Жұма, 19 сәуiр, 06:22

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№30 (2040)
16.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылорда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан ОСПАНОВ: Жеке тасымалдаушылар электронды төлем құрылғысын орнатудан бас тартуда

12.04.2022

6722 0

Қай кезде де коммуналдық саланың орны бөлек. Себебі қаланың қайнаған тіршілігінде тұрғындардың жарығы сөніп, суы тоқтап, жолы жөнделмесе де осы саланың қызмет сапасы сыналады. Халықтың арыз-шағымының басым бөлігі де коммуналдық салаға бағытталады. Осы орайда қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Бауыржан Оспановпен сұхбаттасқан едік.  

– Коммуналдық сала салғырттықты көтермейді. Халықтың көңілінен шығып, сапалы қызмет көрсету – бөлімге жүктелген басты міндет. Қалада аталған сала бойынша қандай  жобалар жүзеге асырылуда?

– Бүгінде жүйелі жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, биыл қаланың шет аймақтары қамтылып отыр. Атап айтсақ, Қосшыңырау ауылдық округі, Абай және Досан елді мекендеріне газ құбырын жүргізу жұмыстарына қаржы бөлініп, сараптама қорытындысының оң нәтижесін алды. Алдағы уақытта қосшыңыраулық тұрғындар «көгілдір отынның» игілігін көреді. Ал қазір қала тұрғындарын аяқ сумен қамтамасыз ету басты орында тұр. Осыған орай біршама  жұмыстар атқарылуда. Мәселен, бүгінде тереңдігі 80 метр болатын 2 дана техникалық су жинау ұңғымасын бұрғылау жұмысы аяқталды. Нәтижесінде «Сол жағалау» шағын ауданы мен қала орталығындағы көпқабатты үйлердің аулалары аяқ сумен қамтылады. Сонымен қатар қаладағы арық жүйелеріне су жіберу үшін 26 дана барлау өндірістік ұңғымасын орнату үшін жоба-сметалық құжатын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы бөлінді. Ал Қызылорда қала­сында су тапшылығының алдын-алу мақсатында 31 дана техникалық ұңғыма орнату үшін рес­публикалық бюджетке өтінім жолдадық. Бүгінде ол Үкімет резервінен қолдау тауып отыр. Алдағы уақытта қаражат бөлінсе, қалаға 12 дана және қалаға қарасты кент, ауылдық округтерге 19 дана техникалық ұңғыма орнатылмақ. Осы жұмыстар жүзеге асса, қаладағы аяқ су мәсе­лесі толығымен шешіледі. Сондай-ақ қазір халықты «Бәйтерек» тұрғын ауданына салы­натын автомобиль көпірінің құрылысы қашан басталатыны қызықтырады. Оның жоба-сме­талық құжатын әзірлеуге өткен жылы қалалық бюджет есебінен ЖСҚ дайындалды. Бүгінде ол мемлекеттік сараптама қорытындысын алу үшін сарапшылардың қарауында. Жоба мақұлданса, құрылыс жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлуге ұсыныс беріледі. Қазір қаладағы жаяу жүргіншілер жолы да күн тәртібіндегі мәселе. Алайда жыл сайын біршама жұмыс атқарылып келеді. Қазір Ғ.Мұратбаев көшесі мен Яссауи көшесінің қиылысына жаяу жүргіншілер көпірін салуды жоспарлап отырмыз.  Өздеріңізге белгілі, бұл жұмыстың барлығы қаражатқа келіп тіреледі.

– Қазір тұрғындар тарапынан қандай мәселе бойынша арыз-шағымдар жиі түсуде? Олардың базынасы сала басшыларының назарында ма?

– Коммуналдық саланың жұмыс ауқымы кең. Тұрғындар тарапынан жол, ауыз су мен кәріз су, қоғамдық көлік, қала тазалығына қатысты сауалдар өте көп түседі. Осыған байланысты өткен жылдың шілде айынан бастап, өтініштерді цифрландыруды қамтамасыз ететін «Е-Өтініш» ақпараттық жүйесі іске қосылды. Бүгінде әлеу­меттік желілерде көтерілген әрбір сын-пікірді, арыз-шағымды бей-жай қалдырмаймыз. Мүмкіндігінше барлық сауалды дер кезінде назарға алып, оның сапалы орындалуына жіті мән берудеміз. Сондай-ақ біздің салаға қатысты түскен сауалды күнделікті зерделеп, нәтижесін әлеуметтік желі арқылы жариялаймыз. Халықты толғандырған кез келген мәселе назардан тыс қалмайды.

– Жаз болса, көпқабатты үйдің 5 қабатына судың жеткілікті мөлшерде көтерілмеу мәсе­лесі айтылады. Биыл бұл мәселенің күрмеуі қалай шешілмек?

– Бұл мәселе қаладағы аяқ судың толық шешілмеуінен туындап отыр. Өйткені тұтыну­шылар ауыз суды бау-бақша мен жасыл желекті суаруға пайдаланады. Жыл сайын мамандар жергілікті халыққа түсіндірме жұмысын жүр­гізуде.  Негізі ауыз суды түнгі сағат 11:00-ден азанғы 06:00-ге дейін пайдалану қажет. Алайда оны тыңдар құлақ жоқ. Тұрғындарға қанша айтсақ та орындамайды. Сондықтан осындай мәселе туындауда. Алдыңғы жылы «Жол картасы 2020» бағдарламасы арқылы магистралды ауыз су жүйелеріне су қысымын реттегіш құрылғылар орнатылды. Нәтижесінде қаланың біраз бөлігіндегі көпқабатты үйлерге су жоғарғы деңгейінде көтеріліп тұр. Жасыратын несі бар, бұл мәселе қала аумағындағы құрылысы бұрын салынған ескі көппәтерлі үйлерде әлі де кездеседі. Себебі олардың ішкі құбырлары көп жылдық қолданыстан әбден тозып, шойын құбырлары тот басқан. Осыған орай тұрғындар бізбен бірлесе отырып, ішкі жүйелерге жөндеу жүргізуді тікелей міндетіне алуы керек. Сонда ғана бұл мәселенің алдын алуға болады.

– Қаланы көркейтіп, көше сәнін аша түсетін сәулеттік жобалар аясында биыл қандай жаңалық бар?

– Бүгінде 2020 жылы бастау алған Ы.Жақаев, Әйтеке би, Бұқарбай батыр көшелері мен орталық стадион аумағы абаттандырылды. Сондай-ақ қаланы көркейту-көгалдандыру мақсатында 51 сквер-аллеялар орналасқан аумаққа көлемі 54 мың шаршы метрді құрайтын гүлдер мен газондар төселді. Ал қала аумағындағы жасыл желектердің  маманданған және басқа да зиянкес­теріне қарсы барлығы 62 500 ағашқа химиялық өңдеу жүргізілді. Өткен жылы қалалық бюджет есебінен қала аумағындағы 19 көшеге жаяу жүргіншілер жолын орналастыру үшін ЖСҚ әзірленіп, қаржы бөлу үшін облысқа өтінім ұсындық. Сондай-ақ қаланың Абай даңғылы мен Ғ.Мұратбаев көшесінің қиылысында орналасқан №17 көппәтерлі тұрғын үйдің қас бетіндегі ақын Абай Құнанбайұлының муралы кәсіпкер қолдауымен қайта жаңғыртылды.

– Өзге қалалармен салыстырғанда көп­қабатты үйінен жер үйі басым болса да, Қызылордада көпқабатты үйдің мәселесі күн тәртібінен түспейді. Оның себебі неде?

– Өткен жылы Тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» және «Кондоминиум» нысандарына күрделі жөндеу жүргізуге об­лыстық бюджетке, республикалық маңызы бар қалалар мен астана бюджеттеріне несиесі» бағдарламасы аясында күрделі жөндеу жүргізуге республикалық бюджеттен 681 млн теңге бө­лінді. Бүгінде қаладағы 12 көппәтерлі тұрғын үйге келісім-шарт жасалып, жөндеу жұмыстары басталды. Атап айтсақ, жылу, ауыз су мен кәріз су жүйелері, подъезд есіктері мен терезелері толық ауыстырылуда. Сондай-ақ тұрғын үйлердің қасбетін мен подъезді әрлеуде. Ал биылғы жылға 11 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғырту жұмыстарына  республикалық бюджеттен 555 млн теңге бөлінді. Тағы бір айта кетерлігі, 14 көпқабатты үйді жаңғырту үшін қаражат сұрап отырмыз. Бұл ұсынысымыз мақұлданса, қаладағы біршама көппәтерлі үйлер жаңарып қалмақ.

– Бүгінде қоғамдық көліктің жыры ха­лықтың мұңына айналды. Оны шешудің жолы бар ма? Сондай-ақ биыл «Қызылорда автобус паркі»  ЖШС мекемесіне субсидия бөлінгені белгілі. Алдағы уақытта қандай өзгерістер болады?

– Расында, халық арасында қоғамдық көліктің жүру кестесі мен арақашықтықты сақтамауы, ауыз-мұрнына толтырып адам мінгізуі көп талқылануда. Әрине, қоғамдық көліктің сапалы, уақытымен жүруі бәріміз үшін маңызды. Ашығын айтқанда, пандемия салдарынан білім беру ұйымдары мен түрлі сала қызметкерлері қашықтықтан жұмыс істеді. Осы тұста жолаушылар азайып, жеке тасымалдаушы кәсіпкерлер шығынның орнын толтыра алмай, автобусын сатып, басқа кәсіпке кетті. Осылайша қоғамдық көліктер саны едәуір азайып қалды. Жасыратын несі бар, әлі күнге дейін орнын толтыра алмай отырмыз. Қазіргі кезде «Қызылорда автобус паркі» ЖШС-нің материалдық техникалық базасын жақсартып, ескірген автобустардың орнын жаңарту үшін 150 дана жаңа автобустар алуға қаржының экономикалық негіздемесі әзірленуде. Сонымен қатар әлеуметтік маңызы бар бағытқа қатынайтын жеке тасымалдаушыларға облыстық бюджеттен 400 млн теңге, ал «Қызылорда авто­бус паркі» мекемесіне 1 млрд теңге бөлінді. Осы орайда автобус паркіне қаңтар, ақпан айының есебіне сәйкес субсидия бөлінді. Алайда жеке кәсіпкерлерге бөлінген субсидия әлі күнге дейін игерілмей отыр. Оларға электронды төлем жүйесінің құрылғысын орнатқан жағдайда субсидия төленетінін бірнеше рет түсіндірдік. Өкінішке орай, жеке тасымалдаушылар электрон­ды төлем құрылғысын орнатудан бас тар­туда. Бүгінде қала тұрғындарының сұранысын қанағаттандырып, сапалы қызмет көрсету үшін жан-жақты зерттеулер жүргізіліп, нәтижелі жұмыстар атқарылуда.

– Халықтан қаланың шет аймағындағы ойын алаңдары мен балалар алаңқайларының бүгінгі жағдайы туралы көп шағым түседі. Бұл мәселе қалай шешілуде?

– Соңғы жылдары елді мекендермен шет аймақтағы күрделі мәселелер оңтайлы шешімін тауып келеді. Әсіресе, қала көлемінде ойын алаңдарын орналастыру тұрақты жолға қойылған. Атап айтсақ, 2020 жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында 30 ойын алаңы халық игілігіне берілді. Ал өткен жылы бұл жұмыстар жалғасын тауып, 25 ойын алаңының құрылысы жүрді. Ең алдымен ойын алаңын халықтың сұранысына сәйкес қаладағы көпқабатты үйлердің аулаларына орналастырдық. Қазіргі кезде «Шанхай» шағын ауданында 6 дана балалар ойын алаңқайы, спорттық тренажер,  5  шағын футбол алаңы салынды. Айта кету керек, 2020 жылы «КБИ» шағын ауданында «Kures-2020» аталатын жеке кәсіпкер есебінен спорт кешені ашылды. Сондай-ақ М.Ерәлиева атындағы мәдениет үйінің спорт залында «Титов» тұрғын ауданының балаларына спортпен  айналысуға барлық жағдай жасалған.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан А.ОЛЖАБАЕВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: