«МузАРТ» тобының әншісі Мейрамбек Бесбаев Алматыда коронавируспен ауруханаға түсті, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
«Иә, кеше түсте жедел жәрдем шақырдық. Жағдайы күрт нашарлап кетті. Алдымен пневмония деген, кейін коронавирус анықталды», – деді «МузАРТ» тобының директоры Ерлан Жүнісбай Tengrinews.kz тілшісіне.
Топ директорының айтуынша, қазір Мейрамбек Бесбаевтың жағдайы жақсы.
«Онымен кеше кешке сөйлестім. Қалқамандағы №7 аурухананың дәрігерлеріне алғыс айтқысы келеді. Қазақстандықтар мұның қаншалықты қауіпті екенін түсініп, олардан үйде отыруын және қонаққа бармауын сұрады», – деді Жүнісбай.
Айта кетейік, 2019 жылдың қыркүйегінде танымал қазақстандық музыкант Мейрамбек Бесбаев Алматы әкімінің мәдениет мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі болып тағайындалды. Ол 2000-жылдардың басында Сәкен Майғазиев және Мақсат Базарбаевпен бірге «МузАРТ» триосын құрған кезден бастап танымалдыққа ие. Ал 2017 жылдың қарашасында Бесбаев өзінің шығармашылық қызметінің 30 жылдығын атап өткен.