Жұма, 26 сәуiр, 19:34

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Сыр мұнайы қанша тұрады?

11.05.2023

1138 0

Еліміздегі мұнайлы аймақтың бірі – Қызылорда. Соңғы кезде Сыр мұнайы сарқылып, суы көбейіп кетті деген әңгіме желдей есіп жүр. Оның үстіне Қызылорданың мұнайы басқа аймақтармен салыстырғанда әлдеқайда арзан деген де сөз бар. 

Қызылорда облысын Қырымбек Көшербаев басқарған тұста да айтылды осы жайт. Сөзіміз дәйекті шығуы үшін 2017 жылдың ақпан айында облыстық «Сыр бойы» газетіне жарияланған «Қызылорда облысының 2016 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қо­ры­тындыларын» алға тартайық. Онда:«2016 жылы өнеркәсіп өндірісі өні­мінің көлемі 645,1 млрд теңгені құрады, бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 9,8%-ға кем. Оған барланған мұнай кеніштеріндегі қордың сарқылуына байланысты өнім өндіру көлемінің азаюы және әлемдік мұнай бағасының арзандауы ықпал етіп отыр. 2016 жылы барлығы 7,7 млн тонна мұнай өндіріліп, 2015 жылмен са­лыс­тырғанда 1,3 млн тоннаға немесе 2014 жылмен салыстырғанда 2,2 млн тоннаға кеміді. Өңірдің мұнай өндіруге тәуелділігін ескере отырып, сонымен қатар экономика құрылымын өзгерту біршама уақытты талап ететіндігіне бай­ланысты минералды шикізат ба­засын әрі қарай дамыту және жаңа кен орындарын игеру жұмыстары жалғасуда», – деп жазылған.

Жақында сенатор Руслан Рүстемов те Парламент қабырғасында Сыр мұнайы хақында мәселе көтеріп, Премьер-министрге депутаттық сауал жолдады.  Халық қалаулысы әлеуметтік желіге: «Сенаттың бүгінгі пленарлық отырысында Қызылорда облысына бө­лінген мұнай экспорты квотасын 50%-ке ұлғайту мүмкіндігін қарау жөнінде Премьер-министрдің атына депутаттық сауалымды жолдадым. Қазіргі уақытта Қызылорда облысында мұнай өндіру көлемінің төмендеу үрдісі байқалуда. Соңғы 8 жыл­да мұнай өндіру 60%-ке қысқарды. Облыста 2013 жылы 10,5 млн тонна мұнай өндірілсе, 2023 жылы болжамды деректер бойынша 3,5 млн тоннаны құрайды. Қызылорда облысындағы мұнай өндіруші ком­паниялар мұнай өнімдерінің 80% ішкі нарыққа, қалған 20% экспортқа өткізуде. Мұнайдың ішкі нарықтағы құны 2 есе төмен екені белгілі. 2017 жылдан бері Энергетика министрлігі Қызылорда облысына мұнай экспорты квотасын ұлғайту мәселесі «Кеңкияқ-Атырау» реверсі жобасы іске қосылғаннан кейін ғана техникалық мүмкін болады деген ұстанымда болып келді. Бұл жоба Қызылорда облысының жер қойнауын пайдаланушыларының ішкі нарыққа мұнай жеткізу жүктемесін 80%-тен 50%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік беруі тиіс еді. Алайда 2021 жылы атал­ған реверс қолданысқа берілгенімен Энергетика министрлігі Қызылорда облысында мұнай көлемінің сар­қылуына байланысты квотаны ұл­ғайтудың мүм­­кіндігі жоқ екендігін білдіріп отыр. Демек Энергетика министрлігі Қызылорда облысындағы мұнай қоры бойынша болжамды есебін неге дұрыс жоспарламаған деген сұрақ туындайды. Осы ұстанымның салдарынан өңірдегі мұнай өндіруші компаниялар және олар­дағы сервистік мекемелер қиын жағдайда қалып отыр. Мұнай сала­сындағы сервистік мекемелердің тарифі соңғы 10 жылда индекстелмеген. Аталған түйткілді мәселе Үкімет тарапынан егжей-тегжейлі қаралып, қолдау тапқан жағ­дайда Қызылорда облысындағы бірқатар өзекті әлеуметтік проблема­лардың шешімі табылатыны анық», – деп жазба қалдырған.

Қарап отырсақ, Қызылордадағы мұ­най сарқылып барады деген мәселенің көтерілгеніне де біршама уақыт болған. Әлі айтылып келеді. Соған қарамастан мұнай ком­паниялары өз жұмыстарын жал­ғас­тыруда. Демек Сыр мұнайы белгілі бір деңгейде сатылымға шығуда деген сөз. Ішкі нарыққа да, экспортқа да шығуда. Сонда Сыр мұнайы қаншадан бағалануда? Бұл сұрақтың жауабын ұлттық статистика бюросының дерек­терінен табуға болады.

Күні кеше Egemen.kz-те ұлттық статистика бюросының деректерін арқау еткен «Мұнай бағасы қымбаттады» деген хабар жарияланды. Онда сәуір айында мұнай 2022 жылғы сәуірге қарағанда 7,6 пайызға қымбаттап, тоннасына 96,1 мың теңгеге жетті деген дерек келтірілген. «Еліміздегі ең қымбат баға Атырау облысында. Онда шикізат тоннасы 96,7 мың теңгеге бағаланған. Маңғыстау облысында баға 94,8 мың теңгені құраса, Қызылорда облысында тоннасына 94,4 мың теңге. Ақтөбе облысында тоннасына 93,5 мың теңге, – делінген  Egemen.kz-те жарияланған ақпарда.

Бұл деректерге қарап, Сыр мұнайы­ның қаржылық жағынан бағалануы Атырау мен Маңғыстаудан кейінгі орында екенін аңғаруға болады. Тіпті Маңғыстаумен пара-пар екенін, бар-жоғы 4 тиын ғана төмен сатылғанын көріп отырмыз. Бірақ біздегі мұнай­шылардың жалақысы Маңғыстау­дағы мұнайшылардың жалақысына тең бе? Мәселе осында жатыр. Біз бұл сұраққа әлі де ораламыз.

Әзиз ЖҰМАДІЛДӘҰЛЫ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: