Сәрсенбі, 16 қазан, 17:20

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Үзілген жіп

08.10.2024

273 0

Сурет: news.myseldon.com

Бір апта уақыт өтті. Сараптама қорытындысы дайын болыпты. Мәйіттің жүрек тұсына пышақ кірген, бас сүйегі сынған, үстіндегі киімдері физикалық қатынас арқылы жыртылғаны көр­сетілген. Бірақ ең соңында өлім алдында инсульт алғаны көрсетілген. Тергеуші ойланып қалды. Инсульт?! Инсульті несі тағы.  Әзиз телефонмен Тергеу бөлімі бастығына хабарласты.

– Алло! Саулығыңызды тілеймін, полковник мырза. Жақсыбайдың сараптама қорытындысы дайын болыпты, бір түсінбей тұрғаным өлер алдында инсульт болыпты.

– Не дейді! Инсульт. Қайдағы инсульт?! Дереу маған кел…

– Құп болады!

Тергеу бастығы Жасұлан Өзенов көпті көрген, тәжірибелі, тергеу саласында  жиырма жылдан аса қызмет еткен жан еді. Сараптама қорытындысын оқи келе: – « Е… е – е… Сонда марқұм Жақсыбай инсульт алған сәтте қылмыскер ақшасы мен ұялы телефонын тартып алмақшы болған, бірақ ол қасарысып жатқан сәтте басынан ұрып, болмағасын жүрегіне пышақ сұғып өлтірген болса керек. Е… адамда аяушылық қалмаған заман-ай… Капитан, бұл іс басында адам жоғалу бабымен тіркелген, одан адамды қасақана өлтіру бабына дәрежеленді, іс облыс басшылары бақылауында. Еш нәрсе назардан тыс қалмасын,қылмыскерді табуға күш салыңдар,ол жауызды ұстау керек. Түсіндің бе, мені…» – деп сөзін қорытты.

– Дәл солай полковник мырза! Бар күшті саламыз.

Қылмыскердің өз ізін жасырып, қашып жүр­геніне қарағанда көше бұзақысы еместігі, оның айлалы және қатыгез екені байқалады. Кабинетте Әзиз бен Болат тығырыққа тіреле ойлануда. Іздеуден әлі нәтиже жоқ. Жақсыбайдың туыстары қылмескерді табуды сұрауда. Іс облыс көлемінде шу көтерді. Қылмыскердің осы уақытқа дейін табылмай жатқаны полиция беделіне нұқсан келтіретіні анық. Осы кезде телефон соғылды. Қала сыртында тұрар таксистердің бірі екен. Өзінің есімі Болат екенін айтқан адам қарлығыңқы дауыспен такси тоқтар жерде электр бағанына жапсырылған суреттегі адамды көргенін, оны бір мекенжайға апарғанын баяндады. Оның сол жерде күте тұруын өтінген тер­геушілер асығыс көлікке отырып, қала шетіне бағыт алды. Бұлар жеткенде әлгі таксист күтіп тұр екен.

– Жігіттер, тездетіңдер, қаншама уақытым кетті, сендерге бекер хабарластым ба деп қалдым… Кешіктіңдер ғой…

– Көшедегі жол жөндеу кедергі боп…Айыпқа бұйырмаңыз. Көп уақыт алмаймыз. Бізге ол адамды қай жерден көрдіңіз, қай жерге алып бардыңыз сол ғана керек.

– Ол адамды мен осы жерден көлігіме отыр­ғыздым, осы қамыс арасынан шықты. Мен неге оның жолмен шықпағанына қарап күмәнданған болатынмын. Оны мен «Спальный райондағы» вул­канизацияға алып бардым. Ақшамды төледі.

Әзиз бен Болат дереу көлікке отырып жұрт «Спальный район» атандырып жіберген ылғи көпқабатты үйлер орналасқан, қала шуынан алыс, тыныш аймаққа келіп таксист айтқан дөңгелек үрлеу-желімдеу мекемесіне келді. Екеуін де бір ой мазалайды: «Вулканизацияда істей ме екен…Құдай- ау, қылмыскер қалада, көз алдымызда жүріп қылмыс жасап жүргені ме…»

Олар келген кезде мекеме жабық тұр екен. Тұрғындардан сұрастыру барысында оның жабық тұрғанына біраз уақыт болғаны белгілі болды. Көп қабатты үй тұрғындарының дені жұмыста, азанда кетіп,кешке бір-ақ келеді. Адам жасырынуға ыңғайлы жер де, жертөлелер де көп. Осы кезде патрульдік қызметтегілер хабарласып, іздеудегі адамға түрі ұқсайтын жігіттің бір қызбен бұларға жақын тұста қыдырып жүргенін айтты. Тергеушілер тез шешім қабылдады, не болғанда да қылмыскерге сездірмей бақылап, ұстау керек. Патруль шақырса – оның жасырынып қалуы мүмкін, полиция көлігі бірден көзге түседі ғой… Оның үстіне айсыз түн де қараңғы…

Жас тергеуші Болат аға әріптесіне: «Қыл­мыскерді ұстап, кім екенімді көрсеткім келеді. Әке-шешем мені мақтан етсе екен деп ойлаймын» – деген арманын айтып келе жатқанда анадайдан екі адамның сұлбасы көрінді. Екеуі қол ұстасып келеді, қаншама қараңғы болса да, үй терезелерінен түскен әлсіз жарықтардың өзі оның талдырмаш, жас қыз екенін анық көрсетеді. Жігіт кекселеу. Бұлар келесі бір үйдің кіре берісі алдындағы жарық тұсында әлгілермен қатарласты. Жігіт сезімі жайлы, ұнатқаны туралы айтып келеді. Таныс сөздер сияқты. Әзиз бен Болат оларға тақай келіп, үңіле қарағанда жігіттің Зәкір екенін таныды.

Ол сезіктенді, қызды тастай сала қаша жөнелді. Әзиз оның алдын орай жүгірсе, Болат тура соңынан қуды. Тергеушілердің «Тоқта! Полицияданбыз!» дегеніне мойын да бұрар емес. Осы кезде оны қуып жеткен Болат желке тұстан соққы жасады. Зәкір жерге құлады, қыз шыңғырып жіберді. Болат Зәкірдің қолын артына қайырмақ болып жатқан кезде ол қалтасынан пышағын алып, Болаттың бүйіріне сұғып-сұғып алған болатын. Осы сәтте Әзиз де жетті. Мұның барлығының қас пен көздің арасында болғаны сондай, былайғы жұрт не болғанын түсінбей де қалды. Әзиз қылмыскерді тұтқындады. Бірақ, көңілі алаң, «Болаттың жарақаты қалай екен» – деп уайым шегуде. Дабыл қаға жедел жәрдем оны алып бара жатқанда құлағында «Қылмыскерді ұстап, кім екенімді көрсеткім келеді. Әке-шешем мені мақтан етсе екен – деп ойлаймын» – деген Болаттың үні тұр еді.

***         

Бір апта тергеуде Зәкір тек Болатқа пышақ сұққанын ғана мойындаумен болды. «Қорқып кетттім. Бандиттер екен деп ойладым. Не істегенімді өзім де білмей қалдым. Менікі қорғаныс қой. Тым жақсы қызбен қыдырып жүргеніңде біреу бетіңе үңіле қарап, «Тоқта!» десе, қорқып кетесің ғой. Кім болса да сөйтеді» – дегеннен басқа ештеңе айтқан жоқ. Көңілге медеті – Болаттың сауығып келе жатқаны. Бүгін Әзиз өткенде Айғанымға қолданған әдісін байқап көрмек болды.

Зәкірді кабинетке кіргізген кезде оның өңінде масаттану басым болса, сәлден соң, оның көзі үстел шетіндегі шумақталған «құс қанат» жіпке түсті. Қылмыскердің еңсесі түсіп кетті. Әзиз оны байқамаған болып, қағаз жазу үстінде. Он минут өте Зәкір сыр бере бастады.

– Әй жігіт! Сұрағың болмаса, мені қайтар. Мен шындықты айттым. Уақытымның есептеулі екенін білесің ғой. Асып кетсе, өзіңе қиын ғой.

Әзиздің санасында «Мынау біраз нәрседен хабары бар кәнігі қылмыскер ғой» деген ой атойлай жөнелді. Тағы да қулыққа басты. Телефонды алып, кезекшімен сөйлесті. Оның жауабына үлгіртпей, тездете өзі сөйлеуде:

– Дұрыс… «Құс қанат» жіптегі отпечатка нақ­тыланды ма, екі адамның саусақ ізі бар ма екен. Дұрыс. Енді салыстыру жасаймыз. Западтағы үшінші үйді қарадыңдар ма?

Осы кезде ыңырсығандай бір дыбыс шықты. Зәкір тісін қышырлатты.

– Сволыштар… Праваларың жоқ… Ордер қайда, санкция қайда… Неге менсіз тінтесіңдер. Сотқа берем…

Әзиз қылмыскерді тұзаққа түсіргенін сезді. Әуелі Айғанымның үнтаспаға жазылған сөзін тыңдатып, сонан соң дүкен сатушыларын, жанармай құю бекеті операторының сөздерін тыңдатты. Жақсыбайдың әйелінің зарлы дауысынан кейін Зәкірдің басы салбырап кетті. Келесі күні бүкіл айғақтар, куәлар сөзі жазылған хаттамалармен таныстырған Әзиз Зәкірдің Алматы облысынан келгенін, мұнда пәтерде тұрып, оны-мұны жұмыс істеп күн көретінін анықтап үлгерген болатын.

– Ал, азамат! Қылмысқа қалай барғаныңызды, Жақсыбайды қалай өлтіргеніңізді айта беріңіз? Одан кейінгі ісіңіз белгілі ғой…

– Жоқ. Мен оны өлтірген жоқпын…

– Оған сұғылған пышақ та, тергеушіге сұғылған пышақ та – бір боп шықты. Міне, сараптама қорытындысы. Онымен танысып шықты, бірақ ашылар емес. Әзиз енді басқа қырынан келуді ұйғарды. Ондағы тірегі: Бұл мұнда неғып жүр. Алматыдан қашып жүрген болуы керек. Ол жақта да қылмыс жасаған болар…

– Айтпасаңыз – өзіңіз білесіз. Одан сізге жеңілдік жоқ. Алматыдан запросыма жауап келгенде сөйлесемін сізбен. Сосын «құс қанат» жіпті ұмытпаңыз…

Міне, сол сәт…Зәкір қинала ыңырсыды. – «Әй бала! Жаз! Бірін қалдырмай жаз. Әйтпесе, айнып қалуым мүмкін».

Ол барлығын айтты. Жақсыбаймен бұрын бір жерде жалданып жұмыс істеген екен. Ол сыра алып, ішкелі тұрғанда бұл кезіге кетеді ғой. Бұл басы ауырып тұрғанын, ақшасы жоқ екенін айтады, ол айлық алып келе жатқанын айтады. Міне, арам ой осы тұста туған еді. Зәкір оны бұрын бір рет көрген, адам таппас қамыс арасына апарады… Үйді тексеру Зәкірдің бұдан да басқа біраз қылмысы барын көрсетті. Екі сақшы қоршауында пәтеріне барған Зәкір төсек үстінде жатқан шумақталған «құс қанат» жіпті көрді де басын ұстап отыра қалды. Тағы да бір жиіркенішті, тағыға тән ырыл естілді. Бірақ, ол кезде қылмыскер сол жіп арқылы өзі қолын байлап, зорлаған әйелге қатысты, ғашықтығын айтып алдап, бір қыздың үйін тонаған қылмыстары ашыларын білмеген еді. Оның бар ойы Алматы облысындағы қылмыстары ашылмай тұрып, мындағылармен сотталып кету болатын. Бірақ, жаратушым, сол шумақталған үзік жіпті әділдіктің салтанат құруына кілт еткен еді.

Бекмухамбет ӘБДРАСУЛЛАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: