Дүйсенбі, 23 желтоқсан, 06:27

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№100 (2110)
21.12.2024
PDF мұрағаты

Мемлекеттік қызмет әдебі – қоғам айнасы

27.02.2024

589 0

Фото: Н.Нұржаубай

        Мемлекеттік қызметкердің әдебі – өте маңызды ұғым. Өйткені, мемлекеттік қызметкердің тәртібі мен өзін-өзі ұстауына, кәсіби біліктілігіне, халықпен қарым-қатынасына қарай халықтың тұтас мемлекетке деген көзқарасы қалыптасады.

Сондықтан, елімізде мемлекеттік қызмет атқаратын мамандардың, әдеп нормалары қалыптасқан. Мемлекеттік қызметкердің әдебі мен мінез-құлық мәселелеріне үлкен мән берілуі тегіннен тегін емес. Қоғамның айнасы саналатын мемлекеттік қызметкерлер өз әрекетімен басқаларға да үлгі бола білуі керек.
       Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Жақында ғана мемлекет басшысының  бюрократиядан арылу жөніндегі Жарлыққа қол қоюы «мемлекеттік қызметкердің басты міндеті – халыққа адал қызмет етуі» деген мәселені ашық айқындап берді. Мемлекеттік қызметкер әдебі – кәсіби этиканың бір түрі ретінде, мемлекеттік қызметтегі адамның қатынастарының белгілі бір түрін белгілейтін моральдық-адамгершілік нормалар жүйесі. Ол шенеуніктің адамгершілік мәніне қарай, оның мемлекетпен, мемлекеттік қызметкерлерімен, азаматтық қоғаммен қарым-қатынасының сипатына қойылатын моральдық талаптарды білдіретін принциптерді, ережелер мен нормаларды қамтиды. Мемлекеттік қызметкерлердің Әдеп кодексінің басты міндеттері:
       – Қызметкердің мінез-құлқының және өзге адамдармен қарым-қатынасының оңды болуын қамтамасыз ету;
         – Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу;
Қызметтік әдеп нормаларын бұзушылықтардың, оның ішінде мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтарды болдырмаудың алдын-алу;
       – Жұмыстан тыс кезде заң бұзушылықтарға жол бермеу.
       Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  бұйрығына  сәйкес, мемлекеттік қызметкерлерге арналған Әдеп кодексінің жаңа редакциясы қабылданды. Кодекстің құрылымы өзгертіліп, «Мемлекеттік қызметтің әдептік қағидаттары» туралы тарау енгізілді. Бұл кодекс мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік әдебін стандарттауға және кішіпейіл мінез-құлықтың алдын алуға бағытталған. Осыған сәйкес, мемлекеттік қызметкерлердің қызметтік әдебі туралы 6 қағида негізделген. Атап айтсақ, адал ниет, адалдық, әділдік, ашықтық, сыпайылық, бағдарлану тараулары бар. Жалпы жаңа әдеп кодексі қызметтік әдеп стандарттарын белгілеуге бағытталған және мемлекеттік қызметкерлердің бойында моральдық-адамгершілік қасиеттерді орнықтырудың негізі болып саналады. Уақыт сұранысына сай толықтырып отырған заңнамамыз еліміздегі мемлекеттік қызметкерлердің жүріс-тұрысына әрі қорған, әрі бағыт-бағдар болары сөзсіз. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметкерлер әріптестерімен қызметтік қарым-қатынасы кезінде: әріптестерінің ар-намысы мен абыройына кір келтіретін жеке және кәсіптік қасиеттерін талқылаудан аулақ болуға және басшылар  қарамағындағы қызметкерлермен қарым-қатынас кезінде: меритократия (жергілікті атқарушы) қағидаттарын сақтауды қамтамасыз етуге, кадр мәселелерін шешу кезінде  мекендес,туыстық және жеке басына берілген белгілері бойынша артықшылықтарды көрсетпеуге тиіс.
      Ойымды қорытындылай келе айтарым, мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексі олардың қызметінен тыс кезде де өзінің адалдығына, ар-ұятына, әдептілігіне қатысты жұрттың күмәнін тудырмау. Оның парасаттылық және адалдық сияқты тәртіптік әдеп стандарттарын сақтай отырып өз ұйымының беделін түсірмеуі қажет екендігін көрсететін әрекеттері, қылықтары және жүрісі мемлекеттік қызметші деген атаққа кір келтірмеуі, үлгілі мінез-құлқы ізеттілік пен адалдықтың маңызды көрінісі болып саналады. Мемлекеттік қызметкерлердің әдеп кодексінің талаптарын сақтап, оны мүлтіксіз орындау әрбір адамның қоғамдағы жауапкершілігі мен міндеті деп есептеймін.

Роза Хизатова

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты әкімшісінің басшысы

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: