Конституция

Сейсенбі, 30 маусым, 01:18

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№49 (2261)
30.06.2026
PDF мұрағаты

Бірлігі бекем, тірлігі түзу Ақжарма

30.06.2026

34 0

Қызылорданың іргесіндегі Ақжарма ауылдық округі қай кезде де берекелі тірлігімен, ілкімді істерімен көзге түседі. Мұнда еңсе тіктеп, тіршілік көзін табуда соны серпіліс аңғарылады. Округте кәсіпкерлік өрісін кеңейткен. Шаруа қожалығының да шырайын келтіріп жүргендер бар. Бұл – мемлекеттік бағдарламалар қолдауының оң нәтижесі.

Облыс орталығы таяқ тастам жерде орын тепкендіктен тұрғындар жол қатынасынан қиналып жүрген жоқ.

– Ақжарманың жай-күйі қалай? Қандай игілікті істер бар? – деген сұрақпен ауыл әкіміне хабарластық. Мұндағы ойымыз округ­тің тыныс-тір­шілігіне, соңғы жылдағы дамуына зер салу еді. Ауылдық округ әкімі Саттар Әбдіреев көңіл демдерлік көрсеткіштерді айт­қанда мерейіміз өсіп, қуанып қалғанымыз да рас.

Бүгінде мұндағы халық саны  2400 адамды құрайды. Олардың басым көпшілігі өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар. Ал жыл басынан бері 7 адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылған. Одан бөлек, «Қоғамдық жұмыс» бағдарламасы бойынша халықты жұ­мыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары арқылы 19 адам  ақылы қоғамдық жұмысқа тартылған. Қызылорданың бүгінгі кел­бетіне сүйсінбейтін жан жоқ. Бүгінде дамудың жаңа кезеңіне бет алып, жоғары жетістіктерге қол созып келеді. Мұндай өрелі өзгерістер қалаға қарасты  ауылдық округтерде де байқалып отыр. Сол секілді Ақжарма ауылдық округі халқының тұрмысы, әл-ауқаты жақсарған. Бұл ауылда жұмыссыздық мәселесі жоқ десе де болады. Себебі жастардың көбісі ауылдан қалаға қатынап жұмыс істейді. Әлеуметтік  демографиялық өсімі артып, еліміздің өркендеуіне өз үлестерін қосуда.

Әлеуметтік сала әлеуеті

Сонымен қатар Ақжарма ауылдық округінде тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, мәдени-рухани өмірді жандандыру және халыққа сапалы қызмет көрсету бағытында да жүйелі жұмыстар жүзеге асуда. Тұрғындарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында медициналық амбу­латория алғашқы медициналық көмек көрсетіп, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету еді.

Әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау – басты назардағы мәселелердің бірі. Осы бағытта құзырлы меке­мелермен бірлескен жұмыстар нәтижесінде биылғы жылдың 1 маусымына дейін 17 отбасыға жалпы көлемі 4 млн 564 мың 600 теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленген.

– Соңғы жылдары әлеуметтік көмек алушылар санының азаюы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамту және мемлекеттік бағдарламаларға тарту жұмыстарының оң нәтижесін көрсетеді. Округте мерекелік және қайырымдылық шаралары да тұрақты ұйымдастырылып келеді. 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай мерекелік концерт өткізіліп, Батыр аналар мен ауыл әйелдеріне гүл шоқтары мен сыйлықтар табысталды. Әр салада еңбек етіп жүрген нәзік жандылар алғыс хаттармен марапатталды. Наурыз мерекесі қарсаңында ауыл орталығында өткен «Армысың, әз Наурыз!» мерекелік шарасында ұлттық салт-дәстүр дәріптеліп, киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар ұйымдастырылды. Қонақтарға ұлттық тағамдар ұсынылып, жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар берілді, – дейді ауыл әкімі.

Қайырымдылық бағытындағы жұмыстарды жасаудан да шет қалған емес. «Қайырымдылық акциясы», қасиетті Рамазан айы және Құрбан айт мерекесі аясында демеушілердің қолдауымен 19 отбасыға азық-түлік себеттері мен ет таратылған. Ал 1 маусым – Балаларды қорғау күніне арналған «Балаларға қуаныш сыйлайық» акциясы барысында әлеуметтік осал санаттағы және ерекше қажеттілігі бар балаларға ойыншықтар сыйланып, ауылдың барлық бүлдіршіндеріне 500 дана балмұздақ үлестірілген.

Кәсіпкерлік көкжиегі

Жыл сайын шағын кәсіпкерлікті дамыту бағытында мемлекет тарапынан жасалған қол­даудың нәтижесінде бұл салада да айтарлықтай оң өзгерістер қалыптасуда. Ауыл экономикасы дамуының басым бағыттары – шағын және орта бизнеске қолдау көрсетуге өз деңгейінде мән беріліп келеді. Үстіміздегі жылы ауылдағы кәсіпкерлік нысандар саны 55-ке жеткен. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде жыл басынан бері 1  жоба мақұлданды. Сонымен қатар қайтарымсыз несие алу, «Ауыл аманаты» бағдарламалары өз нәтижесін беруде. Бұл – несібесін кәсіптен тапқысы келетіндер үшін үлкен мүмкіндік екені анық.

– Кәсіпкерлікті қолдау бағыты бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында округте ауқымды жұмыс бар. Атап айтсақ, жеңілдетілген несие бойынша жылыжай салуға және «Ауыл аманаты» бағдарламасы негізінде асыл тұқымды ірі қара алу бойынша  ұсынылған жобалар қар­жыландырылды. Округте жыл сайын әлеу­меттік көмек алушы отбасылар саны азайып келеді. Бұл үрдіс азаматтарды тұрақты жұмысқа орналастыру және түрлі мемлекеттік бағдарламаға тартуға байланысты, – дейді Ақжарма ауылдық округінің әкімі Саттар Әбдіреев.

Агросаланың айшықты істері

Елдегі ағайын етене кәсіп – ауыл шаруашылығымен жан-жақты айналысып келеді. Ауылда несібесін қара жерден теріп, жайқалтпа егін өсіріп жүргендер бар. Мұнда егіншілікті ілгерілетудің тың жолдары қарастырылуда. Әсіресе, төрт түлік шаруашылығын дамытудың мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тырысады. Бұған халықтың бетбұрыс жасап отырғаны байқалады. Мәселен, биыл 945 гектар аумаққа күріш дақылы, 100 гектар жерген жаңа жоңышқа, 590 гектар жерге ескі жоңышқа егілді. Егін шаруашылығымен айналысатын 8 шаруа қо­жа­лығы бар. Ауылдағы тіркелген мал басының саны 2067 құрайды. Бұл ақжармалықтар үшін ауыл шаруашылығын дамытуға мүмкіндік мол екенін көрсетеді.

– Біздің басты мақсат алдағы уақытта да ауылдық округтің әлеуметтік-экономикалық жағ­дайын жақсарту. Елді мекенді дамытуда қол жеткізген жетістіктеріміз болашаққа бағытталған тың істерге жол ашатынына кәміл сенеміз. Қазіргі уақытта округті дамытуға бағытталған жоспарлар нақтыланып, қаржының қаралуына байланысты, кезең-кезеңімен шешімін табуға жұмыс жүргізілуде, – дейді Ақжарма ауылдық округінің әкімі.

Ауқымды жобалар жүзеге асуда

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асуда. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Баймұрат батыр және Талдыарал ауылдарындағы жалпы ұзындығы 3,15 шақырым болатын бес көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынған. Бұл жұмыстарға 69,8 млн теңге бөлініп, мердігер мекеме – «Ақнұр Авто» ЖШС құрылысты толық аяқтады. Баймұрат батыр ауылында жеке кәсіпкер «Жарылғапов» балалар ойын алаңына 4,3 млн теңгеге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізді. Ал Талдыарал елді мекенінде су тарату насос станциясының құрылысы басталды. Жобаның жалпы құны – 656,9 млн теңге. Қазіргі таңда облыстық бюджеттен алғашқы 64 млн теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары қарқын алды.

Ауыл мәдениеті кеңге құлаш жаюда

Ақжарма мәдениет үйі ауыл тұрғындарының мәдени өмірінің орталығына айналған. Мұнда 5 шығармашылық үйірме жұмыс істейді. Атап айтқанда, «Сыр Орда» вокалды-аспапты ансамблі, «Сәулем-ай» әжелер ансамблі, ән, би, көркем сөз оқу және қолөнер үйірмелері тұрғындардың шығармашылық қабілеттерін дамытуға мүмкіндік беріп келеді. Сонымен қатар №9 және №10 кітапханаларда 35 мыңнан астам кітап қоры сақталған. Тұрақты оқырмандар саны – 1355. Кітапханаларда түрлі әдеби-мәдени кездесулер, танымдық кештер мен рухани іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрғындардың мәдени деңгейін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ақжарма ауылдық округінде атқарылып жатқан бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, ауылдың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін нығайтуға және елді мекендердің көркеюіне бағытталған.

P.S. Қазір ауыл мен қаланың айырмасы жоқтай көрінеді. Себебі, өркениетке ауыл тұрғындары да қол жеткізді. Су бар, жарық үздіксіз беріледі. Әлеуметтік мекемелер заман талабына сай жабдықталып жатыр. Төрт түлік мал –  аулада.  Көкөніс егіп, қор жинауға да мүмкіндік мол. Міне, мұның бәрі – халықтың көңілі шат, жағдайы жақсы болуы үшін жасалып жатқан игі істер. Иә, өнеркәсіп саласы өрлеп алдыңғы қатарға шыққан ауыл тіршілігін бұрынғыдан да жақсарту негізгі міндеттер саналып отыр. Оны орындауға мүмкіндік те, мемлекет қолдауы да жетерлік. Жергілікті атқарушы билік өкілдері бұл ауылдың дамуына үлес қосумен қатар, мұндағы кәсіпкерлердің де еркін жұмыс істеуіне, жүйелі жобасын уақтылы жүзеге асыруына мүмкіндік туғызып отырғаны көңіл тоғайтады. Ал ауылдағы азаматтар өз кезегінде ақжармалықтарды қол­дан келгенше жұмыспен қамтуға, әлеуметтік мәселелерін шешуге ден қойып отырғанын айтып кеткеніміз жөн болар.

Айтолқын АЙТЖАНОВА

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: