Сейсенбі, 23 сәуiр, 21:53

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Театр – рухани байлыққа баулитын орта

23.05.2023

2906 0

Жыл артқан сайын театрға келіп, рухани азық іздеп, демалып қайтушылар саны артып келеді. Әрине, бұл өнер саласының ұжымына деген көрермен құрметі. Жалпы театрда екі көрініс бар. Бірі сахнадағы актерлардың көрінісі, екіншісі – сахна сыртындағы көрініс. Иә, ол жақта да бір топ адамның еңбегі бар. Соның ішінде костюмердің орны бөлек.

Аты айтып тұрғандай, бұл маман иесі театрдағы бар костюмге жауапты. Осындай жауапты жұмысты Нартай Бекежанов атындағы Қызылорда облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында Нұрсұлу Алиева костюм цехының меңгерушісі болып, бірталай жылдан бері қызмет атқарып келеді. Кейіпкеріміз 1962 жылы Қосшыңырау ауылында дүниеге келді. Былтыр алпыс жасқа толды. Көктемнің шуақты күнінде бізге кейіпкерімізбен сұхбаттасудың сәті түсті.

Костюмерлердің театрдағы еңбегі зор

– Нұрсұлу Боранқұлқызы, театр әлемінде костюмердің мамандығының маңызы зор. Қазіргі күні театр қорында қанша киім үлгісі бар? Жалпы әңгімемізді осы мамандықтың қыр-сырынан бастасақ… 

– Негізі осы салада қызмет атқарып жүргеніме 11 жылдан асты. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін жұмысым өзіме қатты ұнайды. Біздің театрда киім үлгісі өте көп. Оның нақты санын айту мүмкін емес. Кез келген киімнің кімге тиесілі екенін астарындағы жазуға қарамай-ақ жазбай танып, жатқа айтып бере аламыз.                                                     

Расында, киім – сахнаның үлкен құрамдас бір бөлігі. Дизайнер алдын ала үлгісін жасап, арнайы тігілген костюмді киіп шыққан әртіс сахнада адам танымастай өзгеріп шыға келеді. Сол сәттен бастап ол сахнаны сән мен салтанатқа бөлеп, көрермен көзайымына айналады. Әр киім спектакль бойынша бөлек-бөлек жиналады. Актер образды жоғары деңгейде алып шығу үшін  киім рөл атқарады.

Сондықтан костюмерлердің театрдағы еңбегі зор. Жуып, тазалап актердің сахнаға шыққанынша тыным таппаймыз. Қойылым тамашалауға келген жүздеген көрермен алдында ойнайтын өнер адамы үшін ең бастысы – киімінің қонымдылығы мен ыңғайлылығы. Сахнада қандай қимыл жасаса да киімі өте ыңғайлы болуы шарт. Әрбіріне өз өлшеміне сәйкес бірдей болып тігіледі. Киімдер ауысып кетпес үшін нөмірленіп, актерлардың есімі жазылып қойылады. Ал ұзақ жылдан келе жатқан дүниелер әбден ескіріп, жыртыла бастаса, онда толығымен жаңаланады.

Күлуге де уақыт жоқ

– Бұйыртса биыл зейнеткерлік демалысқа шығасыз. Осы уақыт аралығында жұмыс барысында кездескен қызықты оқиғамен бөліссеңіз… Мәселен, спектакль кезінде сахнада киімі аяқастынан жыртылып немесе сөгіліп кететіндей жағдайлар кездескен болар?

– Иә, ондай қызықты әрі тығырықтан шығып кететін жағдайлар болып тұрады. Актер кейде сахнада ойнап жүріп секірмек болғанда немесе оқыс қимылдан киімі жыртылып кетеді. Бұрын мұндай кезде сахна сыртында ине-жібімізді ұстап біз де дайын тұратынбыз. Қазір жастар ұқыпты, мұқият болғандықтан мұндай оқиғалар сирек кездесіп еді.

Кейде спектакль ортасында оларға киім ауыстыруға тура келеді. Екі көмекшіммен санаулы секунд ішінде тез-тез ауыстырып жібереміз. Осындайда қызық оқиғалар көп болып жатады. Күлуге уақыт жоқ, кейіннен еске алып, әбден күлеміз.

Дәл қазір есіме түсіп тұрғаны Д.Урбанның «Барлық тышқандар ірімшікті жақсы көреді» атты балалар қойылымында сиқыршы мысық рөліндегі актеріміз спектакль кезінде абайсызда тышқанның құйрығын жұлып алған сәті болған. Ондай сәтте өзімізбен бірге үнемі ине мен жібімізді ұстап, дайын жүреміз. Негізі осылай сақадай сай болып дайындау бұл әр қойылым сайын қалыптасқан үрдіс.

Содан не керек, әлгі жерде жылдам қи­мылдап, тышқанның құйрығын тігіп жібердік. Осы сияқты қызықты әрі тез тығырықтан шығып кететін жайттар жиі кездесіп тұрады. Негізі ине жібіміз қолымызда жүреді. Өйткені аяқастынан болатын жағдайға дайын тұру қажет. Кейде өзімізді сарбаздар секілді сезініп кететін сәт те кездеседі, –  дейді кейіпкеріміз бір күліп.

– Театрға деген махаббатыңыз бөлек шығар, сірә?

– Әрине, театр деген бөлек әлем ғой. Осы салада қызмет атқарғалы театрға деген махаббатым арта түсті. Елімізге еңбегі сіңген өнер иелерімен жұмыс істегеннің өзі қандай ғанибет. Шыны керек, театр адамды тәрбиелейтін өнер ордасы болғандықтан осы салада қызмет атқару мен үшін  абырой және үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондай-ақ өзімнен кейінгі келе жатқан жас толқыннан осындай жауапкершілікті көргім келеді.

– Өзіңізге рухани демалысты қалай сыйлайсыз? Әлде спектакль тамашалағанды ұнатасыз ба?

– Дұрыс айтасыз, спектакль тамашалаған ұнайды. Бірақ біздің жұмыс сахнаның сыртында болғандықтан көбіне арнайы отырып тамашалай алмаймыз. Дегенмен жұмыс атқара  жүріп көріп те, қызметімізді жасап та үлгереміз. Соның өзі маған рухани демалыспен тең. Негізі адам өз ісін жақсы көріп атқарса, ол шаршамайды, қайта демалып, ой бөлінеді.

Әдемі әже болғым келеді

– Отбасыңыз жайлы айтып өтсеңіз… Үйіңізде сізден басқа өнер саласында жүрген жандар бар ма?

– Отбасыма келер болсақ, Алланың берген екі қыз, бір ұлы бар. Жұбайым осыдан 9 жыл бұрын дүниеден өтті. Балаларымның барлығы отбасылы. Кіші қызым Балтай осы театрда ақпарат бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарады. Үлкен қызым Жазира медбике болып жұмыс істейді, ұлым Руслан жедел жәрдем станциясында жүргізуші болып, жұмысын абыроймен атқарып жүр.

Аллаға шүкір, әзірге 12 немересі бар бақытты әжемін. Ұлым Руслан, келінім Гаухар және тәтті немерелеріммен бір шаңырақ астында бақытты өмір сүрудеміз. Әзірге деп отырғаным, алдағы уақытта да немерелер қосылып, шөбере сүйсем деген арманым бар.

– Зейнетке шыққаннан кейінгі жос­пар­ларыңыз қандай?

– Әзірге ешқандай нақты жоспар жоқ. Бірақ бір білерім, немерелерге қарап отыратын шығармын. Бәрі уақыт еншісінде. Жалпы әрбір адам баласы өмірге келген соң әдемі қартая білуі керек. Ел қатарлы еңбек етіп болған соң оның зейнетін көріп, ұрпағыңның алдында ақжаулық анадан әзиз әжеге жетудің өзі үлкен абырой.

Қазіргі күні балаларым мен немерелерімнің ортасында әдемі әже болып отырғаннан асқан бақыт жоқ шығар, сірә? Құдайға сансыз шүкір етемін.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Ақтолқын НҰРЛЫБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: