Жұма, 03 мамыр, 18:38

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

«Анамның ақ халаты» немесе құтқарушы болу арманы

19.06.2023

492 0

… «Дәрігер, жанымда сіз болыңызшы…» «Сіздің жылы сөзіңіздің өзі бізге қуат береді», «Қызымның есімін сіздің құрметіңізге Сәуле қойдым»… Иә, бұл – қазақ «бір аяғы көрде, бір аяғы жерде» дейтін жүкті аналардың сәбиін аман-есен бауырына басқан соң, дәрігерге деген риясыз ризалығы. Шыны керек, Сәуле Сәменқызының атына мыңдаған ана күн сайын алғыс айтады десек, артық айтқандық емес.  Әрине, дәрігердің бәрі де өз ісіне жауапты. Алайда мамандығының қасиетін бойына сіңірген, аялы алақаны шипалы, жылы сөзі де қиналғанға күш беретін нағыз дәрігерлер санаулы ғана. Оларды «Құдай өзі дәрігер етіп жаратқан» деп жатады. Иә, Сәуле Сәменқызы табиғатынан дәрігер болып жаралғандай. Бүгінде облыстық перинаталдық орталықтың аты аталса, Сәуле Сәменқызының есімі қоса айтылады. Бір орталықтың бар жауапкершілігін көтеруге тырысқан, ана мен балаға қуаныш сыйлау үшін жан-тәнімен қызмет етіп келе жатқан, әрбір келушіні жақынындай көріп, елпілдей қарсы алатын Сәуле Сәменқызына арқа сүйеп келетін аналар аз емес. Көптің алғысына бөленген, қолы жеңіл дәрігерге елдің алғысы шексіз. Тіпті «сіз зейнетке шығып кетпей тұрып, тағы да босанып алсам деп жүрмін» деп жүктілігін жоспарлап жүргендер де кездеседі. Мұның бәрі дәрігерге деген  алғаусыз сенім. Қай мамандық иесі болсын, нағыз маман атанып, халықтың алғысына бөлену кез келгенге бұйыра бермейтін бақыт. Бүгін біз мақаламызға арқау еткен кейіпкер – облыстық перинаталдық орталығы бас дәрігерінің пациенттерді қолдау және ішкі бақылау жөніндегі орынбасары, жоғары санатты акушер-гинеколог дәрігер Сәуле Сәменқызы алғыс арқалаған ақ халатты абзал жан. Ол мұндай дәрежеге қалай жетті? Барлық ананың сүйікті дәрігеріне айналудың қандай құпиясы бар?

… Кішкентай Сәуленің анасы үнемі қолы тимей зыр жүгіріп жүретін-ді. Үстінде ақ халаты, қашан көрсең де жұмысқа асығып кетіп барады.

Мұндайда бүлдіршін қыз анасы­на: «Қайда барасыз?» деп сұрақ қойып үлгереді. Ылғи да бір жауап: «Адамдарға көмектесуге бара жатырмын». Бала Сәуле үшін осы жауаптың өзі қызық. Анасы құдды ертегідегі сиқыршы немесе құт­қа­рушы періште сияқты. Әрдайым қиналған адамдарға көмектеседі, олар­ды құтқарып қалады. Ол анасын құтқарушы деп білді. Бала қиялында­ғы бейне тіпті бөлек. «Менің анам бол­маса, адамдарға кім көмектесе алар еді. Оның аппақ халаты да ерекше». Кейін есейе келе анасының ауылдағы перзентханада жұмыс істейтінін тү­сінді. Ауылдың 10 төсектік босану бөлімінде міндет бөлісетін шама жоқ. Мұнда осы ауылға жақын 5 елді мекеннің әйелдері келіп босанады. Мұндайда дәрігерге де, медбикеге де, тіпті кіші медицина қызметкеріне де қарап тұратын шама жоқ. Дәрігерге қолғабыс етіп, жүкті әйелдің жағдайын жасап, зыр жүгіріп жүргені. Күн-түн деп уақытпен санаспайды да. Әрдайым адамдарға көмектесуге бара жат­қан анасының осы бір бейнесі кішкентай қыздың жүрегіне «мен де сондай болсам ғой» деген ізгілік сәулесін ұялатты.

– Қазақта «қыз анаға қарап бой түзейді» дейді ғой. Менің дәрігер болуыма анам ықпал етті. Бала күнімде анам үстіне ақ халатын іліп алып, жұмысқа асығып кетіп бара жатқаны көз алдымда қалып қойды. Әрдайым адамдарға көмектесу үшін жүгіріп жүретін, уақытпен санаспайтын, үс­тіндегі аппақ ха­латы өзіне әдемі жарасатын анамды көріп өскен мен әлемде ақ халат кигендерден артық ең қасиетті мамандық жоқ деп өстім. Тіпті дәрігерден басқа мамандық туралы ойламадым да. Осы мамандықты таңдауыма анамның ақ халатына сүйсінуім және «мен де адамдарға көмектесе алсам ғой» деген арман жетелеп әкелді. Анам ұзақ жылдар бойы ауылдың перзентханасында жұмыс істеді, – дейді дәрігер Сәуле Сәменқызы.

Бала күнгі арман есейе келе мақ­сатқа жету жолындағы ізденіске алып келді. Оқысам, үйренсем, білсем деп өскен бойжеткеннің бар арманы – ақ халат киген дәрігер болу еді.  Ең алдымен медициналық училищеге оқуға түскен ол диплом алған соң, жас маман ретінде 1982 жылы еңбек жолын туған жерден бастады. Сырдария ауданының, Шаған ауылындағы 10 тө­сектік перзентханада акушер болып бір жылдан аса уақыт жұмыс істеп, жоғары білім алуды ойлады. Арман қуып, жоғары оқу орнына түсіп, 1990 жылы дәрігер ретінде еңбек жолын жалғастырды. Сол жылдан бері Сәуле Сәменқызы өзі қалаған мамандықтың отына күйіп, суығына тоңып келеді. Акушер-гинеколог дәрігер ретінде әрбір жүкті әйелдің денсаулығы, дүниеге дені сау бала әкелу, ана­ның өмірі, әрбір сәбидің жарық дүниеге аман-есен келіп, анасымен қауышуы оның қызметі ғана емес, тілегіне ай­нал­ды. Перзентханаға келген әрбір жүкті әйелдің жағдайын жасап, жылы сөзбен дем беру, қиналған ана­ға дәрігер ретінде қолұшын беріп, шипалы алақанымен бар мейірімін төгуден шаршаған жоқ. Тіпті күн сайын­ғы оқиғалар, әрбір кезекшілік – жас дәрігер үшін үлкен тәжірибе. Әрбір сәтті көңілге тоқып, қолы қалт етсе зерттеуден, ізденуден жалықпаған маман уақытпен санаспай еңбек ете берді. Ең басты мақсатым – әр анаға қуаныш сыйлау, ана мен баланың бақытты сәтіне куә болу деген ұста­ныммен еңбек еткен жас дәрігер кейін ана мен бала десе, өз есімі қоса аталатынын, есімін ел танитын дәрігер болатынын сол кезде білмеген де болар. Перзентханаға айы-күні жетіп, толғатып келген немесе өлім мен өмір ортасында, жағдайы ауыр жүкті әйелді аман алып қалу үшін олармен бірге қиналып, бірге қуанатын дәрігердің әр күні қызық пен шыжыққа толы сәттермен өтіп жатты.

– Менің мамандығым қызы­ғынан гөрі қиындығы мол дер едім. Себебі екі адамның өміріне жауап беру – үлкен жауапкершілік. Әрбір босанған анамен бірге қиналып, бірге толғатып, әрбір сәбиді анасымен аман-есен қауыштыру бақытына куә болу оңай жұмыс емес. Әрбір әйелдің денсаулығына алаңдап, түн ұйқың төрт бөлінетін сәттер де болады. Сырт көзге сыр бермесек те, әрбір анамен бірге қуанып, бірге қиналуды бастан өткереміз, – дейді ақ халатты абзал жан.

Бала кезден ақ халаттың қасиетін сезініп, «құтқарушы» болу­ды арман­даған ол кейін есейе келе де осы қағи­даны өмірлік ұстанымы етті. Дәрігер ретінде ғана емес, адам ретінде де адамдарға жақсылық жасау арқылы жаны жадырайтын Сәуле Сәменқызы мықты дәрігер ғана емес, жақсы адам деген атқа лайық болуды ойлады.

– Айналама жақсылық жасау – өмірлік ұстанымым. Жақсылық жаса­ған сайын жолың ашыла түседі дегенді бала кезден құлағымызға құйып өстік. Мамандығым да айналаңа қуа­ныш сыйлау ғой. Әр­дайым адамдардың көңіліне қа­раймын, ешкімді ренжіткім кел­мейді, өзгені қуантуға септігім тисе, мен үшін ең үлкен бақыт сол, – дейді кейіпкеріміз.

Дәрігердің әрбір күні түрлі оқиға­ға толы. Кейде қуанатын, кейде қынжы­латын сәттер де бо­лады. Тіпті әрбір сәт қанша жыл өтсе де ұмы­тылмай, құдды бір кино лентасындай кейде тіз­бектеліп, көз ал­дыңа келе қалатыны бар.

– Бұдан 10-15 жыл бұрынғы бір оқиға әлі де есімнен кетпейді. Бір жүкті әйел толғатып келді. Денсаулығында бо­сануға қарсы көр­сеткіштері болса да тәуекел етіп тұр. Онымен бірге біз де тәуекелге бел будық. Ол кезде кесарь тілігі 1000-ның бірінде ғана болатын еді. Сол әйел үшінші ке­зекшілігімде барып, аман-есен босанды. Жұ­мысқа келген сайын соның жанына жүгіріп барамын, тіпті аты-жөнін қа­ғазға жазып, терезеге іліп қойған­мын. Сол бір өмір мен өлімнің арасын­дағы сәт әлі есімнен кетпейді, тіпті сол әйел­дің аты-жөні де қан­ша жыл өтсе де ойымда жатталып қалған. Әрине, сол жылдардағы медицина мен бүгінгі жағдайды салыстыруға келмейді. Уақыт озған сайын медицинаның жетістіктері аз емес, жаңа технологиялар еніп, алға қарай даму үстінде. Дегенмен қай кезде де ана мен бала жайына, екі адамның өміріне алаңдайсың, – дейді дәрігер.

Айта кетелік, жұмыс бары­сында талай оқиға болатыны сөзсіз. «Дүниеге сәби аман-есен келгенше әйелмен бірге «бір өліп, бір тірілетін» дәрігердің тебіренісін өзінен басқа кім түсінер? Әрбір анамен бірге қуанып, бірге жылағандай күй кешіп, білімі мен біліктілігінің арқасында талай анаға қуаныш сыйлаған акушер-гинеколог дәрігер Сәуле Сәменқызын анасындай жақсы көріп кеткен жас аналар аз емес. Бұл сөзімізге дәрігердің мыңдаған сәбиге кіндік шеше болып, тіпті қыз дүниеге келсе, есімін дәрігердің құрметіне Сәуле деп қоятындар да аз емес. Кейін көшеде кездесіп қалса, «Сәулеңіз қазір мектепте үздік оқушы» немесе «сіз сияқты мықты дәрігер болам дейді», «сізге ұқсайтын сияқты» деген жылы лебіздерді жиі естиді. Дәрігерге бұдан артық қандай құрмет болсын?!

Алғашқы жұмыс күнінен бас­тап ана мен балаға қызмет етіп келе жатқан дәрігер білім мен ізденістің арқасында әрбір жүкті әйелдің жағдайын жүзіне қарап-ақ білетін білікті маманға айналды. Диплом алған сәттен бас­тап ана мен баланың ортасында қызмет етіп келе жатқан ол осы саланың жілігін шағып, майын ішкен маман десек артық айтқандық емес. Әріптестерінің өзі «Сәуле Сәменқызы қандай уәж айтар екен?» деп ақыл-кеңесін тыңдаудан жалықпайды. Білікті дәрігер де ешқашан «өзім білемге» салған емес. Қашан көрсең де құрақ ұшып, үлкенге, кішіге де, әрбір емделушіге де елжірей қарап, бәрін де тыңдауға дайын. Жоғарыда айтып өткеніміздей, Ақтөбе медициналық институтын бітірген ол еңбек жолын облыстық перзентханада 1990 жылы ординатор ретінде бастады. 2000 жылдан бастап обсервация бөлімінің меңгерушісі, 2005 жылдан босану бөлімінің меңгерушісі, 2013 жылдан ІІ аку­шерлік бөлім меңгерушісі қыз­метін атқарды. Бүгінде облыстық перинаталдық орталық бас дәрі­герінің пациенттерді қолдау және ішкі бақы­лау жөніндегі орынбасары қызметін атқарып келе жатқан ол тәжірибелі, білікті дәрігер ретінде құрметке ие. Алай­да ол қай кезде де ізденуден жалық­қан емес. Оның жұмыс бары­сында­ғы бір талабы – әрдайым іздену, оқу, білім алу. Өзі де кейінгі буынға бұл талапты орындауда үлгі болып келеді. Мәселен, білім жетілдіру мақ­сатында Сәуле Сәменқызы бір­неше шетелде болып, тәжірибе алмасты. Атап айтқанда, Литваның ғылыми денсаулық университеті, «Денсаулық сақтау менеджменті» бойынша қайта даярлаудан өтті. Денсаулық сақтау менеджменті саласы бойынша  Польша еліндегі қоғамдық денсаулық мекте­бін­де тәжірибе алмасты. Бір сөз­бен айтқанда, 35 жыл бойы ана мен балаға қамқорлық жасау қызметінде ізденуден жалықпаған, білімі мен білігін ана мен баланың қуануына жұм­саған қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Атап айтқанда, дәрігердің денсаулық саласына қосқан үлесі үшін әр жылдары ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Кәсіби саладағы ерен еңбегі үшін», «Денсаулық сақтау ісінің үздігі», «Халық алғысы», «Жыл үздігі» медальдарын кеудесіне тақты. Мұнан бөлек, халық берген «Сәуле Жақанова – мықты дәрігер» деген бәрінен де жо­ғары марапаты бар.

Сәуле Сәменқызы бүгінде ал­пыс­тың асуына абыроймен жет­кен білікті дәрігер. Отбасында немерелерінің сүйік­ті әжесі, құр­метке бөленген дәрі­гер, жас мамандарға үлгі болар ұстаз.

Гүлмира ДІЛДӘБЕКОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: