Дүйсенбі, 09 желтоқсан, 08:36

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№97-2107
07.12.2024
PDF мұрағаты

Аралда қазақ күресінен республикалық турнир өтуде

08.11.2024

1066 0

№19 Арал ОРМБЖМ-нің спорт залында қазақ әдебиетінің алыбы, Қазақстанның Еңбек ері, халық жазушысы Әбдіжәміл Нұрпейісовтің 100 жылдық мерейтойына орай облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен, «Аралтұз» АҚ-ның демеушілігімен қазақ күресінен республикалық турнир өтуде. 

Тартысты доданың ашылу салатанатында облыс әкімінің орынбасары Ш.Байманов сөз алып, Сыр спортының жарқын жетістіктеріне тоқталып өтті. 

Қадірлі спорт сүйер қауым! Халқымыздың мәдениетінде, әдебиетінде өшпес із қалдырған, жауқазын шығармаларымен көптің көңіліне жол тапқан, ұлттық құндылықтарымызды насихаттауда ерекше рөл атқарған Әбенің 100 жылдық мерейтойы тек даталы мереке емес. Қанша уақыт тойласақ та, қанша уақыт жырласақ та оның кемел болмысын, даралығын ашуға сөзіміз де, ісіміз де жетпейтіні анық. Қазан айының 20-шы жұлдызынан бастау алған іс-шаралар легі бүгін, міне, жазушының туған жеріндегі тартысты додамен жалғасын табуда. Қазақ күресі – тек күш пен шеберлікті көрсететін спорт емес, ол – ұлттық мәдениеттің, дәстүрдің, және патриотизмнің жаршысы. Барша қатысушыларға сәттілік тілей отырып, мерейтоймен шын жүректен құттықтаймын! Әбдіжәміл Нұрпейісовтің рухына, әдебиетіміз бен мәдениетімізге құрметімізді білдіріп, оның шығармалары арқылы жүрегімізде орын алған асыл құндылықтарды мәңгілікке жаңғырта берейік, – деді Ш.Асқарұлы. 

Мұнан соң «Аралтұз» АҚ зауыт директоры Д.Рахымбаев пен Ә.Нұрпейісовтің немере інісі Ә.Сламбаев Әбенің 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі. Турнир барысында палуандар 6 салмақ дәрежесі бойынша белдеседі. Бұдан бөлек түйе палуан сайысы бойынша да еліміздің әр аймағынан келген апайтөс алыптар өзара бақ сынасатын болады. Боз кілемде Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда қаласы, Жаңақорған ауданы, Шиелі ауданы, Сырдария ауданы, Жалағаш ауданы, Байқоңыр қаласы, Қармақшы ауданы, Қазалы ауданы, Арал ауданы командаларының палуандары өзара бақ сынасады. 

Жазушының әдеби мұрасы мен қазақ күресінің арасындағы үйлесім де кездейсоқ емес. Әбдіжәміл Нұрпейісов қазақ халқының рухы мен батырлығын, отансүйгіштігін өз шығармаларында терең бейнелеген, ал қазақ күресі — халқымыздың күш-жігерін, еркіндігін және ерлік дәстүрін көрсететін ұлы спорт түрі. Бұл турнирде жастар арасынан шыққан талантты палуандар өз күштерін сынап, қазақ күресінің асыл мұрасын сақтап қалуға үлес қосуда. Олардың арасынан болашақ чемпиондар мен еліміздің намысын халықаралық аренада қорғайтын мықты спортшылар шығарына сенім мол.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: