Дүйсенбі, 06 мамыр, 16:03

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№35 — 2045
04.05.2024
PDF мұрағаты

Ойыншықты да ойланып алыңыз

22.08.2023

379 0

Кез келген ата-ана баласына ойыншық алады. Себебі бала ойынмен өседі, ақыл-ойын ойынмен дамытады. Сондықтан ойыншықтың түр-түрін алып жатамыз. Тіпті кейбір үйлерде балалар бөлмесінің іші ойыншыққа толып тұрады. Кірсең шыққысыз етіп жасап қойғаны соншалық, отыра қалып өзіңнің де ойнағың келеді. Бірақ сол ойыншықтарды аларда сапасына қаншалықты мән беріп жатырмыз?

Ойыншық таңдағанда неге мән берген дұрыс?

Мамандар ойыншықтың сапа­сына барынша мән беру керек дейді. Әсіресе, оның түсіне, исіне, баланың жас ерекшелігіне назар аударған жөн. Қызылорда облысының са­нитариялық-эпидемиологиялық ба­қылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова бала ойнайтын ойыншықтың өзі арнайы техникалық регламентке сәйкес келуі керек деген пікірді алға тартады. Оның айтуынша, ке­ден одағының №008/2011 «Ойын­шық өнімдерінің қауіпсіздігі ту­ралы» техникалық регламентінде ойыншықтар қауіпсіздігіне қойы­латын талаптар көрсетілген. Ойын­шықтарды қолдану кезін­дегі тәуекел балалардың жас айыр­ма­шылықтарына байланысты болуы керек. Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтарға табиғи тері, шыны, фарфор, түкті резеңке, өлшемі ылғалды ортада 5% аса ұлғаятын сылдырмаққа ұқсас ойын­шық толтырмаларын қолдануға жол берілмейді. Сонымен қатар ойыншықтарды бұрын қолданыста болған материалдарды қайта өңдей отырып, қайталама шикізатты пай­далануға жол берілмейді. Ойын­шықтар дайындалатын материалдар таза (ластанбаған), инфекция­лан­баған болуы және техникалық регламент талаптарында көрсетілген стандартқа сәйкес болуға тиіс.

– Ойыншықтардың қорғаныш-сәндік жабыны ылғалды өңдеуге, тер мен сілекейге төзімді болуы қажет. Ойыншық және оның құрамдас бөліктері, бекіту бөлшектері меха­никалық жүктемелерді көтеруге тиіс. Оларды мақсаты бойынша пай­далану кезінде үгітілмеуі және өзінің тұтыну қасиеттерін сақтауы керек, – дейді маман.

Шынтуайтына келгенде, ойын­шық балаға зиян болмауы қажет. Олардың қолжетімді жиектері, ұш­тары, қатты бөлшектері, серіппелері, бекітуші бөлшектері, саңылаулары, бұрыштары, шығыңқы жерлері, бау­лары, арқандары, қозғалатын құ­рамдас бөліктері баланың ой­науына, ұстауына ыңғайлы болғаны дұрыс. Олай болмаған жағдайда балалардың жарақат алуы әбден мүмкін.

– Үш жасқа дейінгі балаларға арналған ойыншықтардың алма­лы-салмалы бөлшектерінің, сон­дай-ақ ойыншықтарға тікелей бекі­тілген бөлшектерінің өлшемдері балалардың жоғарғы тыныс алу жолдары түсіп және олардың тұн­шығуын болдырмайтындай етіп жасалуы керек. Жұмсақ ойын­шықтарда қатты немесе өткір бөгде заттардың болуына жол берілмейді, жұмсақ ойыншықтардың жіктер мен тігістері берік болуы тиіс. Электр энергиясы көзімен жанаса­тын немесе жанасуы мүмкін ойыншықтардың бөлшектері, сон­дай-ақ кабельдер, сымдар электр тоғымен зақымдануды болдырмау мақсатында механикалық қорғалған және оқшауланған болуы керек, – дейді Қызылорда облысының са­нитариялық-эпидемиологиялық ба­қылау департаменті басшысының орынбасары.

Бағасына мән бересіз бе, сапасына мән бересіз бе?

Несін жасырамыз, кейбір кісі­лер қаржының тапшылығынан арзан ойыншық алса, енді бі­реу­лері ақшаның бетіне қарамай қымбатына ұрынып жатады. Арзан болса да, қымбат болса да сапасына ден қоятындар табылады. Біз өз кезегінде тұрғындарды әңгімеге тартқан едік.

– Негізі балаларыма қымбат, жақсы ойыншықтар әпергенді жақсы көремін. Үйдегі ойыншығының бәрі тек қымбат бағаға алынған. Қым­бат ойыншықтың сапасы да жақсы болады ғой, – дейді Сәбира Тұрсынбайқызы есімді тұрғын.

Кәмшат Сұлтанова есімді қала тұрғыны бағасына да, сапасына да мән беретінін жеткізді.

– Арзаны жақсы бола ма, қым­баты жақсы бола ма, оны айыру қиын. Ең бастысы, сапаға, ойыншық өндірушіге, ойыншық қорабының сыртындағы ақпаратқа мән берген дұрыс деп есептеймін. Өзімнің 4 балам бар. Қайсысына ойыншық алсам да алдымен сапасына көңіл аударамын, – дейді ол.

Мамандар нарыққа шығар ал­дында алдымен Кеден одағы тех­никалық регламентінің қауіпсіздік талаптарына сәйкестікті растау рәсімінен өтуі шарт дейді. Ойын­шықтардың сәйкестігін растау сер­тификаттау түрінде жүзеге асырылады.

– Қазіргі нарықта жағымсыз иісті, шеттері тым үшкір немесе өңделмеген, ұсақ бөлшектерден тұ­ратын ойыншықтар да кездесе­ді. Өкінішке қарай, мұндай ойын­шықтар баланың қолына түссе өте қауіпті, өйткені қолына ұстап, ойнаған кезде жарақаттанып немесе ұсақ бөлшектерді жұтып қоюы әбден мүмкін. Әрбір тұтынушы мен ата-ана балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау мақсатында ойыншықтарды сатып алған кезде олардың сәйкестігін растау сертифи­каттарын талап етуі керек, сондай-ақ ойыншықтардың тағайындалуы мен қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды белгілейтін кеден одағының тех­никалық регламенті бар екенін ескеріп, хабардар бол­ғаны абзал. Егер тұтынушы сатушыдан бұл талаптардың орындалуын талап етсе, ал сатушы өз кезегінде талаптарға сай өнімді әкелсе, нарықта сапасыз тауар­лардың саны азаяр еді, – дейді Әлия Әбдіқайымова.

Ал біз өз кезегінде оқырманға маман кеңесіне назар аударыңыз, ойыншықты да ойланып алыңыз дегенді айтқымыз келеді. Себебі ол ойыншықпен сіздің балаңыз ойнайды.                                                     

 А.БЕК

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: