Сейсенбі, 19 наурыз, 12:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Қайтарымсыз қаржының нәтижесі бар ма?

04.10.2022

437 0

Елімізде шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға арналған «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы бар. Соның аясында жеке кәсіп ашқысы келетін жастарға да, кәсіп аясын кеңейтемін деген кәсіпкерлерге де түрлі мүмкіндік қарастырған.

Биыл өңірде кәсіпкерлікті қолдау мақ­сатында 19,9 млрд теңгеге 373 жобаны қаржыландырды. Атап айтсақ, «Кәсіп­керлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» шеңберінде 5,2 млрд теңге бөлініп, 171 жоба субсидияланған. Ал ауыл кәсіпкерлеріне несие беруде «Қызылорда» өңірлік инвес­тициялық орталығы арқылы 1,2 млрд теңге қаражат қаралса, оның 360,7 млн теңгесіне 64 жоба қаржыландырылған. Сондай-ақ Аграрлық несие корпорациясы 4,5 млрд теңгенің 138 жобасын мақұлдаған.

Мамандар осындай қолдау шараларының арқасында аймақта шағын және орта биз­нестің дамуы қарқын алғанын айтады. Бүгінде облыстағы шағын және орта кәсіп­керлік нысаны 5,3 процентке, жұмыс істеп тұрғаны 7,9 процентке ұлғайған. Бұл көрсеткішті жыл соңына дейін 20 процентке жеткізу көзделуде.

Статистикалық мәліметке сүйенсек, өңір­де жыл басында 56976 кәсіпкерлік нысан тіркелген екен. Оның 51063-і нәтижелі жұмыс істейді. Ал жалпы алғанда облыстағы жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлік нысандардың үлесі 89,6 процентті құрайды.

Бұған дейін «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек», «Бизнестің жол картасы 2025», «Қарапайым заттар экономикасы»  мемлекеттік бағдарламасы арқылы қаржыландырған жобалар бол­ды. Мәселен, «Еңбек» бағдарламасымен шағын несие беруге өткен жылы 3 млн 760 мың теңге бөлінген. Оның 2 млн 731 мың теңгесі ауылдықтарға, қалалықтарға 1 млн-нан аса қаржысы қаралған. Осылайша 2021 жылы 836 кәсіпкер шағын несиеге қол жет­кізген.  «Бизнестің жол картасы – 2025» бағ­дарламасы аясында былтыр 4 млн 173 мың теңге бөлінген. «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы 3 млн 760 мың теңгеге 204 жобаны қолдаған. Жалпы ал­ғанда өткен жылы 30,9 млрд теңге қаржыға шағын және орта бизнес өкілдерінің 2048 жоба­сы субсидияланған. 6,1 млрд теңге несие сомасына 1023 жоба кепілдендірілсе, мемлекеттік гранттар негізінде 248,7 млн тең­геге 68 жобаға үлестірілген.

Өткен жылы аймақта 56867 шағын және орта кәсіпкерлік нысан болса, оның 50 мыңнан астамы ғана тұрақты жұмыс істеген. Бұл көрсеткіш процентке шаққанда 88,9-ды құраған. Кәсіпкерлік нысандардың жаңадан ашылуы, тұрақты жұмыс істеуі нәтижесінде 100 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылса, бірінші жартыжылдықта 173,3 млрд теңгенің өнімі өндірілген.

Мемлекеттік бағдарламалар игілігін көріп жатқан кәсіпкерлердің жыл санап арт­қанын байқауға болады. Мәселен, 2021 жыл­дың басында аймақта шағын және орта кәсіп­керлік нысан 54 мыңның үстінде болса, оның 49 мыңға жуығы нәтижелі жұмыс істеген. Бұл көрсеткіш қазан айында 56 мың­нан асып, кәсібін тұрақтандырғандар саны 50 мың­нан асқан.

Жыл сайын мемлекеттік бюджеттен бөлі­нетін қаражаттың көлемі ұлғаймаса кеміген емес. Оны жоғарыда көрсетілген қаржы сомасы мен мақұлданған жобалардан-ақ байқауға бола­ды. Десе де көпшілік арасында «кәсіпті өз қаржыңмен бастамасаң, бағдарлама игілігін тек танысы барлар көреді» деген пікір бар. Жуырда «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасымен берілетін қайтарымсыз грантқа байқау жарияланды. Ресми мәлімет бойынша, оған 673 үміткер қатысып, 3 млрд теңгеден астам қаржыға өтінім берген. Алайда тек 26 жоба ғана мақұлданған. Осы төңірегінде де конкурсқа қатысушы кәсіпкерлер арасында түсініспеушілік орын алды. Әлеуметтік желідегі пікірлерден жобасы мақұлданбаған азаматтардың базынасын байқауға болады. Осы орайда облыстық кәсіп­керлік және өнеркәсіп басқармасы мынадай жауап берді: «Биыл кәсіп бастаушыларға 120 млн теңге көлемінде мемлекеттік грант бөлінді. Оның 70 млн теңгесі тек жастарға қаралған. Конкурстық іріктеу 31 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтті. Оған 673 кәсіп­кер қатысты. Нәтижесінде 92 млн 667 мың теңгеге 26 жобаны қаржыландыру мақұлданды. Оның ішінде әлеуметтік осал топтағы кәсіпкерлердің 11 жобасы 29,6 млн теңгеге қаржыландырылды. Заң талабына сай грант беру конкурсын ұйымдастыру үшін облыс әкімдігі­мен арнайы комиссия құрылды. Комиссия құрамы қоғамдық бір­лестіктер, білім және ғылым меке­мелері, бұқаралық ақпарат құралдары, атқарушы билік орган­дары өкілдерінен және сала­лық сарапшылардан құралған» деп жауап жазған басқарманың фэйсбук әлеуметтік желідегі парақшасында.

Басқарма мамандарының айтуынша, комис­сия өкілдері мемлекеттік грантты бизнес-идеяның жаңашылдығы мен бәсекеге қабілеттігі сынды талаптар негізінде бөлген.

Байқауға қатысушылар арасында түсініспеу­шілік тудырған мәселенің бірі – «Наубайхана» мен «Фитнес клуб» жобасының қабылдануы.

– Бизнес-идеяның жаңашылдығы заң жүзін­де халықтың осал тобындағы және ІІІ топ мүгедектігі бар азаматтардан талап етілмейді. Қызылорда қаласы мен Қазалы ауданының Тасарық ауылында наубайхана ашу жобасының жетекшілері зейнет жасындағы және көпбалалы отбасы статусымен әлеуметтік осал топқа жат­қызылды. Ал Қармақшы ауданы Жосалы кентінің жас кәсіпкері ұсынған «Фитнес клуб» жобасын қолдау себебі бұл жобамен кентте тек осы азаматтың тіркелгендігі ескерілді, – дейді Мұса Қалдарбеков облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқарма басшысы.

Осылайша комиссия шешімімен 26 жоба қабылданып, оған 92 млн 667 мың теңге бөлінген.

Мемлекеттік бағдарлама аясында байқауға қатысқандардың бірі – Жансая Мирамбекқызы. Ол Қорқыт ата атындағы университеттің 4 курс студенті, болашақ биолог маман. Жансая Мирамбекқызының анасы Ақерке Тәжекеева да агроном. 10 жылға жуық аталған оқу орны­ның жылыжайында жұмыс істеген. Қазіргі таңда отбасымен Болашақ университетінің 8 жылыжайынан өнім өндіріп отырған жайы бар. Жансая алдағы уақытта өңірге лимонды жерсіндірсем дейді. Өнім алып, цитрустық жеміспен аймақты қамтуды көздейді.

– Ата-анамның 25 жылдан аса жылыжай саласында тәжірибесі бар. Қазіргі танда Болашақ университетінде лимон өсірудеміз. Лимонды  жерсіндіргенімізге 3 жыл болды, бүгінде түй­нектеуде. Қызылорда бойынша лимон, құл­пынай, гранат, маракуия өсіруден авторлық құқығымыз бар. Қорқыт ата университетінде биология мамандығында 4 курс оқимын. Әрі «Болашақ» университетінің жылыжайында жұ­мыс істеймін. Осы саланы әрі қарай дамытсам деймін. Үй алдында жылыжайымыз бар. Грант қаржысына сол жерге лимон ағаштары мен құлпынай көшетін егемін. Жалпы лимон өндірісі көрші Өзбекстанда жақсы дамыған. Осыны бізде де қолға алсақ деймін. Алайда аймақтың ауа-райы цитрустық жемістерге қолайсыз. Сондықтан жылыжайда өсіріп бап­таймыз. Байқауда бұл кәсіпті бастауға 2 млн 700 мың теңге берілді, – дейді жоба жеңімпазы.

Байқауда жобаның жаңашылдығы, бәсекеге қабілеттігі сынды талаптар бар. Сондай-ақ арнайы санаттағы қатысушыларға жеңілдік те қарастырылған. Мәселен, көпбалалы ана, қала тұрғыны Жансая Елубайқызы байқауға инновациялық жобамен келгенін айтады. Бірақ көпбалалы санатына сәйкес одан жаңашылдық талап етілмейді. Жобасы мақұлданбаған ол байқауда кемшіліктердің болғанын жасыр­майды.

– Биыл кәсіп бастаушылар арасында сұраныс өте көптігі байқалды. Өзге облыстарға қарағанда байқауға қатысуға қызылордалықтар көп өтінім берген. Алайда мемлекеттен бөлінген қаржыны аз дер едім. 600-ден аса азамат түрлі жобамен байқауға қатысса оның тек 20-дан астамы ғана мақұлданады. Сондықтан мұндай байқауды жылына екі рет өткізсе екен. Тағы бір айта кетер жайт, арнайы құрылған комиссия тарапынан кемшіліктер көп. Бізге жобаны қорғауға хаттама бойынша 5-10 минут берілген. Алайда екі минут өтпестен «10-ақ секунд уақытыңыз қалды» деді. Сондықтан жобаны толықтай қорғауға мүмкіндік болмады, – дейді Жансая Жүнісова.

Қалай десек те байқауда бас-аяғы 26 жоба мақұлданды. Ендігі мәселе – осы жобалардың нәтижелі жұмыс істеуі. Оны уақыт көрсетеді.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: