Жұма, 26 сәуiр, 08:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Ұлытау ұлыларға болған мекен,
жер бар ма, түсінгенге сенен көркем

12.05.2022

902 0

Шындыққа айналған аңыз

Жошы хан мазары. Айналасында басқа да қорымдар бар. Тіпті хан ордасының орны да тұр. Бұл көріністі көзімен көргендер бізге аңыз болып жеткен талай тарихқа қанығады. Шынтуайтына келгенде, Жошының өзіне де қатысты әпсана жетіп артылады. Соның бірі – Жошы ханның өлімімен байланысты. Хан Жошыны Шыңғыс ханның өзі өлтірткен деген де сөз бар. Ауырып қайтыс болды деп те айтылады. Енді бірінде аңшылықта қайтыс болғаны баяндалады.

Жувейни есімді жылнамашы 1223 жылдың қысында Шыңғысхан Самарқандтың төңірегінде болып, Жошы ханға шабарман жібергенін жазыпты. Жазба бойынша Дешті-Қыпшақтан құландарды қуып келуін және өзін де аң аулауға шақырған көрінеді. Жошы хан, сірә, келмесе керек. Жувейни бұл туралы үнсіз қалады. Көктем шыққанда, яғни 1224 жылы Шыңғысхан Моңғолияға қайтар алдында жиын өткізіп, ұлдары бас қосады. Бұл құрылтайға Жошы хан келмейді. Жувейни Шыңғыс хан тек Құланбасы бойына келгенде ғана Жошының келіп, 20 000 шымқай сұр атты сыйға тартқанын жазады (кейбір тарихшылар Жошының бұл жиынға да келмегенін алға тартады). Археолог Орынбай Ошановтың деректерінде Жувейниде Жошының өлімі туралы ешқандай дерек жоқ екені мәлім болады.

Рашид-ад Диннің дерегі бойынша, осы кезде Жошы жұртынан маңғыт руының бір кісісі Шыңғысханға келеді. Шыңғысхан одан Жошының жағдайын сұрайды. Ол Жошының есен-сау, елінде аң аулап жүргенін жеткізеді. Негізінде Жошы өзі сырқат болғандықтан, аңға тек уәзір­­лерін жібереді. Маңғыт жолаушысы көпшілікті көріп, Жошының өзі деп, көргенін Шыңғысханға жаңсақ жеткізген. Мұны естіген, яғни жалған хабар Шың­ғыс­ханның қаһарын туғызады. Әскерге бұйрық беріп, жорыққа дайындала бастайды. Алдымен Шағатай мен Үгедейдің жасағын аттандырады. Соңын ала қалған әскерімен өзі аттанбақшы болып жатқанда, Жошының өлімі туралы хабар жетеді. Міне, ортағасырлық жазба деректері бізге әке мен бала арасындағы осындай жұмбақ жайттар болғанын жеткізеді. Тарихшылардың зерттеуінде Жошының өлген жылына байланысты бір­ізділік жоқ. Олардың пікірінше, 1225-1227 жылдар аралығы көрсетіледі. Келесі бір аңызда Жошы ханды құлан шайнап өлтірген деп айтылады. Елдің арасына кеңінен тарағаны да осы нұсқа. Өйткені атақ­ты Кетбұқа осы оқиғаны баяндайтын «Ақсақ құлан» күйін шығарған. Мүмкін сол себептен, мүмкін Шыңғыс тұқы­мының ақылшы-кеңесшісі болғаннан ба, әйтеуір Жошы хан кесенесінің алдында Кетбұқа ноянның белгітасы тұр.

Неше түрлі ойлар маза бермей күндіз көріп, Құран бағыштап кеткен Жошы мазарына қайта келдім. Айналаны бір шолып, Кетбұқа белгітасының қасына келіп отырдым. Іштей «ойлан, Әзиз, қай аңыз шындыққа жақын?» деп қоямын өзімше күбірлеп. Содан оқыған, санаға, көңілге тоқыған дүниелерді саралай бастадық. Айтпақшы, өткен жылдың ақпанында елордадағы ұлттық мұрағатқа барып, Әлкей Марғұлан мен Ақселеу Сейдімбектің жеке қорымен танысқан едік қой. Қасымда Оразхан Садықұлы есімді  ағам бар еді. Мен оқыған дүниелердің ішінде бір нәрсе қалып кеткен жоқ па екен деп, сол кісіге қоңырау шалып, білгенін айтуды сұрадым. Өйткені ол маған қарағанда тарихқа жүйріктеу еді.

– Жошы – атақты Шыңғыс ханның үлкен ұлы. Ол өз заманында анау-мынау батырға дес бермейтін баһадүр болған. Шыңғыс хан бастаған талай жорыққа қатысып, асқан ерлік көрсеткен екен. Ол туралы Жувейни мен Рашид-ад Диннің еңбектерінде баяндалған. Оны құлан талап өлтірген деп айтылатын халық аңызының түбінде шындық жатыр. Түптеп келгенде, Жошы – қазақ хандарының түп атасы. Ұлы далаға билік жүргізген хандардың бәрі – осы Жошы ханның ұрпағы. Сонау Ұрыс ханнан тарайтын Керей мен Жәнібектен бастап кешегі Кенесарыға дейін Жошыдан өрбіген, – деді Оразхан Садықұлы сөзін сабақтап.

Академик Ә.Марғұлан 1946 жылы Жошы кесенесінде қазба жұмыстарын жүргізген. Сол кезде мазардан шық­қан ер адам мәйітінің бір жақ қолы тұтас жоқ болып шыққан. Әлкейдей ғалымның жазған мұндай мәліметтерін елордадағы мұрағаттан өз көзімізбен көріп, қолжазбаларын қолымызбен ұстап едік. Ғалым деректерін қазақ-орыс тілдерінде жазғанға ұқсайды. Тіпті кейбір жазбалары төтемен де берілген. Біз сол жолы Ақселеу Сейдімбектің де жеке қорымен таныстық. Ол кісі Әлкей Марғұланның жазбаларынан соң Жошының қолын құлан тартып кет­кен деген аңыздың шындыққа айналғанын баяндайды. Бұл деректер ел астанасындағы ұлттық мұрағаттан алынып отыр. Әлкей Марғұланның құжаттары №195 қорда тұрса, Ақселеу Сейдімбектің құжаттары №167 қорда сақтаулы.

1997 жылы археолог Ж.Смаиловтың жетекшілігімен Жошы хан кесенесінің іші қайта қазылған. Сонда қабірде Жошының бас сүйегі болмай шығыпты. Бұл бас сүйек археолог Ж.Смаиловтың іздеуімен Алматы қаласындағы Орталық музейдің қорынан табылып, 2012 жылы 66 жыл­дан кейін қайта орнына қойылды. Демек, қазір Жошы мазаратында ханға тиесілі мәйіт жатыр деген сөз.

Кетбұқа жайлы бірер сөз

Түн. Маңайға жарықшамдар орнатыл­ған. Айналаны түгел жарықтандырып тұр. Жошы хан кесенесінің жанына ор­натылған Кетбұқа баба белгітасының қа­сында отырмын. Ойды ой қозғап, батыр баба жайлы білетінімді еске түсіре бас­тадым. «Жошы хан» тарихи-мәдени кеше­нінің бөлім меңгерушісі Бақытжан Көпбаев пен Сәтбаев қалалық «Шарайна» газетінің бұрынғы директоры Бауыржан Бірмановтың айтқан тарихи деректері тағы бар.

Қазақ даласындағы аңыз тұлғаның бірі – Кетбұқа. Алып адам жайлы жазыл­ған еңбек аз емес. Есімі алты алашқа белгілі тұлға Мұхаметжан Тынышбаев: «Кетбұқа – аңыз бойынша көне замандағы қазақтың ең ұлы абызы, сиынатын пірі, бақсылар осы күнге дейін оның атын атап, аруағын шақырады», – десе ғалым Тұрсын Жұртбай: «Қазақ елінің сондай қасиетті дегдарларының бірі – ұлы жыршы, ұлы ноян Кетбұқа. Ол туралы аңыздардың әрқайсысында тек қана елдің мүддесі қозғалады. Соған қарағанда, жердің бетіне ойран сала келген он үшінші ғасырдағы «сұм заманның» тұсында ғұмыр кешкен Кетбұқаның тағдыры да тістескен тамыр сияқты Шығыс пен Батыстың арасындағы ондаған халықтың бақ-талайымен бай­ла­нысып жатыр. Бірақ қай жұрттың шежіресінде қандай кейіпте суреттелсе де, қазақ үшін ол – сол бір елі үшін аңырата қобыз тартып, домбырамен күй шертіп, көкірегі қарс айрылған абыз, қабағынан қар жауған Шыңғыс ханның өзіне елі үшін басын тігіп, ұлының өлімін естірткен дана жырау, ең соңында, үрім-бұтағын құртып жібермес үшін Иерусалимге жорыққа ат­танған Хұлауғу ханзаданың саяси кеңес­шісі болған әскербасы», – деген ойын жеткізеді.

Жыраулар поэзиясының көрнекті өкілі, дауылпаз ақын Доспанбет жырау:

Күдеріден бау тағып,

Кіреуке киер күн қайда?!

Күмбір-күмбір кісінетіп,

Күреңді мінер күн қайда?!

Толғамалы ақ балта,

Толғап ұстар күн қайда?!

Алты құлаш ақ найза,

Ұмсынып шаншар күн қайда?!

Садақ толған сайгез оқ

Масағынан өткеріп,

Басын қолға жеткеріп,

Созып тартар күн қайда?!

Кетбұқадай билерден

Кеңес сұрар күн қайда?!

Еділдің бойын ен жайлап,

Шалғынға бие біз байлап,

Орындықтай қара сабадан,

Бозбаламен күліп-ойнап,

Қымыз ішер күн қайда?! – деп көкірегі қарс айрыла жырласа, 19 ғасырдың аламан батыр-ақыны Махамбет ұстазы Доспамбет жыраудың сөзін жалғастырып:

Кетбұқадай билерден

Ақыл сұрар күн қайда?!

Бізді тапқан ананың,

Асыраған атаның

Қолын алар күн қайда?! – деп жырлайды.

Кетбұқа Жошы ханның қырық батыры­ның бірі ретінде қазақ-қырғыз тарихында айтылады. Бұл жайында Қ.Сәтбаев атын­дағы тарихи-өндірістік мұражай директоры Кенжалы Балкенов «Ұлы жырау Кетбұға» атты еңбегінде айтып өтеді. Ол: «Қырғыздармен шайқаста ерлік көрсеткен Шыңғыс ханның мың басы Бағары Нұқы батыр туралы деректер моңғолдың құпия шежіресінде келтірілген. Міне, осы Бағары Нұқы батыр Кетбұқа жырау деген дерекке сабырлықпен қарап, зерттеуіміз қажет. Бағары Нұқа, Кет би, Кет абыз, Кетбұғы, Кербұғы, Кет­бұқа, Құтбұқа осындай атауларды бір жүйеге келтіру – ұрпақ парызы. Кезінде кең далада билік құрған Инанғ Білге Бұқа хан, Таян Бай Бұқа хан, Алып Терек Бұқа хан. Сол бабаларына ұқсатып Кетбұқа деп қойған. Мысалы, Инанғ Білге Бұқа хан осындағы «Инанғ» сөзі «билік», «Білге» – «данышпан», «Бұқа» – «алып күш» иесі дегенді білдіреді. Осы сарындас Кетбұқа – «Кет»  «ел көсемі» деген мағына білдірсе, «Бұқа» «алып күш иесі». Алып Терек Бұқа хан – Отырар қаласының билеушісі Қайырхан. Бір сөзбен айтқанда, Алаштың мемлекет қайраткері Кетбұқа бабамыз кезінде Палестина жерінде Құлағу Елханымен бірге өз саясатын жүргізген Елатасы.Осындай ұлт тарихында терең із қалдырған көреген саясаткер, шебер дипломат, мемлекет қайраткері, сәуегей әулие Кетбұқа жырау біздің ой-санамыздан өз орнын толық алды деп айта аламыз ба?», – деп ойын жеткізеді.

Кетбұқа бабамыз жайлы мәліметтер түрколог Лев Николаевич Гумилевтің зерт­теулерінде де кездеседі. Оның «Этнос және Жер биосферасы» атты кітабының бір тарауы Кетбұқа бабамызға арналған. Кет­бұқа ноян Айнжалутта қайтыс болған. Бұл – ешкім дау айта алмайтын тарихи факт.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбай: «Бір жыл ішінде мұсылман елдерін таптап өткенін көрген христиандар ата жауын құртқан Құлағудың әскерімен одақ жасасты. Армян патшасы Гетум І мен Антиох кінәзі Боэмунд IV монғолдарға қосылды. Соның нәтижесінде 1259 жылы күзде Египетке бір-ақ жетті. Ең соңғы мұсылман мемлекетінің мойнына семсер төніп тұрғанына қуанған Батыс Еуропадағы христиандар Құлағу мен Тоғыз хатунды Константин мен Еленаға теңеп, «егер де монғол әскері шекараға ілінсе-ақ, Христостың қызметшілерін соғыс майданынан көреді» деді. Кетбұқа ноянның кеңес ордасы Иерусалимге ту тігіп, Тир, Сидон, Акра қамалына ор­наласты. Ал өз еркімен берілген жауға Шыңғыс дәстүрінде барынша құрмет көр­сетіледі. Сондықтан да Иерусалим коро­лінің әскері монғолдың оң қанаттағы қолы боп бекітілді. Міне, дәл осы кезде Құлағудың ең соңғы шешуші майданға шығуына екі үлкен кедергі кездесті. Жаз айында монғол қызына үйленген грузиннің Ұлы Давид пен Кіші Давид патшалары көтеріліске шықты. Құлағу соларға ат­танды. Екі патша да халқын қырғынға тастап, қашып кетті.

Лев Гумилевтің пайымдауынша: «Патшалардың ақымақтығы Грузияны қызыл қанға бөктірді, ал христиандардың мүддесі мүрдеге айналды. Өйткені мон­ғолдар Грузияның әскерінен сүйеніш тауып, Палестинадағы әрбір жауынгерді аман сақтаудың орнына, бар күшін олардың өзін талқандауға жұмсады. Жағдайдың дәл осындай боп қалыптасуы жаужүрек мамлүктердің пайдасына шешілді». Біздің қосарымыз, дәл осы деректен Құлағудың да, Тоғыз хатунның да христиан діні үшін күреспегені көрінеді. Әйтпесе, мұсыл­манның езгісіндегі грузиндер оларға діни бостандық әперуге келген адамға қарсы шыға ма? Кетбұқа ноян бұл жазалау жорығына қатыспады. Ол Иерусалимде қалды. Күзге қарай Құлағу қыпшақ мамлүгі Құтіз билеген Египетке жорыққа аттанғалы жатқанда, Мөңке қағанның қазасы туралы хабарды естіді. Мұндай қаралы мезетте барлық іс-әрекет тоқталып, Шыңғыс тұқымының бірі қалмай, құ­рылтайға қатысуы тиіс еді. Оның үстіне, жаңа қағанның кім боп сайлануы Құлағу үшін шешуші мәселе еді. Сондықтан да Құлағу илхан әскерін Иранға әкетті де, тек Кетбұқа ноянға қарасты 20 мың жасақты Палестинада қалдырды. Құлағу ордаға аттанарда: – Мөңке қағанның жаны Көк Тәңірімнің қасына қонақтаған екен. Бірақ алтын бұғауының кілтін маған беріп кетті. Сол кісеннің кілтін әкем Шыңғыстың, ағам Жошының, Мөңке қағанның алтын айдарын көрген саған тастаймын. Жыл өтпей қайырылғанда қолыма тапсыр. Қамалдарды қадағала. Құтыз бен Бейбарыс қыпшақтан шыққан. Солармен мәмілеге келе тұр, – деді. Кетбұқа ноян Илханға қар­сы уәж қайырмады. Ол өзіне осыншама шек­сіз билік әперген Мөңке қағанның әмірлік пайзісі – «алтын шынжыры» сол Мөңкенің өлімімен бірге үзіліп түсетінін білген жоқ. Өйткені бір кезде, осыдан отыз жыл бұрын бұлардың мойнына қамыт кигізіп, құлдыққа сатқан монғолдардың қорлы­ғын мамлүктер ұмыта қойған жоқ болатын. Туған жерден айырғанына кектенген олар өліспей беріспеуге серттесті. Бұл арада сәл тарихи шолу жасауға тура келеді. Себебі Құлағу бастаған әскерлердің дені қыпшақтар еді. Ал мамлүктер де түркі тұқымынан болатын. Қандары бір адамдар неге сонау алыс жерде бір-біріне қарама-қарсы тұрып, қан майданда бірін-бірі жер жастандырды деген сұрақтың қойылуы орынды. Оның астары өте тереңде және дербес әңгіменің арқауы. Алайда бұл арада қысқаша ғана тоқталып өтеміз. Дүние тарихындағы ең бір қанқұйлы дәуір атанған X-XIII ғасырлар адамзат баласы бұрын естіп-білмеген тосын оқи­ғаларға толы болды. Таяу Шығыстағы мұсылман мен христиандардың арасын­дағы жан­кеш­ті шайқастар үздіксіз жал­ғасып отыр­ғандықтан да «қасиетті жер» әбден қанға бөгіп еді. Иерусалим шаһары біресе мұсылмандарға, біресе христиандарға қа­рады. Ал Египет мем­лекеті өзінің үстемдігінен айырылды және де сауда-саттықты, көпестікті кәсіп еткен фаллахтар қазынаға салық төлеуді ғана білді. Олар ешқандай әскери іске араласқысы кел­меді. Соның салдарынан ежелгі Египет басыбайлы мемлекетке айналмас үшін Салахаддиннің тұқымдары жалдамалы жасақ ұстауға мәжбүр болды. Оларды мамлүктер, яғни мемлекеттік жа­сақтар деп атады. Мамлүктердің дені тұтқынға түскен не құлдыққа са­тылған түркілер еді. Әсіресе монғол шап­қыншылығы тұсында олардың саны күрт өсті. Өздерінің қол күшіне сенген мам­лүктер бірте-бірте мемлекеттің билігін өз қолдарына алды. Мұсылман дініне кірген мамлүктер өте ұйымшыл, ержүрек, әскери іске өте қабілетті еді. Иерусалимге бекінген Кетбұқаның әс­кері өзінің қандастарының мүмкіндігін бағаламады және олардың христиандар үшін жаны неге күйетінін түсінбеді. Еш қауіп күтпеді. Сондықтан да: «Сириядағы монғол әске­рінің қолбасшысы Кетбұқа ноян өзінің шағын қолымен (Киракостың есебінше 2 000, ал Гайтонның есебінше 100 000 мың) Баалбектің түбінде қаннен-қаперсіз тұрды. Шығысында оларды шөл қорғаса, батысында христиандардың қамал­дары қоршаған еді. Өкінішке қарай, Кетбұқа шөлдің жағдайын жақсы білгенімен, христиан серілерін білмейтін. Бұларға шабуыл жасаған монғолдар сияқты мамлүктер де даланың еркін ұлы еді, ал әскери талантқа келсек, қыпшақ Құтыз бен Бейбарыс найман Кетбұқадан кем түспейтін». Бұл Т.Жұртбай негізге алған Лев Гумилевтің жазбаларынан келтірілген мәліметтер.

Осы шайқаста Кетбұға қолға түсіп, оны Құтыз өлтірген еді. Бұл жағдайды Гумилев былайша баяндайды. «Әскері мен аттарын әбден тынықтырып алған Құтыз франктердің иелігіндегі Галилейді басып өтті, сөйтіп, Дамаскіге төтелей шабуыл жасауды ұйғарды. Өзінің қарамағындағы монғол салт аттыларымен және армяндар мен грузиндерден құралған қосалқы жасақтармен аттанған Кетбұқа 1260 жылы 3 қыркүйек күні Айн-Жалудтың (Назареттің маңы) түбінде жау әскеріне тосқауыл қойды. Монғолдардың аттары жорықтан кейін бұрлығып қалып еді, бірақ та олар ешқашанда жеңілістің дәмін татып көрмегендіктен, көңілдеріне күдік алмады. Өздерінің құдіреті мен ержүректігіне сенген олар қаны қыза алға ұмтылды. Құтыз әскер санының басымдығын пай­даланып, қос қанаттағы қолды тасаға жасырып қойды да, досы Бейбарыс қол­басшылық ететін негізгі күшті Кетбұқаға қарсы шығарды. Монғолдар шабуылға шығып, тағы да қыпшақтармен қылыш түйістірді. Бейбарыс шабуылды тойтарып тастады. Сол кезде қос қанаттағы әскерлер тасадан шығып, монғолдарды қоршап алды. Кетбұқа қалайда туды жаудың қолына түсірмес үшін шайқас алаңында ойқастай шауып жүрді, бірақ та оның астындағы атын мертіктірген мамлүктер ол жерге құлағанда жапа-тармағай бас салып ұстап, қолын қайырып тұтқынға алды. Әскерінің тас-талқаны шықты. Майдан даласынан қашқандар да аман-есен құтылмады. Олардың зорығып кеткен аттары мамлүктердің тың аттарынан қара үзіп кете алмады. Сарылардың жорығы қаралы аяқталды. Қолы байланған Кетбұқаны Құтыз сұлтанның дәргейіне әкелді. Тұтқынға түскен найман жеңіске жеткен құман-қыпшақтың бетіне тура қарап тұрып: «Құлағу хан Египеттің қақпасын қақ айыратын қалың салт атты әскермен келіп, сенің сазайынды тарт­қызады әлі. Мен өз ханыма адал қызмет еттім және ешқашан да ханымның қанына ортақтасқан жоқпын», – деді де ана тілінде сөйлей жөнелді: – Сен, Құтыз, қаның қып­шақ болса да, қарғыбаулы төбетсің. Затың құл болмаса да, атың құл, мамлүксің – мем­лекет құлысың. Кімнің жоғын жоқтайсың? Шаджарат сұлтаншаның етегіне жабысып, Тұран шахтың, одан Айбектің көзін құрт­тың. Шаджаратты зынданға салдың. Бүгін, міне, ата тегіңнің аруағына сиынып келген өз еліңнің азаматын қырып отырсың. Сонда сенің жоқтағаның кімнің, қай елдің намысы? Сен одан да, есің барда еліңді тауып, жалдамалы құлдықтан құтыл. Өлсең, мыналар сияқты жоқтайтын елің қалсын артыңда. Мен исі Дешті Қып­шақтың Ұлығ биімін. Төрелігім мынау: қарғыс, қарғыс саған! – деп бетіне түкіріп жіберді. Мұндай қорлыққа шыдамаған қандыкөз, қатыгез Құтыз қайқы қылышты суырып алды… Лезде Кетбұқаның аппақ сақалын қан жауып, абыз денесі етпетінен сұлап түсті».

Кетбұқаның керемет күйші болғанын тарихтың өзі дәлелдеп отыр.  Ол Шыңғыс ханның баласының өлімін домбырамен, кейбір деректерде қобызбен күй тартып естірткен деп айтылады. Қазақ даласында сақталған аңызда Кетбұқаның есімі әй­гілі «Ақсақ құлан» күйімен тығыз бай­ланысты болып келеді. «Ақсақ құлан» десек, Кетбұқаның, Кетбұқа десек, «Ақсақ құланның» қосарлана айтылатыны белгілі.

Өнер саласының зерттеушілері Кетбұқа жыраудың халық арасына кең тараған күйлеріне «Нар идірген», «Күй­дім-жандым», «Ақсақал», «Жошы хан», «Ақсақ құлан», «Жылан қайыс», «Ел бірлігі» күйлерін де жатқызады.

Қалай десек те, Кетбұқа бабамыз – исі қазаққа, тіпті бар түркі жұртына ортақ тұлға.

Домбауыл баба кім болған?

Таң шапақтанып арайлана бастағанда біз мінген микроавтобус Жошы хан кесе­несінен Домбауыл баба кесенесіне қарай бет бұрды. Жолбасшымыз – Сәтбаев қа­лалық «Шарайна» газетінің бұрынғы ди­ректоры Бауыржан Жанбауұлы Бірманов.

– Ал, жігіттер, қазір Домбауыл баба кесенесіне барамыз, – деп сөз бастаған Баукең оның бұл маңнан алыс еместігін жет­кізді. Әне-міне дегенше көлікті тіз­гендеп отырған Зейнулла  межелі орынға жеткізді.

– Домбауыл аңыз бойынша Кетбұқаның әкесі деп айтылады. Кесененің орналасқан жері де ерекше. Бұл жер түгелдей мемлекет қорғауына алынған, – деді Б.Жанбауұлы.

Домбауыл –  аңыз   кейіпкері   емес,  өмір­де  болған  тарихи   тұлға   екені   дау­сыз   шындық.  Оның   Шыңғысханның   за­мандасы   болғанын,  өзі   еліне   қайтқанда   баласы   Жошыны   Қыпшақ даласын   би­леуге  қалдырып,  қасына   Домбауылды   әрі   ақылшысы,   әрі   қорғаушысы   етіп   бергенін   айғақтар   нақты   деректер   де  баршылық.  Сондай-ақ   Домбауылдың   өз   заманында   әрі батыр,  әрі қолбасшы,  әрі  би, әрі  мерген болғанын  дәріптейтін  әңгімелер  де  жетіп   артылады. Нұр-Сұлтан қаласындағы Қазақстан Республикасының үлттық мұрағатында сақталған академик  Әлкей Марғұланның жеке қорындағы деректерде «Домбауылды атақты мерген, ақын және музыкант – күй шығарушы» деп жазады. Ал шежірешілер болса, оның қазақтың  Бағаналы Найман тайпасынан   шыққанын және балалары Кетбұға мен  Келбұғадан тараған ұрпақтың кімнен  кімнің  туғанын  тізбектей  таратып, бүгінгі күнге әкеліп бірақ тірейді. Міне осының бәрі  Домбауылдың тарихи өмірде болған адам екені және оның 13 ғасырда  өмір сүргенінің  нақты  дәлелі.  Мұның  солай  екенін Жошының мазары  мен   Домбауыл кешенінің Кеңгір өзенінің бойында қатар орналасуы да айғақтай түседі. Бір жерде бірге өмір сүрген адамдардың бейіттері  ғана  осылай  қатар   жатса  керекті.

Осындай айғақтарға қарамастан кейбір ғалымдардың Домбауыл кешенінің салыну мерзімін VI-IX ғасырларға  теліп, ал енді біреулерінің XIV-XVII ғасырлардың мұ­ра­сы етіп көрсетуін  қай   тұрғыдан  алып қарағанда  да ешқандай қисынға келтіру қиын. Олай деуге негіз болар не ауызша, не  жазбаша  дерек  жоқ. Рас, Домбауыл  кешені  салыну  стилі  жағынан алдыңғы ғалымдар көрсеткендей, Түрік Қағанаты заманындағы Алтайда салынған мазарларға ұқсайды.

Домбауыл кешені Алтайдағы мазар­лар­дан да, тіпті өзіміздің Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазарынан да ерекше, олардай сопақ емес, иықты ақ орда секіл­ді  көлемді де күмбезді, алыстан қараған адам қара туырлықты алып киіз үй дерліктей. Бұл ерекшелік те Домбауыл ке­шенінің кейіннен сол XIII  ғасырда салынғанын айғақтай түседі. Бұл ретте өзгелерден гөрі Домбауыл та­рихын түбірлей зерттеп жүрген тарих жанашыры ұлытаулық азамат Серік Тілеубаевтың жазған мақала­сындағы   деректер жұртшылықты көбірек   сен­діреді. Ол  сүйеніп  жүрген  халықтың  ауызша  тарихының деректері өмірдің өз шындығын  айғақтап тұрғандай  әсер береді. Ақиқаты  да  солай болса  керек.

Мәліметіміз толыға түсу үшін Ғ.Еш­танаевтың «Уық шаншылған Ұлытау» кітабынан үзінді келтіре кетейік.

«Ел ішінде Жошы, Шыңғыс хан ту­ралы айтылған, айтылып жүрген әңгі­мелердің қай-қайсысы болса да Домбауыл батырдан айналып өтпейді. Домбауыл батыр, Домбауыл би, Домбауыл қолбасы, Домбауыл мерген ретiнде әңгiмеге өзек болып келеді. Бұл туралы белгілі қа­лам­герлер Мұхтар Мағауин, Ақселеу Сей­дім­беков, Қойшығара Салғарин, Тұрсын Жұртбаев жазған ғылыми-та­рихи негіздегі шығармаларда да Дом­бауыл батыр ел ішіндегі әңгiмелерге орай­­ластыра айтылады. Әйгілі тарихшы Құрбангали Халитұлының «Сегiз оғыз елiнiң қалай қалыптасқанын баяндағанда теріс таңбалы тайпа аты Домбауыл екеніне ерекше мән береді. Осыған орай сонау Қытай, Моңғолия, Түркия елдерiнде тұ­ратын қандастарымыз да «Терiс таң­балы тайпаның аты Домбауыл екен. Най­манның ноқта ағасымын деп басқа най­ман тайпаларына (тоғыз тайпаға) таңба үлес­тіріп, өзіне таңба жетпей қалғандықтан таңбаны терiс басып, содан терiс таңбалы атаныпты» дегенді айтады. Сонда «Тоғыз тайпаға таңба үлестірген Домбауыл кім? Бұл туралы қаншалықты мәлiмет бар?» дегенге келсек, жоғарыда айтылғандарға қоса академиктер Әлкей Марғұланның, Ахмет Жұбановтың, шежіреші ғалым Мұхаметжан Тынышбайұлының, шежі­ре­ші Нығмет Мыңжанұлының жазған жолдарында да Домбауыл батыр Най­маннан шыққанын тайға таңба басқандай айқындап көрсетеді. Мұның сыртында бүгіндері шежіре жинауға зер салып, көп ізденістердің нәтижесiне жетіп жүрген шығысқазақстандық бауырымыз Қазақ­стан­ның құрметтi журналисі Серік Ғаб­дуллиннің жазғандарында да Домбауыл батырдың шығу тeгi жан-жақты ашылған. Олардың бәрiнде де Домбауыл батыр Шың­ғысханның оң жақ тiзесінен орын алған ықпалды адам ретінде айтылады. Домбауылдың қадіріне жетіп, оның қасие­тiн ұққан Шыңғыс хан оны үлкен ұлы Жошының қасына ақылшы етіп қосады. Бұл қалай дегенде де тарихи шындыққа ке­леді. Себеп – Жошының мазарының жа­нында Домбауыл кесенесiнiң тұруы, тiрi­де қорғаны болуы көп жайттан хабар бер­гендей. Қазактың «өлсек моламыз бір төбенің басында болсын» дейтін сөзі барын да еске алайық. Шындығына кел­генде де Жошыдай бахадүрдің қасына бел­гiсiз адамның мазары салынбасы әбден түсі­нікті. Айтканы әділ, көздегені қате кет­пейтін Домбауыл батырға қатысты айтылатын әңгімелердегі деректер дала төсінде сайрап жатыр. Сонау Жошы ма­зары мен Домбауыл кешені тұрған да­лада көсіліп Кеңгір ағып жатыр. Ұлы­тауға қарай шығар беткейде Ақсай өзегі тұр. Осы Ақсайдың басы «Дабыл қорасы» аталады. Бұл Жошының құланға дабыл қаққан жері деп айтылады. Осы жазықтың енді бір беткейінде «Топырақ суырған» деп аталатын ойпаң бар. Бұл ойпаң Жошы денесін құлан таптағаннан кейін барып «Топырақ суырған» деп аталса керек. Осыған қоса, құлан мен Дом­бауылға қатысты әңгімелерге өзек бола­тын жер аттары да жетерлік. Мәсе­лен, Тарбағатайдан Іле өзеніне дейін қа­зылған құлан өтпес ордың сорабы бар. Оны кезінде Шоқан Уәлиханов та жерiне жеткізе жазған. Сондай-ақ Арқа мен Шудың арасын жалғайтын кұланға қатысты жерлер жетерлік. Шу бойындағы «Бес құлан», «Қабан құла», «Әңкей», «Бө­кенсан нұрасы» деген жер аттары сол кезеңдерден сыр шертеді. Басын сонау Ұлытаудан алып жатқан, солтүстікке қа­рай ұмсына созылған «Құлан өтпес», «Теріс­аққан» өзендерін көргенде аңыздың шындыққа айналғанына көзiмiз жеткендей болады. Қолдағы деректерге зер салсак, Жошы хан Бетпақдалада құлан аулап, саятқа шығып жүрген кезiнде қазаға ұшыраған. Бұл – 1227 жылдың ақпаны. Бұл – тарихи шындық. Осы шындық аңыз-әңгімеде былай айтылады: «Домбауыл Шыңғыс ханның үнемi жанында ұстаған андасы, мергенi екен. Хан саят кұрып аңға шыққанда, Домбауыл әркез касында болған. Бәйтерек басына ілген күміс тең­гені көздемей түсіретін ғаламат мер­ген, айтулы батыр және домбыра мен қобыздан күмбірлетіп күй төгетін күй­ші, сазгер адам болған. Домбауыл Қып­шақ даласының Ұлығ биі, аталық жырау Кетбұқаның туған әкесі. Шыңғыс хан 1225 жылы Сартауылдан Қыпшақ дала­сын басып, Қарақорымға қайтқанда, тұң­ғышы Жошының жанына жеті жыл өзі­нің сарай мергені болған сенiмдi баты­ры Домбауыл мен оның бел баласы Кет­бұқаны қалдырған. Міне, осы әкелі-бала­лы Домбауыл мен Кетбұка Жошы хан қайғылы қазаға ұшырағанша оны қыз­ғыштай қорыған, сенімді кеңесшiлерi, арқа сүйер тірегі болыпты. Домбауыл өл­генде артында қалған қалың ел оған биiк кесене соқтырған. Ол кесене бүгінге дейін Ұлытаудың басында, Жошының қасында…»

Иә, Жошы мазары қасында Домбауыл кешені тұрғаны рас. Кеңгір өзенiн бойлап Жезқазған қаласының солтүстігіне қарай жүргенде 50 шақырым жер. Жошы маза­рымен екеуiнiң арасында дауыс жете­ді. Іргетасы төртбұрышты. Биік­тей келе күмбезденіп, бітім тұлғасы аса қара­пайым­дылығымен, беріктігімен ерек­шеленеді. Биiктiгi 9,5-10 метрдей. Қабыр­ғаларының қалыңдығы екі метрге жуық. Жергілікті сұр гранит тастан арасына айрықша лай қосылып қаланған.

***

Домбауыл батыр кесенесін көріп, таң-тамаша болдық. Жанында тұрған балбалтастар да ерекше кейіпте. Бір қара­ғанда бәрі бірдей көрінгенімен әрқай­сысының өзіндік бет пішіні әртүрлі етіп жасалған.

– Домбауыл батыр кесенесінің орна­ласқан орны айрықша екен. Кесененің өзі көненің көзіндей болып, талай тарихты ұқтырып тұрғандай. Түсінген адамға мына балбалтастардың өзі көп сыр айта алады. Қалай десек те ұлт тарихының ең бай бөлігінің бірі Ұлытау жерімен сабақтасып жатыр, – деді филология ғылымдарының кандидаты, «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев.

Иә, Домбауыл батыр кесенесі неше мың жыл өтсе де сыр бермей әлі талай ұрпаққа көненің көзі, тарихтың өзі, ұлы даладағы ұлт жәдігері болып тұрары анық. Біз баба әруағына Құран бағыштап, Ұлытаудың ең биік шыңына шығу үшін Әулиетауға қарай бет түзедік.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

Суреттерді түсірген

Нұрболат НҰРЖАУБАЙ

Қызылорда-Жезқазған-

Сәтбаев-Ұлытау-Қызылорда

Жалғасы бар

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: