Бейсенбі, 25 сәуiр, 18:44

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Pfizer» екі айға ғана жарамды ма?

09.10.2021

505 0

Сәрсенбі күні жарияланған зерттеу нәтижелері «Pfizer» вакцинасының 2 дозасынан түзілетін иммундық жүйенің күші шамамен 2 айдан кейін жойылатынын дәлелдеген. Бұл туралы CNN арнасының тілшісі Мэгги Фокс «Pfizer» вакцинасынан кейін иммунитет әлсірейді» деген тақырыпта мақала жариялады.

Зерттеу жұмыстары 2 дозамен толық вакциналанғаннан кейін екі айға жуық уақыт ішінде иммунитет әлсірейтінін, бірақ вирус жеңіл түрде өтетінін анықтаған. Израиль мен Катарда жүргізіліп, нәтижесі Англияның медициналық журналында жарияланған зерттеу жұмыстарында вакциналанған адам да сақтық шараларын қатаң сақтау керегі туралы жазылған. Шили дәрігері Гили Регев-Йохай мен оның әріптестері: «Біз бұл перспективалық-когорттық зерттеуді Израильдегі ірі мамандандырылған медициналық орталық саналатын Шеба медициналық орталығының мамандарымен жүргіздік», – деп жазған.

Олар бейтараптандыратын антиденелердің деңгейі иммундық жүйенің инфекциядан қорғануымен байланысты екенін атап өткен. Дегенмен зерттеу жұмысы барысында олар тек антиденелердің тиімділігін бақылаған. «Қызылшаға, паротитке және қызамыққа қарсы вакциналар сияқты көптеген вакцина бойынша жарияланған жұмыстар бейтараптандыратын антиденелердің жыл сайын 5-10 процентке төмендеуін көрсетті. Біз BNT162b2 вакцинасына гуморальды реакцияның айтарлықтай тез төмендеуі вакцинациядан кейін бірнеше ай ішінде-ақ байқалғанын анықтадық», – делінген жазбада.

Одан бөлек зертханалық жұмыс Covid-19-ды жұқтырғаннан кейінгі вакцина тиімдірек екенін анықтаған. Зерттеушілер айтуынша, вирус жұқтырмай тұрып вакцина салдырғандарға екпе азырақ әсер етеді екен.

Ал Катарда жасалған зерттеу жұмыстары вакцинаны ең көп салдырған аймақта жүргізілген. Ол жақтағы тұрғындардың да барлығы «Pfizer» вакцинасын салдырған. Ондағы мамандардың зерттеу жұмысы нәтижесінде екпенің алғашқы дозасын алғаннан екінші компонентке дейін жоғары тиімділік сақталып, кейін вакцинаның «күші» әлсірейтіні анықталған. «Шамамен екпеден кейінгі 4 айда тиімділік нәтижесі төмендеп, кейінгі уақытта 20 процентті ғана құрайды», – дейді мамандар арнаға берген сұхбатында. Сондай-ақ катарлық мамандар екпе салдырған адамдар сақтық шаралары сақталмаған жерге көп баратынын және санитарлық талаптарға аса мән бермейтінін алға тартып отыр. Нәтижесінде вакцина тиімділігі одан сайын төмендеп, вирус жұқтыру қаупі арта түседі екен.

Катардағы ғалымдар медициналық журналда жариялаған мақалаларында «Бұл өз кезегінде алдағы бір-екі айда толықтай вакциналанған елдерде вирустық қауіпсіздік азаяды деген сөз. Міне, осы кезеңде эпидемияның жаңа толқыны басталуы мүмкін», – деп жазған.

Ал «Pfizer» компаниясының ғалымдары өз кезегінде екпенің әсері шамамен 6 айға жететінін айтқан. Сол себептен өткен айда компания АҚШ-тың азық-түлік және дәрі-дәрмектің сапасын бақылау басқармасынан вакцинаны толықтай қабылдағаннан 6 ай өткен азаматтар арасында бустерлік вакциналау жүргізуге рұқсат алған. Американың ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы да 65 жастан асқан, вирус жұқтыру қатері көп адамдарға осы бустерлік вакцина арқылы алдыңғы екі вакцинаның күшін арттыруды ұсынып отыр.

Қазіргі кезде үшінші рет вакциналауға шешім қабылдап отырған елдер жоқ емес. Мәселен, Израиль толықтай вакциналанған мемлекет деп саналуы үшін үшінші дозаны салдыруға дайын. АҚШ-тың ауруларды бақылау және алдын-алу орталығы мәліметі бойынша, қазіргі кезде 6 млн адам вакцинаның үшінші дозасын салдырған және алғашқы вакциналаудан гөрі бустерлік вакциналаудың қарқыны жоғары екен.

Соңғы уақытта Қытай мен Тайвань арасындағы шиелініс арта түсіп, Қытай өз әскерін қайта-қайта жіберу арқылы Тайваньға «мінезін көрсетіп» жүр. Өз кезегінде Тайвань тәуелсіз мемлекет екенін алға тартып, Қытайдың провинциясы болуға қарсылық білдіруде. Бүгінде АҚШ бұл екі мемлекет арасындағы шиеленіске алаңдаулы. Бұл туралы АҚШ-тың ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан ВВС арнасына айтып берген.

Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі өз пікірін Қытай төрт күн қатарынан Тайваньның әуе қорғанысы аймағына әскери ұшақтарын жібергеннен кейін білдірген.

Жалпы Тайвань өзін егемен мемлекет санайды, бірақ Қытай әлі күнге дейін оларды бөлінген провинция деп отыр. Одан бөлек Пекин провинцияны қайта қосып алу үшін күш қолданатынын да жасырмады.

Салливан бейсенбіде, қытайлық дипломат Янмен кездескеннен кейін, Брюсселдегі BBC-дің дипломатиялық тілшісі Джеймс Ландэйлге: «Егер біз тұрақсыздыққа әкелетін әрекеттерді көрсек, жеке тұрып көпшілік алдында сөйлейтін боламыз», – деді. Ал журналистің «Тайваньға көмек көрсету үшін АҚШ әскери күш қолдана ма?» – деген сұрағына қауіпсіздік кеңесшісі: «Біз сол күнге жеткізбес үшін бүгін шара қолданамыз», – деп жауап берді.

Ал жақында әскерін шығарған «Ауғанстанға күш көрсету жоспарда бар ма?» – деген сұраққа Салливан ол «үлкен қателіктен» АҚШ сабақ алғанын алға тартқан.

Одан бөлек, Джейк Салливан Қытайдың өз ойынан қайтқысы келмейтінін білетінін, дегенмен АҚШ өз одақтастарымен тығыз қарым-қатынаста болуға, оларға көмек қолын созуға және өз позициясын алға тартуға міндетті екенін айтқан.

Негізінен Тайвань 1949 жылы билікті коммунистер басып алған тұста бөлініп кеткен. Сарапшылар Пекиннің бұл арал қалай да болса өз тәуелсіздігін жариялағысы келетініне алаңдаулы екенін, сол үшін Қытай аралдағы «өз президенті» Цай Инвэньның бұл қадамға бармасы үшін барынша тырысып-бағуда дейді.

Бірақ Джо Байден қытайлық әріптесі Си Цзиньпин «Тайвань келісімін» бұзбауға келісім бергенін айтқан.

Арнаға берген сұхбатында Салливан Ресейді артып келе жатқан энергетикалық кризисті пайдаланбауға шақырған. Ол өткен жылы Мәскеу энергенияны «мәжбүрлеу құралы және саяси қару» ретінде қолданғанын, алдағы уақытта мұндай істер Ресейдің өзіне зардабын тигізетінін алға тартты. Одан бөлек кеңесші Ұлыбритания үкіметіне Солтүстік Ирландияның Brexit протоколының тоқтатылуы «тұрақтылыққа елеулі қауіп» болатынын ескертті. «Солтүстік Ирландия мен Ирландия Республикасының шекарасын қатаңдату АҚШ-тың алаңдаушылығын тудырады», – деді ол.

Иран 2015 жылғы ядролық келісімді қайта бастау үшін келіссөздерді кейінге қалдырып отыр. «АҚШ қанша уақыт күте алады?» деген сұраққа Салливан «Біз Иранның бірнеше аптада оралуға дайын екенін естідік. Егер бұлай болмайтын болса, онда біз одақтастармен және серіктестермен басқа жолмен кеңесуге мәжбүр боламыз», – деді.

«Олар уақыт созып жүрміз деп ойлағанымен, біз Иранның шынымен үстел басында отырып нақты келісім жүргізгісі келетінін немесе ойынның уақытын ұзартқысы келетінін білетін боламыз», – дейді Салливан. Одан бөлек сұхбатта Америка Иранның ядролы қаруға қол жеткізбеуі үшін бар жағдайды жасайтынын және қолда бар барлық қаруды қолдануға дайын екені айтылған.

2015 жылы Иран әлемнің үлкен алты державасы – Ресей, АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Қытай, Германия мемлекеттерімен келіссөз жүргізген болатын. Нәтижесінде Тегеран барлық ядролық қарудан бас тартып, ал алты ел Иранға қарсы санкцияларды алып тастаған еді. Бірақ 2018 жылы АҚШ «Иран әлі де болса уранды көп мөлшерде игеріп жатыр және сол арқылы келісімді бұзды» деген себеппен бұл келісімнен бас тартқан еді. Қазіргі кезде Иран барлық шартты орындағанын мәлімдесе де келісімге қол қоюға асықпай отыр.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: