Ерте соққан көктемнің алтын күрек самалынан соң жамылғысы түрілген Сырдың жаймашуақ күндері дәм-тұз бұйырып, Орал қаласына жол түсті. Қалың қар, саршұнақ аяз қысқан Орал таңы Әділбек достың ыстық ықыласы мен сағынышқа толы кең құшағы бізді тоңдыра қоймады. Осыдан тура қырық жыл бұрын Жайықтан ұшқан аққу үнін Сырдың сырлы сазына қосуды армандаған Әділбек Сүлейменовпен сол кездегі Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының филология факультетінің музыка бөліміне оқуға бірге түскенбіз.
1977 жылы музыка бөлімі филология факультетінен бөлініп, өз алдына музыка-педагогика факультеті болып қайта құрылды. Әуезі мен әзілі қатар жүрген Керекулік досымыз Балкенов Жанұзақшаласақ, төрт жыл оқып, еліне келген Жанұзаққа әкесі:
– Балам, оқуды жақсы аяқтаған боларсың дипломыңды әкел, байғазы-батамды берейін, – депті.
– Көке, бұрын музыка бөлімі еді, енді факультет болып жоғарылап, тағы бір жыл оқитын болдық, – деп «гостан» сүрінгенін білдірмей, сөз тауып кеткен екен.
1979 жылы оқу бітірген, талай қызықты, думанды күндерді бірге өткізген біз Әділбектің 60 жасқа толған тойында қайта қауыштық. Мерекелік іс-шараға орай Орал облыстық қазақ драма театрында «Әкем-әнім» атты ән кеші ақпанның соңғы күніне жоспарланыпты. «Орал өңірі» облыстық газеті мен телеарналардағы хабарлар, көшелерде ілінген бильбордтар сазгер Әділбектің елінде беделі мен абыройын айқындап тұрғандай.
Күн ілгері келген группалас достардың Орал қаласының тарихи орындарымен танысуға уақытымыз толығымен жетті. Ұлы Отан соғысында қаза тапқан боздақтарға арналған мәңгілік алауға барған біз, батыстағы ағайындардың өткен күнді есте қалдыруға арналған үлгілі ісіне көңіліміз толып, бір сергіп қалдық. Жетпіс жыл бұрын қанды қырғында ерекше ерлігімен көзге түскен Халық қаһарманы Х.Доспанова, Кеңес Одағының Батыры М.Мәметова бастаған 46 батыр мен «Даңқ» орденінің толық иегерлерінің бет-бейнесі бедерленген ескерткіш тақта алдында талай сырға қанықтық. Әр ауданнан соғысқа аттанып, елге оралмаған сан мың боздақтың бірі – Казталовка ауданынан соғысқа аттанып, елге оралмаған Әжігерей Хусмановтың есімі мәрмәр тасқа қашалып жазылған екен.
Досымыз Әділбектің әкесі Нәсекен Сүлейменов 1938 жылы Жалпақтаудағы педкурсты бітірген соң, Қаратөбе ауданына жолдамамен жіберіліп, мұғалім болып еңбекке араласады. Аудандық партия комитетінің ІІ хатшысы Хусманов Әжігерейге сәлем бере барған Нәсекенді үй иелері ілтипатпен қарсы алып, жақсы күтеді. Әжігерей мен Қазинаның Зәуреші өздігінен отыра алмайтын, жасқа толмаған нәресте кезі екен. Қонақпен қоштасарда ағасы Әжігерей:
– Айналайын, Нәсекен, мені әскерге алғалы жатыр. Өмір қалай өзгерерін кім білсін? Зәурешіме көз қырыңды сала жүрерсің. Саған аманат, – деп жауапкершілік жүгін қоса артып жібереді.
Арада жылжып жылдар жылыстайды. Халық басына бұлт үйірілген аласапыран күндер де өтеді. Нәсекен де отты жылдардың дәмін татып, елге оралады. Төрт-бес жас үлкен Қазинаға жар болған бойдақ жігіт Зәурешке әке болып, соғыстан қайтпай қалған Әжігерей ағаның аманатын адал атқарды. Табиғат заңына бағынған өмір жалғасып, дүниеге Асылбек, Мақсұт, Әділбектер келді. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге жұмсаған Нәсекен аға да алпысқа толып, зейнет жасына жетеді. Қазақ ССР-нің еңбек сіңірген мұғалімі, аймаққа абыройлы ағаның тойын ел ағалары атап өтетін болып, күніне дейін белгілеп қойған-ды. Қысқы семестрдің кезі, соңғы курстың оқуы қиын, талабы қатты, әке тойына баруға да мұрша берер емес. Қайтпек керек? Бұған дейін бірнеше балаң әндер жазып жүрген Әділбектің ойы сан-саққа жүгірді. Бірінші курстан бірге оқитын Орынбасарға ойындағысын тәптіштеп түсіндірді. Апта бойы иі қанып, толғағы жеткен ән сазды сырнайдың сырлы түймелерінен төгіліп жатты. От кешкен, өмір көрген, адалдықты ту еткен әкенің өзі білетін өмір жолын ақын досқа ақтарды. Жүрек лүпілін дөп баса алатын сезімтал ақын дос әкесінің бейнесін төрт қатар шумаққа сыйдырып, әке бейнесі биіктеп шыға келді. Ән алғашқы тыңдаушыларының көңілінен шықты. Сол күні-ақ бір топта оқитын әнші Әшімхан Оспановтың орындауында Қызылорда облыстық радио комитетінде таспаға жазылып, Оралға жөнелтілді. Шаттық пен жарқын тойға арналған баланың әкеге деген сағыныш сазы Орал жұртшылығына ұнап, бүкіл елге тарала бастады. Еліміздің түкпір-түкпіріндегі талай өнерлі жастың талантын ұштап, халыққа танылуына жол ашқан «Тамаша» ойын-сауық бағдарламасында орындалғаннан кейін «Әкем-әнімсіз» бірде-бір той тарқамайтын болды.
Иісі қазақтың жүрегіне жол тауып, әкеге деген құрметтің белгісі болған әннің авторы ҚР мәдениет қайраткері, әнші, композитор Әділбек Сүлейменовтің 60 жасқа толуына орай Орал облыстық қазақ драма театрында «Әкем-әнім» шығармашылық кеші өтті. Сексен ән жазған автордың жиырмаға жуық әні шырқалды. Әр түрлі жанрға еркін қалам тербеген композитордың әндерін балалар хоры, «Ару аналар», «Әжелер сәлемі» шығармашылық ұжымы, вокалдық топтар, жеке әншілер жоғары деңгейде орындап, тыңдарман жүрегін тербеді. Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы ассамблеясының 20 жылдығына орай өткен кеш марш әуеніндегі әндермен рухтанса, әртүрлі ұлыстан құралған ансамбль орындауындағы лирикалық әндер, махаббат тангосы тербеліп, екі сағат ешкімді тырп еткізбей, ерекше сезімге бөледі. Шығармашылығы жарасқан, ағалы-інідей сыйласқан қоғам қайраткері, ақын-сазгер Мәди Артығалиев Астанадан арнайы келіп, «Республикалық мәдениетті қолдау» қоғамдық қорының «Тұлға» алтын медалін тапсырды. «Әкем-әнім» әнінің өлеңін жазған, шырайлы Шымкенттен тойға арнайы келген Орынбасар Сүттібаев, жергілікті ақын, бірнеше әнге өлең жазған Қобылан Қуанов жырдан шашу шашты. Қырық жыл бұрын студенттік өмірді бірге бастаған, бір топта оқыған достар сәлемі мен сый-сияпатын тапсыру осы жолдардың авторына бұйырды.
Батыс Қазақстан облысы мәдениет, мұрағат және құжаттама басқармасының ұйытқы болуымен елдің ауыртпалығын қайыспай көтерген әкелерге арнап Орынбасар мен Әділбек сомдаған ғажап ән ескерткішінің еңсесі асқақтай түсіп, өнер адамының мерейі тасып, ән құдіретіне халықты тағы бір мәрте бас игізіп, сазды кеш өз мәресіне жетті.
Орынбасар ақын сөзімен айтсақ:
Мәпеледік ұл-қыз бақыт құсы деп,
Біз де әке боп жолға көзді талдырдық.
Ән мен жырдан сен екеуміз мүсіндеп,
Әкелерге мәңгі ескерткіш қалдырдық.
Қобылан Қуановша айтсақ:
Алпыста аласұрған шабытыңыз,
Жетпісте, сексенде де алқынбасын.
«Тұлға» деген алтын белгі құтты болсын,
Тұлғамен тұла бойың алтындалсын.
Ақыннан сөз асырып айту қайда?! Біз де осы тілекке тілек қостық.
Жұмабай Байзақұлы,
Бесарық ауылы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!