Қаланың күнделікті тыныс-тіршілігін ақпарат айдынында тербетіп, әрбір тың жаңалықты қаламына арқау еткен баспасөз өкілдері қошеметке кенеліп, марапат биігіне көтерілді. Жыл бойы тынымсыз еңбек етіп, ақпарат айдынында жүрген шығармашылық ұжымдарын ұлықтау 2011 жылдан бері игі дәстүрге айналған. Осылайша, сөз құдіретін ардақтаған шара ақпарат майталмандарының мәртебесін тағы бір асқақтата түседі. Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен салтанатты кеште әріптестеріміздің мерейі үстем болды.
Салтанатты іс-шараның ашылу рәсімінде сөз алған қала әкімі Нұржан Сәбитұлы барша журналист қауымын мерекемен құттықтады. Шаһар басшысы бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекет дамуындағы рөліне қысқаша тоқталып, ақпараттың нақтылығы мен шынайылығын басты қағида еткен журналистердің еңбегі жұртшылықтың құрметіне лайық екенін жеткізді.
– Журналистика – үлкен жауапкершілік пен адалдықты талап ететін маңызды мамандық. Мемлекет басшысы БАҚ саласы қызметкерлерін марапаттау рәсімінде «Бүгінгі журналистер екі маңызды рөлді қоса атқаруға тиіс: яғни олар шындықты боямасыз көрсететін айна, сонымен қатар ұлтты өркениетке жетелейтін ағартушылық жолдағы шамшырақ болуы керек» деген болатын. Бүгінде ақпарат саласының рөлі бұрынғыдан да арта түсті. Қоғамдық пікірдің қалыптасуына, мемлекеттік саясаттың түсіндірілуіне, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының насихатталуына бұқаралық ақпарат құралдарының қосып отырған еңбегі ерекше. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз бен азаматтық ұстанымдарыңыз ел дамуы жолындағы маңызды құндылықтардың бірі болып қала береді. Өңіріміздің тыныс-тіршілігін жан-жақты жариялап, халықтың мұң-мұқтажын жеткізіп, өзекті мәселелердің шешімін табуға атсалысып жүрген барша қалам иелеріне алғысымды білдіремін. Мемлекет тарапынан медиа саласының қызметкерлеріне әрдайым қолдау көрсетіліп келеді. Президентіміздің бастамасымен жыл сайын кәсіби мереке қарсаңында тілшілер қауымына пәтер кілтін табыстау жақсы дәстүрге айналды. Енді бұл бастаманың ауқымы кеңейіп, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, осы жылы алғаш рет әр облыстарда жұмыс істейтін журналистерге де пәтер кілті табысталуда. Бүгін осы тапсырмаға сәйкес, екі әріптесіміз жаңа пәтерлердің кілтін алып, баспана бақытына кенеліп отыр. Бұл барша қаламгерлер қауымына жасалған құрмет, Сіздердің мерейлеріңіз!, – деді қала әкімі.
Мерекелік іс-шарада құрмет төрінен көтерілгендердің қатарында «Халық» газеті және «kiltmedia.kz» сайтының тілшісі Рыскелді Сәрсенұлы мен «Шешім журналистикасы» ассоциациясының оңтүстік өңірлік үйлестірушісі, медиа тренер Нұрбек Дәуренбековке «Құрмет грамотасы» табысталды. Сондай-ақ әріптесіміз Думан Кеңшілік «Ұшқыр қалам – 2026» номинациясымен марапатталып, 150 мың теңге қаржылай сертификатқа ие болды.
Айта кетейік, бүгінде аймақтың ақпараттық кеңістігінде 149 бұқаралық ақпарат құралы халыққа қалтқысыз қызмет етуде. Қара шаңырақ саналатын 120 баспа басылымы, заман ағымына ілескен 26 интернет-портал мен ақпараттық агенттік, сондай-ақ 2 телеарна бар. Осынау алып ақпарат майданында 137 облыстық, 2 қалалық және 10 аудандық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мемлекеттік тіл мен өзге тілдерде сапалы өнім ұсынып, медиа саласының көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосуда.
«Ақмешіт-ақпарат»
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!