Ұлттық бірыңғай тестілеу аяқталып, түлектер жоғары оқу орнына құжат тапсыратын уақытта таяп қалды. Дәл осы уақыттарда түлектерді алаңдататын сұрақ: «Қандай мамандық таңдаймын?». Бірі ата-ана қалауымен таңдау жасасаса, енді бірі «тек университет оқысам болды» деп кез-келген мамандықты таңдайды. Бірақ қазіргі уақытта жастарға профориентолог мамандар кеңес береді. Өткен жылдан бастап Қазақстанда орта білім беру ұйымдарында педагог-кәсіптік бағжар беруші лауазымы ресми түрде бекітілді. Бүгінде елімізде 7 мыңнан аса кәсіби профориентолог қызмет етеді. Олар жастарға қабілеттеріне, қызығушылықтарына, еңбек нарығындағы сұранысқа сүйене отырып, болашақ мамандығын дұрыс таңдауға көмектеседі. Қазіргі таңда мамандық таңдауда рофориентолог кеңесіне жүгінетіндер көппе? Түлектер кіммен кеңесіп жүр? Осы мәселелер жөнінде көкейдегі сұрақтарға Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті Рекрутинг бөлімі және мансап орталығының басшысы Асқат Мырзабай жауап берді.
– Елімізде профориентолог қызметі енді таныла бастады. Осы уақытта дейін түлектердің мамандық таңдауына ата-ана, қоғам пікірі ықпал ететін. Қазір арнайы мамандардан кеңес алады. Жалпы, профориентолог деген кім? Оның негізгі қызметі қандай?
– Профориентолог – адамның қабілеті мен қызығушылығын, жеке ерекшеліктерін зерттеп, оған болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға көмектесетін маман. Қазіргі таңда мамандықтар саны көбейіп, еңбек нарығы жылдам өзгеріп жатқандықтан, жастардың дұрыс бағыт таңдауы бұрынғыдан да маңызды болып отыр. Cебебі соңғы уақытта көп мамандар өз саласына бойынша қызмет ету кенжелеп кетті. Бұдан жастардың жұмыссыздығы көбейіп, қажетті сала мамандары жетіспей, елімізде көзге көрінбес үлкен қауіп әкелуде.
Профориентологтың негізгі қызметі – оқушының немесе студенттің жеке әлеуетін анықтап, оны еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтармен сәйкестендіру. Бұл жұмыс тек мамандық атауын ұсынумен шектелмейді. Профориентолог жасөспірімнің қызығушылығы, қабілеті, мінез-құлқы, құндылықтары мен өмірлік мақсаттарын талдап, оған сәйкес келетін білім беру бағытын таңдауға көмектеседі.
Сонымен қатар профориентолог ата-аналармен де жұмыс жүргізеді. Себебі кейде ата-ананың қалауы мен баланың шынайы қызығушылығы сәйкес келмеуі мүмкін. Мұндай жағдайда маман екі тараптың да пікірін ескеріп, баланың болашағына тиімді шешім қабылдауға бағыт береді.
Менің ойымша, дұрыс таңдалған мамандық – адамның өмірдегі табысы мен кәсіби қанағаттануының негізі. Сондықтан профориентологтың басты мақсаты – жастарға өз орнын табуға көмектесу және олардың саналы кәсіби таңдау жасауына жол көрсету.
Ғалымдардың зерттеуінше, өзінің жаны қалаған жұмыспен айналыспайтындар көптеген ауруға шалдығады екен. Ал мамандығын жақсы көретіндер өз ісінен ләззат алып, жұмысын жақсы нәтижемен істейді. Яғни, адам өз бағытын дұрыс таңдаса, өмірге деген құштарлығы артып, жаны тыныштық табады. Ал профориентологтар адамдардың өз мамандығын дұрыс таңдауы үшін көмекке келеді.
– Қазіргі жастар мамандық таңдауда қандай қателіктерге жиі жол береді?
– Бүгінде түлектер мамандық таңдауда бірнеше жиі кездесетін қателікке жол береді. Ең алдымен, олар мамандықты өз қызығушылығы мен қабілетіне емес, қоғамдағы пікірге немесе сәнге айналған трендтерге қарап таңдайды. Мысалы, белгілі бір сала сұранысқа ие немесе табысты деп естіп, сол бағытқа бет бұрады. Алайда адамның жеке бейімділігі ескерілмесе, уақыт өте келе ол мамандыққа деген қызығушылығы төмендеп, кәсіби күйзеліске ұшырауы мүмкін.
Екінші қателік – мамандық пен оқу бағдарламасының айырмашылығын толық түсінбеу. Көптеген талапкер мамандық атауын ғана біледі, бірақ оның күнделікті жұмысы қандай болатынын, қандай дағдылар қажет екенін зерттемейді. Соның салдарынан оқу барысында немесе еңбек жолын бастағанда таңдауының өзіне сәйкес келмейтінін түсінеді.
Үшінші мәселе, ата-ананың немесе айналаның ықпалымен шешім қабылдау. Әрине, үлкендердің кеңесі маңызды, бірақ соңғы таңдау баланың қабілеті мен қызығушылығына негізделуі керек. Өйткені болашақта сол мамандықпен өмір сүретін де, жұмыс істейтін де – өзі. Сондай-ақ жастардың бір бөлігі еңбек нарығындағы өзгерістерді ескермейді. Қазіргі заманда кейбір мамандықтарға сұраныс азайып, жаңа кәсіптер пайда болып жатыр. Сондықтан мамандық таңдағанда тек бүгінгі жағдайды емес, болашақтағы даму перспективаларын да назарға алған жөн.
– Оқушының қабілеті мен қызығушылығын анықтау үшін қандай әдістер қолданылады?
– Оқушының қабілеті мен қызығушылығын анықтау – кәсіби бағдар берудің ең маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл бағытта бірнеше тиімді әдіс қолданылады.
Біріншіден, арнайы психологиялық және кәсіби бағдарлау тесттері жүргізіледі. Мұндай тесттер оқушының қызығушылық салаларын, тұлғалық ерекшеліктерін, ойлау қабілетін және белгілі бір қызмет түрлеріне бейімділігін анықтауға көмектеседі.Мысалы, Gullup, Tanu AI, MBTI, т.т. Алайда тест нәтижесі жалғыз шешім қабылдау құралы емес, ол жалпы талдаудың бір бөлігі ретінде қарастырылады.
Екіншіден, жеке сұхбат пен кеңес беру жұмыстары жүргізіледі. Әңгімелесу барысында оқушының сүйікті пәндері, бос уақыттағы қызығушылықтары, армандары мен мақсаттары анықталады. Көп жағдайда баланың өз ойын ашық айтуы оның шынайы қызығушылығын түсінуге мүмкіндік береді.
Үшіншіден, оқушының жетістіктері мен белсенділігіне талдау жасалады. Мысалы, оның қандай пәндерден жоғары нәтиже көрсететіні, қандай үйірмелерге қатысатыны, қандай жобаларға қызығушылық танытатыны зерттеледі. Бұл ақпараттар қабілет пен бейімділікті анықтауда маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар ата-аналар мен мұғалімдердің пікірі де ескеріледі. Себебі олар баланың мінез-құлқы мен қабілеттерін ұзақ уақыт бойы бақылап жүрген адамдар. Дегенмен, олардың көзқарасы оқушының жеке қызығушылығымен үйлесуі қажет. Қазіргі уақытта кәсіби сынамалар, мамандықтармен танысу кездесулері, кәсіпорындарға экскурсиялар және мамандармен жүздесу сияқты тәжірибелік әдістер де кеңінен қолданылып келеді. Осындай тәжірибелер арқылы оқушылар белгілі бір кәсіптің ерекшелігін өз көзімен көріп, өзіне қаншалықты жақын екенін бағамдай алады.
– Мамандық таңдауда ата-ананың рөлі қандай болуы керек?
– Ата-ана – баланың өміріндегі ең маңызды бағыт беруші тұлға. Сондықтан мамандық таңдауда олардың рөлі өте үлкен. Алайда ата-ананың міндеті баланың орнына шешім қабылдау емес, оған дұрыс таңдау жасауға көмектесу деп есептеймін. Кей жағдайда ата-аналар өздерінің орындалмаған армандарын балалары арқылы жүзеге асырғысы келеді немесе белгілі бір мамандықты беделді деп санап, сол бағытты таңдауға мәжбүрлейді. Мұндай жағдайда баланың қызығушылығы мен қабілеті ескерусіз қалып, болашақта мамандығына қанағаттанбау қаупі артады. Дұрыс ұстаным – баланың бейімділігін байқап, оны қолдау. Ата-ана баласының қандай пәндерге қызығатынын, қандай істерден ләззат алатынын, қай салада жақсы нәтиже көрсететінін бақылап, оның өз мүмкіндігін ашуына жағдай жасауы керек. Сонымен қатар мамандықтар туралы ақпарат іздеуге, оқу орындарын зерттеуге және кәсіби бағдар беру шараларына қатысуға қолдау көрсеткені маңызды.
– Кейбір оқушылар бірнеше мамандықтың арасында таңдау жасай алмай жатады. Мұндай жағдайда қандай кеңес бересіз?
– Иә, дұрыс айтасыз, бұл қалыпты жағдай. Себебі жасөспірім кезеңде адамның қызығушылықтары әртүрлі болуы мүмкін және болашаққа қатысты сұрақтар көп болады. Мұндай жағдайда ең алдымен асығыс шешім қабылдамауға кеңес беремін. Әр мамандықты жан-жақты зерттеп, оның міндеттері, жұмыс ерекшеліктері, қажетті дағдылары және болашақтағы мүмкіндіктері туралы ақпарат жинау маңызды. Жалпы айтқанда, жалғыз отырып аналитика жүргізу қажет.
Сондай-ақ өзіне мынадай сұрақтарды қойып көру пайдалы: «Қай іспен айналысқанда уақыттың қалай өткенін байқамай қаламын?», «Қай пәндер маған оңай әрі қызықты?», «Қандай ортада жұмыс істегенді қалаймын?», «Мен үшін табыс, шығармашылық, адамдармен қарым-қатынас немесе тұрақтылық қаншалықты маңызды?». Осындай сұрақтарға жауап беру таңдауды нақтылауға көмектеседі.
Егер бірнеше мамандық бірдей қызықтырса, олардың ортақ тұстары мен айырмашылықтарын салыстырған жөн. Кейде әртүрлі болып көрінетін мамандықтардың негізінде ұқсас қабілеттер жатады. Мысалы, маркетинг, журналистика және халықаралық қатынастар салаларының барлығында коммуникация дағдылары маңызды орын алады. Сонымен қатар кәсіби бағдарлау тесттерінен өтіп, мамандармен кеңескен пайдалы. Белгілі бір сала өкілдерімен сөйлесу, ашық есік күндеріне қатысу немесе тәжірибелік жобаларға араласу арқылы оқушы өзіне қай бағыттың жақын екенін жақсырақ түсінеді.
– Бүгінде еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар қандай?
– Соңғы уақытта еңбек нарығы өте қарқынды өзгеріп жатыр. Технологиялардың дамуы, цифрландыру үдерісі және жаңа экономикалық бағыттардың қалыптасуы көптеген мамандықтарға деген сұранысты арттырды. Сондықтан жастар мамандық таңдағанда тек қазіргі жағдайды ғана емес, болашақтағы даму мүмкіндіктерін де ескергені маңызды.
Қазіргі таңда ақпараттық технологиялар саласындағы мамандарға сұраныс жоғары. Атап айтқанда, бағдарламашылар, деректер талдаушылары, киберқауіпсіздік мамандары, жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласының мамандары еңбек нарығында ерекше сұранысқа ие.
Сонымен қатар медицина саласы да өз маңызын жоғалтқан жоқ. Дәрігерлер, мейіргерлер, психологтар, реабилитологтар және қоғамдық денсаулық сақтау саласының мамандарына қажеттілік тұрақты түрде сақталып келеді. Инженерлік және техникалық бағыттар да болашағы зор салалардың қатарында. Әсіресе құрылыс, энергетика, өндіріс, көлік және автоматтандыру жүйелері бойынша білікті инженерлерге сұраныс артып келеді. Білім беру саласында да өзгерістер көп. Заманауи педагогтер, арнайы білім беру мамандары, білім беру технологияларын меңгерген ұстаздар мен кәсіби бағдар беру мамандары қоғам үшін маңызды болып қала береді.
Шынын айтқанда, мен оқушыларға әрдайым бір нәрсені айтамын. Сұранысқа ие мамандық пен өзіңізге лайық мамандық әрдайым бірдей бола бермейді. Ең тиімді таңдау – еңбек нарығындағы қажеттілік пен адамның жеке қабілеті мен қызығушылығының тоғысқан тұсын табу. Себебі адам өз ісін жақсы көргенде ғана кәсіби тұрғыдан өсіп, жоғары нәтижеге қол жеткізе алады.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Сұхбаттасқан Айтолқын АЙТЖАНОВА
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!