Бейсенбі, 02 мамыр, 13:43

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Ауыл медицинасын дамытудағы жаңа жоба

25.07.2023

347 0

Елімізде денсаулық саласын дамытуда жаңа жобалар қолға алынып, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде өңірлерде түрлі медицина нысандары салынуда. Жоспардағы жобаларды жүзеге асыру арқылы халықтың денсаулығын жақсарту, сырқаттың алдын алу, науқастарға  қолайлы жағдай жасау мақсаты тұр.

Бүгінде медицина саласы көз ілеспес жылдамдықпен дамып келеді. Ем жүргізудегі тиімді әдіс-тәсіл, заманауи аппараттар, біз біле бермейтін шексіз мүмкіндіктер бүгінгі медицинаның қаншалықты озық деңгейде екенін аңғартады. Әлеуметтік саланы дамыту қашанда өзекті. Әсіресе денсаулық саласына басымдық берілуі керек.

Бұған дейін де бірнеше ұлттық жобаларды жүзеге асырған денсаулық саласында биыл жаңа жоба жүзеге аспақ. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» деп аталатын ұлттық жоба елді мекендердегі медицина саласын дамытуға серпін бермек.

Қазіргі таңда жаңа жобаны іске асыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Өткен аптадағы Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқару­шы органдардың өзара іс-қимыл жөніндегі үйлестіру штабында жобаның жүзеге асу барысын талқылады. Бұл ретте Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният алдағы екі жылда ауылдарда 655 алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету нысандары салынатынын жеткізді. Оның ішінде физио­терапия кабинеті мен дәріхана, фельдшерлік-акушерлік бекеттер және дәрігерлік амбулаторияларды қамтитын заманауи меди­циналық бекеттер бой көтермек. Соны­мен қатар министр әр бекеттің қажетті құрал жабдықтармен жабдықталатынын атап өтті. Оның айтуынша,  физиотерапия кабинеттері электротерапия, магнитотерапия, ультрадыбыстық терапия, фототерапия, ультракүлгін терапиясы, ингаляторлар және басқа да керекті аппараттармен қамтылады. Ал емдік дене шынықтыру залында ұсақ моториканы қалпына келтіру мен дамытуға арналған түрлі тренажерлар, эрготерапияға арналған стендтер, швед қабырғасы, кинезо­терапияға арналған жабдықтар қарас­тырылған. Сонымен қатар барлық жаңа нысандар телемедицинаны ұйымдастыру үшін компьютерлік және медициналық жабдықтармен қамтамасыз етіледі. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.

Ұлттық жоба аясында медициналық нысандар салудан бөлек, инсульт және кардиологиялық орталықтар мен оңалту, травматология және ортопедия, хирургия, реанимация, қарқынды терапия бөлімшелері ашылып, отыздан астам көпбейінді аудандық  аурухананы жаңғырту және күрделі жөндеу, сондай-ақ заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету жоспарлануда.

Саладағы өзекті мәселенің бірі – маман тапшылығы. Бұл әсіресе ауылдық жерлерде анық байқалады. Мәселені шешу мақсатында мамандар даярлау ісі қолға алынған. Ұлттық жобамен 1100 медицина қызметкері қамтылады. Оның ішінде дәрігер, медбике, фельдшер мен акушер маманы бар.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы тек медициналық нысандар салып, маман даярлаумен шектелмек емес. Үкімет отырысында жаңа медициналық нысандардың үлгілік жобаларын жергілікті жағдайға бейім­деу жайы да сөз болды. Премьер-министр үлгілік жобаларды жергілікті жағдаймен байланыстыру, құрылыс алаңдарына инже­нер­лік коммуникациялар мен жол салу жұмыстарын жеделдетуді талап етеді. Ал аталған жұмыстарды жүйелі жүргізу, жүзеге асыру Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауында болмақ.

Аймақтағы ахуалға тоқталсақ, салада серпіліс бар. Дегенмен биыл «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен ауылдық жерлерде көптен базынаға айналған мәселелердің күрмеуі шешілмек. Жобаны жүзеге асыру тапсырмасына сәйкес бүгінде облыста тиісті шаралар қолға алынған.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы­ның мәліметінше, ұлттық жоба аясында 2023-2024 жылдары 300 мыңнан аса ауыл тұрғындарына медициналық көмек көрсету деңгейін көтеру, нормативтерге сәйкес ауыл­дық елді мекендерді медициналық көмекпен қамтамасыз ету және инфаркт, инсульт, жарақат сынды басқа да жағдайлар кезінде ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмекті уақытылы көрсету мүмкіндігі туады. Ол үшін ауылдарда 24 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік бекет, 1 медицина­лық бекет бой көтереді. Биыл жүзеге асуы тиіс 16 медициналық нысанның бүгінде 14-інің іргетасы қалануда. Ал келер жылы жоба аясында жүзеге асатын жалпы 27 денсаулық сақтау нысанының 11-інің құрылысы басталуы тиіс. Қазіргі таңда аталған нысандардың жоба-сметалық құжаттары әзірленуде. 

Ұлттық жобаның аймақтың денсаулық сақтау саласын ілгерілетуде септігі зор болмақ. Сала басшысы 2025 жылға қарай Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудан­аралық ауруханаларын «Көпбейінді аудан­аралық аурухана» деңгейіне жеткізу жұмыстары жүргізілетінін айтады. Мұны іске асыруда қазіргі таңда аталған аудан­дағы көпбейінді аудандық орталық ауруханаларының ғимаратына қосымша құрылыс салу үшін жоба-сметалық құжаты әзірленіп, жобалар мемлекеттік сараптамаға енгізілген. Өз кезегінде көпбейінді ауданаралық ауруханаларда инсульт және кардиологиялық орталықтар, медициналық оңалту, травматология, хирургия, реанимация және қарқынды терапия бөлімдері, триаж жүйесі бар жедел жәрдем бөлмесі ашылып, заманауи медициналық құрал-жабдықтармен (КТ МРТ, ангиограф, сараптамалық дәреже­дегі ультрадыбыстық, эндоскопиялық реани­мациялық жабдықтар, медициналық оңалту және т.б.) жабдықталатын болады деп күтілуде.

Ұлттық жобаның облыста орындалу барысын аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев тікелей бақылауға алған. Жоғарыда айтылған Үкімет отырысынан кейін облыс әкімі тиісті сала басшыларымен жиын өткізді. Онда биыл салынуы тиіс дәрігерлік амбулатория құрылысының мердігері пор­тал­дағы техникалық ақау салдарынан анықталмағаны белгілі болды. Бұл кемшілікті жоюды облыстық мемлекеттік сатып алу басқармасына тапсырып, «Электрондық қаржы орталығы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, веб порталдағы қателіктерді жойып, мердігер мекемені анықтауды жүктеді. Сонымен бірге іргетасы қаланатын 14 нысандағы құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі мен мер­зімінде орындалуын облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы және бақылау жөніндегі басқармасына міндеттеді.

Жиында Денсаулық сақтау министрлігіне 96,1 млн теңге бюджеттік өтінім ұсынылған медициналық пункт салу жобасы бойынша облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысына министрлікпен тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.  Сондай-ақ келер жылға жоспарланған 11 нысан құрылысының жоба-сметалық құжатын әзірлеуді тезірек аяқтауды ескертті. Бұған қоса 4 ауданаралық аурухананы көпбейінді ауданаралық аурухана деңгейіне жеткізу жұмыстары бойынша мемлекеттік сараптамаға енгізілген жобалар қыркүйек айының соңына дейін аяқталуы тиіс екендігін жеткізді. Осылайша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында бой көтеретін нысандардың барлығын өз мезгілінде уақытылы ел игілігіне беру міндеті қойылды.

Салада қордаланған күрделі мәселелер уақыт ағынымен оң шешімін тауып келеді. Заман талабына сай келетін медициналық ғимараттар бой көтеріп, алдағы бірнеше жылда облыстың денсаулық саласы жаңа деңгейде қызмет көрсете алуы қажет. Бүгінде қаланың сол жағалауынан соңғы үлгідегі облыстық қан орталығының, 100 келушіге арналған емханасы бар 300 төсектік көпбейінді аурухананың құрылысы жүргізілуде.

Облыстық денсаулық сақтау басқарма­сының басшысы Олжас Ермекұлының айтуынша, саланы қаржыландыру артып келеді. Биыл сала бюджеті 104,1 млрд теңгені құраған. Соның аясында аймақтың медициналық мекемелерін заманауи техникамен қамтамасыз етуге 3,4 млрд теңге қаражат бөлінген. Былтыр медициналық мекемелерге 20 са­нитарлық автокөлік беріліп, шалғай елді мекендердегі тұрғындарға қызмет көрсету үшін 5 жылжымалы кешен ұйымдастырылған. Қазір аймақта  18 стационарлық және 26 амбулаториялық медицина ұйымы және екі жарым мыңнан аса дәрігер, он мыңға жуық орта буын маман тұрғындардың денсаулығы мен өмірін сақтау жолында еңбек етуде.

А.ӘЛІМ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: