Бейсенбі, 25 сәуiр, 17:01

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Әкімшілік ғимараттар жөнделуде

22.01.2022

1202 0

«Қасіретті қаңтар» оқиғасы ел жадынан өше қоймасы анық. Дейтұрғанмен террорлық әрекеттерге тойтарыс бергелі тіршілікке қайта жан бітті. Соған орай төтенше жағдай режимі де тоқтатылды.

Яғни 19 қаңтардан бастап облыста енгізілген коменданттық сағат аяқталып, бекітілген барлық шаралар мен шектеулер алынды. Халықтың қауіпсіздігін сақтау мақсатында облыс көлемінде қойылған 28 блок-бекет жұмысын тоқтатты. Қалаға және елдімекендерге кіріп-шығу шаралары да жойылды.

Ішкі істер органдарының халықтың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз ету мақсатында атқарған шараларының нәтижесінде өңірде ахуал тұрақты. Ел басына күн туған тұста «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған» халыққа полиция де-партаментінің бастығы да алғыс айтты.

«Қолдау білдірген облыс тұрғындарына алғысымды айтқым келеді. Сындарлы сәттен, қиналған шақтан елдің ауызбіршілігі мен татулықтың арқасында аман-есен шықтық. Біз өңірдегі қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін қызмет етеміз. Қиын да жауапты сәтте кідірместен елімізді, халқымызды қорғау мақсатында қаруланған бұзақыларға тойтарыс берген полиция қызметкерлері мен сарбаздарға алғысым шексіз. Сіздерге және отбасыларыңызға ең бастысы амандық пен денсаулық тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын», – деді полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Сұлтан Бектөре.

Жалпы төтенше жағдай кезінде 962 адам полиция органдарына жеткізіліп, 253-не қатысты қылмыстық іс қозғалды. Сонымен қатар коменданттық сағат талаптарын бұзған 200-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Айта кетейік, бүгінде облысымызда террорлық акт кезінде залал келген 9 әкімшілік ғимаратты жөндеу жұмыстары басталып кетті. Жөндеу, қалпына келтіру жұмыстары облыс әкімдігінің ғимараты мен көлікжайы, қала әкімдігі, Nur Otan партиясының облыстық және қалалық филиалдары, облыстық полиция департаменті, қалалық полиция басқармасы, облыстық соттар әкімшісі және жергілікті полиция қызметінің ғимаратына жүргізілуде. Озбырлардың ойранынан келген шығын көлемі 6 млрд теңгеге жуық. Оның 1 миллиард 200 миллион теңгесі құрылыс-монтаж жұмыстары үшін қажет. Ұрланған, өртенген, сынған техникалық жабдықтар мен жиһаздар шығыны да қосылды. Бүлік кезінде іске жарамсыз болып қалған құралдар мен нысандардың барлығына акті жасалып, техникалық қадағалау жұмыстары аяқталды. Мердігерлер анықталды. Енді жобалық-сметалық құжаттары жасалып, сараптамадан өтетін болады.

– Әрбір нысан бойынша құрылысшы мамандар бекітілді. Жалпы 9 нысан бойынша 350-ге жуық құрылысшы маман бекітіліп отыр. Облыс әкімінің тапсырмасымен барлық нысандарды қайта қалпына келтіру жұмыстары 20 ақпанға дейін аяқталуы керек, – деді облыс әкімінің баспасөз хатшысы Абай Тағыберген.

А.БАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: