Жұма, 29 наурыз, 14:39

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

«Qyzylorda» шоколады

13.04.2021

1913 0

Кәсіп бастауға ниетті болғанымен, оны неден бастау керегін, жолын біле бермейміз. Көбіне дайын өнімді алып сату жеңілірек көрінеді. Дегенмен кәсіпкерлік салада өндіріске бет бұру керектігі жиі айтылады. Өндіріспен айналысып, өз өніміңді шығару да оңай шаруа емес. Істің көзін тапқанмен оны әрі қарай алып кетуге де көп күш жұмсалады. Қаржы табу, оны жөнімен жұмсай білу де қажет. Жалпы бастаған кәсібіңнен береке табу үшін қарым-қабілеттің болғаны жақсы.

Қазір жастардың бұл салаға бетбұрысы қарқынды. Тәуелді болудан гөрі тәуекелге бел буғанды жөн көреді. Сондай азаматтың бірі – қала тұрғыны Дархан Асан. Ол көптен бері өңірдің өз өнімін шығаруды көздеген екен. «Qyzylorda» атауымен шоколад шығарып, сатылымға шығаруды мақсат еткенімен ойын қалай іске асыру керектігін білмепті. Десе де ойда жоқта туыс әпкесінің қолдан жасаған шоколадын көріп, жоспарын жүзеге асыруға асығады. Солай  «Qyzylorda» тәттісін өндірудегі алғашқы қадам басталады.

Жас кәсіпкер қаланың «Ақмешіт» шағын ауданынан ғимарат жалдап, кішігірім өндіріс орнына айналдырған. Біз барған кезде онда өзі болмаса да анасы мен көмекшілері бар екен. Цехта кезекті өнім өндіру процесі жүруде. Істің мән-жайын кәсіпкердің анасы Жәмила Елеуова баяндап берді.

– Бұл кәсіпті бастағанымызға екі айға жуықтады. Әуелі шоколадты үй жағдайында жасап көруге бел будық. Құрамына түрлі қоспалар қостық. Бастапқыда ойдағыдай шықпады. Бірнеше мәрте қайталап жасағанның нәтижесінде ғана сапалы өнімге қол жеткіздік. Бірте-бірте тәжірибе жинақталған соң шағын цех ашып, қажетті құралдарын әкелдік. Қазір шоколадты арнайы құралдардың көмегімен дайындаймыз, – дейді ол.

– Мен бұған дейін шоколад сататын фирмада жұмыс істедім. Шоколадтың дайындалу әдісі бұрыннан қызық­тыратын. Сол кезде осыны өзіміз дайындасақ қаламыздың өз өнімі болар еді деп ойлайтынмын. Сол идеяны іске асыратын уақыт келіп, қолға алған жайымыз бар – дейді  досы Әлібек.

Тәтті өнімдерді дайындаудың өзіндік технологиясы, әдіс-тәсілі бар. Одан ауытқысаң өнім ойдағыдай шықпауы мүмкін. Жәмила апай шоколад жасаудың арнайы курсын сатып алған екен. Сол арқылы оны әзірлеу әдісін игерген. Бүгінде олар күніне жүзден аса тәтті өнімді сатылымға шығаруда.

Өнімді өндірген соң, оны сатылымға шығару да еңбекті қажет етеді.  «Qyzylorda» тәттісіне жұртшылық екі жақты пікірде көрінеді. Бірі қолдап, жылы лебізін жеткізеді. Енді бірі сын айтады. Дұрысын қабылдап, ойдағыдай етуге тырысады, әрине. Қазір облыстың барлық ауданы өзіміздің өніммен қамтылған. Олар Қызылордадан шыққан өнім деп ерекше қуанады екен. Тапсырыс та ауыл-аймақтан көп түседі. Ал қала ішінде әзірге ескі базардағы «Ажар» сауда үйіне ғана өткізеді. Өнім көтерме бағамен 260 теңге көлемінде. Әрі қарай дүкен иелері өз бағасын қояды.

Шоколадтың сүтті, арахис және жүгері қосылған үш түрі бар. Дәмі басқа тәттілермен салыстырғанда айтарлықтай өзгеше. Мақтағанымыз емес, расында солай екен. Бұған Украинаның брендіне айналған «Roshen» шоколадымен салыстыру барысында көз жетті. Біз барған кезде қажетті шикізаттар келіп, соның басы-қасында жүрген кәсіп иесі Дарханмен тілдесудің сәті түспеді. Алайда бастаған ісіне береке тіледік.

Қайсыбір кәсіпті бастасаң да қаржыға тәуелді болатының белгілі. Алдағы уақытта жас кәсіпкердің «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы кәсіп аясын кеңейтсем деген ойы бар. Сәтін салып, ісі оңға басса «Qyzylorda» шоколады танымал болатынына күмән жоқ.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: