Сәрсенбі, 24 сәуiр, 12:24

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№32 (2042)
23.04.2024
PDF мұрағаты

Кәсіп ашсаң ауылда аш, жұмыссыз адам азаяр

15.02.2022

924 0

Қаламыздағы кәсіпкерлер саны жыл санап артуда. Бәсекелестікке құрылған нарық заманында үлкенді-кішілі жергілікті кәсіпкерлердің ынтасына қуандық.

Қалаға қарасты ауылдардағы кәсіпкерлік жайын пресс-тур барысында көзбен көрдік.

Соңғы жылдары облыс орталығында бизнестің қарқынды дамығанын байқауға болады. Қала мен ауылда шағын кәсіп ашқысы келетіндердің саны көбеймесе, азайған жоқ.

Қаламызда кәсіпкерлікті жолға қойып, мемлекеттік бағдарламаның игілігін сезінген жандардың бір шоғыры Қызылжарма ауылында. Мұнда азаматтарды жұмыспен қамтып, ел ішіндегі жұмыссыздықты азайтуға үлес қосып отырған кәсіпкерлер аз емес. Соның бірі – Перизат Әлімбаева.

Ол былтыр өз қаражатымен азық-түлік дүкенін ашып, қаражат айналымын толықтыру мақсатында «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 3 млн теңге көлемінде қаражат алып халыққа қызмет көрсетіп отыр.

– Бұған дейін дүкендерде сатушы болып жұмыс істегенмін. Кейін ойлана келе өзімді де, өзгені де тұрақты жұмыспен қамтуды мақсат етіп, кәсіпкерлікке бет бұрдым. Сөйтіп, мемлекеттің қолдаумен дүкен ашып, бір адамды жұмыспен қамтып отырмын. Алдағы уақытта кәсібімді кеңейту жоспарымда бар, – дейді кәсіп иесі.

Қызылжармалық тағы бір кәсіпкер Гүлназ Құдайбергенова да өткен жылы «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында «Қызылорда өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы» ЖШС арқылы 6%-пен алты млн теңге қаржы алған. Бүгінде ол «Автокөлік жуу орталығының» құрылысын жүргізуде.

– Ауылдық округте заманға сай автокөлік жуу орталығын ашу тың идея болды. Өйткені шеткері аумақтар қарапайым автокөлік жуу орталықтарымен де қамтылмаған. Орталық Қызылжармадағы үлкен көше бойында орналасқан. Бұл жермен үлкен жүк көліктері жиі өтеді. Тиімділігі де осында болып тұр. Әзірге қаңқасын тұрғызып қойдық. Құрылысын көктемде аяқтауды жоспарлаудамыз, – деді кәсіпкер.

Осы тұста айта кету керек, былтыр қаламызда «Бизнестің жол картасы 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында 23,4 млрд теңгені құрайтын 1234 жоба қаржыландырылды. Онда қалаға қарасты елді-мекендер тарапынан жоба құны 1 млрд 753 млн теңгені құрайтын 45 жоба қолдау тапса, жаңа бизнес идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру бағыты бойынша жалпы құны 144,3 млн теңгені құрайтын 36 жоба грантқа ие болды.

Көріп отырғанымыздай, мемлекеттік бағдарламаның көмегін алғандар елдегі жұмысыздықтың азайып, кәсіпкерліктің одан әрі ілгерілеуіне ықпал етіп отыр. Қазіргі таңда шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға мемлекет тарапынан қолдау бар. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысамын деуші кәсіпкерлер үшін мемлекеттік бағдарламалар арқылы жеңілдікпен несиелер қарастырылған. Тек ынтаң мен ебің болса жеткілікті.

Мысалы, Қарауылтөбе ауылдық округінің тұрғыны Ғалым Жұмалиев 2014 жылдан бастап мал шаруашылығымен айналысып келеді. Ол 2019 жылы қой шаруашылығына ден қойып, «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасының көмегіне жүгінген. Бағдарлама аясында 10 млн теңге алып, оған 320 бас асыл тұқымды қой сатып алған. Бүгінде мал басы артып, жұмысы жанданған.

– Еңбек етемін деген адамға мемлекет тарапынан қолдау көп. Тек талпыныс пен табанды еңбек керек. Соның арқасында қазір мен малымның санын еселеп отырмын. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, соған орай жұмысшылар санын арттырсам деймін, – дейді кәсіп иесі.

Жалпы бұл ауылда төккен тер, еткен еңбектің рахатын көріп отырған жандар аз емес. Кәсіпкер Жомарт Ниязбаев та жылқы, сиыр шаруашылығын қолға алып, ата кәсіпті дамытып отыр. Ол осыдан бірнеше жыл бұрын «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға» арналған бағдарламасы аясында «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымынан 4 млн теңге, кейін 2020 жылы малды бордақылау бағытында «Сырдария-1» несие серіктестегі арқылы 6 процентпен 6 млн теңге қаражат алып, кәсібін жандандырған.

– Ата кәсіпті бастағанға дейін өзге салада жұмыс істедім. Алайда бір айлықпен күн көру оңай емес. Сол себепті өз кәсібімді ашуды ойға алып, мал шаруашылығымен айналысуды жөн санадым. Ата кәсіпті қолға алу ауыл тұрғындары үшін таңсық емес, – деді кәсіпкер.

Бүгінде кәсіпкер мал бордақылаумен айналысып келеді. Бие сүтіне сұраныстың жоғары екенін айтқан ол алдағы уақытта мұны да қолға алмақ.

Жалпы қазіргі таңда ауылдық жерлердегі кәсіп иелеріне қолдау да, жеңілдік те жеткілікті. Мәселен, қаламызда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясында жоба құны 1 млрд 425 млн теңгені құрайтын 149 жоба несиелендіру арқылы қаржыландырылды. Оның ішінде 45 жоба осы қалаға қарасты кент және ауылдық округтер тарапынан ұсынылып, сәтті жүзеге асты.

Мемлекеттік бағдарлама игілігін қосшыңыраулықтар да көруде. Мәселен, жеке кәсіпкер Айгүл Әбуова «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» көмек алып, өз ауласынан тігін шеберханасын ашқан. Бүгінде кәсіпкердің аяқ алысы жаман емес. Ол 2020 жылы тігін кәсібін дамыту мақсатында 2,5 млн теңге көлемінде несие алған. Қаржыға қажетті құрал-жабдықтар мен түрлі тігін машиналарын алып, қыз жасауы мен сәнді құрақ көрпе тігумен айналысуда. Бүгінде ол тігін шеберханасында екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Ал осы ауылдың тағы бір тұрғыны Ғалымжан Құлжанов мемлекеттік бағдарламаның көмегімен мал шаруашылығын дамытуда. Ол былтыр «Атамекен Қызылорда» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдікпен «Жылқы малын бордақылау» жобасына 8 млн теңге қаржы алған. Кәсіп иесі бұл ақшаға 18 бас жылқы, жем-шөп сатып алып, кәсібін бастаған. Ендігі ретте мал басын көбейтуді көздеп отыр.

– Қазіргі таңда кәсіпкерлерге, жалпы еңбек етемін деген адамға мүмкіндік көп. Сол мүмкіндікті біз уақытында пайдаландық. Қазір кәсібім жүріп, бірнеше адамды жұмыспен қамтып отырмын, – деді кәсіпкер.

Жалпы бүгінде қала көлемінде шағын кәсіпкерлікті дамытуға көп көңіл бөлінуде. Мысалы өткен жылы өңірде мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2532 жоба қолдау тапқан. Бұл туралы қалалық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің басшысы Бағлан Аманкелдиев баспасөз орталығында өткен брифингте мәлімдеді.

– Облыс бойынша жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының 45,7%-і Қызылорда қаласының үлесінде. 2021 жылдың өзінде Қызылорда қаласы мен қалаға қарасты кент және ауылдық округтерінде 6514 кәсіпкерлік нысан тіркеліп, 6528 жаңа жұмыс орны ашылды. Өткен жылы шағын және орта бизнес нысандары 216,8 млрд теңгенің өнімін шығарып, жалпы 54 958 адамды жұмыспен қамтып отыр, – деді бөлім басшысы.

Шынында, соңғы кездері облыс орталығында кәсіпкерлік саласының да қарқынды дамып келе жатқаны байқалады. Шағын және орта бизнестің бір ізге түсіп, көптеген жұмыс орындарының ашылуы, қала мен ауылдардағы жұмыссыздар санының азаюына үлкен үлес қосуда. Соңғы жылдары аймақта «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағдарламасы бойынша басымдық берілген жобаларды жеңілдікпен несиелеу қарастырылған. Сондай-ақ халық игілігіне жараған тағы бір тың жоба – «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы. Бұл бағдарлама аясында 149 жоба несиелендіру арқылы қаржыландырылды. Оның ішінде ауылдық округтер де бар. Жоба аясында қайтарымсыз гранттар беру бағыты бойынша мыңнан аса адамның жобасы қолдау тапқан.

Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында үлкенді-кішілі кәсіпкерлікті дамытуды тапсырды. «Кәсіпкер әкімдердің артынан жүгірмеуі тиіс» деген Президент сөзі кейде кәсіпкерлікті дамытуға кедергілер аз болмайтынын байқатты. Олай болса, алдағы уақытта әкімдердің жұмысы кәсіпкерлікті қолдаудан басталады деген сөз.

Ақтілек БІТІМБАЙ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: