Орталық Азия аймағында көлік-логистика саласындағы бәсеке күшейіп келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент палаталарының соңғы бірлескен отырысында теміржол, автокөлік және әуе логистикасын арттыруды, Астанаға жаңа әуежай салуды тездетуді тапсырды, – деп хабарлайды KAZINFORM
Президент еліміздің инфрақұрылымдық арқауының тағы бір мызғымас тірегі — көлік-логистика саласына баса назар аудару керегін айтты. Бұл сала стратегиялық маңызға ие.
— Біздің аймақтағы барлық елдер де осы бағытқа ден қойып жатыр, сондықтан, бәсеке күшеюде. Теміржол саласының жүк тасымалындағы рөлін ескере отырып, мемлекет жаңа магистральдар мен вокзалдар салуға және оларды жаңғыртуға баса мән беріп отыр, — деп атап өтті Президент.
Былтыр Достық — Мойынты бағытының екінші желісі және Алматы қаласын айналып өтетін теміржол іске қосылды. Ал биыл Мойынты — Қызылжар және Дарбаза — Мақтаарал, келесі жылы Бақты — Аягөз теміржолдарының құрылысы аяқталады.
— Еліміздегі автокөлік жолдарының сапасын жақсарту міндетін де орындауымыз керек. Былтыр 13 мың шақырым автокөлік жолын жөндеу жұмысы басталды. Оның 6 мың шақырымы қолданысқа берілді. Мұндай ауқымды жұмыс ел тарихында бірінші рет жасалды. Келесі жылы автокөліктерді өткізу бекеттерін жаңғырту ісі аяқталуы керек. Соңғы бес жылда ел аумағы арқылы автокөлікпен тасымалданатын жүк көлемі екі есе артып, 6 миллион тоннаға жетті. Былтыр автокөлікпен жүк тасымалдаушылардың табысы 1,5 триллион теңге болды. Бұл — теміржол саласындағы кіріспен шамалас көрсеткіш. Осының өзі отандық автокөлік тасымалы саласының әлеуеті зор екенін көрсетеді. Демек, мұндай кәсіпкерлерді барынша қолдау керек, — деді Қ. Тоқаев.
Авиация саласындағы табысымыз да көбеюде. Елімізде жаңа ұшу бағыттары ашылып жатыр. Толыққанды әуе хабтарын қалыптастыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп келеді.
— Әрине, осы тұрғыдан алғанда, Астана қаласында жаңа әуежай салу — кезек күттірмейтін міндет. Көп ұзамай оның құрылысы басталуы қажет. Әуе кеңістігі арқылы жүк тасымалдайтын арнайы компания құру өте орынды шешім болды деп санаймын. Бұл маңызды қадам халықаралық логистикадағы әлеуетімізді күшейтуге ықпал етері сөзсіз, — деді Мемлекет басшысы.
Бұған дейін Президент Құрылтай сайлауын өткізу туралы арнайы Жарлыққа қол қоятынын, оның құрамына үздіктер ғана кіруі керегін айтқан еді.
30 жылда Парламент 3,5 мыңға жуық заң қабылдаған.
Сондай-ақ, Электрондық Парламентті дамытуға басымдық беріледі.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!
