» парақшасында жалпы саны 630-дан астам, «Instagram»-да 30 жазбасы жарияланды. Айталық, Қасым-Жомарт Кемелұлы Ақмола облысындағы «Көбейтұз» көліне келтірілген зиянды әрекеттерге алаңдаушылық білдіріп, тиісті министрліктерге тапсырма берді. Соның нәтижесінде көрікті жердегі келеңсіз әрекет тоқтатылды. Бүгінде экологиялық ағарту жұмыстары жүргізілуде. Президент бірқатар депутаттар мен патриот азаматтардың Мемлекеттік рәміздерді, әсіресе Туды күнделікті өмірде кеңінен қолдану туралы ұсынысына назар аударып, Үкіметке қолданыстағы заңнамаларға өзгеріс енгізуді тапсырды. Соның нәтижесінде туды қоғамдық, көпшілік орындарда, үйлердің балконына ілуге рұқсат берілген Үкімет қаулысы шықты. Президенттің тікелей араласуымен Маңғыстау облысындағы Бозжыра қорығы аумағында салынатын қонақүйдің құрылысы қайта қаралады. Сонымен қатар Қасым-Жомарт Кемелұлы Алматы қаласы Төле би көшесіндегі ағаштардың оталғанына қатысты жағдайға назар аударып, қала әкіміне қызметтік тексеру жүргізіп, кінәлілерді жауапкершілікке тартуды тапсырды. Жыл ішіндегі осындай жұмыстарды көптеп келтіре беруге болады. Дегенмен мұның бәрі елдің көз алдында өтіп жатқаннан кейін барлығын бірдей тізіп шығу міндет емес шығар деп ойлаймын.

Осы арада Президенттің akorda.kz сайтындағы виртуалды қабылдауына да жұртшылықтан көптеген талап-тілектер, әртүрлі өтініш хаттар келетінін айта кеткен жөн. Бүгінге дейін азаматтардан 19500-ге жуық өтініш келіп түсті. Оның ешқайсысы назардан тыс қалмайды. Қорыта айтқанда, жалпы осы кезеңдегі орындалған тапсырмаларды саралай отырып, Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы өз деңгейінде жүзеге асырылып жатыр деп айтуға толық негізі бар», – деді.

Мемлекет басшысының әлеуметтік желілердегі, БАҚ-та көтерілген мәселелерге назар аударып, үн қатып жүргенінен жұртшылық хабардар. Мәселен, «Egemen Qazaqstan» газетінде көтерілген бірқатар мәселелерге Президенттің назар аударғаны ел есінде. Айта кетелік, республикалық басылымдағы бірқатар проблемалық мақалаларға жедел үн қатты. Соның бірі – «Egemen Qazaqstan» газетінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі Мұрат Жетпісбаевтың «Темір жолды жағалап топ бала жүр» атты мақаласы. «Egemen Qazaqstan» газетіндегі «Темір жолды жағалап топ бала жүр» атты мақаладан Сексеуіл кентінде 360 бала күнделікті мектепке бару үшін 13 рельсті кесіп өтетінін оқыдым. Бұл – өте өзекті мәселе. Оны шешу үшін Үкімет нақты шаралар қабылдауы қажет», – деп жазды twitter парақшасында. Осыдан соң 360 баланы қуанышқа кенелтіп, Сексеуіл кентінде жаңа мектеп салынды. Демек, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы жүзеге асып жатыр деуге негіз бар.

Сондай-ақ халық үнін есту мақсатында құрылған «Ұлттық сенім кеңесінің» қызметіне де биыл екі жыл толды. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы өзінің «Facebook» парақшасында жазып, шешімін тапқан мәселелерді жазды. Оның ішінде дәрігер мен мұғалімнің жалақысы, студенттердің, магистранттар мен докторанттардың стипендиясының көбейгені, оңтүстіктен солтүстікке қоныс аударған азаматтарға берілетін субсидияның екі есеге ұлғайғаны және тағы да басқа шешімін тапқан мәселелерді атап көрсеткен.

«OPEN KYZYLORDA» АШЫҚ ПА?

Аймақта ел ұсынысын тыңдау қалай жүзеге асып жатқанын бағамдап көрдік. Қалалықтар ұсыныс-пікірін, түйткілді мәселесін билікке жеткізу үшін ең әуелі смартфон көмегіне сүйенетіні байқалады. «Open Kyzylorda» жобасы қалалықтар үшін тиімділігін көрсетті. Әсіресе, жылдам жауап беріп, халықпен кері байланыс орнату арқылы ел сеніміне ие болды. Осы орайда қалалық ішкі саясат бөлімінің әдіскері, әлеуметтік желілерге жауапты маман Әсел Жұмабек «Open Kyzylorda» «WhatsApp» желісінің уақытпен санаспай тұрғындар үшін ашық екендігін айтты

– «Open Kyzylorda» жобасы қаладағы коммуналдық кәсіпорындар мен бөлімдерді, ведомстволарды біріктірген жоба. Қазіргі таңда қаланың коммуналдық саласындағы барлық мәселелері бойынша сұрақтар «Open Kyzylorda» (87028871111) нөміріне жолдануда. Жолданған хабарламаларды қалалық ішкі саясат бөліміндегі маман арқылы тікелей сала басшыларының, сала мамандарының назарына ұсынады. 2021 жылы мұнда қала тұрғындарынан 2761 сауал түскен. Сауалдың басым бөлігі коммуналдық салаға бағытталса, 5 проценті ауылдық округтер үлесіне, 2,8 проценті құрылыс, 1,6 проценті әлеуметтік сала, 1,6 проценті сәулет және қала құрылысы, 1 проценті кәсіпкерлік, 0,8 проценті жер қатынастары, 0,7 проценті білім, 0,7 проценті мәдениет, 27,6 проценті өзге салаларға бағытталған. Тұрғындар жолдаған мәселенің 97 проценті дер кезінде шешімін тапты. Ал 3 проценті бюджеттен қаржы бөлінуіне орай шешімін табатын мәселелер, – дейді ол.

Айта кетелік, «Open Kyzylorda»-ға алғыс айтатындар да аз емес екен. Жазған мәселесі дер кезінде шешімін тапқанына ризашылығын білдіріп алғыс жаудырғандар өткен жылы 1000-нан асыпты. Демек, халық үніне құлақ асса, шенеуніктерге халықтың алғысы да аз болмайтынын біле жүріңіз.

ДЕПУТАТТАР ХАЛЫҚ ҮНІН ҚАЛАЙ ЖЕТКІЗУДЕ?

Халық ұсынысын тиісті орынға жеткізудің тағы бір жолы – депутаттардың қоғамдық қабылдауы. Билік пен халық арасында алтын көпір қызметін атқаратын халық қалаулылары тұрғындар көтерген мәселенің шешімін табуына қаншалықты ықпал етуде?

Раушан Ысқақова, қалалық мәслихат депутаты:

– «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы көптеген мәселеге қозғау салып, қалың ел тарапынан қолдау тауып отыр.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында мемлекеттік институттардың рөлін нығайту, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелерін кеңінен сөз етті. Жолдауда қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайға жан-жақты, терең талдау жасап қана қоймай, оның шешу жолдарын да көрсетіп берді. Президент білім беру ісіне мемлекеттің дамуындағы стратегиялық маңызға ие сала ретінде қарап, оқулықтардың сапасы, қала мен ауыл мектептерінің білім берудегі алшақтығы сияқты мәселелерді орынды көтерді. Мемлекет басшысы білім беру жүйесіне кәсіптік бағдарлау саясатын енгізуді, сол арқылы оны еңбек нарығының сұраныстарына бейімдеуді жүктеді.

Президент Жолдауы жүктеген міндеттерге жауапкершілікпен қарап, оның орындалуына бәріміз бірдей атсалыссақ, біз үшін маңызды құжатта айтылған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» болу қиын болмайды.

Депутат ретінде қоғамдық қабылдауларда халықтың мұң-мұқтажын, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, оның орындалуына атсалысып келеміз. Әріптестерім де халық көкейіндегі мәселелерді зерделеп, сессияда көтереді. Халық үнін жеткізген депутаттар қала

әкімдігімен бірлесе мәселенің шешімін табуына белсене атсалысып жүр. Әрине, мәселенің барлығы бір күнде шешілмейді. Кейбір мәселелер қомақты қаржыны қажет етеді, ал кейбір мәселелер бір апта ішінде шешімін тауып жатады. Ең бастысы, тұрғындар көтерген мәселе назардан тыс қалмайды. Мәселен, қоғамдық қабылдауда «Арай-Шұғыла» саяжайының тұрғындары жол қиындығын айтқан еді. Өткен жылы 9 көшеге қиыршық тас төселді. Сонымен қатар «Арай» шағын ауданының тұрғындары электр жарығының әлсіздігін айтса, бұл мәселе де биыл шешімін табуда. Бір сөзбен айтқанда, халықты тыңдап, айтылған мәселелер өз кезегімен шешімін табуда.

«ГАЗЕТ – ХАЛЫҚТЫҢ ҮНІ, ҚҰЛАҒЫ ҺӘМ ТІЛІ»

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың бұл сөзі бұқаралық ақпарат құралдарына берілген анықтама. Қай кезде де елдің үнін жеткізуді мақсат еткен баспасөздің атқарар қызметі зор. Елге дұрыс әрі нақты ақпарат жеткізуде, ұлтты ұйыстыруда, елдің сауатын көтеруде баспасөздің орны бөлек. Бүгінде бұқаралық ақпарат құралдары елдің үнін жеткізу қызметін қалтқысыз атқаруда. Алайда қоғамда сын жазылмайтын болды деген пікірдің бары рас. Дегенмен мәселенің екі жағы бар. Мәселе – сынның жазылғанында ғана емес, оны қоғамның қабылдауында. Айталық, соңғы кездері сынды дұрыс қабылдай алмайтын көңілшек қоғамға айналғанымыз да жасырын емес. Сын айтылса, «мені сынады» деп қабылдайтын шенеуніктер де жоқ емес. Сондай-ақ «үндемеген үйдей бәледен құтылады» деп үнсіз қалғанды жөн көретіндер де табылады. Осы орайда «Ақмешіт апталығы» газеті көтерген мәселелердің ішінде шешімін тауып, ел алғысын айтқаны да, шешімін таппай жабулы күйінде қалғаны да бар екенін айта кеткен жөн. Мәселен, «Сабалақ» саяжайының жолы, суы, жарығы, жалпы барлық мәселесі газет бетінен түскен емес. Халықтың ортасына барып жай-күйін білген тілшілер тобы бұл мәселені бір емес, бірнеше рет көтерді. Бүгінде «Сабалақ» тұрғындары жақсы жаңалықтарын айтып, редакцияға хабарласып та жүр. Әрине, саяжайдың барлық мәселесі түгел шешімін тапты десек, артық айтқандық болар. Дегенмен жыл басындағы жақсы жаңалық – ауыз судың жеткені. Сонымен қатар қаладағы «Егемен» көшесінің жайын айтқан тұрғындар назы газетке жарияланып, тиісті орындардан жауап хат келгенімен, көше сол бәз баяғы қалпы. Сондай-ақ газет көтерген «Көгілдір отын неге қымбат?», «Көрсеткіш емес, нәтиже керек немесе елді сандалтқан Еңбек биржасы», «Жолға қарай ма, ақша санай ма?» секілді мәселелер көтерілгенмен тиісті мекеме басшыларының селт етпегенін де айта кету керек. Бұл халық үнін естісе де, естімеген сыңай танытатын, оқыса да оқымағандай болатын бейқам басшылардың тіршілігі.

«Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы бір Жолдауға арқау болған жоқ. Бұл халық пен билік арасында диалог орнатуда маңызды екенін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жыл басында тағы да айтты, тағы да еске салды. «Біз халықтың үніне құлақ асатын мемлекет құрамыз. Бұл – асыра айтқандық емес. Шын мәнінде мемлекет өз азаматтарының пікірін мұқият тыңдауы керек», – деді Мемлекет басшысы.

Ендеше, бүгінгі басшы-қосшыға сынды қабылдай алатын иммунитет керек. Содан кейін сыннан қорытынды шығару қажет.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: