Жексенбі, 28 сәуiр, 19:26

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

«Қайсар» клубы сатыла ма?

09.02.2024

1936 0

Жақында қызылордалықтардың намысын қорғап жүрген «Қайсар» клубы сатылымға шықты. Құрама сан түрлі сынақты артқа тастағанмен соңғы жылдары қаржыдан қағылғаны рас.

Жалпы, жыл сайын сырбойылық клубта мәселе осыдан туындайтын. Қалтаның жұқалығы ойыншыларға кері әсер етіп, шектеу басталды. Клуб берешегінен құтылмаса шектеудің алынбайтыны да анық. Клуб директоры Садық Мұстафаев та мұны жасырмайды. Себебі лайықты жалақыны қамтамасыз ете алмағасын мүмкіндік қолдан сусып жатыр.

«Бұл – басқарма тарапынан (Қызылорда облысының мәдениет және спорт басқармасы. -авт) бюджетті жоспарлау кезінде кететін қателік. Қарапайым жеткізсек, біздегі шығынның басым бөлігі жалақы мен салыққа кетеді. Басқарма тарапы бюджетті қорғайтын кезде ойыншыларға берілетін айлық жалақыны өте төмен мөлшерде белгілейді. Ал аз жалақыға жақсы ойыншыны ұстап қалу қиын. Амал жоқ, жалақыны көтереміз. Жаңа ойыншы алайық десек, оған 1-2 млн теңге айлық төлеу қажет. Шығынның пайда болуы мен барлық мәселе осында жатыр», – дейді С.Шоңмұрынұлы.

Команда құрамын жаңартудағы қолбайлау да осы. Себебі «Қайсар» клубы жұмысын ширатып, бұған дейін  бірнеше ойыншыны алуға талаптанған. Алайда, «Трансферлік бан» қол-аяқты мықтап байлап тұр.

«Мысалы, «Астана» футбол командасының ойыншысы Марин Томасов айына 38 млн теңге жалақы алады. Ал біздің бүтін команданың бір айлық жалақысы 36 млн теңгеге жуық. Айырманы байқадыңыз ба? Өйткені, оларға бөлінетін бюджет қомақты. Ал қаржы болған жерде мүмкіндік жоғары», – дейді С.Мұстафаев.

Шешілмеген мәселе шаш етектен болса да  «дала қасқырлары» мінезінен таймай, ұмтылысты тоқтатқан жоқ. Премьер лигадағы орнын сақтап қалуы соған дәлел. Аяқдопшылар өткен жылды да әупірімдеп аяқтап, қолдауға мойын созумен өткізген еді. Өйткені облыс әкімдігі тарапынан аймақтың басты футбол командасына қолдау көрсетіліп, қиындықтың еңсерілетіні айтылған-ды. Алайда, алаң сейілмеді. Сырбойылық команда қазір сатылымда тұр. Бірақ оны аяққа тұрғызуға ниет білдіруші әлі табылмаған.

«Қайсар» клубының сатылымға шығарылғаны рас. Қазір команданың құны 1,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. Оған клубтың өзі, команданың базасы, Ғани Мұратбаев атындағы орталық стадионы және қызметтік көліктері кіреді. Алғашқы қатысу жарнасы – 252 млн теңге. Үміткер осы қаржыны төлеп, сатылымға қатыса алады. 30 қаңтарда алғашқы сатылым болған. Алайда сатып алуға ниет білдіргендер жоқ.

Негізінен сатып алушыға команда 5 жылға сенімгерлік басқаруға беріледі. Нақты айтқанда, сатылым қорытындысымен сатып алушы клубтың 51 пайыз меншік иесі атанса, ал қалған 49 пайыз мемлекеттің құзырына кіретін болады», – деп түсіндірді бұл жайында клубтың баспасөз хатшысы Ерасыл Шәрібек.

Сатылған жағдайда басқару құрылымы, клуб құрамына өзгеріс енуі мүмкін. Алайда, сатып алушыға талап, артылар жауапкершілік салмақты. Сатып алушы «Қайсардың» Премьер лигада ойнауы үшін 1 млрд 200 млн теңге бөлуі керек. Бірінші және екінші лигадағы командалар да бар, олардың шығынын қосыңыз. Бұдан бөлек, «Қайсар» футбол орталығында 600-ден аса бала шынығып жүр, олардың әрқайсысы жас ерекшеліктеріне қарай чемпионаттарға қатысады,  спорттық киімі мен жол шығыны бар.

Клубтың меншік тарихына үңілсек, бұған дейін «Қайсарда» 2021 жылы дәл осы жүйе қолданыста болған. 51 пайыз меншік иесі атанып, қалған 49 пайыз мемлекеттің құзырына кірді. Алайда нәтиже көңіл көншітпей, үміт су сепкендей болды. Себебі «Қайсар» Премьер-лигадан қағылды. Кемшіліктен кейін 2022 жылы клуб мемлекет меншігіне қайта өткен болатын. Ал, өткен жылдың соңына қарай ол сатылымға қайта шығып отыр. Бұған бірі таңданса, енді бірі қос қолдап қолдайды. Кейбір футбол жанашырлары Америка және Еуропа елдерінде мұндай жүйе әлдеқашан еніп, жүйеге түскенін айтады. Мұндай жүйе тиімділігін де көрсеткен. Әлем елдерінің кәсіпқой футбол командалары инвестордың жеке қаржыландыру жүйесімен жұмыс істеп келеді.

«Біздің ел де мұндай жүйеге кезең-кезеңімен көшуі мүмкін. Ал мемлекеттен қаржыландыру жүйесі балалар мен жасөспірімдер спортына және спорттық нысандар салу мен оның инфрақұрылымын дамытуға бағытталуға тиіс» деген пікір көп.

Қалай десек те, «Қайсардың» қайратын шыңдап, жұмысты жандандыратын жан табылса, нәтижелі ойындарға жол ашылмақ. Клубтың командаға қан жүгіртер донорды күтеді…

P.S. Бүгінде «Қайсар» футбол клубының спорттық әрі маркетингтік жетістігі аз емес. Өткен жылғы ойын нәтижесін айтпағанда клуб құрамын жаңарту ісі де жүйелі жүргізілуде. Мысалы, бірнеше апта бұрын клубқа шабуылшы Тоқтар Жаңғылышбай, сайыпқыран Думан Нарділдаев қайта оралып, жанкүйер мерейін көтерген болатын. Сондай-ақ 18 жастағы гамбиялық шабуылшы Ламин Тункара жаңа маусымда «Қайсар» сапында өнер көрсетпек. Бұдан өзге биылдан бастап клуб ойындарының билеті онлайн форматта «Тикетон» сайтында сатылмақ.

Р.МАҚСҰТ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: