Бейсенбі, 25 сәуiр, 13:00

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

2014 жылғы қылмыс

19.11.2022

404 0

2014 жылы 17 шілдеде «Boeing 777» ұшағы Донецк облысында апатқа ұшырады. Ұшақ апаты Украина мен Ресей қолдаған Донецк пен Луганск халық республикаларының қарулы қақтығыс аймағында болған еді. «Malaysia Airlines Boeing 777-200ER» ұшағы Амстердам – Куала-Лумпур бағыты бойынша «MH17» жоспарлы рейсін орын­дауы керек болған. Бірақ әуеге көтерілгеннен кейін шамамен 2 сағат 49 минуттан кейін зениттік-зы­мырандық жүйеден атылған «9М38» сериялы зымыраннан жарылды.

Жарылыстан борттағы 298 адамның барлығы, 283 жолаушы мен 15 экипаж мүшесі қаза тапты. «MH17» рейсінің апаты авиация тарихындағы ең ірі әуе апаттарының ондығына еніп, посткеңестік кеңістіктегі ең ірі әуе апаты саналады. Тергеуді жүргізу өкілеттігін Украина билігі Нидерландияның «Қауіпсіздік кеңесі» мен халықаралық «Біріккен тергеу тобына» тапсырды.

Бейсенбі күні Нидерланд соты екі ресейлік пен бір украиндық сепаратисі 2014 жылы Украинаның шығысындағы Малайзия әуе компаниясының 17-ші рейсін жарып, жаппай адам шығынына кінәлі деп таныды. Бұл туралы CNN арнасына Софи Танно «Голландия соты екі ресейлік пен бір украиндық сепаратисі MH17 ұшағын құлатқаны үшін кінәлі деп тапты» деген тақырыпта мақала жазды.

«Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметінің (ФСБ) бұрынғы полковнигі Игорь Гиркин, Ресейдің ГРУ әскери барлау агенттігінде қызмет еткен Сергей Дубинский мен әскери тәжірибесі болмаса да 2014 жылдың шілдесінде Донецктегі бөлімшені басқарған украин сепаратисі Леонид Харченко сотталды. Үшеуі де өмір бойына бас бостандығынан айырылды, бірақ үкім сырттай шығарылғандықтан, олардың жазасын өтеуі екіталай», – деп жазылған мақалада.

Төртінші күдікті Ресей азаматы, ресейлік «Спецназ ГРУ» арнайы күштерінің бұрынғы сарбазы Олег Пулатов жазықсыз деп танылды. Үкім бейсенбіде Нидерландыдағы Схипхол әуежайының жанындағы күзетілген сот залында оқылды.

Жалпы 2014 жылы 17 шілдеде Амстердамнан Куала-Лумпурға бағыт алған «MH17» ұшағы Украина­ның шығысындағы ресейшіл көтерілісшілер басып алған аумақта зымыранмен атылды. Оқиға салдарынан борттағы барлық 298 адам, оның ішінде 15 экипаж мүше­сі мен 17 елден келген 283 жолаушы қаза тапты.

Халықаралық тергеушілер ұшақты сол кезде ресейшіл көтерілісшілер қолында болған Украинаның шығысындағы ауылдан атқан ресейлік «Бук» зымы­ранмен атып түсіргенін айтты. Прокурорлар зымыран тасығыш Ресейдің 53-ші зениттік-зымырандық бри­гадасына тиесілі екенін және соққыдан кейін Ресей аумағына қайтарылғанын айтты. Мәскеу бұл оқиға үшін жауапкершіліктен бірнеше рет бас тартты.

Нидерланд сотының екі жылға созылған сот тал­қылауынан кейінгі үкімі 2014 жылғы оқиғаға қа­тысты алғашқы тәуелсіз шешім болды. Күдіктілер Нидер­ландының Бадхоеведорп қаласындағы Схипхол сот кешенінде өткен сот процесіне қатысудан бас тартқан.

Үкімді шығарған төраға сот Хендрик Стинхуис сот «MH17» ұшағын атып түсірген ресейлік «Бук» зымыраны Первомайский ауылы маңындағы ауыл­шаруашылығы алқабынан атылғанын, сол кезде Ресей сепаратистері бақылауда ұстағанын айтты.

Сот «Бук» зымыранын кім атқанын анықтауға дәлел жеткіліксіз екенін және ұшақ апатын ұйым­дастырғандар жолаушылар ұшағын емес, әскери ұшақты атқылауды жоспарлаған болуы мүмкін деген қорытындыға келді. Бірақ сот ұшақты жару операциясы әдейі жасалған әрекет екенін және мақсаты ұшақ бортында ешкім аман қалмауын жоспарлағанын айтты.

Сондай-ақ сот айып тағылушылар сол кездегі со­ғыстың ресми әскері болмағандықтан оларға әскери немесе қарапайым азаматтардың ешбір әуе кемесіне соққы жасауға рұқсат етілмейді деп шешті. Хендрик Стинхуис сот шешімін қолдайтын бірқатар дәлел келтіріп, оқиғаның болуы мүмкін өзге желісін жоққа шығарды.

Сотта қаралған дәлелдер арасында ұшақтан табылған «Бук» зымыранының фрагменттері мен кей­бір құрбандардың мәйіті, сондай-ақ «Бук» жүйесінің Ресейден Украинаның шығысына өтіп, ұшақ апатынан кейін Ресей аумағына қайта оралғаны көрінетін фото-видео болды.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Аслан НҰРАЗҒАЛИ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: