Жұма, 11 қазан, 20:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№80-2090
08.10.2024
PDF мұрағаты

Облыс әкімі Элизабет Тұрсынбаевамен кездесті

29.04.2021

8714 0

Бүгін облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова мәнерлеп сырғанаудан ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Элизабет Тұрсынбаевамен кездесті. Жиынға спортшының ата-анасы Байтақ Тұрсынбаев пен Падишакан Сұлтаналиева қатысты.

Элизабет Тұрсынбаева Сыр еліне мәнерлеп сырғанаудан өтетін республикалық турнир аясында келіп отыр.
Аймақ басшысы ел мақтанышына айналған мәнерлеп сырғанау спортында есімі әйгілі Элизабет Тұрсынбаеваның спорттағы жетістіктерін атап өтіп, Сыр елінің саңлақ спортшыға деген құрметі ерекше екенін жеткізді.

«Қадірлі Элизабет, өзіннің спорттық шеберлігін мен табандылығының арқасында еліміз халықаралық аренада жарқын жетістіктерге жетіп келеді. Сенің жеңісінді тек жерлес қызылордалықтар ғана емес, тұтас Қазақстан мақтан етеді. Әлемдік спортта ересектер арасындағы сайыста төрт айналымдық сальховты сәтті орындаған тұңғыш мәнерлеп сырғанаушы ретінде тарихта қаласың. Бұл – біз үшін биік бедел, мерей-мәртебе.
Спортшы үшін ең бастысы – алға қойған мақсатқа нәтижелі жету. 2019 жылы Жапонияның Сайтама қаласында мәнерлеп сырғанаудан өткен Әлем чемпионатында күміс медальді иеленген сенің жетістігін – Қазақстанды әлемге танытқан ерекше спорт оқиғасы болды. 2022 жылы Пекинде өтетін Олимпиада ойындарында ең жоғары дәрежедегі медальға қол жеткізіп, тәуелсіз Қазақстанның әнұраны бүкіл әлемде шырқалса деймін»,-деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Кездесуде Элизабетке қолдау көрсетіп, ата-аналық парызымен бірге жаттықтырушылық қызметін атқарып жүрген әкесі Байтақ Тұрсынбаев сөз алып, ілтипат танытқан барша Сыр жұртына алғыс білдіріп, Элизабеттің алдағы жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ, соңғы жылдары мәнерлеп сырғанау спортына жастардың қызығушылығы артып келе жатқанын атап өтті.

Жиында облыс әкімі спортта ел байрағын әлем елдерінде биікке көтеріп жүрген Элизабетті өмірге әкеліп, бойындағы талабы мен қабілетін танып, қанаттандырған анасы Падишакан Беймырзақызына Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстады. Ал, Элизабетке сый-сияпат жасап, ілтипат танытты.

Айту қажет, бүгін Сыр елінде Элизабет Тұрсынбаеваның құрметіне арналған республикалық турнир басталды. Ел мақтанышының жүлдесіне арналған биылғы жарыс Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы аясында өтіп отыр. Турнирге 10 облыстан 200-ге жуық жасөспірім қатысады. Дәстүрлі шара өскелең ұрпақтың патриоттық сезімін арттырып, көптеген баланы мәнерлеп сырғанау спортына, салауатты өмір салтына ынталандыруға жол ашады.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: