Сейсенбі, 19 наурыз, 12:17

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Мағжанның «Педагогикасы» және ұлт тәрбиесі

04.10.2022

11042 0

Қазақтың қаны бір, жаны бір жол­басшысы – мұғалім. Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуіріне баға беру үшін алты алаштың баласы   бас қосса, қадірлі орын – мұғалімдердікі. Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір, қазақ мұғалімдері! Қолымнан келген осы еңбегімді сендерге тарту қылам. Ниетімнің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.

Мағжан ЖҰМАБАЕВ

Ол өзінің қамшының сабындай қысқа ғұмырында  нағыз  поэзия  биігіне самғап, оның асқар  асуынан  өлшеусіз нәр алған біртуар тұлға. Ең бастысы,  тұңғыш педагогикалық  оқулықтар жазып қалдырды. Оның 1922 жылы «Педагогика» атты  оқулығы – педагогика және әдістеме ғылымдарына қосқан үлкен үлесі. Бұл ғылыми еңбегі он бес бөлімнен тұрады. Ғалым оқулықты он төрт ірі бөлімге құрып, әр бөлімінде педагогика  ғылымын жан-жақты саралап, болашақ ұрпақ тәрбиесін  беруде  таптырмас  көмекші құрал ретінде қалдырды. Бұл оқулықтың басты мақсаты –  ақыл, мінез-құлық, сұлулық, дене тәрбиесін жеке-жеке бөліп қарастырды. Қазіргі кезде «Педагогика» ата-аналарға, мұғалімдерге, студенттер мен оқушылар үшін аса бағалы еңбекке айналды.

Ағартушы еңбегін төрт бағытта жүргізді. Атап айтсақ, оқу, жазуға үйрету, емлеге  дағ­дылау, жазбаша сөзді өркендету, баланың ұғымына лайық ауызша  және жазбаша әдебиет түрімен таныстыру. Автор  осы тәрбиенің төрт  түрін  тәпіштеп түсіндіре келіп, былай дейді:  «Егер адам баласына осы төрт  тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Бала  берік денелі болса, түзік ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын ақылды  болса, сұлу сөз, сиқырлы әуен, әдемі түрден ләззат алып, жан толқындырарлық болса, жамандықтан  жаны жиреніп, жақсылықты жаны  тілеп тұратын құлықты болса ғана  адам  баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы … Балам адам болсын деген  ата-ана  осы  төрт тәрбиені дұрыс  орындасын…» – деп Мағжан Жұмабаев тәрбие мақсатын айқындап берді.

Расында оның өзіндік сыры бар. Себебі өмір есігін енді ғана ашқан бала алдымен оқымайды. Оны тәрбиелейді. Сондықтан да «баланы жастан» деп қазақ тегін айтпаса керек. Оқу құралының бірінші бөлімі педагогиканың жалпы мәселесіне арналған. Оның пікірінше, тәрбие саласы төртке бөлінеді. Олар дене, жан, ақыл тәрбиесі, сұлулық пен әдеп-құлық тәрбиесі. Әрине, тәрбиенің бұдан басқа да түрі жетерлік. Алайда автор адам өміріне керектісін ғана айтқан.

Бұл оқулық Мағжан Жұмабаевтың көзі тірісінде екі рет жарық көрді. Алғаш рет 1922 жылы Орынборда, екіншісі 1923 жылы Ташкентте қайта басылды. Ал біздің қолымызға кітаптың ұзақ жылдардан соң үшінші рет 1992 жылы Алматы қаласында «Ана тілі» баспасынан жарық көрген соңғы  нұсқасы  тиді. Оқулықтың 1922 жылы 15 қыр­күйекте алғаш басылуында автор алғысөз жазған.

– Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге дейін басылып шығып, жарық көре алмады. Айып менікі емес. Бүлінген замандікі. Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан көшіре бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ жанына қабыстыруға тырыстым. Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиеді. Қалайда, курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым. Мен педагогика майданында бәйге алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуы мүмкін. Мұғалімдер тексеріп оқып, хата жерлерін көрсетсе, сансыз рақмет айтар едім, – дейді М.Жұмабаев.

Ерекше айта кету керек,  2020  жылы Ыстанбұл университеті Түрік тілі және әдебиеті кафедрасының оқытушысы Доцент Уғур Гүрсу Мағжан Жұмабаевтың «Педаго­гика» кітабын түрік тіліне аударды. «Қазақ тіліне деген қызығушылығы студенттік жыл­дарда басталған У.Гүрсу докторантура оқып жүргенде «Түрікше және қазақша мақал-мәтелдердің салыстырмалы анализі» атты диссертациясын қорғаған.

– Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» туындысының түрікшеге аударылмағанын байқап, аударма жұмыстарына кірістім. Осылайша толағай еңбектің жемісі – Мағжан Жұмабаевтың «Педагогика» атты оқу құралын оқырмандарға ұсындық. Оқу құралы педагогиканың жалпы мәселелеріне арналған. Сондай-ақ кітапта психология және логика салалары туралы да ақпарат берілген. Туындыда педагогика ілімі қазақ мәдениеті мен дәстүрлеріне сәйкес жазылған, – деп жазады У.Гүрсу.

Мағжан Жұмабаев оқулықта дене тәрбие­сін бірінші орынға қойды. Атап айтсақ,  дене тәрбиесін 19 бөлімге бөліп, әр бөлімге жеке-жеке тоқтап, анықтама берген. Шынында, адамның дені сау, мықты  болып өсуі үшін дене тәрбиесінің ең бірінші орында екені белгілі. «Бала аурулы болса, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден», – дейді  педагог. Тіпті сол қиын заман  түгіл, бүгінгі өмірдің өзінде қай ата-ана тәрбиесіне, туралап айтсақ тәрбиенің барлық түріне көңіл бөле береді. Автордың бұл оқулығын талдай отырып,  медицина саласынан да құралақан емес екенін аңғардық. Себебі кішкентай баланың  салмағы, дене қызуы, дем алу, тамыр  соғу, тамақтануы, тіпті баланы емшектен шығаруды, тазалық жағдайын, бесік мәселесін, тістің шығуын жеке-жеке сипаттап жазады.

Ағартушы  екінші бөлімде  жалпы педагогика ғылымын талдайды.  Педагогиканың қандай пән екенін сипаттай келе, онымен етене таныс болу керектігін айтады. Бір сөзбен айтқанда автор педагогиканың өзін тәрбие пәні деп пайымдайды. Оған дәлел пәннің аты дейді. Жалпы педагогика пәнін – дидактика, методика, мектепті басқару, педагогика тарихы деп беске бөледі. 

Автор бұл оқулықта әлемдік педагогика­ны арқау етеді.Атап айтсақ, бала тәрбиесін­де ұлттық педагогиканың алатын орны ерекше екенін бірнеше мысал келтіре отырып дәлел­дейді. Ұлттық тәрбиенің құндылығын көр­сете отырып, оның кем-кетіктері мен жаман жағынан аулақ болуды айтады. Ол «Әр тәрбиешінің қолданатын жолы – ұлт тәрбиесі». «Әрбір ұлттың бала тәрбие қылу ту­ралы ескіден келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп бол­­ғаны сықылды, жамандық жағы да көп», – деп жазады. Осыған орай ол педагог­­тер, тәр­биешілер халықтық педагогиканы қол­дана отырып, түрлі заманда шыққан тәр­­бие ға­лымдарының ойларымен жақсы таныс болу керек дейді. Расында, егеменді елдің бас­­ты ұстанымы – өз педагогикасы, ұлттық тәр­биесі, сондай-ақ ұрпағы тәрбиелі, білімді болуы керек.  Сондықтан бүгінгі жас буынды келе­шегіміз үшін елін, жерін, халқын, мәдение­тін, тарихын сүйетін ұлтжанды ұрпақ ретінде тәрбиелеуіміз қажет.

Бұл еңбегінде Мағжанның жан-жақты екенін аңғаруға болады. Бір сөзбен айтқанда, ол адамның көңіл-күйін, ішкі сезімін терең түсінетін психолог. Оны бір ғана мысалмен дәлелдеуге болады. «Педагогика» оқулығында «Бөлеу һәм бесік» бөлімінде  автор былай дейді.

– Қазақ қатыны баланы бесікке  екі  жерден тас қылып байлап тастайды. Бұл балаға зиян. Бұлай ету баланың қан жүруіне, жүрек соғысы­на зиян. Баланы ұйықтатарда, жылағанда шешесі долданып тарс-тұрс тербетеді. Қарғап, сілейді. Бір кезде бала ұйықтайды. Бұл сау ұйқы емес. Шайқап, шайқап баланың  басын айналдыру, баланы есінен тандыру. Тербетіп ұйықтату – талдырып ұйықтату деген сөз. Бала ұйықтап жатқан жоқ. Балаңда  қасың болмаса, тербетпе. Қазақ әйелі! Бесік бала­ның  орны. Естен тандырып, талдыратын орын емес, – дейді Мағжан Жұмабаев.

Сондай-ақ адам өмірі үшін ұйқының, қоз­ғалыстың, серуеннің мәнінің зор екендігін атап айтады. Оқулықтағы жазбасына қарап, авторды дінді, оның тарихын жақсы білгенін, жақсы-жаман жақтарымен етене таныс болғанын білуге болады.  Оған осы бөлімдегі «Жан» туралы пайымдауы дәлел болады. Ол «Жанды ешкім көрмесе де, жанның барлығына дау жоқ», дейді. Әсіресе баланың жанын жақсы тәрбие қылу үшін, жанды көзбен көріп, қолмен ұстамай-ақ оның ісін, көрінісін, жақсы тексеру жетеді. Психология пәні осы үшін қажет екенін баса жазады. Сонымен қатар жан тәрбиесін 11 бөлім бойынша талдап, 11-ші бөлімнің өзін тағы да шағын екі бөлімге бөледі.

Ал соңғы бөлімін «Әсерленуді» «Жалпы сезім яки дене әсерленулері» деп оның өзін бес түрге бөліп, жеке-жеке сипаттайды. Сыртқы сезім әсерленулерін сипаттағанда оны алты бөлікке бөледі. Адам анатомиясының заңына сүйене отырып, осы алты сезімді қарапайым, түсінікті сипаттайды. Жазушы өзінің педаго­гикасын «Абайға», яғни топшылау сезіміне де ерекше көңіл бөліп, жазады.

Жалпы «Педагогика» кітабындағы үлкен бөлімнің бірі «Суреттеу» деп аталады. Оны да алты түрге бөледі. «Суреттеуді бет алды бір-бірімен байлай беруге болмайды. Оның белгілі жолдары бар дей келіп», оның екі жолын көрсетеді. Олар – жақындық пен тұқымдастық ассо­­циа­циясы. Жақындықтың өзін – көршілестік, замандастық деп екіге бөледі. Ал «Балаға берілетін кітап үлкен харіппен басылуы керек. Әсі­ресе жағрапия оқығанда балаға көр­шілестік ассоциациясы көп көмек көрсетеді. Картадан бала бір жерді атаса, соның жанындағы екінші жер алдына елестей қалады» деп жазады. Мағжан Жұмабаев сол кез үшін де, бүгін де құнын жоймаған оқытудың принциптеріне ерекше көңіл бөледі. Белгілі бір тақырыпты түсіндіргенде өткен тақырыппен байланысты салыс­тырмалы оқытудың берері мол екенін дәлелдейді.

Мәселен, «Бір нәрсені балаға ашық ұқ­тыр­мақшы болсаң, сол нәрсенің қарама-қарсысын алып кел. Ал балаға жер ортасының ыстықтығын түсіндірмекші болсаң, солтүс­тіктің суығымен салыстыр»  – дейді. Қазіргі кезде де қоршаған ортамен, өмірмен, әртүрлі оқиғалармен байланыстыра оқыту – басты орында. Дегенмен бүгінде мұғалімдер бұл заңдылықты дұрыс орындай бермейді. Себебі мұғалімдер ең бірінші кінәні балаға артады. «Бүгінгі балалар әлеуметтік желіге байланып, милары уланған. Сондықтан сабақ оқымайды» деп шағымданады. Алайда ұстаздың басты шеберлігі оқымайтын баланы оқытып, тың­дамайтын «тәртіпсіз» баланы тыңдата білу ғой.  Оқушының өзіне еркіндік беріп, белгілі бір сұраққа жауапты оның өзіне ойландырып, не нәрсеге де көзін жеткізу, міне, оқытудың бүгінгі үлкен тәсілі осы болуға тиісті. Бәріміз де оқушы болдық. Пәнді оқытуда жаңалық болмаса, оқушы үшін қызықсыз болады. Оған оқулықтағы білім аз. Оған қосымша өзі біл­мейтінін білуге қызығатын білім керек. Әйт­песе ақпараттар ғасырында баланы қызықтыру қиын.

Педагог-ғалымның оқулықта ерекше си­пат­таған бөлімі қиял туралы. Қиялдың адам­ның ақыл-ойының, өмірдің алға басуы  үшін маңызы зор екені белгілі. Автор қиялдың пайда болу жолдарына, оның бала өміріне қажет­тілігіне, бала фантазиясын  тәрбиелеу, оқушы өміріндегі ертегілердің, ойынның, ойын­шықтың маңызын жеке-жеке ашып жазады. «Баланың қиялын, фантазиясын тәр­бие қылу жолдары» деген бөлімінде ұлттық тәрбиеге, ұлттық педагогикаға аса құрмет­пен қарайды. Мұнда қазақ баласының қиялына қанат бітіретін ұлттық тәрбие екенін пайымдайды.

– Қазақ қиялы тәрбие көрген жоқ, әлі таза, әлі бала, әлі  жылдар, күндер өткен соң қазақ  қиялы тәрбие алып, тереңдеп, адамзат дүниесінің көгінде бір жарық жұлдыз болар деген иманымыз кәміл, – дейді М.Жұмабаев. Бүгінде жазушының бұл жазбасы толық орындалмаған сияқты. Жасыратын несі бар, біздің әлі күнге ой-қиялымыз төмен. Себебі біз қанша жыл басқаның ойымен ойландық, соның тілімен сөйледік.

«Педагогикада» баланың өмірі үшін ерте­гінің маңызы зор екендігі айтылады. «Бала ертегіні жан тәнімен тыңдайды. Ертегіге шын көңілмен сенеді. Бала құрғақ ақылды ұқпайды, жандандарып, суреттеп алып келсең ұғады. Мысалы, балаға өтірік айтпа деген құрғақ сөзің желге айтқанмен бірдей. Егер, сен балаға өтірікші туралы ертегі айтсаң, сол ертегіде өтірікшінің өтірігі үшін қор  болғанын, зиян көргенін сезінсе, міне, бала өтірік айтпау керек  екендігін сонда ұғады», – дейді жазушы.

Баланың озат болуы үшін оның тәрбиесі толық, ойлау қабілеті жетік болғаны маңызды. Мағжан Жұмабаев оқулықта ойдың пайда болуын зерттеп, түрлі мысалдармен келтіреді. Ойды үш түрлі жолмен қарастырады.  Атап айтсақ, дедукция, индукция, аналогия. Міне, осы үш түрлі жолды әрі қарай дамыта отырып, баланың саналы азамат болуы үшін осы ұғымның қажеттілігін дәлелдейді. Сондай-ақ тіл туралы ерекше тоқтап, үлкен сезіммен жазады.

– Тілсіз ұлт, тілінен айырылған ұлт дү­ниеде ұлт болып жасай алмақ емес, ондай ұлт құрылмақ. Ұлтының ұлт болуы үшін бірінші шарт – тілі болуы. Ұлттың тілі кеми бастауы ұлттың құри бастағанын көрсетеді. Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмасқа тиісті… қазақ тілінде қазақтың дархан даласы, біресе желсіз түнде тынық, біресе құйындай екпінді тарихы, сары далада үдере көшкен тұрмысы асықпайтын, саспайтын сабырлы мінезі бәрі көрініп тұр. Күндерде бір күн түрік балаларының тілі біріксе, ол біріккен тілдің негізі қазақ тілі болса, сөз жоқ, түрік тілінің келешек тарихында қазақ ұлты қадірлі орын алмақшы. Келешектің осылай болуына иманымыз берік» – деп жазды.

Сонымен қатар автор бала тіліне аса ұқыптылықпен қарауды тапсырды. «Кейбір адамдардың баланы өз тілінше сөйлеп, балаға тез ұқтырам деп, яки баланы еркелетіп, әдейі тілдерін бұзып балаша шолжаңдап, сақау болып сөйлейтіндері бар. Бұл – зор қате. Баланың тілін шын дұрыс жолға салатын, дұрыстайтын, байытатын – мектеп, – дейді педагог-ғалым.

Мағжан Жұмабаевтың адам жанын түсі­нетін мықты психолог екенін осы еңбегінен аңғаруға болады. Мұнда «ішкі сезім мен көңіл көріністерін» тереңінен зерттеп жазады. Оның ішінде баланың  көңіл-күйіне егжей-тегжейлі тоқтап, оның ішкі сезімінің дұрыс дамуы үшін үлкен тәрбиенің керек екенін айтады. Мәселен, ата-ана қатал болса, бала да қатал, ата-ана жұмсақ болса, бала да жұмсақ. Сондықтан баланың қасындағы адамдар дұрыс мінезді болу қажет.

 – Баланы қорқыту, оны жазалау дұрыс емес. Бір нәрсені бала жазадан қорыққаннан ғана істейді, бала өтірік айтуға, алдауға үйренеді, – деген жазушының пікірін өркениетті елдердің бала тәрбиесіндегі озық ойларымен сабақтас екенін көреміз. Расында, әлі күнге дейін ата-аналар, мұғалімдер балаға зекіп сөйлейді. Жасыратын несі бар, баланың намысына тиетін, өсіретін емес, өшіретін сөздер айтудан толықтай арылған жоқпыз. Бұл мәселені педагог-ғалым өз заманында көтергенімен, өкінішке орай күні бүгінге дейін орындалмай келе жатыр. «Бала нашар істі өзі істемеуіне, нашар мінезден өзі қашуына тырыссын. Ешкім айтпай, қорқытпай, баланың өзі жамандықтан, нашар мінезден жиренетін болсын. Балаға махаббат, жылылық сезім, жұмсақ іс арқылы ғана болуға мүмкін», – дейді педагог.

«Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері саналып келе жатқан тақ-тақ жол болғандықтан әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс…»  – деп педагог Мағжан Жұмабаев қалың жұртты ұлттық тәрбиені жоғалтып алмауға міндеттейді. Оның тәрбиеге көңіл бөлуі қазақ халқын надандықтан ада ету еді. Сол үшін де алғашқы педагогика саласындағы қазақтың оқулығы осы Мағжанның «Педагогика» кітабы болды. Ғалым қазақ халқының ұлттық болмысы мен сана-сезімге жақын этнопедагогика, психология  ұстанымын негізге ала отырып жазған. Бұрынғы заманда ұлттық тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбиеде нені ескеру керек. Бұл сауалдарға  «Педагогика» кітабы жөн көрсетеді.

P.S. Мағжан Жұмабаевтың бұл кеңестері қазіргі тәрбие беруде де өз маңызын жойған жоқ. Себебі Мағжан ақын айтқан дене, жан, ақыл, сұлулық пен қайрат, мінез-құлық тәрбиесiне көңіл бөлсек, нағыз адамды тәрбиелейтініміз анық. Ендеше, «балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиенi дұрыс орындасын» деген Мағжанның сөзін есте ұстаған абзал.

Ақмарал ОЛЖАБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: