Жұма, 29 наурыз, 06:59

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№24(2034)
23.03.2024
PDF мұрағаты

Халықаралық айтыстың жүлдегері

02.09.2021

1122 0

Айтыс – халқымыздың қанына сіңген қасиет. Ат сүрінгенше ақыл табатын тапқырлық пен шешендік өнер қазаққа ғана тән. Тоғыз өнер жиынтығын бір арнада тоғыстыратын ұлы өнер дәріпті жалғасын тауып келеді. Бұған дейін қазақтың төл өнер айтысы Мәскеу, Париж төрінде дүркіреп өтуі соның айқын дәлелі. Айтыстың жаңа биікке көтерілуіне Сыр өңірінің де қосқан үлесі зор. Аймағымыздан шыққан айтулы сөз жүйріктері талай бәйгенің алдынан көрінгені Алашқа аян. 30-31 тамыз күндері Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында өткен халықаралық айтыстан үш бірдей ақынымыздың жүлдегер атануы сөзімізді айқындай түскендей.

Қырғыз Республикасының астанасы Бішкек қаласында егемендіктің 30 жылдығы, Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы мен Жеңіжоқ ақынның 160 жылдығына орай ХIV халықаралық ақындар айтысы өткізілді. Осы дүбірлі додаға қазақ ақындарынан Айбек Қалиев, Аспанбек Шұғатаев, Ержеңіс Әбді, Нұрлан Есенқұлов, Алтынбек Ибрагимов, Нұрмат Мансұров, Мұхтар Ниязов, Бөрібай Оразымбетов қатысқан еді.

Екі ел бірлігі мен Қырғыз халқының тәуелсіздік күнін жарқырата жырлаған ақиық ақындар алдаспан өнердің өміршеңдігін паш етті. Айтыс қортындысы бойынша Сыр өңірінен барған үш ақынымызда марапат төрінен көрінді. Атап айтқанда, Нұрмат Мансұров ІІ орынмен марапатталса, үш дүркін «Алтын домбыра» иегері Мұхтар Ниязов «Жамбыл Жабаев атындағы жүлденің иегері» атанды. Ал «Аралдың ақ сүңгісі» атанып жүрген жерлесіміз Ержеңіс Әбдиевке арнайы жүлде табысталды.

Айтыстың бас жүлдесін Айбек Қалиев еншілесе, бірінші орынды Аспанбек Шұғатаев қанжығасына байлады. Екінші орын біздің Нұрмат Мансұрға табысталып, үздік үшінші орын Оңтүстіктің оғланы Бөрібай Оразымбетовке бұйырды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: