Жұма, 17 мамыр, 21:55

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№38-2048
14.05.2024
PDF мұрағаты

  85000 vs 300000 немесе ең төменгі жалақы қанша болу керек?

15.09.2023

1378 0

Мемлекет басшысы

Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауда жаңа жылдан бастап ең төменгі жалақыны

85 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Ізінше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қанша адамның табысы артатынын да мәлім етті. Алайда қымбатшылық белең алған қоғамда бұл қаржы күн көруге жете ме? Мәселеге шынайы көзқараспен қарайық…

Президент пәрмен берді министрлік орындауға кірісті

– Біз бұған дейін уәде бергеніміздей, Үкімет ең төменгі жалақы мөлшерін біртіндеп өсіре береді. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеруді тапсырамын. Осылайша, біз еңбекақының ең төменгі мөл­шерін үш жыл ішінде екі есе көбейттік. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септі­гін тигізеді. Жалпы еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкі­мет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жос­парды бекітуі керек, – деді Мемлекет басшысы биылғы Жолдауда.

Президент тапсырмасы арқылы ең төменгі жалақының өсуі 1,8 млн-ға жуық қазақстандыққа әсер ететінін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі де мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 70 мың теңгеден 85 мың теңгеге дейін артады. Нәтижесінде барлық әртүрлі саладағы меншік нысандарындағы кәсіп­орындарда жұмыс істейтін 1,8 млн-ға жуық жалда­малы жұмыскердің, оның ішінде 350 мыңға жуық бюджет­тік қызметкердің ақшалай табысы ұлғаяды. Ең төменгі жалақы – қатардағы, біліктілігі жоқ жұмысшыға ақшалай төлемдерді анықтауға арналған ең төменгі еңбек стандарты. Бұл ретте жұмыскердің жалақысы оның біліктілігіне, орын­далатын жұмыстың күрделілігіне, саны мен сапасына қарай қалыптастырылады», – делінген Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.

Тағы бір айта кетерлігі, Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 2022 жылдан бастап жыл сайын өсуде. 2024 жыл­дың 1 қаңтарынан бастап 85 мың теңгеге дейінгі кезекті өсімді ескеретін болсақ, үш жыл ішінде 2 есе ұлғайтылмақ. Қаржы министрлігі қанша қаржы бөлінетінін де айтты.

3.5 трлн теңге жете ме?

Халықтың табысын арттыру үшін 3.5 трлн теңге бөлін­бекші. Бұл қаржы мемлекет көздеген мақсатқа жете ме? Қаржы министрлігіндегілер не дейді?

Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы Мәжіліс­те «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырыпты. Вице-министр «Ха­лықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін  келесі жылға 3.5 трлн теңге қарастырылғанын атап өтті.

Абзал Бейсенбекұлының депутаттардың алдында айтқан сөзіне қысқаша тоқталсақ… Қаржы вице-министрінің айтуынша, 1.5 миллионнан астам жұмыскердің жалақысын көтеру үшін 2.5 трлн теңге бюджеттен бөлу қарастырылған. Бұдан бөлек өңірлік жұмыспен қамту карталары аясында 724 млрд теңге бөлінсе, «Ауыл аманаты» жобасы аясында 100 млрд теңге бөлінеді дейді ол. Мемлекеттік және әлеуметтік қолдау бойынша жүйелі шараларды іске асыруға 378 млрд теңге көзделген.

Лауазымы бойынша еліміздегі екінші қаржыгер 2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 5.3 трлн теңгені құрайтынын атап өтті. Оның ішінде базалық зейнетақы мен жәрдемақы инфляция деңгейіне, ынтымақты зейнетақы инфляциядан 2%-ке индекстеледі.

– Балалары бар отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1.5 жасқа дейін ұлғайтылды. 2023 жылдан бастап 93 мыңға жуық көпбалалы ананың жәрдемақысы көбейтілді. Осы мақсатқа 2024 жылы 93.3 млрд теңге көзделген, – деді Абзал Бейсенбекұлы.

Вице-министр 2028 жылға дейін әйелдердің зей­неткерлік жасы 61 жас деңгейінде қалғанын да мәлім етті. Бұл 150 мыңнан астам адамға қатысты көрінеді. Ол үшін есепті кезеңде 473 млрд теңгеге жуық қаражат керек болады.

Зайытов айтқан 300 мың теңге…

Мәжіліс депутаттарының ішіндегі өткір тілдісінің бірі – Ринат Зайытов. Халық қалаулысы 85 мың теңгенің ештеңеге жетпейтінін айтып, ең төменгі жалақының 300 мың теңге болуы керектігін мәлім етті.

Әлеуметтік желілерде жүрген бейнематериалда Зайытовтың қымбатшылық қысып тұрған нарықта бұл жалақыға қарызға батпай өмір сүру мүмкін емесін айтқаны белгілі. Ол тіпті бір отбасының айлық шығынын есептеп, қанша қаржы кететінін де жеткізді.

– Мен өткен жолы бұл сұрақты Светлана Жақыпова ханымның өзіне де қойғанмын. Сол кезде ол «Мен сіздің айтқаныңызбен, 85 мың теңге жетпейді дегеніңізбен келіспеймін» деген еді. Сол үшін әдейі есептеп, арнайы дайындалып келдім, – деді мәжілісмен.

Халық қалаулысы есептеп шыққан бір отбасының шығыны туралы ақпарды біз де мақаламызға сөзбе-сөз қосқанды жөн санадық.  

– Сіздердің министрлік ең төменгі айлық 85 мың теңге деді. Сосын қызармай бір министр ол күн көруге жетеді деді. Енді мен сіздерге арифметика көрсетейін. Мысалы, 5 адамнан тұратын отбасы. Әкесі театр қызметкері, инженер. Алатын айлығы 115 мың теңге. Шешесі кітапханашы. Сіздердің жетеді деп отырған 85 мың теңгелеріңізді алады. Бірінші балалары студент. Құдайға шүкір, грантта оқиды. Бұл біздің мемлекеттің беріп отырған игілігі. Екінші баласы мектепте 6 сынып оқушысы, үшінші баласы мемлекеттік балабақшада. Жалпы отбасының табысы айына 200 мың теңге.  Енді бір ай көлемінде қажет болатын шығынға азық-түлік, коммуналдық төлемдер, кредит, балабақша және тағы басқаларын нақты келтіріп берейін. Азық-түлікке нан 180 теңгеден 1 айға жоқ дегенде 5 адам 60 бөлке нан жеді делік. Күніне екі-ақ бөлкеден жегенде 10800 теңге, сүт 810 теңгеден 10 литр дейік, ең кемінде 8100 теңге, шай 500 теңгеден 1 қорабы, 5 қорап алды дейік, ұныңыз 2,5 келі 1800 теңге, макарон 325 теңгеден 12 келіңіз 3900 теңге, жұмыртқа 60 теңгеден, 20 жұмыртқа 1200 теңге, гречка 1 келісі 280 теңге, 1 айда 3 келі гречка жегенде 840 теңге, ұн 3700 теңге 10 келісі, май 1литрінің бағасы 4000 теңге болғанда, бұл күнбағыс майы, сары май жоқ мұның ішінде, 8000 теңгеге 2 литр майға тамақ істеді дейік, картоп 130 теңгеден 10 келі 1300 теңге, пияз 120 теңгеден 5 келі 600 теңге, тұз 60 теңге, тауық еті 1150 теңгеден 1 келісі, 5 келі ғана жеді дегенде 5750 теңге, күріш 565 теңгеден 5 келі 2825 теңге, коммуналдық төлемдері 2 бөлмелі үйдің қазіргі таңда жоқ дегенде 27 мың теңгеге барып тұр, ұялы байланыс интернет тарифі – бұл қажетті нәрсе, өйткені мұны жұмыста да, оқуда да талап етеді. 7000 теңгеден 4 адамға 28 мың теңге, жол жүру шығындары – «Оңай» пластик карталарын алу 7200 теңгеден 3 адамға 21600 теңге, тазалық құралдары: сабын 300 теңгеден 5-ін алды дегеннің өзінде 1500 теңге, тіс жуатын паста 470 теңгеден 2-ақ паста алды деп есептедік 940 теңге, кір жуатын ұнтақ – 4 келі 3400 теңге, 2 келілік пачкадан 2 пачка. Кредиттік төлемдері – бұл мемлекеттік бағдарламамен алған 2 бөлмелік үйдің кредитіне айына 80500 теңге төлейді және оған қосымша баласы сабақ оқуы үшін тұтынушылық кредитпен 25 мың айына төлеп отыр бір компьютер алған, балабақшаға 16500 теңге төлеп отыр. Азық-түлік себеті – 55615 теңге, кредиттік төлемдер – 80500+25000 теңге 105 мың 500, жол жүру шығындары – 21600, коммуналдық төлемдерге  – 27000, ұялы байланыс интернет тарифі – 28000 теңге,  балабақша – 16500 теңге.

Жалпы шығын сомасы қанша шықты? 254 мың 215 теңге. 54 мың 215 теңгені қайдан алады? Бірінші сұрағым. Енді қараңыз, біздің есепке алмаған шығындарымыз – дәрі-дәрмек, дәрумендер, киім, канцеляриялық құралдар, ойыншық, демалыс ойын-сауық, үй жиһазы, техника, азық-түліктен – сиыр еті, қой еті, жылқы еті дегенді мүлдем жемейді. Жеміс-жидек дегенді мүлдем жемейді, сары май дегенді мүлдем жемейді, балық дегенді мүлдем жемейді, кәмпит тағы басқасын мүлдем жемейді. Өзге шаруашылық тауарлардан шампунь, сусабынды мүлдем қолданбайды, крем тағы басқасын мүлдем қолданбайды делік.

Енді сіздердің министрліктеріңізге үлкен сұрақ. Мұны мен ашық хат қылып министрлеріңізге де әлеуметтік  желіде жариялаймын. Қалай есептедіңіздер және осы отбасы қалай күн көреді? – деді депутат.

Зайытов шай мен майдың бағасынан қателесті-ау, бірі тым арзан, екіншісі тым қымбат. Мүмкін Астанадағы құны сондай болар… Қалай десек те депутат дұрыс мәселе көтеріп отыр. Бұдан бөлек қазақтың ас-құдайысы мен той-томалағы да барын ұмытып кетпейік. Түптеп келгенде бір қазақ отбасының шығыны айына 1 млн теңгенің ол жақ-бұл жағы болады десек, қателесе қоймаспыз.

Журналистер де 300 мың теңге алғысы келеді

Несін жасырамыз, бұқараның базынасын айт­қанымызбен, біздің де ахуалымыз мәз емес. Кейде әлеуе­тімізді арттыруға тырысып жатқан ешкім жоқ па деп те қорқамын. Оның үстіне газетке жазылу жағы қиын­дап барады. «Газетке жазылып не істейміз?», «әлі газетті айтып жүрсіңдер ме?» дейтіндер жетіп артылады. Шындап келгенде, тілшілер қауымы басқа саланың талай күйін күйттеді. Бір кісідей мәселесін де көтерді. Мұғалімдер мен дәрігерлердің айлығы аз екенін журналистер қауымы билікке жеткізу үшін мыңдаған мақала жазып, сюжеттер мен арнайы материалдар дайындады. Жеме-жемге келгенде олардың айлығы өсті де журналистер қауымы сол баяғы «арқалағаны алтын жегені жантақ» болып қала берді. Бұлай айтуға толық негіз бар. Қазір қалалық газеттің тілшісі айына 110 мың теңге айлық алады. Жазған мақаласына қарай 15-20 мың теңге көлемінде алатын қаламақасы тағы бар. 20 мың алды дегеннің өзінде айына 130 мың теңге шығады. Ал бұл қаржыға не келеді? Сонда ол не ішіп, не киеді? Қалай күн көреді? Мұндай айлықпен күн көріп отырған жан несиеден несие алып, қарызға батпағанда қайтсін?..

Осы мәселеге байланысты газет тілшісі Гауһар Қожахметовамен пікірлескен едім.

– Менің қолыма алатын жалақым – 110 мың теңге. Ал қаламақы кейде 12, кейде 14, 20 мың болып өзгеріп тұрады.  Қымбатшылық екі бүйірден қысқанда қиналып кетесің. Қазір тек ақшамызды азық-түлікке, коммуналдық шығынға жұмсаймыз. Баға күннен-күнге көтеріліп жатыр. Арасында науқастанып қалсақ, дәрі-дәрмек те қымбат. Күнделікті тұтынатын иіс сабын, шампуньнің бағасы бірнеше есе өскен. Жалақымызды аламыз да жартысын қарызға береміз. Қалғанын жолпұлға әрең алып қаламыз. Түскі асты асханадан қарызға алып жүрміз. Жалақы алғанда оны төлейміз де келесі айлыққа дейін тағы асхананы жағалаймыз. Түскі үзілісте үйге барсақ жолаушылар көлігі де қымбаттап кеткен.  Менің күйеуім 2-ші топ мүгедегі. Дәрігерлер диета ұста деген.  Қант диабеті ауруы бар. Оған рұқсат еткен жемістер курага да, алма да базарда ұшып тұр. Айлық, зейнетақы азғана көбейсе, айқайлатып мұғалімнің немесе дәрігердің айлығы өсіп жатыр деп айтылады. Ізінше дүкендегі, базардағы баға бірнеше есе өседі. Оларды ешкімнің тексеруге құқы жоқ. Себебі кәсіпкерді тексеруге моратории жарияланған. Сонда мардымсыз жалақыға байланған қарапайым халық қалай өмір сүреді?  Жалғыз мен ғана емес, төңірегімдегі араласатын қарапайым адамдардан да осы қымбатшылықтың қысып жатқанын естимін. Енді тәрбиешілердің, кітапханашылардың айлығын көбейтеміз деп жатыр. Ал олардың қазіргі жалақысы бізден жоғары. Біз газетке мақала жазу үшін күніне бернеше адаммен тілдесуге, кездесуге, басқа да жиналыстар мен шараларға баруға тура келеді. Ондай жерлерге жолаушылар көлігімен барамыз. Бір күнде бірнеше жиналысқа баруымыз керек болады. Оған кейде қарызданып қаламыз.

Сонда деймін ау мемлекеттік саясаттың жұмы­сын насихаттап жүрген ақпарат құралдары қыз­меткерлерінің жалақысы қашан көтеріледі? – деді сұраулы жүзбен.

Бұл – бір ғана тілшінің жанайқайы. Қазір облыстық газеттің тілішісімен сөйлессең де осы ойды айтады. «Сыр бойы» газетінің тілшісі Айнұр Батталованың айлықтың аздығын айтып, облыс әкіміне хат жазайық дегені де бар. Тіпті бірнеше айға ақысыз демалыс алып, кәсіппен айналысатын Дәулет Қырдан есімді әріптесімді көпшілік жақсы таниды. Орақ тілімен танымал болып үлгерген журналист айлығы жетпеген соң амалдың жоғынан мал алып семіртіп, сойып сататынын жасырмады. Ал төрт түліктің бабын келістіру оңай шаруа емес. Алаңсыз айналысып жем-шөбін, суын уақытылы бермесең, қандай мал бақсаң да күйі келіспейді. Дәулет осы себептен ақысыз демалыс алуыма тура келеді дейді. Алған айлығы жетіп тұрса, артық тірлікпен айналысып қайтсін…

Мұндай мәселе басқа сала мамандарының басында да бар. Депутат Зайытов айтқан театр қызметкері мен кітапханашы сөзімізге дәлел. Өмірін қатерге тігетін өрт сөндірушілердің жалақысы да енді артып жатыр. Кейбір жеке кәсіпкерлердің де жарытып төлеп жатқаны шамалы. Мүмкіндігінше ең төменгі жалақыны беруге тырысады.

Мақаланы оқыған жан мәселені алдымен бас­шылықтарына айтпай ма деуі мүмкін. Басшылықтың айлықты көбейткісі келеді-ау, бірақ оған мүмкіндік аз. Оның бірнеше себебі бар. Газетке түсетін қаржының бір бөлігі мемлекеттік тапсырыстан келеді. Біздің аймақта мемлекеттік тапсырыстың құны тым төмен. Қолда бар деректерге сүйенер болсақ, өзге аймақтардың алды  1172 теңге төлесе,  ал біздің Қызылордада шаршы сантиметріне бар болғаны 150 теңге көлемімен есеп айырысады. Салыстырмалы түрде қарасақ, ең төмені біз екен. Қаржының тағы бір көзі газетке жазылудан түсетіні белгілі. Бұл қаржы да жыл өткен сайын төмендеп келеді. Оған газетке жазылушылардың азайғаны себеп болып тұр. Бірнеше жылдан бері газет бағасы да көтерілген жоқ. Ал оның қағазы мен бояуына кететін шығыны аз емес. Себеп – бағаның қымбаттауы. Оның үстіне әлеуметтік желі шыққалы газетке жарнама берушілер де азайды. Несін жасырамыз, табыс көзінің бірі осы еді. Мемлекеттік тапсырысқа төленетін қаржының да көлемі артпай отыр. Тағы бір дерек айта кетейін, интернет сайттар да мемлекеттік тапсырыс орындайды. Интернет ресурстарда әр символға қаржы төленеді. Бұл бойынша Қарағандыда 150,15 теңге төленсе, өзіміздің Қызылордада сайтқа шыққан ақпараттың, онда да мемлекеттік тапсырыс аясында әзірленген материалдың әр символына 3,25 теңге төленеді. Бұл дегенің журналист еңбегін бағаламау. Сонда Қызылордадағы журналистің Алматының, Астананың, Ақмоланың, Қарағандының тілшілерінен қай жері кем? Шығарған газет те, жазған мақала да басқалардыкінен кем емес. Мемлекеттік тапсырыс газет бойынша басқа аймақтардан 10 есе аз болса, сайт бойынша 40-50 есе төмен төленсе, еңбекті қанау демей не дейміз? Сонда газет қызметкерлерінің айлығы қалай өседі? Жоғары жақтағылар осы жағына назар аударса екен… Себебі тілшілер де 300 мың теңге айлық алғысы келеді. Журналистердің миссиясы – ағартушылық қызмет. Ұлтттық идеологияның негізгі діңгегінің бірі болып табылатын БАҚ өкілдерінің жалақысы мұғалімнен кем болмауға тиіс.Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – осы.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: