Сенбі, 27 сәуiр, 12:12

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№33 – 2043
27.04.2024
PDF мұрағаты

Бастауыш сынып оқушыларына тегін ыстық тамақ беріледі

10.01.2023

1933 0

Апта жағымды жаңалықпен басталды. Осы тоқсаннан бастап аймақтағы барлық бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақ беріледі. Бұл жаңалық ата-аналарды да, балаларды да қуантты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2029 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы аясында 1-4 сынып оқушыларын 100 пайыз мектеп тамағымен қамту жоспарланғаны жөнінде айтылған еді. Президенттің бұл бастамасы өз кезегінде балалардың денсаулығына, жақсы дамуына, оқу үлгерімін және әл-ауқатын жақ­сартуына оң әсер  ететіні сөзсіз.

Осы уақытқа дейін еліміздің 7 облы­сында 1-4 сынып оқу­шыларына ыстық тамақ берілетін. Жаңа жыл­дың жаңа оқу аптасынан бастап бұл жоба өзге де өңірлерде жүзеге асты.

Облыстық білім басқармасының бер­ген мәліметіне сүйенсек, аймақта жекелеген санаттағы балаларды тегін тамақтандыру бойынша 2022 жылы 33 061 бала қамтылған. Облыстық бюджеттен жалпыға міндетті оқу қорынан тегін ыстық тамақпен қамтуға 2,5 млрд теңге бөлінген.

Бүгінгі таңда облыс бойынша 1-4 сынып аралығында 70863  бала білім алады. Оның ішінде қолдауды қажет ететін отбасыдан 14962 бала тегін ыстық тамақпен қамтылып келсе, 2023 жылдың 9 қаңтарынан бастап 1-4 сыныпта білім алатын қалған 55901 оқушыда тегін ыстық тамақпен қамтылуда. Бұл мақсатта бөлінген қаржы 5,1 млрд теңгені құрайды. 

Білім беру ұйымдарында ас мәзірі нормалары «Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтарға әлеуметтік көмектің мөлшерін, көздерін, түрлерін және оны беру қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 12 наурыздағы №320 Қаулысын басшылыққа алып жасақталады.

Тағам рационы Қазақ тағамтану акаде­миясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығы ұсынған «Мектеп оқушыларының тағам рационы бойынша бірыңғай стан­дарт­­тар» әдістемелік ұсынымдарына сәй­кес перспективалық маусымдық төрт  апта­лық мәзір жасалып, салауатты тағам­­дар дайындалып берілуде. Мәзірді әзірлеу ке­зінде білім алушылар мен тәрбиелену­ші­лердің мектептегі уақыты, жас ерекшелігі ескеріліп, витаминдік-минералдық кешен­мен байытылған тамақ өнімдері көзделген.

Бүгінгі күні бір мезгіл тамақтану құны орташа есеппен 557 теңгені құрайды. Осыған сәйкес 1-4 сы­нып­та білім білім алатын 70863 оқушы, 5-11 сыныпта қолдауды қажет ететін 17382 бала, барлығы 88245 бала тегін тамақпен қамтылуда. Бұл мақсатта бөлінген қаржы 7,6 млрд теңгені құрайды. 

– Қызылорда қаласы бойынша 55 білім беру ұйымында 29044 1-4 сынып оқушылары ыстық тамақпен қамтамасыз етілуде. Оқушыларға берілетін ас мәзірі Қазақ тағамтану академиясының Ұлттық салауатты тағамтану орталығының ұсы­нымына сәйкес белгіленген. Оқушыларға сапалы тағам беру ұйымдастырылуда. Тамақ беру кестесі оқу процесіне кедергі келтірмейді. Сабақ арасындағы үзілістерде тамақтанады. Жергілікті бюджет арқылы қаржыланады. Қазіргі таңда мектептер 13 кәсіпкермен тығыз жұмыс істеуде, – дейді қалалық білім бөлімінің әдіскері Нұрқанат Амантаев.

Бұл жаңалыққа ата-аналар ризашылығын білдіріп, алғысын жаудыруда.

– Балалардың жақсы денсаулығының, жан-жақты дамуының кепілі – тиімді және уақытылы тамақтану екені белгілі. «Оқу жылының жаңа тоқсанынан бастап 1-4 сынып оқушылары мектептен ыстық тамақ ішеді» деген жаңалықты естіп қуанып отырмыз. Балалар да қуануда. Кейде балалар «біз де мектептен тамақ ішейікші» дейтін. Бүгінде солардың тілегі қабыл болды. Балаларға көңіл бөліп жатқан мемлекетімізге ризамыз, – дейді ата-ана Перизат Кәрімова.

Айтолқын БАТЫРБАЙҚЫЗЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: