Сейсенбі, 19 наурыз, 13:47

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№23(2033)
19.03.2024
PDF мұрағаты

Жергілікті өнімге сұраныс жоғары

24.05.2022

1042 0

Бүгінде қалада кәсіпкерлік са­ласы кеңейіп келеді. Шағын және орта бизнесті дамыту үшін мемлекеттен көрсетілетін қол­дау көп. Жеңілде­тілген несие алып, кәсібін жан­дандырғандар да жетерлік.

Қызылордадағы «Да­латекс» ЖШС қазақ­стан­дық нарыққа отан­дық өнімді шығарып отыр­ған компания. Отандық киім тігуді қолға алған компания қазіргі уақытта өз өнімін шет елдерге экспорттауда. Сыр өңірінің даңқын асқақтатып жүрген тігін фабрикасының өнімдеріне деген сұраныс күннен-күнге артуда. Осы уақытқа дейін ерлер жейдесін шығарып, танымал болған «Далатекс» компаниясы жаңа өнімдерді тігуді қолға алған. Біз осы мекемеге бас сұғып, жұмыстарымен танысуды жөн көрдік.

Фабрика іші қызу тірлік. Тігін машинасының сырт-сырт еткен үні ғана естіледі. Тігіншілер басын көтерместен өз істерін жасап отыр. Олар өз істеріне мұқият болуы керек, әйтпесе тігісі қисық кетуі де мүмкін. Өз істерін жақсы көретіндері сыртынан байқалып тұр, жұмыстарын зор ынтамен жасауда. Бізді «Далатекс» компа­ниясының атқарушы дирек­торы Нұргүл Кусаева құшақ жая қарсы алды. Әрі қарай жұмыс барысы жөнінде әңгіме өрбіді.

– Компания директоры Ділмұхамед Абызов өзі кәсіпкерлікпен айналыса жүріп отандық өнімді шығаруға қызыққан. Зерттеп, зерделеп «өзге елдер біздің отандық өнімге қызықса екен» деген арманын іс асыруды қолға алады.  Соның нәтижесінде ең алғаш ерлер жейдесі  нарыққа шықты. Сапасы және үлгісі халыққа ұнады. Біздің фабрикадан шығатын ерлер жейдесі қазір нарықта жоғары бағаға ие. Қазақстандықтар мен өзге елдерден жергілікті өнімге деген сұраныс бар. Сондықтан да біз мұнымен тоқтап қалмауды жөн көрдік. Басқа да киім түрлерін тігіп, отандық өнімді көбейтуді мақсат еттік. Ерлер жейдесінен бастап, ҚР гвардиясына әскери киім, өндірістік секторға арналған арнайы киімдерді тапсырыспен тігеміз. Мемлекеттік сатып алу арқылы тендерге қатысамыз. Бір күнде фабрикадан 500-700-ге дейін ерлер жейдесі, ал арнайы киімдерден 200-300 дана тігіледі. Мақсатқа жете білу жолында ерінбей жұмыс жасау керек, – дейді ол.

2016 жылы фабрика ерлер жейдесін шығарудан танымал болған еді. Елімізде коронавирус өршіген уақытта тұрғындарды бетпердемен қамтамасыз ету мақсатында жұмыс істеді. 8 қабатты, көп ретті пайда­лануға жарайтын қорғаныш бетпердесі қолжетімді бағада сатылды. Сондай-ақ оқу­шыларға арнайы мектеп формасы да осы жерден тігіледі.  Ерлер жейдесі қолжетімді бағада 5-7 мың теңге аралығында сатылады. Мектеп формасы 4 жиынтықтан тұрады. Ол 18 мыңнан сатылды.

Мұнда 75 адам жұмыс істейді. Оның ішінде 60 тігінші бар. Ине, жіп ұстауға икемі бар қыз-келіншектерді жұмысқа алуға дайын. «Қалалық жұмыспен қамту орталығы» ар­қылы келген 3 қыз жұмыс істеуде. Мұнда арнайы 3 шебер бар. Олар тігін машинасына отыруды, қауіпсіздік ережесін, барлығын үйретеді. Инвестициялық жоба арқылы несие алып, екінші цехты іске қосқан. Бүгін­де республиканың барлық аймағынан ар­найы киімге ұсыныс түскен. Сондықтан да фабриканы кеңейту жоспарда бар. Бүгінде сол тапсырыстарды аяқтау барысында күш салып жұмыс істеуде. Бұл отандық өнім­ге халықтың ықыласы түсіп отырғанын көрсетеді.

– Өз өнімдерімізді таныстыру мақса­тында түрлі көрмеге қатысамыз.  Ресейде өткен көрмеге қатыстық, біздің өнім ұнады. Ресей елінен де тапсырыс түсіп, сол бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Нұр-Сұлтан қаласында өтетін ұлттық көрмеде де біздің өнім көрсетіледі. Қазіргі уақытта кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көп көмек берілуде. Дегенмен отандық өнімге қолдау болса, жергілікті өнімді пайдаланса деген ұсыныс бар. Біз халықтың қалтасына қарап, бағаны ыңғайлы түрде қоюға тырысамыз. Жейделерді тігетін маталар Түркиядан, арнайы киімдер матасы Ресейден әкелінеді. Сапасы жоғары. Матасы 80% мақта, денеге жұмсақ, ауа өткізгіш. Сапалы екені бірден аңғарылады.  Сол үшін де сырттан келетін арзан киімдерге қызықпай, жергілікті отан­дық өнімге деген сұранысты арттырса, – дейді Нұргүл Кусаева.

Қаламсапты инеге алмастырып

Жазуда сөзге шеберміз. Істе ше. Өзімді осы тұрғысында сынап көрмек болдым. Әрбір әйел қолына ине ұстай білуі қажет. Тігінші болмасақ та, аз-кем икеміміз бар. Бүгінде қыз-келіншектер инемен емес, қандай зат болса да тігін машинасымен тігуді қолға алған.

«Далатекс» фабрикасының хас шебері Перизат Сламбековадан тігін тігуді үйренуді жөн көрдім. Осылайша алғаш рет тігін машинасына отырдым. Мұнда қолдың икемі мен жылдамдық маңызды.  

Перизат Сламбекова – тігін цехының жас әрі мықты маманы. Ісмер болып үлгерген ол өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарайды. Маталарды пішу, қонымды етіп тіге білуді жаңадан келген тігіншілерге үйретеді.

– Бала кезімнен сән әлемі қызықтыратын. Сол бала арман тігінші болуға жетеледі. Колледжде 3-курс студенті болып жүрген кезімнен тігіншілікке қызықтым. Осы мекемеге «Жас маман» жобасымен келіп, жұмысқа орналастым. Ең алғаш ерлер жейдесін тігуді үйрендім. Қазіргі уақытта тігінші-шебер болдым. Мұнда барлық жағдай жасалған. Төрт жыл ішінде көп жетістікке жеттім деп айта аламын. Жаңадан келген тігіншілерге білгенімді үйретемін. Тігін тігуді үйрену көп уақыт ала қоймайды. Іс-тәжірибеден өтуге келген жас мамандарға да үйретеміз. Үйренген мамандарды жұмысқа алып қаламыз, – дейді ол.

Жазу да, тігін тігу де көз майын тауы­сатын шығармашыл еңбек екеніне көзім жетті. Арнайы пішілген мата тігіледі, оларды үтіктеп қырын сындырып, жиектеп, түймесін тағып, орап тапсырыс берушіге жіберіледі. Мұның барлығы асқан жауапкершілікпен жасайтын іс. Сырт көз мұның барлығын оңай көруі мүмкін. Алайда «Далатекс» фабрикасында жүріп, қайнаған еңбектің куәсі болдық. Ең бастысы, тігінші болу үшін нәзіктік, төзімділік, жауапкершілік секілді қасиеттің болуы маңызды. Себебі мұнда талап қатаң. Әрине, әр істің өз қызығы мен қиындығы болады. Дегенмен тігінші болу екінің бірінің қолынан келе бермейтініне көзім анық жеткендей.

«Бақыттың кілті еңбекте» дегендей. Тігіншілердің жұмысын жарты күн бақылап, олардың еңбегі шынайы әрі зор екеніне көзім жетті. Күні бойы тапжылмай отырып, он саусағы майысқан тігінші шеберлердің келістіріп тіккен киімдеріне құрметпен қарап, еңбегін бағалау қажет. Байқағанымыз тігінші мамандығы қазіргі уақытта сұранысқа ие екен. Заманның талабына сай киініп жүргіміз келеді. Ал халыққа ұнайтын киімді келістіріп тігу үшін үлкен зейін мен еңбек қажет.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: