Бейсенбі, 25 сәуiр, 13:16

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Білім ордасы қауіпсіз аймақ болуы қажет

08.12.2020

3242 0

Білім беру саласы жыл санап жаңарған мазмұн, жаңа технология көмегімен алға қадам жасауда. Талабы мен талғамы өскен қоғам мектеп қабырғасында баланың теориялық білімімен қатар, практикалық білігінің де қалыптасқанын көздейді. Оған қоса, оқулықтан ғана үйретіп, ауызша талдаумен шектелетін әдістеме заманауи білім беру ісінде ескіргені қашшан. Осыған орай Қазақстан мектептерінде  технологиялық игілік пен ғылыми жаңалықты алдымен мектеп оқушысына жәрдем есебінде пайдалануға күш салуда. IT құрылғылар, робот пен пәндік кабинетте жаңашылдық сезіліп, білімді жастың қатары өскен. Сыр еліндегі осындай озық ізденісті кәдеге асыра білген білім ұясының бірі – Әли Мүсілімов атандағы №101 мектеп-лицейі. Білім ордасына барып, ұжымның қолға алынған жоба мен алға қойған мақсат-міндетінтерін саралауға мүмкіндік туды.

Шаһар орталығында орналасқан мектептің өңір тарихында алар орны ерекше. 2004 жылы білім ұясының тұсаукесер рәмісіне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысып, мектеп оқушыларына ақжолтай тілегін арнаған болатын. Сол бір тарихи күн қала тұрғындары есінен әлі күнге өшкен емес. Осы аралықта берекелі білім ұясынан қаншама дарын түлеп ұшып, көптеген ілкімді жобалар жалғасын тапты. Мектеп-лицей 15 жылдың бедерінде зиялы қауымның табан тірер нысанына айналып, білім мен тәрбиені қатар ұштаған шәкірттер ұстаз абыройын асырғаны анық.

2004 жыл

Озық мектеп

Бүгінде белді білім беру нысаны жаңа бағытқа бой түзеген. Ұжым білім берудегі өзіндік қолтаңбасын қалыптастырып, мек­тептің материалдық-техникалық база­сын нығайтуға күш салуда. Нәтиже де жоқ емес. Аула мұнтаздай таза, жеміс ағаштарымен көмкеріліп, мектептегі жылыжай мен коворкинг орталығы көңіл қуантады. Пән­дік кабинеттер мен замануи құрылғылар оқушының үздіксіз білім алуына арналған. Індеттің салқыны оқушылардың толық дәстүрлі оқуға көшуіне мүмкіндік бермесе де білім беру қарқыны бәсеңдемеген. Білім ұясының тыныс-тіршілігімен таныстырған мектеп директоры Айгүл Алтынбекқызы да ойымызды нақтылай түсті.

– Мектепте атқарылған жұмыс жетерлік. Жақында химия кабинеті жасақталды. Жаңа жоба көбейіп, қажетті құрылғылар қатары толығуда. Жаратылыстану бағытындағы пәндерді тереңдетіп оқыту жүйелі жалғасын тауып келеді. Физика, химия, биология пәндерін ағылшын тілінде өту үшін мұғалім мен оқушының тілдік деңгейін көтеру ісі де сәтті жүргізілді. Өткен жылы робототехника кабинетін жабдықтау бойынша 10 робот, 25 жаңа компьютер алынды. STEM кабинеті жасақталып, оқушылардың IT саласының қыр-сырын үйренуіне мүмкіндік жасалған болатын. Сонымен қатар коворкинг орталығын ұйымдастыру – биылғы біткен оңтайлы істің қатарында. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің «Оқуға құштар мек­теп – оқуға құштар ұлт» жобасы аясында жүзеге асқан бастама оқушылар үшін үлкен қолдауға айналған еді. Мұнда музыкалық аспаптар, кітаптар мен үстел ойындарына арналған құралдар толықтырылып, тегін wi-fi желісі іске қосылды. Коворкинг орталығы аясында арнайы оқырмандар клубы ұйымдастырылып, оқушылар апта сайын оқыған кітаптары туралы өзара пікірсайыс жүргізуге мүмкіндік алды. Шәкірттермен қатар ата-аналар да отбасымен кітап оқу үрдісінде белсенділік танытуда. Нәтиже­сі жаман емес. Оқырмандар клубы оқу­шы­ларды қалта телефон тәуелді­лігінен арылтып, тілдік шеберлігін арт­тыруға  жәрдемдесуде. Өз кезегінде мұндай жетістік­терді мектептің әлеуметтік желідегі парақшасында кеңінен насихаттауды қолға алдық, – деді мектеп басшысы.

Coworking орталығы

Барды ұқсата білу де тәжірибемен келетін құнды қабілет екені даусыз. №101 мектеп ұжымы да аталған қағиданы тағы дәлелдей білді. Ұстаздар 624 орынға шақталған мектепте 2250 баланы оқыту арқылы келеңсіздікті еңсеріп, саналы білім, өнегелі тәрбие беруге тырысуда. Оқушы санының басым болуы салдарынан екі мезгіл білім беру үрдісі қалыптасқанымен, сапа деңгейін төмендетпеу назарға алынып келеді.

Ұстаздар құрамы да осал емес. Мектеп мұғалімдері білім беру саласына қосқан үлесі үшін облыс, қала әкімінің арнайы грант иегері атанған. Оған қоса Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессорларымен бірлесе жұмыс істеуі өз жемісін беруде. ЖОО ғалымдары оқушыларды пәндік олимпиадаға дайындауға, ғылыми жоба қорғауға үлес қосып келеді.

Жылыжай ісі

Бұл мектеп жылыжайымен де мақтана алады. Көктемде бой көтерген жаңа нысан оқушылардың ғылыми жобаға әзірлігін шыңдау үшін таптырмас ресурсқа айналған. Бүгінде жылыжай екінші өнімін беріп үл­герген. Келер жылдың ақпан айында үшінші мәрте бөлме гүлдері мен бақша дақылын егу жоспарлануда. Мектеп мұғалімдеріне ғылыми тұрғыда қолдау білдіруге жерлігікті ғалымдар қол ұшын беруге асық. Мысалы, Рахат Құрманбаев, Салтанат Ибадуллаева секілді Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессорлары оқушылармен бірлесе сәтті бастаманың қанат жаюына күш салып келеді.

Алдағы жоспар, жылыжайды «ақылды жылыжай» режиміне ауыстыру. Бұл мақсатта оқушылар жүйелі жұмыс істеуді бастаған. Қажетті құрылғылар толық жеткізіліп, аз уақытта жаңа тыныс ашылар сәт жақын. Егер ізденіс сәтті аяқталса, жылыжайдың суғару, жарықтандыру ісін автоматтандыру іске асатын болады.

Домбыра үйірмесі

«Жасыл мектеп» – жаңа жоба

Табиғатты аялау, экологияны оңалту ерте жастан дағдыланар әрекет екені даусыз. №101 мектеп-лицей ұжымы болса бұл межені ертеден бастағаны білінеді. Бүгінде білім ұясы Сыр өңірінде алғашқылардың бірі болып «Жасыл мектеп» жобасын жүргізуде. Өзге өңірлерде жемісін берген жарқын жобаны енгізуге талпынудың негізгі мақсаты табиғатты аялау, балаларды баламалы қуат көзін пайдалануға баулу екені анық. Осы мақсатта мектеп ішінде қоқыстарды сорттап бөлуге арналған қоқыс жәшіктері орнатылған. Онда оқушылар қоқысты бөлек-бөлек екшеп тастауға дағдыланады. Мектеп басшысының сөзінше, «Ибрайхан и К-ЛТД» ЖШС-мен бірлесе жұмыс жасау арқылы жобаны жетілдіру жолға қойылған. Сонымен қатар жыл аяғына дейін күн көзінен қуат алатын лампа орнату жобасы да жүзеге аспақ. Аталған бастама жемісін берсе, мектеп ауласы күн энергиясы көмегімен жарықтанып, оқушылардың эколо­гиялық сауаты артады деген сөз.

Мұнда бала кауіпсіздігі де назардан тыс қалмапты. Мектеп директоры мектепке бейнебақылау орнату жұмысы басталғанын жеткізіп, аталған қадамның қоғам өміріне әсерімен бөлісті.

– Оқушы үшін мектеп ең қауіпсіз аймаққа айналуы қажет. Сонда ғана ата-ана алаңсыз болады, оқушы назары өзге арнаға аумайды. Білім беру ісіндегі керекті қағида да осыған сәйкес келеді. Сондықтан мектеп ауласы мен мектеп ішіне бейнебақылау орнатуды қолға алдық, – деді Айгүл Алтынбекқызы.

Оқушы жетістігі – ұстаз мәртебесі

Мектептегі білім беру ісінде ілгерілеушілік байқалады. Өткен жылы ҰБТ нәтижесі бойынша көрсеткіш 91,4 процентті құрап, 7 алтын белгі иегері мен 50 мемлекеттік білім грантының иегері шыққан болатын. Биыл білім ұясын аяқтаған 77 оқушының, 51-і мемлекеттік білім грантын еншілеген. Оның 11-і «Алтын белгі» иегері. 

Оқушылар халықаралық, республикалық жарыстарда топ жарып, ұстаз мәртебесін асқақтатып келеді. Мысалы, 2019 жылы физика пәнінен өткен халықаралық ғылми  жобалар байқауынан Айшат Ырысбай қола медаль игері атанса, Нұршайық Әкім Корея республикасында өткен ғылыми жобалар сайысында жүлделі үшінші орынмен оралды. Мектеп оқушысы Әйгерім Махамбетқали АҚШ-та білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Сондай-ақ Елдос Төлепберген есімді 11 сынып оқушысы «Елбасы медалі» бағдарламасына қатысып, қола медалді еншілеген.

P.S. Ұстаз бен шәкірт үндестік тауып, әлемдік үрдісті бірлесе танығанда ғана білім беру ісінің өрістері белгілі. Әли Мүслімов атындағы №101 мектеп-лицей ұжымының алған бағдары мен таным биігі осы қағиданы басты мұрат ету арқылы жаңа кезеңге қадам басуда. Биікті бағындыруды арман еткен білім ұясы әлі де таң қылар талант пен білімді жастың тұсауын кесеріне сенімдіміз.

Суреттерді түсірген Н.Нұржаубай

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: