Бейсенбі, 02 мамыр, 10:58

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қымбат медициналық қызметтерді ауыл тұрғыны қалай алады?

22.06.2023

628 0

Қызылорда облысында 25 фельдшерлік-акушерлік бекет (бұдан әрі – ФАБ) бар. ФАБ-те қандай медициналық көмек көрсетіледі, ауыл тұрғындары ауруды анықтау, дәрігердің кеңесін алу немесе қымбат ота жасау қажет болса, қайда бару керек? Осы және өзге де сауалдарға тілшілер Шиелі ауданына баспасөз туры барысында жауап алды. Ұйымдастырушы – Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облысы бойынша филиалы

Жиделіарық ауылында мыңға жуық халық тұрады. Құрметті агроном Есімұлы Әбусағи ФАБ-қе жүрек және қан қысымының жоғарылауы шағымдарымен жүгінді. 75 жастағы еңбек ардагеріне алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетіліп, қосымша медициналық тексеруден өтуге кеңес берілді.

«Зоб, жоғары қан қысымы мазалайды. Жұбайымның да қан қысымы көтеріледі. ФАБ мамандары кәсіби медициналық көмек көрсетеді. Дәрі-дәрмектерді де уақытылы алып тұрамыз», – деді ардагер.

Пациент Еңбекші ауылының дәрігерлік амбулаториясына жіберілді. Мұнда қабылдауды жергілікті дәрігер жүргізіп, жоспарлы медициналық көмекке жолдайды. Негізгі шарт – пациент МӘМС жүйесінде сақтандырылуы тиіс.

«ФАБ дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетеді. Еңбекші ауылының дәрігерлік амбулаториясында жергілікті дәрігер ауылдың тұрғындарды консультациялық-диагностикалық қызмет алуға, күндізгі және тәулік бойы стационарларда емделуге және т.б. медициналық қызметтерге жібереді. Ауылдың 118 тұрғыны диспансерлік есепте тұрады. Көбінесе жүрек-қан тамырлары аурулары, қант диабеті, бронхитпен ауырады», – деді Жиделіарық ауылының фельдшері Дархан Сәрсенбаев.

Науқастың жағдайын бағалағаннан кейін, жергілікті дәрігер ем тағайындайды немесе аудандық ауруханаға мамандырылған дәрігерінің кеңесіне жібереді. Төтенше жағдайда, сақтандыру мәртебесіне қарамастан, пациент жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізіледі. Осылайша, бас миы шайқалған Жиделіарық ауылының тұрғыны Анар Сармақова аудандық ауруханаға түсті. 53 жастағы әйелге компьютерлік томография тағайындалды.

«Басым айналып, есінен танып қалдым. Содан сон құсу басталды. Қазір денсаулық жағдайым жақсы, ем қабылдап жатырмын. Менде анемия бар, бірақ диспансерлік есепте тұрмаймын. Мұғалім болып жұмыс істеймін. Енді медициналық тексеруден өтіп, әрі қарай емделемін», – дейді Анар.

Айта кетейік, қазір ауыл тұрғындары КТ-дан аудандық ауруханада өтеді. Бұрын олар облыстық медициналық ұйымдарға жүгінуге мәжбүр болды.

«Компьютерлік томография бойынша зерттеу осы жылдың наурыз айынан жүргізілуде, кәзірдің өзінде 500-ге жуық пациент тексеруден өтті. КТ тәулік бойы жұмыс істейді. КТ нәтижелерін аудандық аурухананың рентгенологы жүргізеді және КМАЖ-ге (кешенді медициналық ақпараттық жүйе) жібереді, содан кейін Қызылорда қалалық ауруханасының маманы қорытынды береді», – деп түсіндірді Шиелі аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлмира Құрманғалиева.

Биыл Шиелі ауданының тұрғындарына медициналық көмек көрсету үшін Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 6,7 млрд. теңге бөлінді.

Айгүл Аханова

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: