Сейсенбі, 23 сәуiр, 21:25

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

«Көлеңкелі экономиканың» көлеңкесі

28.09.2021

3545 0

Елімізде осы жылдың 8 айында 1508 экономикалық құқық бұзушылық анықталса, оның 803-і ауыр және аса ауыр қылмыстар санатына жатады. Ал экономикалық құқық бұзушылық дегенді ел қаржысын азайтуға бағытталған қадам деп түсіну керек. Бұл ақпарды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов мәлім етті. Ақорданың баспасөз қызметі таратқан ақпаратта биыл 36 ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетіне тосқауыл қойылғаны айтылған. Сондай-ақ алкоголь өнімдерін шығаратын 26 жасырын цех пен 224 заңсыз ойынхана жабылғаны да белгілі болды.

Мақаланың әлқиссасына басқа емес Президент баспасөзі таратқан ақпаратты негіз етіп отырмыз. Өйткені «көлеңкелі экономика» жеке адамның немесе ұйымдасқан бір топтың ғана қалтасын қалыңдатады. Одан елге, мемлекетке келіп-кетер пайда жоқ. Сондықтан да құзіретті органдар жасырын, заңсыз ашылған «кәсіпкерлікті» жабуға мәжбүр.

Құзырлы органдардың әрекетіне, экономикалық құқық бұзушылықпен күресіне тоқталмас бұрын «көлеңкелі экономика» дегеніміз не, соның мәнісіне үңілейік. Бұл терминді 2008 жылы Алматы қаласындағы «Жеті жарғы» баспасынан шыққан заңдық түсіндірме анықтамалықта мемлекет басқару органдарынан жасырылатын, заңсыз әлеуметтік-экономикалық қатынастар орнатуы арқылы жүзеге асырылатын экономикалық қызметке берілетін атау ретінде қарастырады. Оқырманға түсінікті болуы үшін бұл сөздің анықтамасын жеңілдетейік. Табысты жасыру, салықты төлемеу, контрабанда, наша сату, жалған қаржылық операция жасау, міне, осының бәрі «көлеңкелі экономикаға» жатады.

ҚЫЗЫЛОРДАДАҒЫ АХУАЛ ҚАЛАЙ?

«Көлеңкелі экономикаға» келгенде Сыр өңіріндегі ахуал қалай? Аймақ қазынасына зиян келтіретін заңсыз әрекеттер болды ма? Бұл сұрағымызға Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті жауап берді.

Құзыретті орган берген мәліметте жыл басынан бері экономикалық және қаржылық қылмыстар аясында 66 қылмыстық істің өндірісі жүргізілген. Олардың 57 проценті аяқталған. Аяқталған істердің жартысынан астамы ауыр және өте ауыр істер болып табылады екен. Аяқталған қылмыстық істер бойынша мемлекетке келтірілген залал мөлшері 2 млрд теңгені құраған. Оның қаржылай 276,8 млн теңгесі өндіріліп, 1,2 млрд теңгенің мүлкіне тиым салынды.

Мемлекеттік бағдарламалар аясында бюджеттен бөлінген қаражатты жымқырудың 10 дерегі анықталған. Жалпы анықталған ауыр қылмыстардың негізгі бөлігін бюджет қаражатын жымқыру бағытындағы істер құрайды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал мөлшері 160,3 млн теңге, өндірілген залал – 46,8 млн теңге.

Республика көлемінде жүргізіліп жатқан «Стоп обнал» жедел профилактикалық шаралар шеңберінде мүліктік пайда алу мақсатында жеке кәсіпкерлік нысанының іс жүзінде жұмыстар орындалмай, қызметтер көрсетілмей, тауарлар тиеп-жөнелтілмей жалған шот-фактура жазу бойынша – 13 дерек анықталған. Өндірісі аяқталған 12

қылмыстық істің 11-і сотқа жолданды. Аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал мөлшері 1,2 млрд теңге, өндірілген залал – 149,4 млн теңге. Сонымен қатар қылмыстық істерді тергеу барысында салықтық есептілікке түзету жүргізу арқылы 125,7 млн теңге қайтарылған, оның 17,8 млн теңгесі ақшалай қаражат түрінде бюджетке өндірілген.

«Көлеңкелі» экономиканың салдарынан аса ірі көлемдегі қаржы көздері бақылаудан тыс қалып, мемлекеттің экономикасына үлкен қауіп төндіріп отыр. Бұл бағыттағы заңсыздықтың кең тараған түрі – кәсіпкерлік нысандарының салықтан жалтару және «қолма қол ақша» алу мақсатында ресми бухгалтерлік құжаттарда шаруашылық әрекеттерді көрсетпеуі болып табылады. Яғни мүліктік пайда алу мақсатында жеке кәсіпкерлік нысанының іс жүзінде орындалмаған жұмыстарға, көрсетілмеген қызметтерге, тиеп-жөнелтілмеген тауарларға жалған шот-фактура жазуы. Қолма қол ақша алуға қатысты осындай қылмыстармен күресу кәсіпкерлік субъектілерінің қызметтері бойынша ақпараттардың жабық болуына байланысты күрделі болып келеді. Соған қарамастан, экономикалық тергеу органдары аталған бағытта жұмыстарды белсенді жүргізуде. Республика бойынша талдау көрсеткендей, негізі, 2017 жылдан бастап, қаржыны қолма-қолға айналдырудың өсуі байқалады. Мемлекеттік сатып алу саласында, квазимемлекеттік секторда көлеңкелі айналым өте жоғары. Жымқырылған ақша қаражатының үлкен көлемі қолма-қолға айналдырылғаннан кейін республикадан сыртқа шығарылатынын ескерсек – бұл мемлекетке келтірілетін үлкен залал.

Экономикалық тергеп-тексеру департаменті жыл басынан бері салық төлемдерін төлеуден жалтару бойынша 9 қылмыс анықталып тіркелгенін, оның ішінде 5 істің аяқталғанын жеткізді. Аяқталған қылмыстық істер бойынша анықталған залал мөлшері 513,8 млн теңге, өндірілгені – 74,4 млн теңге.

Мұнайлы өңірдің бірі Қызылордада мұнайдың заңсыз айналымына қатысты қылмыстық құқықбұзушылықтар тоқтамай тұр. Республикалық «Баррель» профилактикалық жедел іс-шаралар шеңберінде осы жылдың 9 айында мұнайдың және мұнай өнiмдерiн шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалдау және сатудың 2 дерегі анықталды, өндірістен аяқталып, сотқа жолданған.

Өкінішке орай заңсыз ойын бизнесі Сыр өңірінде де бар. Сарапшылардың бағалауы бойынша, осы саладағы жылдық көлеңкелі табыс 60 млрд теңгеден асады екен. Қызылордадағы экономикалық тергеп-тексеру дапартаменті 9 айда 7 қылмыстық істің өндірісін жүргізді. Жедел іздестіру шаралары нәтижесі бойынша тіркелген бұл істердің 6-ауы аяқталып, сотқа жолданған. Айналымнан 57 дана монитор, 54 дана процессор, 2 дана ғаламтор модемі, 1 дана желілік модем, 3 дана бейне тіркегіш, 1 дана электронды рулетка, 1 дана чек принтер, 1 дана лазерлі чек сканер, 2 дана «Айфон-6» ұялы телефоны және 262 100 теңге қаражат алынды.

Аймақтағы экономикалық тергеп-тексеру департаменті берген мәліметтерге қарағанда Қызылордадағы ахуалдың да жетісіп тұрғаны шамалы. Бюджет қаржысына көз аларту, заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру, мұнайдың заңсыз айналымына жол беру секілді деректер тіркелген.

МАМАНДАР НЕ ДЕЙДІ?

Ғалымжан КЕРІМБЕК,

экономика ғылымдарының кандидаты, профессор:

«ЖЕМҚОРЛЫҚТЫҢ ЖОЛЫН КЕСУ ҮШІН АШЫҚ ҚОҒАМҒА ҚАДАМ БАСУ ҚАЖЕТ»

– Бүгінгі таңда «Көлеңкелі экономиканың» көлемін төмендету шаралары – мемлекет алдында тұрған маңызды мін-деттің бірі, атап айтқанда, бюджет есебінен қалыс қалып, басқа бір адамның қалтасына түсетін жасырын табыстарды анықтау және оны мемлекет қазынасына қайтару маңызды мәселе. Жемқорлықтың жолын кесу үшін ашық қоғамға қадам басу қажет.

Бұл экономикалық түсінік негізінен бюджеттен теріс айналып, салық төлеуден жалтаратын сектордың үлесіндегі қаржыны қамтиды. Жалған кәсіпкерліктің дамуы, экономикалық қылмыстарда осы «көлеңкелі» тұсқа келеді. «Көлеңкелі экономиканың» басым бөлігін бейресми жолмен өндірілетін тауарлар мен заңсыз көрсетілетін қызметтер құраса, ал қалған бөлігі «жасырын» қызмет көрсетулерге тиесілі.

«Көлеңке» жайлаған экономиканың бір саласы – жылжымайтын мүлік нарығы. «Жылжымайтын мүлікпен операция саласындағы «көлеңкелі» тұстың басым бөлігі салықтан жалтарады. Бұл қызметтерді бақылау қиынырақ, себебі басым көпшілігінің табысы есепке алынбайды, жасырын түрде беріледі, ал заңның талабы бойынша жеке табыс салығын төлеп, салық қызметі органдарының есебінде тіркелуге міндетті.

«Көлеңкелі экономика» ең алдымен экономикалық өсуге кері әсер етеді. Әлемдік тәжірибеде мұндай құбылыс экономиканың 10 процентінен аспауы тиіс жөнінде тұжырым бар. Ал біздің елде бұл мәселе біраз күрделенген сипатта. Осыған орай, арнайы кешенді жоспар әзірленіп, осы бағдарламаны жүзеге асыру шаралары орындалуда.

Аталған жоспар бойынша «көлеңкелі экономикамен» күресте жалпы жүйелі түрдегі шаралар мен экономика салаларындағы «көлеңкелі» өндірісті қысқарту шаралары қарастырылды, яғни салықтан, кедендік төлемдерден жалтаруды болдырмау, мемлекеттік қаржыландыру саласын тиімді басқару, кәсіпкерлік ортаны жақсарту жұмыстары қамтылды. Ал экономикадағы «көлеңкелі» өндірісті қысқарту бағытында сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік және жылжымайтын мүлік пен өнеркәсіп салалары бойынша операцияларға ең бірінші кезекте баса назар аудару қажет.

Сонымен қатар елімізде салықтарды төлеуден жалтарудың, «қолма-қол ақша операцияларының» және жалған кәсіп-керліктің жолын кесу және ескерту бағытында қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізілді. Елімізде электронды шот-фактураларды тапсыру қолға алынды.

«Көлеңкелі экономикаға» аса үлес қосатын сала – сауда, ал сауданың жүйесі – базар. Базардағы еркін сауданы қадағалау қиын. Осыған қатысты мәселелерді шешу үшін сауда базарлары кезең-кезеңімен заманауи форматқа көшірілуде.

Халық қолма-қол ақшасыз есеп айырысуға толық көшуі тиіс. Сондай-ақ азаматтардың салықтық мәдениетін көтеру керек. Біздің елдегі салықтық жүйенің деңгейі, мөлшері дамыған елдермен салыстырғанда төмендеу. Бүгінгі күнге дейін жұмыскерлеріне жалақыны қолма-қол беретін ұйымдар бар. Бұл жүйе дамыған елдерде осыдан жарты ғасыр бұрын тоқтатылған. Ертең зейнетақымды қалай аламын дегендей, өз құқықтарын қорғай алмайды, үндемейді және өзінің құқығын талап етпейді. Бәрі де қарапайым нәрседен басталады. Өзін-өзі қорғай алмаудың салдары жалған кәсіпкерлерлікке жол ашады. Сондықтан миллиардтаған сомаларды салық ретінде мемлекетке төлемеуге тырысады. Оның арғы жағында әлеуметтік мәселе, елдің зейнетақысы бар. Мұны ойлайтындар аз. Осындай түсінік мәдениеттің төмендігін білдіреді. Дамыған елдерде салық төлемеу – үлкен қылмыс. Халықтың сана-сезімінде осылай қалыптасқан. Кейбір елдерде салықтан жалтару – кісі өлтіргенмен тең, адам тонағанмен пара-пар қылмыс.

Салықты уақытысында төлеу міндет болып саналады. Себебі уақытысында төленбеген салықтың айыппұлы мен өсімпұлы өте жоғары болады. Қазақстан Республикасында салықты мерзімінде төлеу әрбір азаматтың парызы болуы тиіс, яғни төленген салық арқылы дер кезінде ата-әжелеріміз зейнетақысын, аналарымыз әлеуметтік жәрдемақыларын, мемлекеттік қызметкерлер жалақысын, ал білім алушылар (студент, магистрант, докторант) шәкіртақыларын алатынын ескеруіміз, сонымен қатар егемен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін өзіндік бір үлес қостық деп есептеуіміз қажет.

Сондықтан Адам Смит: «Салық – төлеушілер үшін құлдықтың емес, бостандықтың белгісі» – деп жазды. Философ Ф.Аквинский философиялық тұрғыдан «Ерік берілген тонау нысаны» ретінде анықтады. АҚШ-тың тәуелсіздік декларация авторларының бірі Франклин: «Өмірде салық пен өлімнен қашып құтыла алмайсың» деп атап көрсетті. АҚШ-та екі мейрам бар: біріншісі туған күні; екіншісі салықты төлеген күні. Мұндағы мақсат – дамыған мемлекеттер үшін салық төлеу белгілі бір дәстүр ретінде қалыптасқан. Осы дәстүр біздің елімізде де қолға алынса деген ұсынысымыз бар, біз алған несиеміз үшін төлемді төлеу күнінен алдын-ала төлейміз, оны ұмытпаймыз, себебі өсімақы есептелетінін білеміз. Ал салыққа келгенде енжарлық танытамыз, қай кезде төлеу керек екенін де естен шығарамыз. Мемлекет тарапынан да қысым жоқ, өйткені заңды және жеке тұлғалар тапқан табыстарының бір бөлігін салық ретінде аударуы тиіс, ал бұл аударым ерікті және саналы түрде жүзеге асырылуы қажет. Сондықтан үкімет жағынан жасалған бұл көмекті кері пайдаланбай, мақсатқа сай мерзімінде іске асыру керек. Сонда ғана тәуелсіз мемлекетіміздің алдыңғы қатарлы дамыған 30 мемлекеттердің қатарынан ойып тұрып орын алар жайы бар.

Абай ШАЙНҰРОВ,

экономика ғылымдарының кандидаты:

«ЭКОНОМИКАҒА ҚАТЕР ТӨНДІРЕТІН ҚАУІП»

«Көлеңкелі экономика» – экономикалық және ұлттық қатер төндіретін, мемлекет дамуына үлкен зиян келтіретін елдің қазіргі таңдағы күрделі проблемасының бірі.

Көлеңкелі экономиканы мынадай үлкен үш блокқа бөлуге болады:

1. Ресми емес экономика. Бұл бұрын жасалған ұлттық табыстың жасырын түрде қайта бөлінуіне алып келетін, «ақ» экономика қызметкерлерінің өз жұмыс орындарында жасайтын заңға қайшы іс-әрекеттері. Ол пара алу, жемқорлық, алаяқтық, т. б. болуы мүмкін. Қоғам көзімен қарасақ, «көлеңкелі экономиканың» бұл түрі қызметтер мен тауар түрлерін өндірмейді, бір адамның пайдасы екінші адамның пайдасы арқылы келіп отырады.

2. Фиктивті экономика («сұр» көлеңкелі экономика). Заңмен рұқсат етілген, бірақ тіркелмеген қызметтер мен тауар өндіруге байланысты экономикалық іс-әрекеттер. «Көлеңкелі экономиканың» бұл секторында өндірушілер салықтан, лицензия алуға байланысты, т. б. шығындардан жалтару үшін саналы тұрде ресми есепке тұрудан қашқақтайды немесе бұндай қызмет түрлері туралы есеп мүлдем қарастырылмайды.

3. Қылмыстық экономика («қара» көлеңкелі экономика). Бұл заңмен шектелген, аса тапшы және тиым салынған қызмет пен тауар түрін өндіруге және айналымға жіберуге байланысты экономикалық іс-әрекеттер болып табылады. Қылмыстық экономикаға ұрлық, тонау, рэкет, наркобизнес, ұйымдасқан қылмыс, т. б. іс-әрекеттер жатқызылады.

Халықаралық тәжірибеге сәйкес, рәсімдерді оңайлату және көлеңкелі айналымдар үшін тиімсіз ортаны құру қадағаланбайтын экономика деңгейін төмендетудің тиімді құралы саналады.

Осыған байланысты салықтық ынталандыру, есепке алуды жетілдіру, цифрландыру және бизнес үшін рәсімдерді оңайлату бағыттары бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

Салық салу саласында кірістерді есепке алудың ашықтығын ынталандыру, арнайы салық режимдерін жетілдіру, салықтық әкімшілендіруді оңайлату жөнінде шаралар қабылданды. 2019-2020 жылдары онлайн кассалық машиналар қолданысқа енгізілді. Бұл ретте, онлайн кассалық машиналарды сатып алуды жеңілдету үшін ынталандыру берілді, яғни кассалық машинаның құны салық сомасынан шегеріледі. Осылайша шығындар өтеледі.

Патент бойынша арнайы салық режимін қолданатын кәсіпкерлер үшін саудадағы қолма-қол ақшасыз айналымдарға арналған мөлшерлеме 2 проценттен 1 процентке дейін төмендеді.

Сауда саласы оңайлатылған декларация бойынша режимге ауыстырылды. Жаңа тіркелген шегерім режимі енгізілді.

Бұл ретте, соңғы 2 жылда арнайы салық режимдерін қолданатын кәсіпкерлер саны 20%-ке артып, 1,2 млн төлеушіге жетті.

Тіркеу және төлемдерді төлеу ыңғайлы болу үшін бірыңғай жиынтық төлем енгізілді. Шағын және орта бизнес үшін талап қою мерзімі қысқарды (5 жылдан 3 жылға дейін).

Салықтық тексерулерді қысқарту үшін тексерулердің орнына есептілік қағидаты бойынша арнайы мониторинг енгізілді. Арнайы бақылау шоты арқылы қосылған құн салығын жедел қайтару көзделген.

Осы шараның барлығы есепті тапсыруға жұмсалған уақыт көрсеткішінің 30 процентке жақсаруына ықпал етті.

Есептілікті алдын ала декларациялау ұсынылады. Яғни салық органдары салық төлеушілерге декларация толтыруға көмектеседі. Бұл ретте, ақпарат мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің деректер базасынан алынады.

Сондай-ақ жеке кәсіпкерлер үшін бухгалтерлік есепті алып тастау және салық есебін оңайлату ұсынылады. Бұл арнайы салық режимдеріне қатысты болады.

Өз есебін цифрландырған салық төлеушілерді тексеру үшін тәуекел дәрежесін төмендету ұсынылады. Есепті жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұл – статистикалық есептілікті тапсыру процесін оңайлату және бақыланбайтын экономиканы бағалау әдістемесін жетілдіру.

Ірі және орта кәсіпорындар барлық есепті электронды нысанда тапсырса, шағын кәсіпорындардың жартысы есепті электронды түрде тапсырады.

Жалпы алғанда, 2014 жылдан бастап жүйелі негізде жүргізілген заңнамалық реформалар нарыққа кіруді оңайлату, реттеуші ортаны жетілдіру, әкімшілік кедергілерді алып тастау және рәсімдерді оңайлату бойынша қолайлы жағдайлар жасауға мүмкіндік берді.

Нарыққа кіруді оңайлату үшін лицензиялар мен рұқсаттар саны екі есеге қысқарды, кәсіпорындарды тіркеу оңтай-ландырылды, банктің ағымдағы шотын онлайн ашу енгізілді.

Шағын және орта бизнес нысандары үшін тіркеу алымы, мөрдің болуы туралы талап, сондай-ақ жаңа құрылыс нысанын тіркеу кезінде техникалық паспортты ресімдеу қажеттілігі алынып тасталды.

Техникалық жағынан күрделі емес нысандар бойынша бірқатар құжат пен сараптама алынып тасталды, электр желілеріне қосу кезіндегі рәсімдер қысқарды, жер учаскелерін беру кезінде «бірыңғай терезе» қағидаты енгізілуде.

Сатып алу-сату мәмілелерін тіркеу, техникалық шарттар беруге өтініш беру және талап арыз беру электрондық нысанға ауыстырылды.

Әкімшілік кедергілерді одан әрі қысқарту және рәсімдерді оңайлату бойынша мынадай шаралар қабылдау жоспарлануда. Артық талаптарды қысқарту мақсатында кәсіпкерлер мен бизнес-қауымдастықтардың шағымдары бойынша мемлекеттік органдардың тиімсіз актілерінің күшін жою немесе тоқтата тұру тетігін енгізу ұсынылады. Яғни бизнеске кедергі келтіретін шешімдер тез күшін жоюы және түзетілуі мүмкін.

Қызметтерді цифрландыру шеңберінде бизнес үшін барлық қызметті толық электрондық нысанда қамтуды қамтамасыз ету ұсынылады.

Бизнесті қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғасады.

Қалай десек те, «көлеңкелі экономика» ел экономикасына қатер төндіріп отырған қауіп екенін ұмытпау керек. Сондықтан да мемлекеттің жүйелі түрде күрес жүргізіп, арнайы бағдарлама қабылдағанын дұрыс қадам деп санаймын.

Асылхан АНДАШОВ,

«GSB UIB» бизнес мектебінің менеджері, экономист:

«КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАҒА» ҚАРСЫ КҮРЕС НӘТИЖЕСІН БЕРІП КЕЛЕДІ»

– Қазақстандағы «көлеңкелі экономика» көлемі 2020 жылғы ресми ақпарат бойынша ЖІӨ-нің 21 процентіне тең болған еді, ал 2019 жылғы ресми ақпарат бойынша ол ЖІӨ-нің 30 процентін құраған. Ресми деректердегі көрсеткіштерге қарағанда, «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес нәтижесін беріп келеді.

Былтырғы кедендік және салықтық түсімнің төмендеуіне пандемия себеп болып отыр. Бірақ елдегі «көлеңкелі экономиканың» басым бөлігі Қытаймен арадағы сауда-саттыққа тиесілі. Мысалы, бұған дейін Қытайдың Қазақстанға экспорт көлемі мен Қазақстанның көрші елден сатып алған тауар айналымында 7 млрд доллар айырмашылық анықталған. Бұл қаражат Қазақстанның бір жылдық бюджет табысының төрттен бірі бөлігіне тең. Әрине, бұл қаражат көлеңкелі айналымнан шықса, бюджет бүйірі толысып қалар еді. Ең қызығы, пандемия кезінде шекаралар жабылып жатқан уақытта Қытайдан Қазақстанға келетін көлеңкелі сауда көлемі көбеймесе, азайған жоқ. Осы ретте әлемдік озық тәжірибені ескерген жөн. Мысалы, Грузия салық жүйесін цифрландыру, жеке кәсіпкерлерге салықты азайтып, оны төлеуді жеңілдету арқылы салықтық түсімдер көлемі ЖІӨ-нің 20 процентіне жетті. Қазір Грузия «Нөл терезе» заңнамасын қолға алды. Онда кез келген транзакция автоматты түрде саналып, салық алынып отырады. Тіпті біздің ел енді ғана көшкен декларация толтыру әдісі де оларға енді қажет емес. Ал Қытайда көлеңкелі экономикамен күресу мақсатында қосымша құн салығын 2 процент кэшбек ретінде қайтару жолға қойылған. Мысалы, Қытай азаматы 20 мыңға азық-түлік алады да чекті арнайы сайтқа тіркейді. Сөйтіп, 400 теңге өзіне кайтарылады. Бұл бастама халықтың чек талап етуіне, сол арқылы салықтық түсімнің тұрақты жүргізуілуіне мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан үшін сыртқы саудада Еуразиялық экономикалық одақ – Еуроодақтан кейінгі екінші ірі нарық. Сондықтан бұл одақпен де саудадағы ашықтықты қамтамасыз ету аса маңызды. Бірақ аталған одақтан шығатын тауар өндірушілер таңбалаудан бас тартады. Былтыр Еуразиялық экономикалық одақ елдерімен барлығы 19,7 млрд долларға сауда жасадық, оның 5,5 млрд доллары біздің оларға сатқанымыз болса, 14,2 млр-ды сатып алғанымыз екен.

СӨЗ СОҢЫ

Жуырда халықаралық «Түркістан» газетінде Еркежан Айтқазының: «Көлеңкелі экономика»: жарыққа шығарудың жолы қандай?» атты мақаласы басылды. Осы мақалада «көлеңкелі экономика» салдарынан 2020 жылы бюджетке келген шығын көлемі 617 млрд теңге болғаны көрсетілген. Сонымен бірге заңсыз қаржы айналымына тосқауыл қойылмаса, 2025 жылы мемлекет қазынасы 1,2 трлн теңгеден қағылуы мүмкін екені де айтылған.

2025 жылы келетін шығынның болжамы туралы ауыз ашпай-ақ қояйық, бірақ өткен жылғы шығынды сөз етпеу мүмкін емес. 617 млрд теңге деген қарапайым адамның өңі түгіл, түсіне де кірмейтін қаржы. Мұндай ақшаны анау-мынау адам өңінде көрсе естен танатын шығар.

Мұнша қаржыға не істеуге болады? Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Қызылорда облысының орталығына ең жақын аудан Сырдарияны назарға алайық. Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің осы жылдың 26 қаңтарындағы №7 санына осы ауданның бұрынғы әкімі Талғат Дүйсебаевтың өткен жылғы атқарған жұмысының есебі басылған. Әкімнің есебінде аудан бюджеті биылғы жылға бекітілген аудан бюджеті 11 млрд теңгені құрағаны көрсетілген. Бұл ауданның халқы шамамен 40 мың адам. Жылдық бюджетке бекітілген сомма 40 мың халқы бар ауданды бір жыл асырауға жететінін әкім есебін оқыған адам түсінеді. Сонда «көлеңкелі экономиканың» кесірінен мемлекет қазынасына құйылмай қалған 617 млрд теңгеге Сырдария сияқты қанша ауданның халқын асырауға болады? Мұның жауабын білу үшін данышпан болудың қажеті жоқ. Тек 617 млрд теңгені 11 млрд-қа бөлсек жетіп жатыр. Есептегіш құрал бұл есептің теңдігін 56 болатынын көрсетті. Бұдан 617 млрд теңге Сырдария сияқты 56 ауданның жылдық бюджетіне тең екенін аңғаруға қиын емес. Енді шыққан теңдікті 40 мыңға көбейтейік. Бұл – біз мысалға алған ауданның халық саны. Есептегіш 2 млн 240 мың-ды көрсетті. Сонда «көлеңкелі экономикаға» жұтылған қаржы бір жыл бойы 2 млн 240 мың адамды қаржымен қамтуға жетеді екен. Мұның ішінде аудандағы жұмыс істейтін тұрғындардың айлық табысы, зейнеткерлердің зейнетақысы, көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға берілетін жәрдемақы бар. «Көлеңкелі экономиканың» қаншалықты кесірі тиетінін осыдан-ақ аңғаруға болады.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: