Сәрсенбі, 25 желтоқсан, 01:15

  • Қаз
  • Qaz

Бізге жаңалық
жіберіңіз:

+7(702)932-52-25
Жаңа шығарылым
№101 (2111)
24.12.2024
PDF мұрағаты

Мобильді  аударым: 2025 жылы не күтіп тұр?

24.12.2024

157 0

Сурет: uralskweek.kz

2025 жылдан бастап Қазақстанда мобильді аударымдарға қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Егер жеке тұлғаның шотына үш ай бойы 100 немесе одан көп әртүрлі адамнан қаражат түссе, бұл кәсіпкерлік қызметтің белгісі ретінде қарастырылады. Мұндай жағ­дайда мемлекеттік органдар заңсыз кәсіпкерлік қызметті анықтау үшін камералдық бақылау жүргізеді. Орта­лық коммуникациялар қызметінің ақ­парат алаңында қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдегендей, 2025 жылға қарай министрлік қазақстандық кәсіпкерлердің мобильді аударымдары жөнінде толық ақпарат алады.

– Жеке тұлғалар арасындағы мо­бильді аударымдарға тыйым салын­байтынын тағы да атап өткім келеді. Егер туыстарыңызға, әріптестеріңізге немесе қажетті жағдайларға ақша аудару қажет болса, бұл жерде ешқандай шектеу жоқ. Бірақ біз тауарларды сату, қызмет көрсету немесе жұмысты орындау кезінде төлемдердің жеке тұлғалардың карталарына емес, бекітілген банктік шоттар мен POS-терминалдар арқылы жүргізілуін қадағалауды ұсынып отыр­мыз, – деді Ержан Біржанов.

Бұл өзгерістердің басты мақса­­ты – көлеңкелі экономиканы азайту және салық тәртібін күшейту. Деген­­мен кәсіпкерлікпен байланысы жоқ жеке мақсаттағы аударымдар тексеріл­мейді. Кәсіпкерлерге төлемдерді касса­лық аппарат, QR-код немесе POS-терми­нал арқылы қабылдау талабы қойы­лады. Кассалық түбіртек бермеу тұтыну­шы құқықтарын бұзу болып есепте­леді.

Мемлекет тарапынан енгізіліп жатқан шаралар қоғамда түрлі пікір­лер тудыратыны белгілі. Бір жағынан, бұл қа­дамдар салық салудың әділдігін қам­тамасыз етуге бағытталған. Екін­шіден, азаматтар өздерінің қаржы аударым­дарының бақылануына байланысты алаңдаушылық білдіруде. Кейбір аза­маттар жаңа ережелерді жеке өмірге қол сұғу ретінде қабылдауда. Осы мәселелерді шешу үшін елімізде жыл басынан бері ақпараттық-түсіндіру науқаны кеңінен жүргізілуде.

Бақылау кезеңі

Қазақстанда мобильді аударымдарды реттеу кезең-кезеңімен енгізілуде. 2022-2023 жылы тексеру алдымен мемлекеттік қызметкерлер мен олардың жұбайларына қатысты жүргізілді. Бұл азаматтар санаты көлеңкелі экономиканың әлеуетті тәуекел аймағы ретінде таңдалды. Екінші кезең яғни 2023-2024 жылы бюджет және квазимемлекеттік сектор қызметкерлерінің мобильді аударымдарын қамтиды. Үшінші кезең – 2024-2025 жыл, жеке кәсіпкерлерді қамтитын болады. Соңғы кезеңде, 2026 жылдан бастап, Қазақстанның барлық азаматтарының мобильді аударымдарына бақылау енгізіледі. Әр кезеңнің нәтижелері салықтық түсімдерді арттыруға және қаржы жүйесінің айқындылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Алайда бұл бастамаға қоғамда сын көзқарастар да бар, өйткені халық дербес қаржы аударымының қатаң бақылануына алаңдайды. Бұл өзгерістер тек салық органдарының емес, сонымен қатар азаматтардың қаржы сауаттылығын арттыруға ықпал етпек. Бақылау кезеңдері аяқталғаннан кейін ел экономикасы айқын және тұрақты бола түседі деген үміт бар.

Көлеңкелі экономикадан шығар жол

Мобильді аударымдар кәсіпкерлік саласында кеңінен қолданылып келеді. Көптеген шағын кәсіпкер төлемдерді мобильді қосымшалар арқылы қабылдайды. Бұл әдіс ыңғайлы болғанымен, салықтық есепке алуды қиындатып, бақылау-кассалық машиналарды (БКМ) пайдаланбауға мүмкіндік береді. Салық органдарының мәліметінше, көлеңкелі экономика көлемінің айтарлықтай бөлігі осындай операциялармен байланысты. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет мобильді аударымдарды кәсіпкерлік және жеке мақсатта бөлуді міндеттейді. Осыған байланысты «мобильді төлем» ұғымы енгізіледі. Кәсіпкерлерге өз қызметтерінен түскен табыстарын бөлек есепке алу міндеті жүктеледі. Бұл салықтық әкімшілендірудің ашықтығын арттыруға және мемлекет бюджетіне түсетін салықтың әділдігі мен толықтығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңа ереже бойынша жеке мақсаттағы аударымдар салық салудан босатылады, ал кәсіпкерлік мақсатта жасалған аударымдар міндетті түрде салық есептілігінде көрсетілуі тиіс. Бұл өзгерістер, әсіресе, шағын және орта кәсіпке елеулі әсер етеді. Кәсіпкерлерге қосымша есепке алу рәсімдерін меңгеру және салықтық есептілікті уақытылы тапсыру қажет болады. Мемлекет кәсіпкерлерге жаңа ережелерді түсіндіру үшін ақпараттық түсіндіру жұмысын ұйымдастыруда. Алайда салықтық әкімшілендірудің күшеюі кейбір кәсіпкерлерді көлеңкелі экономиканың балама жолдарын іздеуге итермелеуі мүмкін.

Табысын жасыратындарды

қандай жаза күтіп тұр?

«NUR.KZ» сайтында жарияланған ақпаратқа сүйенсек, Қаржы министрлігінің мемлекеттік кірістер комитеті кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметпен айналысқаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылғанын айтады. Мұндай жағдайда айыппұл мөлшері – 15-тен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін. (2024 жылы бұл сома 59 430 теңгеден 396 200 теңгеге дейін). Сондай-ақ табысын жасырғаны үшін айыппұл салынады – ол төленбеген соманың 200%-ын құрайды. Қайталанған заң бұзушылықтар үшін айыппұл мөлшері 300% болады. Ал түбіртек бермегендерге 15-тен 50 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынбақ. Мемлекеттік кірістер органы аталған өзгерістер адал салық төлеушілерді қамтымайтынын, тек заңсыз кәсіпкерлікті көлеңкелі экономикадан шығаруға бағытталғанын атап өтті.

Мобильді аударым – цифрлық экономиканың дамуының айқын көрсеткіші. Банктердің мобильді қосымшалары арқылы төлемдер мен аударымдар жасау тұрғындар арасында күнделікті жағдайға айналды. Бұл үрдіс цифрлық қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді, сонымен қатар мемлекет тарапынан қосымша бақылауды қажет етеді. Цифрлық экономика сарапшыларының пікірінше, мобильді төлемдерді реттеу цифрлық инновацияларды ынталандырумен қатар, олардың заң шеңберінде қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталуы керек. Мемлекетке бұл ретте тепе-теңдікті сақтаудың маңызы зор: бақылауды күшейте отырып, жаңа технологияның дамуына кедергі келтірмеу маңызды. Сонымен бірге мобильді аударымдарды реттеу технологиялық инфрақұрылымды жетілдіруді талап етеді. Мемлекет пен қаржы институттары арасындағы тиімді ынтымақтастық азаматтарға ыңғайлы әрі қауіпсіз цифрлық қызметтерді ұсыну үшін қажет. Мобильді аударымдарды реттеу кәсіпкерлер мен мемлекет үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Ереже енгізілгеннен кейін көлеңкелі экономиканың жолы кесіліп, заңды кәсіпкерлік үшін тең мүмкіндіктер қалыптасады. Бұл өзгеріс цифрлық қаржылық қызметтердің сапасын жақсартып, азаматтарға сенімді әрі қолжетімді қызмет ұсынуға ықпал етеді.

София Темірболат

 


 

Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!

Тағы да оқыңыз: