Дүйсенбі, 07 қазан, 06:06

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Көктем тамшылары

25.03.2021

1302 0

Қызылордада алғаш рет «Көктем тамшылары» атты пианистердің облыстық байқауы өтті. Оны Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжі ұйымдастырды. Байқау қорытындысында «Соло» номинациясының гран-при иегері Динара Пернебекпен әңгімелескен едік.

Өнерге құштар кейінгі буын фортепианода ойнауға қызығушылық танытуда. Мұны музыкалық колледждегі фортепианода оқитын студенттердің саны дәлелдейді. Қазанғап атындағы Қызылорда музы­калық жоғары колледжінің «Арнайы фортепиано» бөліміне жылына 3-4 адам түседі. Бүгінде колледждің төрт курсында 12 пианист білім алуда.

Айта кету керек, пианистер ара­сындағы байқау облыста бірінші рет өткі­зілді. Конкурс жас музыканттарды форте­пианоның қыр-сырын, пианиношылардың музыкалық техникалық мүмкіндіктерін дамытуға, олардың шығармашылық әлеуе­тін анықтауға және тәжірибе алмасуға бағытталған.

– Пандемияға байланысты музыка­лық байқау онлайн режимде өтті. Қы­зылорда қаласы мен Арал, Байқоңыр, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Шиелі аудандарынан жас өнерпаздар қатысты. Барлығы 80-ге жуық жас пианист қатысты. Байқаудың нәтижесінде қызылордалық Динара Пернебек Гран-приді жеңіп алды.

– Ұстазым маған байқау туралы айтты, мен бірден қатысуға келістім. Байқауда Арам Хачатурянның «Токката» туындысын орындадым. Қазылар алқасы нәтижені екі аптаның ішінде жариялады, – деді Динара.

15 жасатағы қызылордалық жеткіншек жеті жыл Қазанғап колледжіндегі бала­лар музыка мектебінде білім алған. Одан кейін осы колледждің студенті атанды. Оқуды бітіргеннен кейін Динара консерваторияға түсуді жоспарлап отыр. Ол фортепианоға әжесінің арқасында қызығушылық таныта бастаған. Жас өрен мансабын енді бастап жатыр. Облыстық байқаудағы жеңісі оның алғашқы жетістігі емес. Мәселен, Динара Орынборда өткен «Планета талантов» халық­аралық байқау-фестивалінде екінші орынға ие болса, Аида Исаковаға арналған пианистер байқауында да жеңімпаздар қатарынанда болған. Жақында ол «Доми­нанта» бай­қауында екінші орын алды.

– Менің сүйікті композиторым – Сергей Рахманинов. Оның музыкасын тыңдай отырып, барлық көңіл күйді сезесіз. Маған, әсіресе, оның «Прелюдия» композициясы ұнайды, – дейді өнерпаз.

Биыл колледжді 88 студент бітіреді. Өткен жылы 76 студент диплом алған. Колледж түлектерінің басым көпшілігі Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында немесе Қазақ ұлттық өнер университетінде оқуын жалғастыруда.

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: