Жұма, 03 мамыр, 13:33

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№34 — 2044
30.04.2024
PDF мұрағаты

Қызылша ауруының алдын алу бойынша облыстың Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы қабылданды

07.04.2023

1041 0

Бүгінгі таңда елімізде қызылша ауруы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақсыз болып қалыптасып отыр. Нақты айтқанда, үстіміздегі жылдың 01 сәуіріндегі жағдай бойынша қызылшаға күдікті 169 жағдай тіркелді, оның 63,3% немесе 107 жағдайында диагноз зертханалық жолмен нақтыланған. Ауруға шалдыққандардың басым көпшілігі немесе 90% – 14 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Ауруға шалдыққандардың 50 пайызынан астамы ұйымдасқан ұжым, яғни мектеп балабақшаларда тіркелген.

Науқастанғандардың 73%-і қызылша ауруына қарсы егілмеген болса, 12%-де егу мәртебесі белгісіз.

Қызылша ауруы Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Маңғыстау және Ұлытау облыстарынан өзге республиканың қалған 15 аумағында тіркелді, оның ішінде аурушаңдық ең жоғары деңгей Алматы қаласы мен Түркістан облысына сәйкес келеді.

Республика бойынша тіркелген аурудың алғашқы жағдайы шетелден тасымалданған, одан кейінгі аурулар қарым-қатынас арқылы таралуда.Қызылорда облысы бойынша эпидахуалға тоқталсақ, 2023 жылдың 29 наурызында қызылша ауруының алғашқы дерегі тіркелді.  Науқас ауруды Түркістан облысында жүріп жұқтырған, бүгінгі күні медициналық бақылауға алынып, ем қабылдауда.

Қызылша ауруы таралуының алдын алу мақсатында Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2023 жылғы 05 сәуірдегі №1 қаулысы қабылданды. Аталмыш Қаулы негізінде санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті және облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Ұлттық сараптама орталығы» облыстық филиалының бірлескен бұйрығы шығарылып, қызылша ауруына қарсы санитариялық-эпидемияға қарсы және санитариялық-профилактикалық кешенді іс-шаралар жоспары бекітілді.  Атап айтқанда, бұрын қызылшаға қарсы егілмеген 55 жасқа дейінгі медицина қызметкерлерін вакцинациялау, сондай-ақ иммундаумен төмен қамтылған, халықтың қиын қолжетімді топтары бар және көшіп-қонушылардың, тіркелмеген адамдардың саны жоғары аумақтарға баса назар аудара отырып, өңір бойынша 30 жасқа дейінгі азаматтардың егу құжаттарына ревизия жүргізіп, қызылшаға қарсы егілмеген және егілуі туралы деректері жоқ адамдар анықталған кезде ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін оларды бір рет егу белгіленді. Сонымен қатар ошақта соңғы ауру жағдайы анықталған сәттен бастап күнделікті 21 күн ішінде байланыста болған адамдар Қаулыға сәйкес медициналық бақылауға алынады, шетелдік азаматтарды қоса алғанда ақпараттандырылған келісімді алғаннан кейін қызылшамен ауыратын науқаспен соңғы байланыста болған сәттен бастап 72 сағаттан кешіктірмей байланыста болған 30 жасқа дейінгі адамдарға шұғыл вакцинация жасалады. Меншіктік түріне қарамастан барлық медициналық ұйымдардың қызметкерлеріне қызылша ауруының клиникасы, диагностикасы, эпидемиологиясы және профилактикасы бойынша қосымша семинар-сабақтар жүргізу,сондай-ақмектеп оқушылары арасында қызылша ауруының профилактикасы бойынша арнайы сабақтарды жүргізу (диктант, сауалнама, дәріс және т.б.) тапсырылды.

Қызылша ауруы жоғары контагиозды ауа-тамшылары арқылы  жұғатын жұқпалы ауру. Иммунитеті төмен, қызылшаға қарсы егілмеген немесе екпенің толық курсын алмаған азаматтар ауруға сезімтал болып келеді.

Сондықтан аурудың тиімді әрі сенімді алдын алу жолы –вакцинация. Қызамық пен қызылша ауруларына қарсы егулер баланың 12-15 айлығында және 6 жасында жүргізіледі. Егуден кейінгі иммунитет күші 2-3 аптадан соң пайда болып, 20 жылға дейін сақталады.

ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің а.ж. №1 Қаулысына сәйкес 18 жасқа дейінгі азаматтардың егу құжаттарына ревизия жүргізіліп, қызылша ауруына қарсы егілмеген 3055 азамат анықталды. Оның бар болғаны 1281-і наурыз айында профилактикалық екпелермен егілсе, қалған 1774 адамды әлі де қамту қажет. Бүгінгі күні санитариялық-эпидемиологиялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі және емхана дәрігерлерімен бірге екпеден бас тартатын тұрғындармен жұмыс тұрақты жүргізілуде. Еңбек ұжымдарына, білім беру орындарына барып ата-аналар арасында түсіндірме берілуде. 2022 жылы екпеден бас тартқан азаматтар саны 351-ді құрады. Жалпы облыс көлемінде профилактикалық егулермен қамту көрсеткіші оптималды деңгейде қалыптасып отыр.

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі тұрғындар назарына келесі сақтық шараларын ұсынады:

– қызылшаға қарсы егу мәртебесін тексеру, вакцинация алмаған жағдайда тұрғылықты жері бойынша емханалардан қызылшаға қарсы екпе алу;

– медициналық шегіністерге байланысты бала екпе алмаған болса, олардың адамдар көп жиналатын жерлерде болуын шектеу (мәдени-көпшілік іс-шаралар, сауда, ойын-сауық орталықтары және т.б.);

– қызылшаға күдікті аурудың белгілері – дене қызуының көтерілуі, мұрыннан су ағу, жөтел, денеде бөртпелер пайда болса шұғыл дәрігер көмегіне жүгіну.

Ә. Әбдіқайымова,

Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: