Дүйсенбі, 07 қазан, 07:52

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№79-2089
05.10.2024
PDF мұрағаты

Батамен қуаттанған ұрпақ озар

01.10.2024

138 0

Өңірлік коммуниқациялар қызметі алаңында Қарттар күніне орай қызылордалық батагөй қария Жеткерген Нұрқабылов және еңбек ардагері, айтыскер ақын, сатира жанрына да қуатты қалам тербеп жүрген Қазына Өзденбаевамен тағылымды сұхбат өтті.

Өмірі өнегемен өрілген Жеткерген Нұрқабылов ақсақал мемлекеттің қарттарға жасап отырған ерекше қамқорлығын айта келіп, қарттар күніне өзінің жүрекжарды лебізін білдірді.
– Қазақта «Ауылыңда қартың болса, жазылып қойған хатпен тең. Үй алдында төбе болса, ерттеулі тұрған атпен тең» деп бекер айтпаған. Саналы ғұмырымда жақсы сөзді жаныма серік қылып, газет-журнал, көркем әдебиеттен оқыған өсиет, бата сөздерді қойын дәптеріме жазып, жаттап жүремін. Ата-бабамыздан жазылып қалған батаға өз тарапымыздан жаңалап екі-үш қатар өлең қосып, дәмдеп отырамын. Қазалы жердің батасы бөлек болады. Тойдың батасының өзі де сан түрлі. Қызға, ұлға, келінге берілген бата өзгеріп отырады. 15 шақты батаны білемін. Облыстық «Ғибратты сөздер» жарысына қатысып, жеңіске жеттім. Негізі батаны берген ақсақал отырады да, батаны алған адам түрегеп тұрады. Мұсылман халқының дәстүрі бойынша дастархан басында ер адам бар болса, әйел кісі бата бермейді. Осындай салт-дәстүрден көпшілік хабардар болса дейміз, –дейді батагөй ақсақал.
Емеспін журналист те, филолог та,
Әзірге сала алмадым жырға ноқта.
Кетер ем пенделіктің жетегінде,
Өртеніп айналмасам өлең шоққа, – деп айтыс додасын әлге дейін қыздырып жүрген Қазына Өзденбаева айтыс өнері жайлы өзінің пікірін білдірді. Қазақ халқының салт-санасындағы үлкенге құрмет жасап, кішіге ізет көрсететін ерекшелік жайлы тілге тиек етті.
Мұнан соң 83 жастағы Жеткерген қарт журналистерге бата туралы кеңінен айтып, шығармашылық өкілдеріне өзінің ақ батасын берді.
– Құнды, қадірлі сөздің бәрі ата-бабадан өсиет боп қалған. Жанымыздан шығарған емеспіз. Ыңғайына қарай батаның сәнін, мәнін, сипатын ашады-ау деген әдемі сөз қосамыз.
Жандарыңызға жалау болатын, сөздері қалау болатын жанашыр жандарды тілейміз. Айналарыңызға көздің оты бар сөздің оғы бар, қайтпас қайсар бауырларды тілейміз. Сырларыңды шашпайтын, сандықтарыңды ашпайтын адал жандар тілейміз. Жалғызсыратпайтын, орынсыз мұңайтпайтын биіктегілерді тілейміз. Жоғарыдан құлатпайтын, жандарыңды жылатпайтын адал, иманды достарды тілейміз. Сырларыңды біліп тұратын, айтқызбай ұғып тұратын ұл мен қызды тілейміз. Себепсіз хабарласатын, есеп жоқ араласатын асыл жандарды тілейміз. Маңдайларыңнан өбіп тұратын, кеуделеріңді тіреп тұратын әке, ана, аға, іні, жеңге, жезде солардың амандығын тілейміз. Алла баянды бақ беріп, қызығын көретін ұзақ ғұмырлы болуларыңызды тілейміз!, – деп ақ тілеуін жеткізді батагөй қарт.

Гауһар
ҚОЖАХМЕТОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: