Жексенбі, 25 тамыз, 04:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№67-2077
24.08.2024
PDF мұрағаты

Жайың қалай, «Жайлы мектеп»?

24.08.2024

166 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы 1 қыркүйектегі халыққа Жолдауында «Жайлы мектеп» пилоттық жобасын әзірлеу керектігі туралы айтқан еді. Аталған жоба білім саласындағы бірқатар мәселені шешуге, оның ішінде апатты мектептерді жою, үш ауысымды мектептер мен оқушы орындарының тапшылығы мәселесін шешу мақсатында қолға алынған еді. Бұл бағытта 2023-2025 жылдар аралығында елімізде 369 орта білім беру нысанын салу жоспарланған. Нәтижесінде жоба екі ауысымда 740 мың жаңа оқушы орнын құруға мүмкіндік береді.

«Жайлы мектептің» құрылысы екі кезең бойынша жүзеге асады. Бірінші кезең бойынша 2023-2024 жыл аралығында 208 жайлы мектеп салынуы қажет. Ал екінші кезеңде 151 жаңа білім ошағы ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Осылайша, елімізде 2025 жылға дейін 300-ден астам заманауи үлгідегі жайлы білім ошағы бой көтереді.
Аты да заты да бөлек бұл мектептің жобасы, сапалы салынуы, қаржыландыруы «Samruk-Kazyna Construction» АҚ жауапкершілігінде. Ұлттық жобаны жүзеге асыруға республика бюджеті мен Ұлттық қордан 2,38 триллион теңге қаржы бөлінген. Оның ішінде 2023 жылға 499,9 млрд теңге бөлінсе, биылға 976,7 млрд теңге, келер жылға – 909,4 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ жоспарланған 369 мектептің 206-сы қалада, 163-і ауылдық жерде салынбақ.
Пилоттық жобаның уақытылы әрі сапалы жүзеге асуы жоғарыда аталған компанияның бақылауында. Жалпы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасының тағы бір мақсаты – отандық өнімді қолдау. Осы орайда нысанды салушы құрылыс мекемелері қажетті жабдықтар мен жиһаздарды отандық тауар өндірушілерден алуы тиіс. Бұл тек сөз жүзінде қалмай, іс жүзінде қадағаланады. Себебі мердігерлерге ай сайын Қазақстанда өндірілген материалдар мен тауарларын пайдалану бойынша есеп беріп отыру міндеттелген. Бұдан бөлек жобаны іске асырудың ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында бірыңғай кросс-платформа әзірленген. Жайлы мектептердің мердігерлері апта сайын құрылыстың барысы туралы электрондық форматта есеп дайындап порталға жүктеуге міндеттелген. Осылайша бақылау бір уақытта бірнеше деңгейде жүзеге аспақ. Бұл мектептерді жобалау және салу процесін бақылауға, жобаны әзірлеу кесте бойынша жүріп жатқанына көз жеткізуге мүмкіндік береді. Егер мердігер қандай да бір жұмыс түрлері бойынша үлгермесе немесе артта қалса, порталда ашық көрсетіп тұрады. Сондай-ақ порталда барлық төлем құжаттары мен орындалған жұмыс актілері болады. Осылайша мердігердің қанша ақша алғаны және атқарған жұмысы көрінеді. Сонымен қатар құрылыс нысандарында фото және бейнебақылау орнатылған. Бұл арқылы әрбір мектептің құрылысын техникалық қадағалау сарапшылары бақылай алады. Нәтижесінде сапалы жұмыс болады.
Бүгінгі күні «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы Қазақстанның барлық өңірлерінде, ауыл-аймақтарында салынуда. Алайда оқушы орындарының тапшылығы бар аймақтарға басымдық берілген. Бұл қатарда Алматы, Астана, Шымкент сынды ірі қалалар мен Түркістан, Қызылорда облысы да бар.
Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған жобаның игілігін көруді жұртшылық асыға күтуде. Бұл білім ошағында тәлім алғысы келетін оқушылардың қарасы қалың. Көпшілік асыға күткен мектеп қандай артықшылығымен ерекшеленбек?
Ұлттық жобаны жүзеге асыру аясында jaily-mektep.kz арнайы сайты іске қосылған. Ақпарат порталында «Жайлы мектептің» несімен ерекшеленетіні жазылған. Ақпарат көзіне сүйенсек, аталған білім ордасының ауданы, сынып бөлмесі басқа мектептерге қарағанда 15-20 пайызға кең болмақ. Сонымен бірге техникалық жабдықталуы 4 есе жоғары, яғни теория мен практикаға арналған құрал-жабдықтар толық қамтамасыз етіледі. Заманауи компьютерлер мен интерактивті тақталар орнатылып, қауіпсіздік шарасын сақтауда бейнекамералар, кіріп-шығуды қадағалау жүйесі орнатылады. Сондай-ақ оқушылар мен мұғалімдерге арналған демалыс және нетворкинг аймақтары жабдықталады. Бұдан бөлек 3-4 спорт залы, мектеп аумағында спортпен шұғылдануға және басқа да іс-шараларға арналған алаңдар жасалады. Ерекше балалар үшін кедергісіз орта қамтамасыз етіліп, пандус, лифт, арнайы дәретханалар және инклюзивті білім беру кабинеті жұмыс істемек. Техникалық бағыттағы кабинеттер қажетті құрылғылармен қамтамасыз етіліп, оқушылардың теорияны тәжірибемен ұштастыруына мүмкіндік жасалады. Робототехниканы игеруге басымдық беріледі.
Сыр өңірінде ұлттық жоба аясында 2025 жылға дейін 12300 орынға арналған 21 мектеп бой көтеруі тиіс. Бұл ретте облыс орталығынан бастап барлық аудан және ауылдар қамтылған. Оның ішінде Арал ауданында және Сексеуіл, Жақсықылыш ауылында – 300 орындық, Жалағаш ауданында – 300, Қазалы ауданына қарасты Жанқожа батыр ауылында – 300, Әйтеке би кентінде – 600, Жаңақорған ауданында – 600, оған қарасты Жаңарық ауылдық округінде – 300, Қармақшы ауданының ІІІ интернационал ауылында – 300, Жосалы, Тереңөзек кентінде – 300, Шиеліде – 900 орындық білім ошағы бой көтереді. Ал Қызылорда қаласы бойынша 6 жайлы мектеп салынады. Оның ішінде сол жағалауда – 900, СПМК-70 – 1500, Арайда – 1500, КБИ-де – 600, Ж.Махамбетов және Қызылжарма ауылдық округінде – 600 орындық мектеп бой көтереді.
Жақында облыс әкімдігінің «facebook» әлеуметтік желідегі парақшасында биыл аймақта жайлы мектептің 10-ы пайдалануға берілетіні туралы ресми ақпарат жарияланды. Құрылыс барысын бағамдаған облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев білім нысандары құрылысын уақытылы аяқтауды тапсырды.
– Биыл 6900 орындық 10 мектеп, алдағы жылы 5400 орындық 11 мектеп пайдалануға беріледі. Облыс әкімдігі оларға инфрақұрылым жеткізуге жергілікті бюджеттен 118,4 миллион теңге бөліп, жоба-сметалық құжаттары әзірленді, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Инфрақұрылым жүргізуге жергілікті бюджеттен 1,7 млрд теңге бөлініп, қазір 10 мектептегі құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды. Биыл құрылысы басталатын 11 мектептің жер телімдері белгіленіп, «Самұрық-Қазына Констракшн» акционерлік қоғамына наурыз айында табысталды, – делінген облыс әкімдігінің «facebook» парақшасында.
Jaily-mektep.kz сайтында көрсетілген ақпаратқа сүйенсек, биыл Қызылорда қаласына қарасты Ж.Махамбетов ауылынан басқа аумақтардағы білім ошағы пайдалануға берілуі тиіс.


А.Сейіл

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: