Сәрсенбі, 16 қазан, 05:50

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№82-2092
15.10.2024
PDF мұрағаты

Тәліптердің нені қалайды?

24.07.2021

1273 0

Бүгінде тәліптерінің лаңы жалғыз Таяу Шығыстың ғана емес, Орталық Азия үшін де қауіп көзіне айналып үлгерді. Ұзақ жыл исламистік идеология ұстанған топтың өзге мекенге көз алартуын ауыздықтап отырған жалғыз күш – шетел әскері. Биыл НАТО, әсіресе АҚШ әскерінің Ауғанстаннан түгел кетер шағы таяғалы ұйым мүшелері күш алып, жан-жаққа қоқан-лоққы көрсетіп, жаңа жоспар түзуде. Тіпті «Талибан» радикалдық ұйы­мы Мәскеуде баспасөз конференциясын өткізіп, Ауғанстандағы көп аймаққа қайта бақылау орнатқанын жеткізген болатын. Міне, осыдан кейін Орта Азия халықтарында күдік артты. Ауқымды ақпарат агенттіктері Ауған жерінен қашқан босқындар өмірі, бейбіт халықтың өлімі, ұйымның әскери қимылы төңіре­гінде көптеген ақпаратты үздіксіз жариялап, әлем назарын аударып келеді.

Осындай ақпарат ағымының көш басында «CNN» арнасы тұр. Апта бойы арнаның ресми сайты Ауғанстан мен тәліптер қозғалысына қатысты маңызды мәліметке толы болды. Оның ішінде билік пен содырлар арасындағы қақтығыс, тұрғындардың тәліптердің озбырлығын жеткізген өмірбаяны әсерлі де шынайы қозғалған. Осы орайда «CNN» арнасында жарық көрген Орен Либер­манның «АҚШ-тың тәліптерге соққысы» және Санди Сидху, Анна Корен, Хелен Риганның «Тәліптер тілшіні өлтірді» атты қос бірдей бағдарламаға шолу жасау жөн секілді. Себебі екі бағдарламаның ортақ өзегі – Ауғандағы ахуал, тәліптердің жауыздығы, қарапайым халық.

Алдымен Орен Либерманның «АҚШ-тың тәліптерге соққысы» атты бағдарламасынан бастайық. Мақалада АҚШ сарбаздарының ел аумағынан шығу мерзімі мен тәліптердің әскери техникасына жасаған шабуылы ай­тылған. Автордың сөзіне сүйенсек, бейсенбінің түнінде АҚШ әскері Қандағар аймағында «Талибан» ұйымының маңызды әскери техникаларына екі рет соққы жасап, лаңкестерді қырғынға ұшыратқан.

«АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кетер уақыты тая­ғанымен олардың әлі Ауған жерінде әскери іс-қимыл жасауға құқығы бар. Мұндай әскери құзірет АҚШ тарапында болғанымен, соңғы жылдары тәліптерге қарсы шабуылды айтарлықтай азайтты. Мысалы, соңғы бір айда АҚШ әскері тәліптерге қарсы тек 6-7 шабуыл жасаған. Оның өзі әскери дрон арқылы ғана. Сондай соққының кезекті көрінісі бейсенбіде орын алған. АҚШ әскері Ауған ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік күштерімен (ANDSF) бірлесіп, тәліптердің қолға түсірген маңызды әскери техникалары мен лагерлеріне шабуыл жасады».

Расында, қайтар күні таяған АҚШ әскерінің ауған тәліптеріне соққы жасағаны шындық екен. Шабуыл туралы ақпарат тарағалы Пентагонның ресми өкілі, АҚШ Әскери-теңіз күштерінің тыл адмиралы Джон Кирби брифинг өткізіп, оқиға туралы мәлімдеме жасаған: «Біз соңғы күндері Ауған ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік күштерімен (ANDSF) бірлесіп, «Талибан» радикалды ұйымына қарсы тек әуе соққысын жасадық. Бірақ шабуыл­дың техникалық ерекшелігі мен нәтижесі туралы егжей-тегжейлі айта алмаймын», – деген болатын Джон Кирби.

Алайда «CNN» арнасының тілшілері Пентагонның ресми өкілдерінен әскери операцияның негізгі мақсатын нақтылай алыпты. Оның себебі мынада екен. АҚШ пен НАТО әскері елге келгелі Ауған ұлттық қорғаныс және қауіпсіздік күштеріне (ANDSF) тәліптерден қорғануы үшін құнды әскери техникаларды табыстаған болатын. Олардың арасында әуе қорғанысын қамтамасыз ететін және танкі шабуылына қарсы қарулар бар-тұғын. Қызығы, уақыт өте «Талибан» ұйымы сол маңызды әскери техникаларды күшпен қолға түсіріп, қарсы қол­дануға көшкен. Сондықтан АҚШ дрондарының соңғы 3-4 әскери операциясы тәліптердің қолында қалған осы маңызды техникаларды жоюға бағытталыпты.

Жалпы тәліптер ел аумағында ықпалын күшейтіп келеді. Оған қоса АҚШ әскерінің елден шығатын күні белгілі болғасын көптеген әскери техника мен аумақ содырлардың иелігіне көшкен. Бұған дейін АҚШ билігі Ауған жерінен сарбаздарды шығару ісі 95 процент орындалғанын айтса, Джо Байден тамыздың соңына дейін бар әскерді кері қайтаратынын мәлімдеген. Тек 650 әскер ғана елшілік пен халықаралық Кабул әуежайының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, АҚШ-тың Ауғанстандағы дипломатиялық байланысын тұрақтандыру үшін қалатын болады.

«Сәрсенбіде штаб басшыларының Біріккен коми­тетінің төрағасы генерал Марк Милли Ауғанстандағы  тәліптер 419 аймақтың 213-не иелік ететінін мәлімдеді. Содырлар 34 аймақтың орталық қаласын жаулап алмаса да аймақ­аралық қатынасты тежеу арқылы қиындық тудыруда. Тіпті генерал «Шамасы, стратегиялық серпін тәліптерге тиесілі сияқты. Лаңкестердің барлық аймақ пен әскерилерді өзіне қаратуы мүмкін. Біз мұқият бақылап отырмыз» деп, аймақтағы ахуалдың шын мәніндегі көрінісін сездірді.

Тәліптерге әуе соққысының жиілеуі де тегін емес секілді. Себебі қазіргі уақытта Байден әкімшілігі АҚШ әскеріне тілмаш болған ондаған мың аудармашы мен олардың отбасын эвакуациялауға әзірлік жасау­да. Аудармашылар АҚШ-қа қоныс аудару үшін арнайы иммиграциялық виза алуға (SIV-ауд.) өтінім беруге көшкен. Көбісі Ауғанстанда АҚШ әскеріне көмектес­кендіктен келешек өмірі үшін қорқып отыр.

Түпнұсқадан аударып, шолу жасаған

Ерсін ШАМШАДИН

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: