Жыл сайын дәл осы күні ел дамуына өлшеусіз үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетіліп «Мемлекеттік қызметшілер» күні тойланады. Халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған мемлекеттік қызметшілердің еңбегін бағалап, олардың кәсіби шеберлігі мен жауапкершілігін айшықтайтын бұл күн сала мамандарының мәртебесін асқақтатады. Мемлекеттік қызметшілердің ең басты міндеті – халыққа адал қызмет ету. Әрбір мемлекеттік қызметші осы қағиданы жадында ұстайды. Бүгінде мемлекет тарапынан қызметшілердің тиімді жұмыс істеуіне, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға және цифрландыру үдерістерін дамытуға барынша қолайлы жағдайлар жасалуда. Осы бағыттағы жүйелі реформалар, аймақтағы атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Нұржан Сүлейменовпен сұхбаттасқан едік.
– Нұржан мырза «Үздік сапалы қызмет көрсетуші» конкурсы мемлекеттік қызметшілер арасында бәсекелестікті арттыратынын білеміз. Байқау басталғалы бері облыс қызметкерлерінің белсенділігі мен жұмысқа деген ынтасы қаншалықты өзгерді?
– Конкурстың басты артықшылығы – қызметкерлердің кәсіби шеберлігін жан-жақты бағалау. Мұнда тек теориялық білім ғана емес, тәжірибелік дағдылар, азаматтармен тиімді қарым-қатынас орнату қабілеті, сондай-ақ қызмет көрсету мәдениеті ескеріледі. Бұл өз кезегінде мемлекеттік қызметшілерді үнемі ізденіске, өзін жетілдіруге ынталандырады. Сонымен қатар байқау жеңімпаздарына кәсіби тұрғыдан танылу, мансаптық өсуге қосымша мүмкіндік бар. Мұндай бастамалар мемлекеттік аппараттың абыройын асқақтатып, қоғам мен мемлекет арасындағы сенім көпірін нығайта түсетіні сөзсіз.
– Қазіргі қоғамда азаматтармен тиімді байланыс орнату маңызды. Осы орайда, Қызылорда облысындағы мемлекеттік қызметшілердің азаматтармен қарым-қатынас мәдениетінде әлі де болса жақсартуды қажет ететін тұстар бар ма?
– Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті «Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы» Заңға сәйкес мемлекеттік қызметтердің сапасына тұрақты бақылау жүргізеді. Бұл жұмыс қызмет көрсету процесіндегі кемшіліктерді дер кезінде анықтап, бұзушылықтардың алдын алуға және азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған.
Департамент талдау және мониторинг нәтижелері негізінде қызмет беруші органдарға нақты ұсыныстар әзірлейді. Бағалау үш негізгі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Мемлекеттік қызмет көрсету процесін құқықтық реттеу, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру және техникалық мүмкіндіктер, мемлекеттік қызмет көрсету үдерістерін жетілдіру.
Агенттіктің әдістемелік ұсынымдарына сәйкес департамент әр тоқсан сайын мемлекеттік қызметтерді жақсартуға бағытталған ұсыныстар тізілімін қалыптастырып, оларды іске асыру үшін Агенттікке жолдайды. Бұл жүйелі жұмыс нақты нәтиже беріп, қызмет сапасын арттыруға оң ықпал етуде.
– Қазіргі уақытта Elicense.kz порталының функционалы толықтырылып, қордаланған мәселе өз шешімін тапты. Осы жаңашылдық енгізілгелі бері аталған қызмет түрін көрсету мерзімі қаншалықты жылдамдады және бұл тұрғыда қызмет алушылар мен мамандар тарапынан қандай оң пікірлер түсіп жатыр?
– Жасыратыны жоқ, бұған дейін аталған құжаттарды Elicense.kz ақпараттық жүйесі арқылы тікелей жүктеу мүмкіндігі мүлдем қарастырылмаған болатын. Бұл кемшілік өз кезегінде қызмет алушы азаматтар үшін де, мемлекеттік қызметті тікелей көрсетуші мамандар үшін қиындық туғызып келді.
Осы түйткілді түбегейлі шешу мақсатында біздің Департамент тарапынан Elicense.kz ақпараттық жүйесінің функционалын кеңейту жөнінде нақты ұсыныс енгізілді. Біз өтініш беру кезінде қосымша құжаттарды электронды түрде жүктеу мүмкіндігін қарастыру қажеттігін айттық. Бұл бастама «Ақпараттық жүйелерді жетілдіру қажеттілігі» өлшемшарты аясында арнайы әзірленіп, Агенттікке жолданған болатын. Қуаныштысы, бұл ұсынысымыз Агенттік тарапынан толық қолдау тауып, нәтижесінде Elicense.kz порталының функционалы заманауи талаптарға сай толықтырылды. Бүгінде бұл жаңашылдық қызмет көрсету үдерісін айтарлықтай жеңілдетіп, уақыт үнемделді. Жалпы, Департамент мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған мұндай жүйелі жұмыстарды алдағы уақытта да қарқынды түрде жалғастыра береді. Бұл бағыттағы қадамдарымыз мемлекеттік қызмет көрсету саласының тиімділігін арттырып, халықтың сенімін нығайтуға қызмет ететіні сөзсіз.
– Мемлекеттік қызмет сырт көзге тек ресми жиындар мен құжаттардан тұратындай көрінгенімен, оның артында психологиялық жүктеме, қысым мен жауапкершілік тұрғаны жасырын емес. Осындай жауапты лауазымда жүріп, күйзеліске бой алдырмаудың құпиясы қандай?
– Өте орынды сұрақ. Халық пен мемлекет арасындағы алтын көпір болу – үлкен қажыр-қайратты талап етеді. Мұндай сәттерде ішкі тепе-теңдікті жоғалтып алмау үшін мен, ең алдымен, уақытты тиімді жоспарлауға ерекше мән беремін. Жұмыс жүйелі болған жерде хаосқа орын қалмайды. Кез келген күрделі жағдайда эмоцияны ақылға жеңдіріп, әр мәселені суық ақылмен, сабырмен шешуге тырысамын. Өйткені, ашу үстінде қабылданған шешім жемісті болмайды. Ал жұмыстан тыс уақытта отбасымның қолдауы жігер береді.
– Қазіргі қоғамда халық арасында шенеуніктердің сөзіне күмәнмен қарау, «құрғақ уәде береді» деген стереотип бар екені жасырын емес. Сіздің ойыңызша, мемлекеттік аппарат бұл теріс түсінікті жойып, халықтың нақты іске деген сенімін қайтаруы үшін қандай қадамдар қажет?
– Мемлекеттік қызметкер үшін құрғақ уәде беру – ең үлкен қателік. «Айтылған сөз – атылған оқпен тең» деген аталы қағиданы берік ұстанамын. Берген уәдемді міндетті түрде нақты жоспармен бекітіп, оның орындалу барысы жіті бақылауда болуы керек деп есептеймін. Халық сөзге емес, нақты нәтижеге қарайды. Сондықтан мен әрбір айтылған сөздің артында нақты іс тұруына үлкен мән беремін. Біздің жауапкершілігіміз де, кәсібилігіміз де тек құжат бетінде емес, ел игілігіне жараған нақты нәтижемен дәлелденуі тиіс. Менің басты мақсатым да, ұстанымым да – осы.
– Жұмыстан тыс уақытта шенеунік костюмін спорттық киімге немесе аңшылық, балықшылық киіміне ауыстыратын шығарсыз? Қандай хоббиіңіз бар? Күш-қуатты қайдан аласыз?
– Жұмыстан тыс уақытта мен отбасыма барынша көңіл бөлуге, спортпен тұрақты шұғылдануға және табиғат аясында демалуға ерекше мән беремін. Табиғатпен үндесу және тән белсенділігі маған күнделікті күйбең тіршіліктен ойымды сергітіп, бойыма күш-қуат береді. Мен үшін энергия мен шабыттың екі негізгі қайнар көзі бар. Біріншісі – қиындықта да, қуанышта да жанымнан табылатын алтын ұям, отбасымның шексіз қолдауы. Ал екіншісі – өз қолыңмен атқарып жатқан жұмыстың игілікті нәтижесін көру, жұмысымның халыққа пайдасы тиіп жатқанын сезіну. Осы сезім мені шаршатпайды, керісінше алға қарай жетелейді.
– Мемлекеттік қызметтің таңнан кешке дейінгі тығыз кестесі бала тәрбиесіне белсенді араласуға мүмкіндік бере бермейтіні жасырын емес. Жұмыстағы жауапкершілік пен үйдегі әкелік міндеттің арасындағы алтын тепе-теңдікті қалай ұстап тұрсыз?
– Құдайға шүкір, бүгінде 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған әкемін. «Әкелік міндетті жүз пайыз толық атқарып жүрмін» деп біржақты айту қиын, өйткені әрбір жауапты ата-ана бала тәрбиесінде өзіне өте жоғары талап қояды. Әрқашан бұдан да көп уақыт бөлсем, қасында көбірек болсам деген ішкі тілек тұрады. Бірақ мен санға емес, сапаға мән беремін. Жұмыстан бос әрбір сәтті балаларыммен барынша сапалы өткізуге, олардың тәрбиесіне, дамуына бар күш-жігерімді саламын. Себебі перзент болашағының берік іргетасы – әке мейірімі мен қолдауы.
– Сіз өз шыңыңызға жеттіңіз бе?
– Ер азаматтың амбициясы тек қана мансаптық өсумен, жоғары лауазымдармен ғана шектелмеуі керек. Бұл өте тар түсінік. Мен үшін ең бастысы – лауазым емес, өз ісінің хас шебері болу. Атқарған жұмысың арқылы қоғамға, еліңе шынайы пайда келтіру. Сонымен қатар өз шаңырағыңның мықты тірегі болып, үнемі дамуға ұмтылу. Ал «өз шыңыма жеттім» деп айта алмаймын. Себебі адам баласы ізденуді тоқтатқан күні кәсіби тұрғыда өсуін де тоқтатады. Өмірде әрбір бағындырылған жетістік, әрбір жаңа белес келесі бір үлкен мақсаттарға жол ашады. Сондықтан мен үшін даму, өзін-өзі жетілдіру және ізденіс үдерісі ешқашан тоқтамайды, ол алдағы уақытта да жалғаса береді.
– Кәсіби мереке күні әріптестерге қандай тілек айтар едіңіз?
– Халыққа қызмет ететін адамдардың адалдығы және әділдігі, өз жұмысына деген жауапкершілігі, қоғам мен азаматтардың сенімін туғызуы – әрбір мемлекеттік қызметкердің міндеті. Кәсіби мереке қарсаңында барлық әріптестеріме зор денсаулық, отбасы амандығын және еңбектеріне толағай табыс тілеймін. Ел игілігі жолындағы жауапты қызметтеріңіз әрдайым нәтижелі болып, халықтың сеніміне лайық еңбек ете беріңіздер. Бірліктеріңіз бекем, мерейлеріңіз үстем болсын! Осы айтулы күні барша мемлекеттік қызметшілерге кәсіби табыс, халық игілігі жолындағы қызметтеріне толағай жетістіктер тілеймін!
– Сұхбатыңызға рахмет!
Думан КЕҢШІЛІК
Жылдам ақпарат алу үшін Facebook, Instagram желілері мен Telegram каналымызға жазылыңыз!