Жұма, 03 мамыр, 20:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Жеңіс жеткізбеуде…

03.08.2021

934 0

Ел үмітін арқалаған спортшылар Токио Олимпиадасында сынға түсуде. Әзірге үш қола. Соңғы күндегі көрсеткіш жаңармады. Үкілеп қосқан спортшылардың жеңіс тұғырынан көрінуі қиынға соғып жатқандай. Тіпті қазақстандықтар теннис, ескек есу, жүзу секілді спорт түрлерінен жүлделі орыннан табылмады. Әдепкіде дзюдошы Елдос Сметов, ауыр атлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанлоның қоласы қалған саңлақтарға серпін бере ме деген сенім болған. Алайда ел атынан додаға түскендердің біршамасы бірінші айналымнан аса алмай жатыр. Осыған орай Токиодағы ұлттық құрама спортшыларының бірнеше күндегі аяқ алысын саралап көрейік.

Бокстан не күтеміз?

Расында Олимпиададағы жағдай мәз емес. Соңғы күндері көптеген гимнасттар мен боксшылар қарсыласынан оңбай ұтылып, кейбірі БАҚ өкілдеріне сұхбат беруден бас тартты. Сарапшылар да, халық та сенім артқан Абылайхан Жүсіпов (69 келі), Василий Левит (91келі), Бекзат Нұрдәулетов (81 келі), Серік Теміржанов (57 келі) жарыс жолынан шықса, кейін бұл қатарға Әбілхан Аманқұл қосылды. Осылайша Олимпиадада небары үш боксшымыз ел намысын қорғауда. Олар Қамшыбек Қоңқабаев, Сәкен Бибосынов, Закир Сафиуллин.

Спортсүйер қауымға қуаныш сыйлған жеңіс Қамшыбек Қоңқабаевтың бәсекесі болды. Ол ширек финал жекпе-жегінде ресейлік боксшы Иван Верясовпен кездесіп, тартысты ойын көрсетті. Жерлесіміз бірінші раундтан бастап айқын басымдыққа ие болып, жойқын соққылары діттеген жеріне жетіп отырды. Ал екінші раундта қарсыласы екеуі тең түссе, үшінші раундта ресейлік боксшы басым болды. Алайда төрешілер жеңісті Қамшыбекке берді. Қорытынды есеп – 4:1.

Осылайша жеңістен соң қазақстандық боксшы жартылай финалға жолдама алды. Қамшыбек Қоңқабаевтың жартылай финалдағы кезекті қарсыласы америкалық боксшы Ричард Торрес болмақ. Айта кетейік, бұған дейін спортшы алғашқы жекпе-жегін мысырлық Есри Мостафа Резкпен өткізіп, 5:0 есебімен жеңген болатын.

Токио Олимпидасындағы байрақты бәсекеден үмітті жастың бірі қазақстандық боксшы Әбілхан Аманқұл (75 келі) еді. Алайда боксшы ширек финалда бразилиялық бокс­шы Эберт Соусаға есе жіберіп, жарысты тоқтатты. Мойындау керек, алғашқы раундтан бастап жерлесіміз ширақ қимыл­дағанымен, бірнеше шешуші соққы өткізіп алды. Нәтижесінде бес төрешінің екеуі ғана Әбілхан Аманқұлға жоғары ұпай берді. Екінші раунд қазақстандық боксшының пайдасына шешілді. Алайда үшінші раундта қарсылас басым болды. Қорытынды есеп – 2:3. Бұған дейін Аманқұл өзбек боксшысы Фанат Қахромоновты жеңіп, ел мерейін көтерген еді.

Жеңіл атлеттер жеңілісі

Токио Олимпидасында қазақстандық құрама бокста ғана емес, үш қарғып секіру спортынан да есе жіберді. Сайыстың іріктеу сынын қатысқан үш спортшының үшеуі де үміт үдесінен шыға алмай, оң нәтиже көрсетпеді. Аталған спорт түрінің ережеге сәйкес, 34 ат­леттің ішінен 14 метр 40 сан­тиметрден артық секірген немесе үздік көрсеткішке ие болған 12 спортшы ғана финалға өтеді. Әрбір атлетке үш рет секіруге мүмкіндік беріледі. Соның ішінен үздік көрсеткіш алынады. Іріктеуге  қатысқан үш қазақстандық спортшы да бұл межені еңсере алмады. Олардың қатарында Мария Овчинникова, Ирина Эктова және Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова да бар. Мария мен Ирина 13,34 метр және 12,90 метрге секірсе, 2012 жылғы Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакованың үз­дік көрсеткіші – 13 метр 69 сантиметр болды. Осылайша үшеуі де фи­налға өте алмады.

Жеңіл атлеттердің көңіл көншітер көрсеткі­шін тек Милад Карими көрсетті. Қазақстандық гимнаст еркін жаттығу бойынша Олимпиадада бесінші сатыға тұрақ­тады. Милад Карими финалда 14.133 балл жинап, Токиодағы ең мықты бес спортшының қатарына кірді. Айта кетейік, атал­ған турнир бойынша бірінші орын израйльдік Артем Дол­гопят, екінші орын испаниялық Рейдерлей Запата, үшінші орын қытайлық Сяо Руотенге бұйырды.

Е.БАЛТАБЕКҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: