«Адамды адам еткен – еңбек» деген белгілі қағида бар. Бүгінде еңбегінің жемісін көріп жүргендер аз емес. Соңғы жылдары елімізде кәсіпкерлікке бет бұрғандар көп. Мемлекет шағын және орта бизнесті барынша дамытуға күш салып, жан-жақты қолдау үшін түрлі бағдарламалар ұсынып отыр. Тек мүмкіндікті мүлт жібермей, мезетінде мақсатты іске асырған дұрыс. Кейіпкеріміз Назым Анарбекқызы жастайынан еңбекпен достасып, ата-анасынан тағылымды тәрбие алып өсті. Бүгінде кәсібін бір жолға қоя білді. Не кәсіп дейсіз ғой? Ол брусчатканың түр-түрін шығаруды қолға алған.
Кәсіпкерлік деген қалың елдің сұранысына негізделеді. Етек-жеңін жинаған елді мекендер, жекеменшіктер енді ауласын, төңірегін, қоғамдық орындарды абаттандыруға ден қойды. Сондайда Назым цементтен, тас пен қиыршық құмнан жасалатын брусчатка – әрлеуіш төсеніштер дайындауды жоспарлады да мақсатын көп ұзамай жүзеге асырды.
Әкесі Анарбек Күнтуаров еңбекке ерте араласып өсті. Жеті жыл осы кәсіппен айналысқан. Алайда бәрі қаржыға келіп тірелген соң бұл кәсіпті тоқтатқан. Содан қызы Назым кәсіпті жалғастыруды жөн санайды. Ол 2019 жылы «Брусчатка өндіру» жобасын ұсынып, «Нәтижелі жұмыспен қамту жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша «Қызылорда» өңірлік инвестициялық орталығы» арқылы 10 млн теңге қаражат алып, кәсіпті қайта жаңдандырады.
Назым брусчатка шығаруды арттыру мақсатында бөлінген қаражатты қойма салуға және өнімдерді тұтынушыға жеткізіп беру үшін жүк көлігін алады. Ал қалған қаражатқа басқа да техника алған.
Кәсіпкер қазіргі таңда 10 адамды жұмыспен қамтуда. Өндіріс орнында тапсырысқа орай күніне брусчатканың 60 шаршы метрден 100 шаршы метрге дейінгі аралықта шығарады.
– Әкемнің кәсібін қолға алуды жөн санадым. Содан іске кірісіп несие алып, тұралап қалған кәсіпті қайта бастадым. Бүгінде тапсырыс артуда. Біздің өнім қаладағы бірнеше мектептің ауласына төселді. Қазір мұнда Қармақшы ауданындағы Дүр Оңғар ауылы тұрғынының тапсырысы дайындалуда. Алдағы уақытта кәсіпорынды кеңейту жоспарда бар, – дейді жас кәсіпкер Назым.
Бүгінде еліміздегі нәзік жандар бизнес саласын сәтті игеріп жүр. Бұған мемлекеттен берілетін жеңілдіктердің көмегі тиіп жатыр. Оған Назымның осы ісі дәлел. Біз оның еңбекқорлығына тәнті болдық.
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!