Бейсенбі, 29 ақпан, 14:30

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№17 (2027)
27.02.2024
PDF мұрағаты

Сайлаубай Жұбатырұлы, эколог жазушы: Балықшы ескегінен,  диқан кетпенінен,  жазушы қаламынан ажыраған күн жақсы күн емес

04.11.2023

636 0

Біздің жүрекжарды сұхбатымыздың бүгінгі қонағы  – жазушы, көсемсөзші, эколог, саяхатшы Сайлаубай Жұбатырұлы.  Бүгінгі жүздесуде жазушының  бірнеше өзекті мәселе туралы пікірін тыңдадық.  Өнер әлеміне қанатын қомдап талпыныс жасаған албырт шағына, рухани өсу мен өрлеу жылдарына шолу жасап, қаламынан туған классикалық көркем әдебиеттердің қалай жазылғанынан хабардар болдық. Соның ішінде шоқтығы биік  «Алыстағы аралдар» повесі мен «Абыржы» трилогия­сын жазудағы қаламгердің туған жерге, кіндік кескен мекеннің тағдырына, қасі­ретіне  деген көзқарасын,  азаматтық ұста­нымын байқадық. Тағдырын қарт Арал­мен байланыстырған қаламгер әлем экологиясына қасірет әкелетін табиғи апаттан  адамзатты құтқару жолында қырағылықпен күресіп, жалынды жастығының сәулелі сәттерін жанкештілікпен өткізгенін бағам­дадық.  Жанкештілік емей немене,  20 жа­сында ұлт трагедиясына қалам тербесе. Сұх­батымыздың өн бойында жазушының ой орамдары, күйзелістері,  табандылығы, қазақ  әдебиетінің публицистикалық жанрына  әкел­ген тың жаңалығы суреттеледі.

– «Бейнетсіз зейнет жоғы – аксиомалық ақиқат. Біздің бейнеттен тұщымды сөз, жүрек қозғар шындық күтіледі» депсіз бір сұхбатыңызда. Сол бейнеттің арқасында  сіздің көкірек көзіңізден тұшымды сөз, жүрек қозғар шындық туындылар  өмірге келіпті. Өмірдің жал толқындарына  қарсы жүзіп,  кемел жасқа жетпей-ақ сіздің қаламыңыздан ел тағдыры, жер тағдыры туралы  шығармалар туып, ол оқырман қауыммен қауышып, ел  таласып оқитын кітап жазуды ерте қолға алыпсыз.  Сол кездегі өмір шындығын  ашына жазуға не себеп болды?

– Бейнетсіз зейнет жоғы – аксиомалық ақиқат. Біздің бейнеттен тұщымды сөз, жүрек қозғар шындық күтіледі. Міне, осы мәселе – сұмдық ауыр міндет. «Теп-тегіс, жұмыр келсін айналасы…» тек өлеңнің ғана талабы емес. Мен «Әдебиет» атты ғажайып мекенге алғашқы қадамымды жаман бастамадым. 50 жыл бұрын «Жалын» баспасы бәйгесінің жүлдегері атандым. Сәл тыныстап бәйгенің тағы бір рет жүлдегері болдым. Небәрі 20 жаста едім. Сол меже менің шығармашылық тағдырыма ғана емес, бүкіл өмір жолыма жауапкершілік межесін сызып кеткендей болды. Төмен болмауға, қарадүрсін, таптаурын, жаттанды, құр жылтыраққа әуестеніп, құнарсыз сөйлемеуге тырыстым.

– «Алыстағы аралдар» повесі  әдеби ортада мойындалған шындық екенін сол кездегі жазушылар  жазған жазбалардан байқадық.  Сол шығарма қазақ әдебиетіне жаңа серпін әкеліп, тынысын  ашты  деген пікір айтылыпты. Сол пікірмен келісесіз бе?

– Өмір толқындарына қарсы келсек, саясатқа қарсы келгеніміз болып саналады. Сонымен айта бастадық, жаза бастадық. Алғашқы мақаланы 1967 жылы жаздым. Халық шындыққа шөліркейтіні рас. Халықтың ішінде бұғып жатқан арман-мақсатын біліп, жас болсақ та  халық іздеп жүріп оқитын жазушыға айнала бастадық. Алғашқы туындымды көсемсөзден бастадым. Ол кезде төл туындымды көсемсөз деп ұққаным жоқ.  «Білім және еңбек» журналы жазбамды жариялады. Патриот жігіт бар екен редактор Мархабаев деген. Қорқа соқса да басып шығарды. Содан бастап Арал тақырыбы басқаша айтқанда, өткір тақырып менің тағдырыма айнала бастады. «Алыстағы аралдар» повесім жарық көрді.  Бұл повестің де тағдыры қызық болды. Фариза апамыз өмірден өтер алдында «Сайлаубай, мен саған бір шындықты айтайын, ол сырды о дүниеге арқалап кетіп не қыламын? Сенің «Алыстағы аралдар» повесіңе бәріміз бірінші орын беріп едік, Сапарғали Бегалин деген жазушы менің «Құс жолы» атты кітабыма бірінші жүлдені бермесеңдер өкпелеймін» деп отырып алды деді. Бірақ көптеген жазушы өмірін қалай бастаса, солай жалғастыра береді екен. Фариза апамыз да, Шерхан ағамыз да «амал жоқ қарт жазушының көңілін қалдырмайық» деп осындай шешімге келген екен. Мен баламын ғой. Бәріне риза болдым. Сол жерде екінші орын алғанымның өзі жұлып алған жүлдедей болды. Төл туындым халықтың ыстық ықыласы мен құрметіне бөленді. 

Шерхан, Мұзафар ағалар секілді тұғырлы тұлғалар  сол бәйге қазақ әдебиетіне «Жыл келгендей жаңалық болды» деп айтып отыратын. Әр онжылдықтың әдебиетіміздегі «жыл келгендей» жаңалығы М.Әуезовтен қалған сөз ғой. Сол кезең (70-жылдарға дейін) әдебиетімізде Б.Соқпақбаев, С.Мұратбеков, Қ.Ысқақов, Д.Исабековтер – 60-шы жылдар түлектері делінсе, 70-ші жылдар легіндегі романтикалық, батыл ой мен қиял еркіндігін «Алыстағы аралдар» повесі ала келгені әдеби ортада мойындалды.  Осылайша өзімнен кейін келген жазушылардың көшбасшысына айналдым. Бұл жаңалықтан кейін іле-шала  М.Қабанбаев, Н.Ақышев, М.Рахманбердиев, Н.Мұратәлиев, С.Байхоновтай қаламгерлер  қатары тың жаңалықпен әдебиет әлеміне  есік ашты.

– «Қазақ әдебиеті» газетіне  «Сұрауы бар су еді…» атты мақалаңыз басылып шығып, газет редакторы Шерхан Мұртаза  ҚКП Орталық комитетінен   сөгіс алғаны  туралы естідік. Сіздің  сондай әдебиет майталмандарымен қызмет істегеніңіз де әдебиет майданында қадамыңызды нық басуға  жәрдемдескен болар?

– Ахмет Өмірзақов деген блогер жігіт менен сұхбат алып, Түркістан газетінде шындықтың бетін ашты. Көзі қарақты сыншы әдеби процесті зерттеп жүрген жігіттер көп жайды айтып жүр. «Алыстағы аралдар» қазақ әдебиетіне жаңа бастама болды деген пікір қалыптасты. «Сұрауы бар су еді…» деген шағын мақалаға мән беріп, оны қазақ журналистикасындағы бірінші мәселе көтерген сыни өткір мақала деп бағалады. Олай деп айтуында да мән бар. Сол кезге дейінгі қазақ журналистикасындағы суреттеу, репортаж, очерк дегендердің бәрі бір сарында жазылды. Біздің журналистикамыз, публицистикамыз бірізді, бір сыдырғы, қара шекпен күйде қалғаны рас. Біз сол мақаламен ащы шындықты айтып, сыни мақала жазудың шымылдығын ашып бердік.   «Қазақ әдебиеті» газеті «Сұрауы бар су еді…» атты мақаламды басып жіберді. Шап-шағын ғана дүние. 1984 жылы жарық көрді. Бұл мақала тарихтың бастауында тұрды. Бірақ ҚСР Ауыл шаруашылығы министрі соған жауап жазып, әлек-шәлегі  шықты. Сол кездегі мүйізі қарағайдай қаламгер,  редактор  Шерхан Мұртаза сол мақала үшін ҚКП ОК-нен сөгіс алды деп естідім. Сонда да ер ағамыз «Мақала жазсаңдар, Жұбатыровтай жазыңдар! Аптасына бір рет шығатын газеттің сөгіс алып отыруы дұрыс. Бізді халық қолдаса болды» деп мені мойындағаны ол кісінің ұлылығы деп білемін. Міне, осы дүние қазақ журналистикасындағы проблемалық мақаланың алғашқы қарлығашы болды.  Кейін  «қара сөздің Қабанбайы» атанған М.Қабанбаев інім бұл бастауды да іле-шала дүркіретіп  әкетті.  Менен бір-екі саты төмен жүрді. Сол кезде қазақ журналистикасында жаңа дәуір басталғандай керемет  үрдіс қалыптасты. Қазақ журналистикасындағы сарапшы өткір сөз бастауы 1984 жылы солай өмірге келді.

– «Абыржы» трилогиясы туралы айта кетсеңіз…

– «Абыржы» роман-трилогиясы қомақты дүние болып шықты. Трилогия деген үш кітаптан тұрады. Мың беттен асып кетті. Бұл –Аралдың қасіреті.  Бұл – қоғамның абыржысы. Бейнелі дүние. «Абыржыда әбіржіме» дейді халық. Қиындықта азамат бол, жол тап дейді. Роман өтпелі кезеңнің сипаты. Шығарма  екі дәуір, екі мыңжылдықтар, екі ғасыр  табалдырығындағы үлкен дүние  болды. Қоғамның былық-шылығын айтуға тырыстық. Сонау «шығармашылық деңгейді» бір сәт естен шығармаған намысты жұмыс, көп жылдық еңбек пен ізденіс  нәтижесін берді. Ел пікірін арлы адам ақшаға сатып, не алақан жайып сұрап алмайды.  Бір қуанарлығы, сыншылар бұл кітап жайлы өте бастамашылығы зор үлкен, тың дүние деп пікір айтып жүр. Бұл туралы алда айтылар сөз көп сияқты. Қазақ телевизиясының «Абай тв» арнасында «Үркер» бағдарламасы осы роман туралы үлкен хабар ұйымдастырды.

– Эколог жазушы ретінде, сол жердің төл перзенті ретінде Арал теңізі туралы көп бастама көтергеніңіз елге мәлім.  Қазіргі су тапшылығы орын алып, тіпті бұл дүниежүзілік қатерге айналу қаупі туып тұрғаны айтылуда. Осы мәселе тұрғысында не айтар едіңіз?

– Осы кезге дейін шырылдап ел, жер мәселе­сі айтылып келді. Арал, Сырдария деп жүргенде бүкіл әлем дабыл қаға бастады. Күннің ысуы, құрғақшылық деген дүние жүзінде ағыл-тегіл муссондық желдер апатты түрде белгі бере бастады. Бұл тұрғыда да біз алғашқы дабыл қағушылар қатарында сияқтымыз. Бірақ бұл мақтанатын дүние емес. Әлемнің шымбайына батып, назар аударуда. Эко­логияның бұзылуы, мұхиттардың ластануы әлемдік проблемаға айналды. Бұл жерде мен әлемнің қасіретін «сол керек өздеріңе» деп табалап айтып жатқан жоқпын. Бір нәрсе қызық, осындай глобалды, әлемдік проблеманың ішінде Аралдың рөлі қандай? Ол деген әп-әйдік жер ғой. 65 мың шаршы шақырым аймақ.  Аралдың жеріне Белгия, Голландия, Люксембургтің бір бөлігі сыйып кетеді. Біз зауыттың шағын құбырларын айтып байбалам салып жатырмыз. Арал дегеніміз мың емес миллиондаған, мил­лиардтаған құбырдың эффектісін беріп жатыр ғой. Менің ойымша Аралға аса мән берілмейтін сияқты. Бәленің бәрі кішкентай тұтатқыштан басталады. Арал тұтатқыш болды деп ойлаймын. Арал ғарыштың проблемасы сияқты сезініп, жердің проблемасына ғана мән беріп жатамыз. Ресей басшылығына да хат жаздым. «Айналайындар-ау, ағыл-тегіл суларыңды беріңдер бермен қарай. Тұранды суландырайық. Тұранға су келсе, Еуразияның табиғаты жұмсара бастауы мүмкін. Сырдария, Әмудария, Арал күллі әлем табиғатына әсер етіп жатыр. Қазір сіздердің Тайгаларыңызда өрт. Жыл сайын болған өрт сіздердің пәленбай гектар жерлеріңізді құртып, жалмап жатыр. Жауын жаумайды, құрғақшылық. Сырдария, Арал сол құрғақшылықты болдырмай, нәр­лендіріп отыратынын айттым. Табиғи тепе-теңдік бұзылған соң табиғат та өзгереді. Қапталдарыңызда Арал проблемасы тұрғанда сендердің Байкалды, Тайганы құтқарам деген­деріңіз бос сөз» деген пікірімді айттым.

Қазақ «Кең болсаң, кем болмайсың» деп айтады ғой кеңдігіміздің кемдігі жоқ. Соңғы кезде жетілгеннің түрі осы екен деп теңдігімізден де айырылып бара жатқандаймыз. Мүмкін, ол менталитет дегеннен шығып жатыр. Мүмкін,  ол керек те шығар. Жалпақшешей болып, талайға жем болдық қой. Аралымыз мынау, Семейіміз анау, тіпті кешегі соғыста қаншама қазақ  қырылып кетті.  Өзбек те, грузин де олай өлген жоқ. Батыр да бізден көп шықты.  Бұл жерде философтардың, психологтардың пікірі керек шығар. Шығыстағы жапонға таң қаламын. Өзінің төл тілін, ғұрпын сақтай отырып, ғылымды игеріп, әлемдегі ең өркениетті елге айналып отыр. Өзінің бұрынғы шай ішу, самурайлық дәстүрін сақтай отырып, озық  технологиямен әлемді мойындатып отыр. Жастарға қазір технократ болу керек деген мәселені айтып жүрміз. Көзі ашық, озық технологияны меңгерген азаматтарымыз көбею  керек. Абай айтқандай,  әр заманның өзінің міндеті бар.

– Анау қырда татар тұр.

Басқалармен қатар тұр.

Мынау ойда қазақ тұр,

Қастарында азап тұр.

Ұйқысы көп, ояу аз.

 Бұл не деген ғажап тұр.

Бұл ұйқысын ашпаса,

 Надандықтан қашпаса,

Басқаларға мазақ тұр, – деп Сұлтанмахмұт Торайғыров тағылымды жыр шумақтарын бағзы заманда айтып кеткен. Сондықтан бейқам болып, қалғып кетуге болмайды.

– Қаламынан ажырамаған жазушысыз. Қазір қандай тақырыпқа қалам тартып жүрсіз?

– Балықшы ескегінен, диқан  кетпенінен, жазушы қаламынан ажыраған күн – жақсы күн емес. Қолдан қаламды түсіріп алмасам деген тілек бар.

«Топан су жүзін жуған ұлы дала» деген кітап жарыққа шықты.  Оқылатын сияқты. Эссе жанрында жаздым. Өзімнің құмарымнан шыққан дүние болды.  Онда көркем сөзге сыймаған дүниелер жазылды. Ғалымдардың пікірі жаман емес. Кітап соны сөз, бірегей табиғатымен оқыр­ман ықыласына бөленеді деген сенім бар. ҚР ҰҒА академигі, тарих ғылымдарының докторы Берекет Кәрібаев кітапқа алғысөз жазды.

– Елге деген жүрекжарды лебізіңіз…

– Біздің көкейімізді көркем сөзге салып, мақалаға жазып жүргеніміздің бәрі  халыққа, елге, жерге жақсы болсын деген ниеттен туған. Аманшылық берсін, Алла. Тыныштық берсін!

Сұхбатты жүргізген

 Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: