Баланың денсаулығы – оның жарқын болашағының кепілі. Қазіргі кезде балалар арасында қозғалыс белсенділігінің төмендеуі, омыртқа қисаюы, жалпақтабандылық және артық салмақ сияқты мәселелер жиі кездеседі. Осындай жағдайлардың алдын алу мен түзетуде емдік дене шынықтырудың маңызы ерекше.
Емдік дене шынықтыру – арнайы таңдалған жаттығулар кешені арқылы денсаулықты нығайтуға және ағза қызметін жақсартуға бағытталған әдіс. Бұл жаттығулар баланың жас ерекшелігіне, денсаулық жағдайына және физикалық мүмкіндігіне қарай жүргізіледі. Сондай-ақ тек науқас адамдарға емес, дені сау жандарға да пайдалы. Ол ең алдымен баланың бұлшықет жүйесін дамытады. Арқа, мойын, аяқ-қол бұлшықеттерінің күшеюі дененің дұрыс қалыптасуына ықпал етеді. Әсіресе мектеп жасындағы балалар үшін омыртқаның түзу болуы өте маңызды. Ұзақ уақыт компьютер мен телефон қолдану дене қалпының бұзылуына әкеледі. Ал арнайы жаттығулар осы кемшіліктердің алдын алады.
Сонымен қатар емдік дене шынықтыру тыныс алу және жүрек-қан тамырлары жүйесінің жұмысын жақсартады. Белсенді қозғалыс арқылы ағза оттегімен жақсы қамтамасыз етіліп, қан айналымы күшейеді. Бұл баланың сергек болып, тез шаршамауына көмектеседі. Арнайы жаттығулар арқылы бұлшықеттер күшейіп, буындардың қозғалысы жақсарады және омыртқаға түсетін жүктеме азаяды. ЛФК әсіресе церебралды сал ауруы, бұлшықет әлсіздігі, сколиоз, жалпақтабандылық, жарақаттан кейінгі қалпына келтіру кезеңінде маңызды рөл атқарады. Жаттығулар қан айналымын жақсартып, тыныс алу жүйесінің жұмысын күшейтеді және баланың жалпы физикалық дамуына оң әсер етеді.
Емдік жаттығулардың тағы бір пайдасы – қимыл-қозғалыс үйлесімділігін дамыту. Балалар денесін дұрыс басқаруды үйреніп, икемділігі мен тепе-теңдігін арттырады. Бұл олардың спортпен айналысуына және күнделікті белсенді өмір салтын қалыптастыруына оң әсер етеді.
Сондықтан ЛФК – балаларды сау әрі белсенді өмірге баулудың маңызды құралы. ЛФК нәтижесінде балалардың бұлшықеттері нығайып, қимыл-қозғалыс үйлесімділігі жақсарады. Сонымен қатар олар шыдамдылыққа және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға үйренеді.
Қорыта айтқанда, емдік дене шынықтыру – балалардың денсаулығын сақтап қана қоймай, олардың толыққанды өсіп-жетілуіне жағдай жасайтын маңызды құрал. Сондықтан әрбір ата-ана баласының дене белсенділігіне көңіл бөліп, салауатты өмір салтын қалыптастыруға атсалысуы қажет.
Руслан НҰРҒАЗЫҰЛЫ,
«Әбдірахман» массаж орталығының
«Су Джок»массаж және ЛФК маманы
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!